КӨҢІЛІМДЕГІ КӨКЕМ
2016 ж. 24 мамыр
3176
1
Сайлау ағамның екі қасиеті туралы айтпақпын. Бірі – ағайын арасындағы көшбасшылық қасиеті. Ал екіншісі «қазақ зиялысы қандай болуы керек?» деген сауалға жауап бере білгені
Өлімді асықтыруға да, тоқтатуға да болмайды деп жатады. Яғни, әр адам пешенесіне жазылған жасын жасап, өз өмір жолынан өтуі тиіс. Ал талқаның қашан таусылады, ол бір Аллаға ғана аян. Өлімнің өзінен гөрі үрейі күшті деген рас-ау, өйткені, жақындары үшін де, ауырған адам үшін де ең қиыны – соңғы демді күту. Егер көкем сөзінен жаңылып, ауруға жеңіліп кеткенде, басқадай сезім, басқадай жағдайды басымыздан өткерер ме едік. Өзегімізді өртеп, жүрегімізді елжіретіп кеткені – Қордай асуының 173 шақырымындағы төтеннен келген ажалға дәрменсіздік танытқаннан басқа қолымыздан ештеңе келмегені. Көз алдымызда күліп-ойнап келе жатып, бір-ақ сәтте о дүниелік болып кете барғаны. Жол апаты салдарынан мезгілсіз дүниеден өткен көкем, Сайлау Бұршақбайұлы АСАБАЙ жайлы естелік жазуға не түрткі болғанын өзім де айта алмаймын. Бұл – әкемнен айрылып қалған қаралы күндерде иығын тосып, демеуші болған, кейін уақыт өте келе байқатпай жүріп әкемнің орнын жоқтатпай, алмастыра алған аяулы бауырым – САЙЛАУ көкеме арналған жоқтау, қарындасының жоқтауы. Асқар таудай болған әкемнен айрылғанымды ағамды жерлеп келген күні анық сезіп, иен далада жападан жалғыз қалғандай күй кештім. Жиын-тойларда маңдайы жарқырап, топ бастап жүрген Сайлау ағамның ойсырап қалған орны сездірді мұны. Мен Сайлау ағамның екі қасиеті туралы айтпақпын. Бірі – ағайын - әулет арасындағы көшбасшылық қасиеті. Ал екіншісі «қазақ зиялысы қандай болуы керек?» деген сауалға көзі тірісінде жарнамасыз-ақ бар болмысымен, іс -әрекетімен жауап бере білгені. Ертеректе, ауылда, бала күнімізде Сайлау көкем ауылға келіп ішімізде жүрген күндер – топтасып отыратын шағын ауылдың еңкейген кәрісі мен есі кіре бастаған баласы үшін той болатын. Жайшылықта бір-бірімен бас изесіп өтетін ауылдағы ағайын Алматыдан ағам келген күні түбінің бір екенін еске түсіріп, жаймашуақ күй кешетін. Ауылға бірер күнге ғана келген көкеміз 40 үйлі ағайынның бірінде – жарты сағат, екіншісіне – он минөт аялдап, түгел аралап шығатын еді. Ойын баласы бізге атпалдай азамат көрінетін ағам сол кезде отыз жасқа толмаған жап – жас жігіт екен гой. Ауылдан Алматыға дейін Әр істің үлгісі, көшінің басшысы болады. Бұрын қалаға барып, оқу оқуды үрдіс етпеген біздің қоңыр ауылымызда ең бірінші болып жұқа қоржынға анау-мынауын салып алып, азғана ақшасын мата белбеуге тігістіріп байлап берген қайта-қайта сипап Алматы асқан менің осы ағам екен. Сол ағамнан жақсы хабар келіп, ауылға әрбір келгенінде бойы да, ойы да өскенін көрген ауыл бозбалалары қалаға барып оқып, білім алуды армандапты. Сөйте-сөйте тек ауылдағы ағайын емес, біздің ауылдан Алматыға бет алған жастардың керуен көшінің басында да Сайлау ағам тұрды. Берісі – Ташкент, әрісі – Шымкенттен аспаған ауыл балалары Сайлау ағасын демеу көріп – Алматы, Мәскеу, Ленинград асты. Содан былай ағамыз ауылға келген сапарын балалардың мектеп бітірумен сәйкестендіріп, мектеп директорларымен сөйлесіп, талапты, талантты балалардың ауылда қалып кетпеуін қадағалайтын болыпты, яғни балалардың көзін ашып, оқуға тарту жүйелі ыңғайға көшіпті. Қажымұқан бейнесі неге қызықтырды? Сайлау көкеміздің сарғайған қолжазбалары арасында мына хат ерекше назарымызды аударды. Ол 1964 жылы Алматыдан шығатын «Спорт» газеті редакциясынан келген хат Сайлау Асабаевтың атына келген. Құрметті АСАБАЕВ Сайлау жолдас! Сіздің «Физкультура и спорт» журналының № 3 санында басылған Б.