Айтысқа ақиқат керек
2011 ж. 21 қаңтар
3727
1
Кейінгі уақытта айтыс қайтадан тұғырға қонып, айтыскер ақындар марапатталып, жер-жерде айтыскер ақындар мектебі ұйымдастырылып жатқаны кұптарлық жай. Яғни, айтыс қайтыс болып кеткен жоқ, жан бітіп, қайта тірілді.
Мұхтар Әуезов Абай туралы жазған зерттеуінде: «Осы күнге шейін бізде Абайдың сөз байлығын тексерген еңбек жоқ. Бірақ, қазақшасын оқыған адамның барлығына Абай тілінің аса бір мол, бай тіл екенін тану қиын емес... Және шешендіктің өзі де тапқырлық пен кестелі сөзден, келісімді, ұтымды ойлардан құрылғаны да ақындықтың бір ағайыны. Абай сол уақытта да ақын... Ақындығын және мол қолданған, күнде сынға салып, өз өнерін күнде безеп отырған ақын. Онысы және өмір құрылысына күнбе-күн, қолма-қол ұштасып отырған ақындық. Бір жағынан жүйрік шешен, әсем, ұшқыр сөздің ақындығы. Өлеңді, суырып салма айтысты Абай ойында да, шында да көп қолданып жүрген. Бірақ, өзін ақынмын деп санамаған», – дейді. Әлихан Бөкейханов Абай өмірі туралы жазған мақаласында: «Бозбалалық жасына қарамастан Абай сол кездегі қайраткерлердің арасынан көрнекті орын алып, бидің заманының өткеніне қарамастан, оны ел-жұрт би етіп сайлады. Жиырма жасқа жеткенде Абай от тілді шешен, халық өмірі мен әдет-салтын, қазақ даласындағы атақты билердің әр істі шешкендегі төреліктерін жақсы білетін ділмар атанады. Өзінің білуге құштарлығы мен зерделігі арқасында, қазақтың ғұламаларының халық аузындағы сөздерін, мақалдарын, ертегілері мен нақылдарын меңгереді. Абай билердің шартты түрде сайланбай, талантымен бағаланатын ескі заңы кезінде өмір сүрсе, артистер мен жазушылардың даңқы сияқты атақты би атанар еді»,- деп жазған болатын. Ақындар мен билер, шешендер қоғам дамуында гуманистік, моральдық-этикалық роль ойнағанына күмән келтіруге болмайды. Сондықтан да ақындық және шешендік өнер қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан, көне жылдар қойнауынан бүгінгі күнге дейін жеткен халықтың мәдени мұрасы екеніне ешкім дауласа қоймас. Смағұл Сәдуақасов кезінде «Трудовая Сибирь» журналында жарық көрген «Қазақ әдебиеті» деп аталатын тарихи-талдау мақаласында: «Суырып салма ақын-жыршылар қолына домбыра алып, ауыл-ауылды аралап, байлардың үйіне түсіп, ұлан-асыр тойларға қатысып, ән шырқап, мақтау өлең айтатын. Екі ақын кездесе қалса, табан аузында айтыса кетіп, әрқайсысы өз руын мадақтайтын. Айтыс олардың біреуі әріптесінің дарынына тәнті болып жеңілгенін мойындағанша созыла берер еді. Ал басым түскен ақынның жеңісі өзінің ғана емес, бүкіл руының мәртебесі саналатын. Демек, олар да орта ғасырлық сері сарбаздар сияқты. Айырмашылығы, тек бұрынғылар қарумен шайқасса, бұлар сөзбен семсерлеседі. Жеңілген сарбаздың жеңіскерге тәнті болатыны сияқты жеңілген ақына да басым дарынға бас иіп қайтып, оның руы бұрынғыдай еңсесін асқақ ұстап жүре алмайтын», – дей келе, мал тауып, пайда көруді жат санаған ақындар да аз болмағанын атап көрсетеді. Ахмет Байтұрсынов: «Қазақта айтыс өлең көп. Бірақ, бұлар да ел ішінде жоғалып, сиреп барады. Жазу жайылған сайын айтыс өлең азайып, құруға бет алып барады. Оның да бәрін жазып алып қалмаса, бұл да анайы әдебиеттің өшетін, жоғалатын түрі», – деген. Қазіргі уақытта біз айтыс өнерінің жазба әдебиетпен қатар дамып келе жатқанына куә болып отырмыз. Бәлкім, Ақаң айтқандай, түбінде өшіп кетуі де ықтимал. Бірақ, айтыстың кең қанат жайып, тамырланып