Желтоқсаншыларға орнатылған монументті неге қиратты?

 

Қадірлі бауырлар, Қайрат Рысқұлбековтың атынан ел халық жауы деп үркіп жүрген жылдары Зайсан қаласында халықтың күшімен алып монумент орнатқан едік (Монументтің атауы: «Желтоқсанның жұмбақ кітабы» 1991 ж.). Өздеріңіз біліп отырғандай бұл монументті орнату сол кездегі өлшеммен сенсация болатын. Содан бері бұл монумент халықтың тағзым ететін, рухтанатын орталығына айналды.

 Бізді мұндай қадамға апарған әрекетіміз 1986 жылы басталған еді; біз де тәуелсіз ел болсақ деген ниет күрескерлік қайратымызды жаныды, Қайраттан рух алдық. Сол үшін көп нәрсеге басымызды қатерге тіккен едік. Себебі Ресей мен Қытай секілді алып империялардың ортасына отырып, әлі тәуелсіздік алмай тұрып, тәуелсіздікке белгі қоюдың терең саяси астары бар еді. Ол кезде мен Құсайынов Райымхан Сағатұлы, 1989 жылы құрылған Азат қозғалысының Зайсан аудандық төрағасы, облыстық филалының орынбасары болдым.

Монументімізді орнатып, тәуелсіздігімізді алған соң, бәріміз өз бетімізбен күн көруге кеттік. Алайда бізді қайта атқа қондырғалы отырған оқиға 2013 жылы басталды,  яғни осындай рух беріп отырған тәуелсіздікке белгі болсын деп ең алғаш қойылған тарихи монументті Зайсан аудандық Нұр-Отан партиясы орнынан сүріп тастады. Монументті құлату үшін аудандық бюджеттен 25 млн. 168 мың теңге бөлінді. Монументтің 400 тонналық іргетасы жер астында қалды. Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі №1488-ХІІ «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 38-бабы 1-тармағына сәйкес және Қылмыстық кодекстің 258-бабы Вандализм нормалары бойынша аудандық прокуратура, әкімшілік, Нұр-Отан филиалдарына, облыстық, республикалық сатыларына және Парламентке дейін кезегімен шағымданып ешқандай нәтиже ала алмадық...

Неге біз Қайрат дейміз? Себебі Кеңес Одағы бүкіл Қазақ халқының ішінде тек Қайраттың ғана рухын сындыра алмады. Тек Қайрат қана қайтпас қайсарлық көрсетті, алған бетінен қайтпады. «Атам десең атыңдар, еркек тоқты құрбандық» деп құрбан болды. Оны өлім де сындыра алмады. Барлық кеңестік машина қаһарына мінсе де рухын сындыра алмады. Ешқандай қорлық, азап оны мойыта алмады. Мойындауымыз керек, сол кезде Қайраттан басқа ешкім мұндай қайсарлық көрсете алмады.

Қайрат – табиғатынан азат өмір сүрген Қазақ халқының азаттық рухының заңды жалғасы.

Қайрат 21 жа­сын­да, сот алдында 21 күн нақақтан-нақақ күйіп, тас түрменің 21-камерасында, 21-мамыр күні бақилық болған еді.  Ал біз тәуелсіз ел атанып, ХХІ-ғасырда Қайраттың рухын қорлыққа беріп, ол түгілі жерімізді жалға беретіндей жалшылық күйге дейін түсіп кеттік.

Монументті құлатар кезде бәріміз билікке «Сондай қиыншылықпен келген тарихи монументті құлату – халықтың рухын құлату. Бюджеттен ақша жымқыру үшін жасаған бұл әрекеттер халықтың ашу ызасын туғызатынын» ескерткен едік. Міне мұндай астамшылықтың, басынушылықтың соңы жерімізді жалға беруге дейін әкелді.

Құрметпен, Райымхан Сағатұлы Құсайынов

Abai.kz