Михайловтың Қажымұқан туралы мақаласы жайлы жазған екенсіз. Хатыңызды алдық. Кейбір жайларға байланысты жауапты кешіктіріп отырмыз. Оған кешірім сұраймыз. Ал Қажымұқанның әлемдік аренадағы палуан болуы жайлы тексеру жүріп жатыр. Жауабы әзірге белгісіз. Көп ұзамай ол жөнінде газеттерден оқып қаларсыздар. Құрметпен: «Спорт» газетінің жауапты хатшысы Қ. Бетпенов. Мен Б.Михайловтың материалының түп нұсқасын таппадым. Бірақ онда қазақ палуанының тарихтағы роліне шүбә келтіргені анық. Себебі, көкеміздің атына жазылған хатта «Ал Қажымұқанның әлемдік аренадағы палуан болуы жайлы тексеру жүріп жатыр» демес еді. Бұдан шығатын қорытынды өткен ғасырдың 60-70 жылдарына дейін Қажымұқанның үлкен спорт әлеміндегі толыққанды баға берілмеген. Ол жайында сыңаржақ материалдар көп болған. Мен Қажымұқан жайлы сонша шындыққа жақын деректі басқадан емес, тұңғыш рет көкемнен естідім. Көкем атақты балуан жайында : – Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажымұқан бабамыз. Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 28 мемлекетте күреске түсіп, 56 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айтуға тиіспіз. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу — сол заманда нағыз ерлік еді. Ол кезде империяның буына семірген Ресей күресінің қожайындары қазақты шын мәнінде менсінбеуші еді. Қажымұқан сондай ортада намысын жатқа берген жоқ. Кеудесін ешкімге бастырмады. Күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне белі бүгілмеді, еңсесі түспеді, деп отырар еді. Көкемді Қажымұқан тақырыбына неге тартты? Мұның астарынан атақты бабамыз болуға ұмтылған балалық қиялдан іздеуден де қажеті жоқ. Себебі, 1964 жыл ағамның ес жиып, азамат болып қалған кезі. Мұның басты себебі біздің Бұршақбай әулетінің ата мекені - атақты палуан тұрған елді мекенмен ауылы аралас, қойы қоралас отырғандығы болса керек. Одан бөлек ол кез Қажымұқанның көзін көрген тұрғыластарының қатары сиремеген. Демек, орталық БАҚ жарияланып жүрген палуан бабамыз жайлы жазған мәліметтер мен ауылдастарының естелігінде сәйкессіздіктер орын алған. Яғни, бұрмалауға жол берілген. Бұған сол кездегі жас жігіт Сайлау төзе алмаған. Орталыққа хат та сол ізбен жазылған. 1980 жылдарга дейін Қазақстанның кез келген жоғары оқу орындарында студент болған қазақ жастары қазақ тіліндегі оқу оқу құралдарының қаншалықты төменгі деңгейде оқығанын бәрі біледі. Тіпті 1985-90 жылдары ҚазМУ-дің жуурналистика факультетінде оқыған мен де кейбір күрделі пәндер бойынша қосымша оқу құралдарын таба алмай, орыс тілінен аударатынбыз. Осыған шыдағандар шыдады, шыдамағандар сабаққа үлгере алмай оқудан шығып кеттті. Сол кезеңдерде қазақтың жоғары оқу орындарында қазақ топтарын ашу шешімін күтіп отырған ең өзекті жайттар екені түсінікті еді. Бұл, Сайлау ағамыздың жанына қатты батты. Тасада қалмай қазақ топтарын ашуға атсалысқан аз ғана топтың қатарынан табылды. 