кетуі себебінен ол әлі де өркендеу үстінде. Тіпті біраз уақыт өшіп кетті деген айтыс өнері тәуелсіз қазақ елінде қайта жанданды. Дәстүр жалғастығы әлі де сабақтасып жатқанын қазіргі айтыстардан көруге болады. Осы орайда ортаға салар бір ой, ғылыми айналысқа «ақынға» қоса «айтыскер» деген сөз енгізілсе, өте орынды болған болар еді. Өйткені, айтыс ақындары мен профессионал, яғни жазба ақындар туралы ел ішіндегі ұғымдар әртүрлі. Олардың ұқсастықтарынан көрі айырмашылықтары көп екеніне көбінесе мән берілмейді. Сондықтан да Абайдың жанына Жамбылды апарып қою, немесе кез келген көрнекті ақыннан Қазақстанның халық ақынын (бұл жерде әңгіме айтыскер туралы) биік қою жараспайды. Айтыскерлер мен ақындардың қоғамдық қайраткерлігі туралы сөз қозғар болсақ, онда олардың әрқайсысының еңбегіне, жасаған ісіне, беделіне қарай баға берілуі керек. Ал әрі жазып, әрі суырып салып айтатын ақындарды ақын әрі айтыскер деп қосарлап атаған орынды секілді. Сондықтан да қазақ халқының кемеңгер перзенті, ұлы ақыны Абайды кейбір зерттеушілер ол өлеңді суырып-салып та айтқан деп абыройын аспандатқысы келген ниет байқатса, одан Абайдың ақындығы асып кетеді деп айта алмаймыз. Айтыскерлер арасында мыңнан тұлпар шығып жүрген ойлы ақындар аз емес. Мұхамеджан Тазабековтың «Ұятсыз қыз иодсыз тұз секілді», Арман Бердалинның «Ел болдық мұнайы көп, Құдайы жоқ» секілді жолдары қиыннан қиысып тұрған жоқ па?! Бірақ, екі ауыз сөзді ұйқастырғанға мәз болған айтыскерлер көбейіп кетті. Не сөзінде мағына жоқ, не өлеңінде ырғақ жоқ. Солардың көпшілігі өздерін профессионал ақындардан артық санайтынын қайтерсің?! Ал ондай ақындардың көлік мініп, жүлде алғанынан не қайыр? Жалпы, ақындар екіге бөлінеді. Алғашқылары – билікті мақтаған, күштіні жақтаған сарай ақындары. Екіншілері – халық ақындары, яғни елдің сөзін сөйлейтін анық ақындар. Ғафу ақынның жас әдебиетшілерді баулудағы, оларға ақыл-кеңес берудегі ұстаздық еңбегінің өзі бір төбе. Ақын мінезіндегі ерекше қасиет – оның тура сөйлеуі, шындықты шыңғыртып айтуы. Халық арасынан шықкан, халықтың жан сырын ұққан ақын халық жазушысы деген атақтың кезінде көрінген кек аттыларға үлестіріліп кеткеніне наразы болып: «Көбейді халық артист, халық ақын, Естіген атынан да жаңылатын. Қажет пе халық деген сөзбен ойнау Тоңғанда тон секілді жамылатын» – деп ашына жазды. Қостанайда өткен жылы Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенованың алпыс жылдық мерейтойы құрметіне дүбірлі айтыс өтті. Айтысқа сусап қалған жұртшылықтың көп жиналғаны сондай, залда ине шаншар орын болмады. Айтыста шындықты естиміз деген елдің үміті де ақталғандай болды. Айтыстың беташарында әп дегенен сөз бастаған атыраулық айтыскер Жәниба Қарасаева: «Рахмет Кулагиндай басшыңызға, той жасаған Әсиядай ақын қызға» – деген марапат айтса да, Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова айтысқа түспесе де, өзінің арнауында облыс әкімі туралы «осы елдің болса болды тура биі» деген базынасын айтып алып, «Қазақтың қаласында жүргендей боп, құштары ақындардың қанар ма екен?» – деген күдігін жасырмады. Қостанайлық айтыскер Салтанат Өтелбаева мемлекеттік тілдің өрісінің тарылып отырғанын тілге тиек қылып, «Біле білсең, басшының барлығына бір-бірден тіл білетін тілмаш керек» – деп орынды сынады. Арқалық қаласында тұратын айтыскер Айбек Қалиев: «Төреміз өзге ұлттан болғаннан соң, өз ұлтын