Асқар Жұмаділдаев: Оқу-білімді өзге тілде беру - Конституцияны бұзу
2016 ж. 25 мамыр
5778
19
Белгілі академик, математик Асқар Жұмаділдаев орта мектептегі барлық оқу пәндері ана тілінде өткізілу керектігін айтты.
Бұл туралы академик Қазақ әдебиеті басылымындағы мақаласында жазды.
- Менің ойымша, Советтік дәуір кезінде жаратылыстану ғылымдарын оқыту жүйесі өте жоғары болды. Оны бүкіл әлем мойындайды. Америкаға бара қалсаңыз, әр университетте математикадан сабақ беретін не орыс, не еврейді табасыз. Мен Москвада оқыдым, курстастарымның жартысы Америкада. Америкалық университет деген не? Америкалық университет деген, әзіл-қалжың аралас сөздермен айтсақ, орыстың профессоры математиканы Қытайдың студентіне үйрететін университет. Ал қоғамдық ғылымдар идеологияға тәуелді болды.
Екінші мәселе – жаратылыстану ғылымына осындай өзгеріс жасау керек пе? Меніңше, жаратылыстану ғылымын бұлай өзгертудің қажеті жоқ. Біз батысқа еліктеудің екінші жағына тым көп далақтап кеттік. Минус пен плюс қатар жүруі керек. Жаратылыстану ғылымы – математика, химия, физика Совет Одағы кезінде өте жоғары деңгейде оқытылатын. Соның негізінде жаратылыстану ғылымын қазақ тілінде жап-жақсы үйретуімізге болады. Ғылым мен білімнің екі түрі болады. Бірінші – бастауыш мектеп, екінші – жоғары оқу орындары. Біздегі бастауыш мектептің деңгейі жоғары, ал жоғары оқу орындарына келсек, біз шетелден кейін қаламыз, оны мойындауымыз керек. Оның негізгі себебі – құрал-саймандардың болмауы, ғылымды әрі қарай дамытатын, бәсекеге бейімдейтін әдіс-айланың болмауы.
Мәселен, Американы не болмаса Еуропа, Англияны алып қарасаңыз, онда 12 класстық оқу жүйесі қалыптасқан. Біздің баяғыдағы 10 жылдық біліміміз шетелдің 12 жылдығынан асып түсетін. Өйткені, математиканы да, физиканы да жеке ғылым ретінде оқыдық. Қазіргі біздің үкіметіміздің саясаты бұл ғылымдардың бәрін ботқа қыламыз дегенге саяды. Математиканы, физиканы, химияны, биологияны қосып бір ғылым, қазақ тілі мен әдебиетін қосып бір ғылым, тарих пен географияны қосып тағы бір ғылым шығарамыз дейді. Сонда біздің мұғалімдеріміз әмбебеп болады деген әңгіме айтады. Бұл негізінен дұрыс емес.
Шетелдің біраз еліндегі бізден кеткен еврейлер мені шақырып, «Асқар, мына баланы оқытшы, шетелдегі мектептердің оқуы оқу емес, сен баяғы Советтік оқулықтармен оқытып, сол есептерді шығартшы», – дейді. Сол кезеңдегі оқу жүйесінің мықтылығынан қазіргі қазақ балаларының көбі шетелде оқып жүр. Оны көпшілік «Болашақ» бағдарламасымен кетті екен деп ойлайды.
Қазақ балаларының көп болса 20 пайызы «Болашақ» бағдарламасымен оқуы мүмкін, қалғаны өзі оқып жатқан университеттің грантын өз білімімен ұтып алған немесе әкесі ақша төлеп отыр. Бұл біздегі білім жүйесінің, оның ішінде математиканы оқыту деңгейінің жоғары болғанын көрсетеді. Осы жүйені алып тастап кері кетеміз деген сөз қалай алғанда да дұрыс емес. Мәселен, біз дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз дейміз, 30 елдің барлығы, ішінде ең мықтысы Америка болса, сол елдің тұрғындары гамбургер жейді. Білім саласындағы мына өзгерістер ендігі жерде біз қазы-қарта жемей, гамбургер жейміз дегенге үгіттейді. Қазы-қартадан гамбургер дұрыс деген сөз. Осы реформалар арқылы практиканы шыңдаймыз деген уәж айтады. Егер сіз ғылымды меңгерсеңіз, есеп шығаруды білсеңіз практиканы меңгеру қиын емес.