1986 жылдың желтоқсанында қойдай көгенделіп кете барған студенттеріне ара түспек болған әрекеті де көп болды. – Қайсыбіреулер «Қара тізімге ілініп» қалған балалардың аты-жөнін атауға именіп жүргенде Сайлау олардың тергеушісімен тілдесіп, балалардың амандығынан хабар алып тұрды. Оқудан шығып қалғандарын уақытша үйінде түнетіп, құрылыс нысандарына жұмысқа орналасуына атсалысты, – дейді жолдастары. Осыдан біраз бұрын қазақтың бір зиялысымен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Көптің көзіне түсуді қаламайтын ағамыз «адамдардың өмірі бір жотаның бір жағында, бәрі содан әрі асуды армандайды» деп алсақ, көп адам жотаның етегінде жүр. Сол топтан сәл биігіректегілерді ел зиялылар деп таниды, өйткені олар онша биіктеп ұзап кетпеген, дауы елге жетіп тұр, сондықтан бағалы саналады. Одан кейін біраз адам – төбе басына жеткен. Оларға мен Олжасты, Тоқтарды жатқызамын. Оларды да ел таниды, бірақ олардың дауысы елге бірде жетіп, бірде жетпегендей болып, бірде түсінікті, бірде түсініксіз көрінеді. Сонда да елдің көбі оларды жақсы көреді, бізді жетектеуші деп таниды. Бұл зиялылар төмендегі зиялылардан гөрі тазарақ. Ал соңғы топ – олар аз. Олар жотаның басында немесе арғы бетте жүр. Олардың даусы төмендегілерге сирек жетеді. Сондықтан олар жалпыға бірдей танымал бола бермейді. Олар өле-өлгенше айналасына танылмай да кете барады, оны керек те етпейді, бірақ шын зиялылар – Шәкәрім бейілділер солар. Менің көкемнің түсінігіндегі зиялы қауымның басты міндеті – қоғамға рухани тазалық, өскелең ұрпаққа мағыналы тәрбие беру. Оның жүріс-тұрысынан имандылық, инабаттылықтың белгісі көзге көрініп тұруы қажет. Әдетте зиялылардың қатарына жазушылар, ғалымдар, мұғалімдер мен дәрігерлерді жатқызамыз. Осы салада еңбек етіп, қоғамға қызмет етіп жүрген азаматтар өзіндік оқшау ой-пікірлерімен ғана емес, адамгершілігімен, имандылығымен басқаларға үлгі бола алуы қажет. Қазіргідей Батыстың мәдениетіне уланып, ұлттық құндылықтарды елеп-ескермейтін ұрпақ өсіп келе жатқан кезеңде пәк жүректі, саясатпен ауырмаған зиялылар керек-ақ. Ал егер осы адамдар саясатпен айналысу арқылы билікке қол жеткізіп, парақорлықпен пайда тауып жатса, теріс жолды насихаттап жатса, олардың зиялылығы қоғам үшін, ұрпақтың алдында көк тиын. Зиялы қауым қоғамға ықпал етіп, қоғамды түзету үшін алдымен өздерін түзету керек. Тасада қалғандар... Олар ешқашан мен мынаны атқардым деп еңбегін бұлдаған емес. Шам жарығы түсіп тұрған жерге барып «Қазақ жасасын» немесе «қазақ тілі құрып барады» деп айғайлап, ертеңіне халық батыры атану бүгінге тән құбылыс. Ал кеше заман басқа еді. «Ерім деген ер болмаса елім дейтін ер қайда шығады» дейді халық мәтеліне 1990 жылдарда мемлекеттілікті құру жолында болған жанкешті күресте ең төменгі қабатында жүрген Сайлау Асабай тәрізді азаматтар «ерім деп өткен ерлерінің кім болғанын халқы білуі міндет емес» деп жауап қайтарды. Олар осы қарапайым құндылықтармен айналысына адалдықтың, халықшылдықтың дәнін септі. Жан жағын осы қағидамен тәрбиеледі. Мұны Сайлау ағасына «көңілімдегі көкем» деп төрінен орын берген соңынан ерген әрбір інісі айтады, қарындасы айтады. Ағамызға қатысты әрбір құжаттарынан қазақ тілі –мемлекеттік тілдің салтанат құруына септігін тигізсем екен деген жанкешті әрекетті байқамау мүмкін емес. Олар ЖОО-да қазақ топтарын ашу. Себебі, ағамның қаралы қырқына бас қосқан жора-жолдастарының айтқан естеліктерінен мен Сайлау көкемнің жотаның арғы бетінде жүрген болмысын, іні-қарындасты тұрмақ, жанында жүрген жарына да танытпай кеткен болмысын, бейнесін танығандай болдым. Одан бөлек көкемнің үзеңгілес достары да «Айналайын, қолыңа қалам ұстап жүрсің ғой. Көкең жайлы жаз. Көкеңнің қандай болғанын артында жүрген сендер тұрмақ, жанындағы жары да білмей кетті. Ағаларың Құдайға мойын бұрған дана жігіт еді ғой» деген сөздері де себеп болды.Гүлбаршын САБАЕВА
qazaquni.kz