ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛМЕЙТІНДЕРГЕ ҚЫЗМЕТ БЕРІЛМЕУІ КЕРЕК!
2010 ж. 28 желтоқсан
3855
1
Ел егемендігіне қол жеткізгеніне жиырма жылға жуықтаса да, мемлекеттік тіл мәселесі осы күнге дейін мінберден түспей келе жатқаны бәрімізге аян. Аға, осы біздің туған тіліміздің тұғырына қонуына не кедергі болып отыр?
Негізінен біздің қоғамда тілді бүлдіріп жүрген шала қазақтар мен ада қазақтар. Бұл жағдайға олар да кінәлі емес. Тілдің бүгінгі ахуалына сонау Кеңес Үкіметі тұсындағы саясат әлі күнге дейін өз салқынын тигізіп келе жатыр. Қазақ тілін тұғырына қондырудың бір ғана жолы бар. Ол – қазақ тілін білмейтін қазақтарға қызмет бермеу. Тілге келгенде әуелі біз қазақтарды жөнге салып алуымыз керек. «Өзін-өзі аямаған басқаның бетін шиедей қылады» демекші, өзімізді-өзіміз аямасақ, өзгелер бізден сескенетін болады. Қазақша білмейтін қазақтар қызметке мүлдем алынбаса, олардың бәрі бір жылдың ішінде қазақша сөйлеп кетері анық. Неге десеңіз, оларға жан керек. Бұрын қазақша бірауыз сөз айта алмайтын кейбір шенеуніктердің қазір бұлбұлша сайрап жүргені сияқты. Осы уақытқа дейін өз тілінен безініп келген безбүйректерге осы қатаң талапты қоюымыз керек. Мұны көрген өзге ұлт өкілдері, қазақтар өзді-өзін аямай жатыр, бізді де оңдырмас деп, өз еріктерімен қазақ тілін білуге талпынатын болады.
Егер де, биліктің тізгінін ұстаған азаматтар саяси ерлігі жетіп, осы қадамға барар болса, тілдің төңірегінде туындаған бар мәселенің түйіні оп-оңай тарқатыла қояр еді.
Қазақтың тілі ең бай, ең көркем, ең жасампаз тіл. Өкініштісі сол – осындай құдіретті тілдің қадірін түсіріп алдық. Патша үкіметінің бізге қарсы жүргізген орыстандыру саясатының салдарынан. Мен бұл мәселеге «Қазақ қалай орыстандырылды?» атты еңбегімде ғылыми-теориялық тұрғыдан тереңірек үңіле түстім. Ресей не үшін орыстандыру саясатын жүргізді? Өйткені біздің орыстанғанымыз оларға керек болды.
Кезінде Брежнев «единый советский народ» дегенде, біртілділікті көздеген болатын. Ресейдің ұлт мәселесі тұрғысында ұстанып отырған саясаты кім-кімді болсын сескендірері анық. Мәселен олар өздеріне қарасты түрік халықтарының бәрінің атын аталмастай етіп, губернияларға бөлуді қолға алып жатыр. Мақсат сол – осы тәсілмен өзге ұлттардың атын да, тілін де жоғалту. Өзге ұлт өкілдеріне өз саясатын жүргізу отаршыл елдердің бәрінде кездеседі. Бірақ отаршыл елдердің ішінде ең оңбағаны – Ресей. Ресейге түрік халқының жендеті болғандығын ашық айтатын кез келді. Неге десеңіз, 49 халықтың 27-нің тілі Ресейдің қол астына кіргеннен кейін «өлі тілге» айналды. Аман қалғандарының өзіне осы айласын әлі күнге дейін қолданып келеді. Бүгінде орыстың мысы баспаған түркі халықтарының бар-жоғы 6 мемлекет ғана қалды. Қалған халықтың бәрі Ресей мен Қытайдың қол астында. Ресей орыстандыру, Қытай қытайландыру саясатын жүргізуден танбай келеді. Мен мұны отаршылдық идеядан арыла алмаған мемлекеттің әрекеті деп бағалаймын. Басқа дәнеңе де емес. Қазақ тілі халі осындай саяси жағдайларға байланысты кері кетіп тұр. Болашақта тілдің жағдайы түзелетініне сенемін. Тек асығыстықпен шала тірлік жасамауымыз керек.
Әуелі, арғы-бергі жағдайды саралай отырып, ана тілімізді өзінің табиғи қалпына келтіруіміз керек. Жас ұрпақ уызынан қанбаса, ол жақсы ұрпақ болмайды. Тек ғана жас ұрпақ емес, билік басында отырғандардың дені уызынан жарымағандар. Оларда мансап болғанмен, рухани құндылық дегеннен жұрдай. Олар қанша жерден талпынғанымен, білімді болғанымен уызынан жарымағаннан кейін оң нәтиже шықпайтыны да белгілі.
Жақында ғана Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Осындай бағдарламалардың бізге берері бар ма?
