БҒМ ҰСЫНҒАН РЕФОРМА ЕЛБАСЫ ТҰЖЫРЫМЫМЕН ҮЙЛЕСЕ МЕ?

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы бүгін  (26.05.2016 ж) палата отырысында Үкімет басшысына еліміздегі үш тілді білім жүйесіне көшуге байланысты  депутаттық  сауал жолдады. Мұрат Бақтиярұлының депутаттық сауалын Сенаттағы бір топ әріптестері қолдады.

 

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

 Соңғы кездері Білім және ғылым министрлігінің орта білім саласына қатысты ұсынған реформасы қоғам тарапынан алаңдаушылық  тудыруда.

Қазақстан бойынша 7500-дей орта мектепте оқып жатқан 2 млн. 600 мың оқушыға ұсынылған жоба, іргелі саланың болашағы жайлы әңгіме тудыруы заңды. Білім саласын жетілдіру, дамыту тек бір ғана министрліктің міндеті емес, ол мемлекет пен ұлт үшін маңызы зор өзекті мәселе. Өйткені, мектеп –  қоғамның да, ұлттың да тағдырында айрықша роль ойнайтын маңызды құрылым. Сондықтан бұл мәселеге әр отбасының алаңдап, қоғамның назарын бұруы даусыз.

Мемлекеттік жалпыға міндетті жаңа оқу стандарты бойынша 2020-2021 жылдардан бастап Қазақстан тарихын оқыту тілдеріне қарамастан мемлекеттік тілде, 6 сыныптан бастап жалпы тарих тек орыс тілінде, ал  2023-2024 жылдары 10-12 сыныптарда физика, химия, биология, информатика тек ағылшын тілінде оқытылмақшы.

Жаратылыстану пәнін  барлық мектептерде ағылшын тілінде, ал жалпы тарихты орыс тілінде оқыту Елбасымыздың «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Енді оны ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады» деген тұжырымымен қалай үйлеспек?

Сөз жоқ, жастарымыздың ағылшын тілін білуін уақыт талап етіп отыр. Елбасымыздың үш тілділікті өрістету жайлы ұстанымы заман талабынан туындап отырғаны ақиқат. Қолдаймыз. Үш тілді кеңістікті қалыптастырудағы негізгі діңгек – тәуелсіз қазақ елінің мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Сондықтанда, қоғам негізінен ағылшын тілінің әлі де болса толыққанды, әрі жанды мемлекеттік тілге айнала алмай келе жатқан қазақ тілінің есебінен дамуына, балаларының министрліктің  кезекте экспериментінің обьектісіне айналуына қарсы екенін айта бастады.

Әрине, ағылшын тілі дипломаттарға, мемлекеттік қызметкерлерге, ғалымдарға, бизнес өкілдеріне керек. Ал ағылшын тілін жаппай күштеп оқыту осы ағылшын тілін білсе әркім білімді, бақуатты болады деген  біржақты ұстанымға құлай беруге болмас. Тарихқа үңілсек, кезінде ағылшындардың қол астында болған Африка құрлығының оннан астам елдері, Азиядағы Филипин, Үндістан, Камбоджа, Индонезия, Бангладеш сияқты елдердің халқы ағылшынша сайрап тұрғанымен, сол мемлекеттердің аса шарықтап кете қойғаны шамалы. Бұл елдер әлі күнге дейін кедейшілік құрсауында  өмір сүріп жатқан жоқ па?

Жалпы ағылшын тілін білу, оны терең игеру еліміздегі 2,6 млн. оқушының барлығына бірдей қажет пе?! Балабақшадағы, бірінші сыныптағы ойлау жүйесі әлі толық жетіліп, қалыптаспаған, санасы үлбіреп тұрған қазақ сәбилеріне бірден үш тілді оқытудың қандай қажеттілігі бар? Ғылымы мен білімі жоғары Жапония, Франция, Ресей, Қытай 10 жасқа дейін балаларын өзге тілде неге оқытпайды? Демек, ағылшын тілін білу сауатты болудың басты көрсеткіші емес, ол әлемдік білім-ғылымның биігін игеру үшін ғана қажет құрал болуы тиіс. Ал шынайы сауаттылық – өмірді білу, өзі таңдаған кәсіпті терең игеру, өмірдің, заманның сұраныстарына жауап бере алу қабілетін қалыптастыру. Бұл – әр ұлттың өзінің ұлттық тілімен ғана қалыптасар өнеге.

Психолог ғалымдарымыздың зерттеулеріне сүйенсек, мектеп оқушыларының 25 пайызы дарынды болып келеді екен. Егер сол таланттыларды дер кезінде танып, олардың қабілетін ұштап, демеп жіберсе, нәтижесі өз жемісін берері күмәнсіз. Осы орайда Елбасымыздың пәрменімен ашылған «Назарбаев зияткерлік мектептерін», Қазақ-түрік лицейлерін айрықша атап айтуға болады. Бұдан шығатын қорытынды дарынды балаларды іріктеп оқытатын мектеп-интернаттардың қатарын көбейтуіміз керек. Әсіресе, шалғай аудандар мен ауылдардағы талантты, дарынды балаларды сол мектеп интернаттарға көптеп тартуды қолға алғанымыз жөн. Мұндай жүйе бала-бақшалардағы сәбилердің ана тілін толық игеріп, мектептерде ағылшын тілінің өз ретімен өмірімізге енуін жолға қойып, бюджеттің миллиардтаған қаржысын үнемдеген болар еді.

Тіл тағдыры – ұлт тағдыры.

Білім саласын жаңғырту туралы реформаға кіріспес бұрын еліміздің осы саланы жақсы білетін мамандарынан, мұғалімдерінен, ғалымдарынан тұратын қоғамдық кеңес құрып, мәселені жан-жақты талқылап барып, ортақ шешімге келу керек. Үш тілді кеңістікті қалыптастырудың жүйелі, тиімді тетіктері жасалуы қажет. Бәріне байыппен, ақылмен келуге тиіспіз. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселеде мықты үйлестіруші қызметін атқаруы қажет.

Елбасымыз да асықпай, байсалды қоғамдық пікірді жан-жақты зерделеп барып енгізу туралы өз ұстанымын айтты.

Біз де Елбасы айтқан осы ұстанымның ұлтымыздың ұлы құндылығы – тілдің болашағына жағымды ықпал еткенін қалаймыз.

Үкіметтің осы мәселеге барынша назар аударын сұраймыз.

 Құрметпен,

       М. БАҚТИЯРҰЛЫ

       С. АҚЫЛБАЙ

       Е. АСТАЕВ      

       Р. ӘКІМОВ

       Б. БЕКНАЗАРОВ

       Ә. БЕКТАЕВ

       Б. ЕЛАМАНОВ

       С. ЕҢСЕГЕНОВ

       М. ЖОЛДАСБАЕВ

       А. КҮЗЕКОВ

       Н. ОРАЗАЛИН

       В. РЕДКОКАШИН

       М. ТАҒЫМОВ

       Л. КИИНОВ

       М. БОРТНИК

Abai.kz