Асанәлі Әшімов: БИЛІК ЖЕР МӘСЕЛЕСІНДЕ ХАЛЫҚПЕН САНАСУЫ КЕРЕК
2016 ж. 23 мамыр
3838
2
Қазіргі таңда қазақты толғандырған басты мәселе – жер дауы. Осы шалағай реформаға қатысты Елбасы тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, мәселені май шаммен қарап жатса да халықтың көңілі орнығуы қиын болып тұр. Ел сенген зиялы қауым өкілдерінің де батылдығынан жалтақтығы басым болып, дүдамал күй кешіп отыр. Осы орайда Алашқа аты мәлім – Асанәлі ақсақалдың да айтары бар. Қазақ өнеріндегі айтулы тұлға «Қамшы» порталының осы жер мәселесіне қатысты және басқа да сұрақтарына жауап берді.
- Ассалаумағалейкум, Асанәлі ата! Жақында ғана 79 жасқа келдіңіз, бір замандағы қазақтың сүйікті актері қазір қазақтың ардақты ақсақалы болды. Бүгіннің биігінен Қазақстанның тәуелсіздігінің 25 жылдығына қандай баға бересіз?
- Оған баға берудің керегі жоқ, уақыт қой өткен. 25 жыл деген үлкен уақыт. Оның басталуы егемендік алған кезіміз, тойладық. 50-і де болар, 100 жыл болсын, ғасыр болсын! Мемлекет жасай берсін!
- Сегіз жыл бұрынғы бір сұхбатыңызда, «Дағдарыс деген не? Ол жоғарыдағы болып жатқан саяси былық. Біздің қара халық өмір бойы дағдарыста» деген екенсіз. 80-нің биігіндегі қарт кеудеңіз не дейді?
- Енді, ол кезінде шынымен айтылған нәрсе. Түбірінде ол дұрыс. Қара халық деген, ол – ұлы. Елдің бар-жоғын, шынын айтып тұратын халық. Мемлекеттің басына қатер төнсе оны сезінетін де, бұлқынып, көтерілетін де халық. Мемлекеттің тағдырының шешуші күші халық болып есептелуі керек. Билік сондықтан да халықпен есептесуі керек. Дағдарыс қара халыққа қашан да әсер етеді, миллиардерлерге де келуі мүмкін, олар кедейленіп, миллионер болуы мүмкін. Оны сезінетін бәрібір қаймана халық.
- Соңғы уақытта қазақтың ең жанды жерін тырнап, тамырын басқан «жер мәселесіне» не айтасыз?
- Жер мәселесінде халық не десе, сол дұрыс. Жер – Ана! Жерді сатуға болмайды. Сатты деген аты жаман. Бұл айтылмауға, мүлде қозғалмауға тиіс мәселе. Мен бұған қатты қарсымын. Қарсы пікірімді өткенде де айтқанмын жиналған топта. Ол жерде бір де бір кісі қолдаған жоқ. Жалға беру мәселесіне де қарсымын. Жердің гүлденгені, құлпырғаны, тозып кетпегені жақсы әрине. Әуелі өзімізді жарытып алуға тиіспіз. Мыңдаған гектар жерді басып алып, өңдемей жатқан дөкейлерден алып өңдейтін қарапайым шаруаларға берсе, қазақ жалқау емес қой. Менің сөзімді бұрмалап таратып жүргендер бар екен. Әдейі, аты бар адамдарды халыққа қарсы қойып, сөзін бұра таратып жүргендер нағыз жауыздар. Халыққа жаман атты көрсетіп қойған соң, қайда барсам сүйдепсіз ғой деп маған айтады. Қайсыбіріне ақталып жауап берем.
- Кино мен театрда ғана емес, кітаптар жазып, жазушылықта да қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Бүгінде не жазып жүрсіз?