Менің білуімше, Сингапур мен Малайзия математиканы ағылшын тілінде оқытады. Біздің басшылар осы елден үлгі алмақшы, неге Жапониядан үлгі алмаймыз. Кезінде жапон елі де өздерінің иероглифтерін өзгертіп жаңа әліпби жасап, жоғары сынып оқушыларына бүкіл ғылымды ағылшын тілінде оқытпақшы болған. Бірақ ойласа келе, әліпбиді өзгертсек, ағылшын тілінде оқысақ, алғашқы кезде тез жылдам дамуымыз мүмкін, бірақ ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болады дегенге тоқтаған. Жапонияның мыңжылдық тарихы бар. Сонда біз неге кеше ғана құрылған елдерге жүгінуіміз керек.
Қазақстанның Конституциясында бастапқы білім беру үкіметтің міндеті екені айтылған. Мәселен, сіз, бірінші сыныпқа баламды бермеймін десеңіз, үкімет сізді сотқа тартуына болады. Өйткені, сіз Конституцияны бұзып отырсыз. Ал жоғары оқу орнына түсу, түспеу ол сіздің жеке шаруаңыз. Екінші, ақпарат алу құқығы бар, яғни кез келген Қазақстан азаматы қазақ тілінде, я орыс тілінде ақпарат алуға құқылы. Білім алу деген де ақпарат алу деген сөз. Демек, сіз оқу білімді өзге тілде беремін десеңіз, Конституцияны бұзғаныңыз. Олай болса, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде өткіземін деген министрліктің ұсынысының астарында қазақ тілінің ғылымға икемі келмейді, қазақ тілі тек отбасы-ошақ қасы болып қалуы керек деген саясат тұр. Ал ол – Конституцияны бұзу.
Жаратылыстану ғылымының барлығын қазақ тілінде үйретуге болады. Жақсылы-жаманды оқулықтарымыз бар (оның сапасы өте жақсы деп айта алмаймын), жақсылы-жаманды терминология жүйесі бар, ғылым туралы ойлау жүйеміз қалыптасқан. Бұл – қазақ тілін сақтаудың үлкен бір саласы.
Тіл деген не? Тіл деген кұрал. Құралдың бес функциясы бар, ең алдымен – отбасы-ошақ қасы, бизнес, саясат, экономика, жаңа технология мен ғылым. Адамның дұрыс өмір сүруі үшін оның он екі мүшесінің барлығы сау болуыкерек. Көзіңіз көре тұрып құлағыңыз естімесе бір мүкіс бар деген сөз. Ал тілге шек қою – адамның екі қолын немесе екі аяғын кесіп тастағанмен тең. Бұған жол беруге болмайды.
Орта мектепке барлық ғылым, барлық оқу пәндері ана тілінде жүруі керек. Егер ол пәндер Қазақстанда қазақ тілінде жүрмейтін болса, қазақ тілінің де, Қазақстанның да ешкімге керегі жоқ. Сондықтан мен бұл реформаларға қарсымын және мұны он-он бес жыл бұрын айтқанмын. Жаңа реформаларды қолға алмас бұрын сол реформаның оң нәтижесін көрген елдердің үлгісін алуымыз керек. Бұл тұрғыда бізге Малайзия мен Сингапурдан гөрі Жапонның үлгісі жақынырақ. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды ХХ ғасырдың басында өмір сүрген зиялы азаматтардың көпшілігі Жапонның үлгісін алмақ болған.
Дерек көзі: Қазақ әдебиеті басылымы