Менің жынымды келтіретін «Гакку» дейтін канал бар - Мырзатай Жолдасбеков
2016 ж. 23 мамыр
3700
13
Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың ойынша, "Гәкку" арнасының контентін бақылап отыру қажет, деп хабарлайды Baq.kz.
«Менің жынымды келтіретін бір нәрсе, «Гакку» дейтін канал бар. Атынан садаға кетсін! Гакку деген арманымыз ғой бәріміздің. Солай емес пе? Ал енді осында ылғи бір жалбаңдаған сайтан, жалаңаш...Мен ойлаймын, біздің мәдениет министрлігі...Әнеукүні ауыл шаруашылығы министрін неге алып тастады? (Президент – авт.) дұрыс айтты ғой, сен ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттің саясатын жасайтын адам емессің бе деп. Біздің мәдениет министрлігіміз неге бүйтіп көрсетіп жатсыңдар деп отырмауы қажет», - деді Жолдасбеков мәдениет және спорт министрінің қоғамдық кеңес алдындағы есеп беру кездесуі кезінде.
Осы орайда ел ағасы қазақ жігіттерінің киім киісіне де мін тақты.
«Күлкі театрларында біздің қазақ жігіттері әйелдің киімін киіп алып, ыржаңдаса, жұрттың бәрі күледі. Өлмей ме одан да? Намыс жоқ! Осының көзін құрту қажет. Көрсетпеу керек. Әйел адам әйел болып шығу керек. Еркек адам еркек болып шығу керек. Намыс жоқ. Мен кейде қайран қалам», - дейді академик.
Сондай-ақ, Жолдасбеков "Барыс" хоккейшілерін де сынға алды.
«Қазіргі кезде елімізде неше түрлі стадиондар мен спорт сарайлары салынып жатыр. «Барыс» командасы үшін арнайы мұз аренасы салынды. Мен өзім оны жақсы көруші едім. Соңғы кезде иттің етінен жек көріп кеттім. Намыс жоқ! Ешқандай патриоттық сезімі жоқ! Құдайға тәубе, Серіктер (Сәпиев – авт.) халқымыздан шықты ғой. Соларды алып келейік. Жақсылық ағаларың (Үшкемпіров - авт) қайдан шықты? Өзіміздің ауылдан шығып, халықтың, ұлттың мерейін өсірді. Бізде бокс, күрес, зілтемір көтеру жағынан елден ұялмайтын үлкен табыстарымыз бар. Ал аналарды (хоккейдегі шет елдің азаматтарын – авт.) көп тайраңдатпау қажет. Әнеукүні ғаламторда бір азамат жазды, қайдан бұлар орынға таласады, намыс жоқ оларда, себебі өзге елдің азаматтары. Ішінде Ресей, Канада, Америка азаматтары бар. Соларды жақсы көруші едім, кеше иттің етінен жек көріп кеттім. Жігерсіз...білмеймін, бір мас...бір дәрімен улаған адам сияқты болып кетті», - дейді Мырзатай Жолдасбеков.
Оның айтуынша, ол шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының ойындарын қалт жібермей, түнімен ұйықтамай шығады.
Айта кетейік, Мәскеу мен Санкт-Петерборда өткен шайбалы хоккейден Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы өз тобында бір-ақ рет жеңіп, қалған ойындарда ұтылған болатын. Сөйтіп, қайтадан элиталық девизионнан ұшып кетті. Құрамадағы хоккейшілердің басым бөлігі – «Барыстың» ойыншылары.