"Ақ жолдың" Алаш көсемін ардақтаған байқауы мәреге жетті
2016 ж. 27 мамыр
2653
0
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 2016 жылғы ««ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауы аяқталды. Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі халықаралық конкурс қазақ халқының даңқты тұлғасы Алаш ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналды.
Жалпыұлттық байқаудың басты мақсаты – Қазақстан қоғамын жаңғыртуда «Алаш» қозғалысының шығармашылық мұрасын және принциптік көзқарастарын тарату.
Байқауға жалпы 100-ге жуық талапкер қатысқан. Жас ерекшелігі 18-35-аралығын қамтыған отандастарымыздан бөлек, жақын, көршілес елдерден қатысушылар ғылыми зерттеулерін ұсына алды. Бірнеше ай бойы 4 номиннация бойынша бақ сынап, алаштанушы ғалымдар мен ғылым қайраткерлері үміткерлердің еңбектерінің тың жаңалығы мен жан-жақтылығымен көзге түскен шығармалардың иелерін анықтады.
Сонымен «Әлихан Бөкейханның мемлекет құрылысына және демократиялық құндылықтарға көзқарастары, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» деген бірінші номинация бойынша 3-орынға Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының магистранты Наргиз Айсаева, 2-орынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтты университетінің студенті Нұрболат Нышанбаев ие болса, 1-орынды Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы Гүлмира Уәлиева жеңіп алды.
Ал «Әлихан Бөкейханның экономикалық көзқарастары, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» атты ІІ номинацияда 3-орынды Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының магистранты Ардақ Беркімбай алса, 2-орынға «Жастар үні», «Болашақ» басылымдарының журналисі Асхат Хасенғалиев ие болды. Бұл номинацияның педагогикалық ғылымдар магистрі, «Қазконтент» АҚ «Қазақстан тарихы» интернет порталының редакторы Заңғар Кәрімхан топ жарды.
«Әлихан Бөкейхан жұмыстарындағы қазақстандық қоғамның әлеуметтік, рухани-мәдени жаңғыруы, еуропалық жолмен дамуы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясының 3-орынға тарих ғылымдарының кандидаты Сұлушаш Құрманова ие болса, 2-орынды Семей қалалық орталық кітапханасының кітапханашысы Аяулым Шаймерденова мен балет өнерін зерттеуші Орынгүл Нұржанқызы өзара бөлісті. Ал 1-орынды С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов музей-үйлерінің ғылыми қызметкері Шырын Жеңісқызы жеңіп алды.
IV номинация «Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдерде» 3-орнын Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты Назерке Әбікеева иеленсе, 2 орынды екі үміткер: әлеуметтік ғылымдар магистрі, «Қазконтент» АҚ «Қазақстан тарихы» интернет порталының журналисі Алтынбек Құмырзақұлы мен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университенің докторанты Ұшқын Сәйдірахман жеңіп алды. Бұл номинацияның 1-орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтты университетінің докторанты Маралбек Ермұхамедке бұйырды.
Байқау соңын қорытындылаған «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мырза шараның дәстүрге айналғанын, жас зерттеушілердің ғылыми жұмыстарына ынталандыру әкелетінін һәм үлкен жауапкершілік жүктейтінін сөз етті. Сонымен қатар "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары, ақын Қазыбек Иса, жазушы Өтен Ахмет, алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы байқаудың маңыздылығына тоқталып, жүлдегерлерге Ақ жол тіледі.
«Қазконтент» АҚ ұжымы әріптестеріміз «Қазақстан тарихы» интернет порталының қызметкерлері Заңғар Кәрімхан мен Алтынбек Құмырзақұлын жетістіктерімен шын жүректен құттықтайды.
Алтай Сағидолда
qazaquni.kz