төбемізге төре қып тұр» – дей келіп: Орыстан көрмегенді бізден көріп, Пушкин де бар құрметке бөленіп тұр, Шоқаннан көрі біздің басшыларға Наполеон мен Чаплин керегіп тұр. Көшелер қалай ғана көгереді, Әкімнің көзі ғана көгеріп тұр» – деп мақтамен бауыздап, бұған дейін де халыққа белгілі болып келген жайларды ақындық шабытымен өрнектеді. Сөз реті келгенде «Әйтпесе, егін еккен барлық жерің «Иволга» деген холдинг – алыптыкі. Әйтеуір, мен білетін Қостанайда Әсия апам ғана халықтыкі» – деп көсілді. Қызылордадан келген айтыскер Мұхтар Ниязовпен айтысқан Айбек Қалиев жабылып қалған Торғай облысына байланысты үкіметтті сынап, Мұхтарға: «Торғайдан қыз алам деп, алмай кеткен, сен-дағы үкіметтің бажасысың» – десе, Мұхтар да қарап қалмай: «Үкімет егер менің бажам болса, бажаға қарағанда бағым басым» – деп табан аузында тауып айтып, аз сөзге көп мағына сиғызып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Қостанайлық Әлфия Орманшинамен айтысқан өскемендік айтыскер ақын, Алтайдың ақиығы атанған Серік Құсанбаев әдемі әзілмен айтыса отырып, шабақтарды шортандай жұтып жатқан сыбайлас жемқорлықты да түйреп өтті. Айтыс қорытындысында Серік Құсанбаев бас жүлдені жеңіп алса, басқа ақындар арнаулы сыйлықтармен марапатталды. Белгілі қоғам қайраткері, ҚР Парламентінің екі мәрте экс-депутаты Ысқақ Есіркепов: «Ақындар шындықты жақсы айтты. Бірақ, оны жоғарғы жақта естіп жатқан құлақ жоқ. Қостанайдағы «Қазақ» деп аталатын лас көше қазаққа қорлық екені бұған дейін де айтылған. Қалалық кітапхана Островскийдің, облыстық кітапхана Толстойдың, балалар кітапханасы Пушкиннің есімімен аталады. Сонда Қостанайда қазақ ақын-жазушылары тумаған ба? Мүлде олай емес қой. Қалалық кітапханаға Арқаның тақтақ ақыны Нұржан Наушабайұлының есімін беру және Ярослав Гашек көшесін қазақтың тұңғыш жоғарғы білімді дәрігерлерінің бірі, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринды емдеген Мұхамеджан Қарабаев есімімен ауыстыру туралы ұсыныстар аяқсыз қалды. Қаладағы жиналыстың барлығы да орыс тілінде өтеді. Көшедегі дүкендер мен дәмханалар атауларының да көбі орысша. Қостанай кейінгі уақытта шынында да орыс қаласына ұқсап барады» – дейді. Расында да, айтыста шындық айтылып жатса, одан тиісті қорытынды шығарылып жатса, сонда ғана айтқан сөз атқан оқтай далаға кетпес еді. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан айтыс ақындары туралы: «кайсацкий импровизатор не соединяет в себе наших понятий о поэте. Он, несмотря на свое дарование, не смотрит на него как на достоинство, которым возвышается превыше самих султанов, напротив, смотрит как ремесло, данное ему для добывания подарков», – дейді. Ұлы Абайдың: «Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, мақтау өлең айтыпты әркімге арнап, әр елден өлеңменен қайыр тілеп, кетірген сөз қадірін жұртты шарлап» – дегені де ғалым ойымен сабақтас. Естігенде қол соғып, айтыс бітіп, той тарқағаннан кейін құлағында бір ауыз сөзі де қалмайтын айтыскерлерді қазір де көріп жүрміз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын болсақ, жазба ақындарға мемлекет тарапынан қаламақы алатын, кітаптарын шығаратын жағдай туғызылуы керек те, айтыскерлер өнеріне талғаммен және биік талаппен қарау керек. Айтыскерлерге бағалы сыйлықтар тапсырылып, жазба ақындарға жыр мүшайраларында жеңіл-желпі жүлделер берілуі де нағыз ақындарға қиянат.Ақылбек Шаяхмет ҚОСТАНАЙ