- Қазір енді, өзімнің 7 томдығым шықты. Орысша жазғанымнан бір томдығым шықты, сегіз. Екі үлкен қара альбомым шықты, 10 кітабым бар. Ол кітаптар, «Майраның әні», «Жан бөлек», «Менің жанрым - күнделік», «Ғұмыр-дария» деген, басқа да естеліктер, күнделіктер, сұхбаттар, рецензияларды қамтиды. Қазір де қарап отырмаймыз ғой, 2 том шамалас қолжазбам бар жазып жатқан. Қол-аяғымыз іске жарап, денім сау тұрғанда жаза беремін. Не жазады дейсің, күнделікті жағдайлар. Толғандырған мәселелер, қалам ұстағанға жазатын тақырып көп қой.
- Қаламыңыз талмасын аға! Өзіңіз басты рольдерінің бірін сомдаған «Қыз Жібек» фильмінен кейін, қазақы бояуы қанық ауыз толтырып айтарлық бір де бір фильм шыға қоймаған сияқты. Бұндағы олқылық неде?
- Оған көп себепті атап айтуға болады. Ақшаның құны кеткен заманда қаражат мәселесін де бір себеп. Екіншіден, фильммен айналысатындардың тарихты, салт пен ғұрыпты, қазақтың тұрмыс тіршілігін білмейтіндігі. Киноның жасаушысы режиссер. Киноның сапасына да жауап беретін режиссер, оның жаны қазақы болса, болмысы мен бояуы қазақы кино түсіре алады. Ондай режиссер қазір жоқ, болса да «Шал», «Келін» деген киноны түсірген Тұрсыновты атауға болар. Қалғанының бәрі сол шетке еліктеу, сырттан көріп келгенін сәл өзгертіп осында түсіру. Қазақы кино түсіруге талпынғандар жоқ емес әрине, бірақ, оған көңіл бөлгендердің өзінің қолынан келмей жатыр. Қолынан келуі үшін, жан-тәні шынайы қазақ болуы керек, халықты аралау керек. Академик, профессорлардың кеңесін алу керек. Құрғақ сценарийдің төңірегінде жабысып қалмау керек. Сол талпынып жүргендер бүгін болмаса, ертең түсіреді әлі жақсы киноны. Түсіре-түсіре жетіледі ғой.
- Елге қандай тілегіңіз бар, Халқыңызға не айтасыз?
- Халыққа айтар нәрсе көп қой, біз – өнер адамдар, халыққа сахнадан да, экраннан да айтамыз. Араласып жүргенде де, гастрольдік сапарда кездесулерде де айтамыз. Айтатыным, балаларды жақсы тәрбиелеңдер, оқытыңдар, келешегіміз солар. Үй, тұрмыстарыңды жөндеңдер, жан-жақтарың таза болсын, өздерің де жинақы болыңдар. Дамыған елдердің қатарына қосылайық, ол үшін мәдениетті әуелі өзіміздің үйден бастайық. Елге пайдам тисін десең әр жақсылығыңды отбасыңнан баста. Жерім кетті жат қолына деп қарап отырмай, егін салыңдар, мал асырап, өсіріңдер, қора соғып, төрт түлікке толтырыңдар. Құрт қайнатып, сүттен май алыңдар. Осының бәрі қазақтың қанына сіңген, қолынан келетін жұмыс. Магазиннен бояу қосылған азық емес, қазақ өз қолынан шыққан таза өнімін тұтынса, өзінен артылғанын жан-жаққа сатса қазақтың денсаулығы неге мықты болмасын, неге байымасын? Осының бәрі ұрпағыңды жеткізу үшін атқарылатын шаруа. Мен де кішкентайым үлкен азамат болса екен деп тілеуін тілеп отырған кісімін. Сол өсіп өнсе, айналасына жұғымды кісі болса деймін. Ұрпағымыз өнегелі болса, өрісіміз малға толса біздің қай жау алады? Еліміз аман болсын! Жұртымыз тыныш болсын!
Сұхбаттасқан: Ерлан Төлеубай