Шынын айту керек, қағаздан, қаулыдан бір қайыр болатын болса, әлдеқашан болар еді. Тілді дамытамыз деп бағдарлама жасағаннан ешнәрсе шықпайды. Жасалатын істі тек тәжірибе жүзінде тікелей іске асыруымыз керек. Біздің мемлекетімізге тілге қатысты қай жақтан қандай қысым болып жатқанын кім біледі? Мүмкін бізге беймәлім қандай да бір кедергілер бар шығар. Өйткені бір жақтан ақырып аю тұрса, екінші жақтан жалынын шашып айдаһар тұр. Алып екі империяның ортасында тұрғандықтан, бұл жерде мемлекет басшысы Абылайхан сынды сарабдал саясат ұстануы қажет. Бұл тұрғыда Елбасымыздың жүргізіп отырған саясаты да осал емес деп білем. Негізінен бұл жолда төзімділік таныта білген де дұрыс. Тілдің түйткілін асықпай, әбден пісіріп барып, түбегейлі шешетін төте жолды табуымыз керек. Ретіне қарай қазаққа қазақ мектебін, орысқа орыс мектебін беріп, орналастырса, іс ретіне келері анық нәрсе.
Аралас мектептің тигізіп жатқан зардабын өзіңіз аз айтып келе жатқан жоқсыз. Қарап отырсақ аралас мектеп қазақ тілінің тазалығына қарсы қолданылып отырған бір тәсіл сияқты. Сонда біз өзімізге өзіміз қастандық жасап отырмыз ба?
Солай болып тұр ғой. Жас ұрпақ тілінің шұбарлануына аралас мектептердің ықпал етіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Өкінішітісі – аралас мектептің осы уақытқа дейін азаймай келе жатқаны. Ал, өзге мемлекеттер аралас мектеп санын күннен-күнге азайтуға тырысып келе жатыр. Осы жолда жүйелі жұмыс та жүргізіп жатыр. Біздің елімізде болса, бәрі керісінше. Былтырғы жылы елімізде аралас мектептің саны 2068 болса, биыл 2089-ға жетіп отыр. Не деген кері кеткен тірлік екені түсініксіз. Білім беру саласындағы барлық іске білім министрлігі тікелей жауапты болғандықтан, олар қол қусырып қарап отырмай, қандай да бір шара қолдануы керек.
Білім саласына жаңа басшы келді. Жаңа басшыдан бүкіл ел жанды істер күтуде. Бұл үмітіміз ақталады деген ойдамын. Егер бүгінгі білім министрі ұлттық рухы мықты азамат болса, бұл мәселеге бей-жай қарап отыра алмас.
Атақты Дулат ақынның «Шығыстан аққан ызғырық, боран бопты соқты батыстан», – деп меңзегеніндей бұл қауіп түрлі жағдайға қарай өзгеріп отыратыны бар.
Біздің мемлекетіміз – өзге ұлт өкілдерінің ынтымағы мен бірлігін жарастырып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан көп диаспоралы мемлекет. Бұған дауымыз жоқ. Бұл жерде орыстардың өкпесі қара қазандай болар жөні де жоқ. Біз оларға мүлдем мектеп берме деп отырғанымыз жоқ. Тек орысқа да, қазаққа да және қажет болса, басқа ұлт өкілдеріне де жеке-жеке мектеп беруіміз қажет. Бұл ешқандай да қиын шаруа емес.
Егер біз тәуелсіздік алған күннен бастап, осы мәселені қолға алғанымызда қазір ұрпақтарымыз түгелімен қазақша сайрап тұрар еді. Аралас мектепке бір тосқауыл қойылмаса, біздің ұрпағымыз әлі 10-20 жыл бойы орыс тілінде шүлдірлеуге мәжбүр болатыны анық нәрсе.
Аралас мектеп деген бүгін ғана пайда болған жоқ қой. Неге біз осының шығу тарихына үңілмейміз? Бұл әу баста патша үкіметінің бөгде ұлттарға қарсы ойлап тапқан саясаты ғой. Аралас мектеп – кешегі Ильминский бастаған, генерал губернатор Кауфман қоштаған бізді орыстандырудың оңтайлы тәсілі ғой. Неге біз тарихқа сын көзбен қарамаймыз? Соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұрған нәрсені көрмейтін біз неткен сорлы адамдармыз өзі?! Аралас мектеп қазақ тіліне қарсы жымысқы саясатын жүргізіп тұрғанда, туған тіліміздің көсегесін көгертеміз деп жасаған жұмысымыз жүз пайыз жүзеге асады дегенге мен сенбеймін.
Мемлекеттік тіл өзінің шынайы мәртебесіне ие болу үшін әлі қыруар жұмыстар атқарылуы керек. Тек билік басындағылар айтылған ұсыныстарға мойынсұнып, жүйелі жұмыс жүргізе білсе болғаны.
Қазір «Үш тұғырлы тіл» саясатын мықтап қолға алып жатырмыз ғой. Өз тілімізді тұғырына қондыра алмай жатып, осы бізге не жорық деген ой келеді кейде...
«Үш тұғырлы тіл» дегенде бұл жерде қазақ, орыс, ағылшын тілін айтып отыр ғой. Менің бұған еш қарсылығым жоқ. Аталған тілдерді түбінде білу керек.
Бірақ «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асырамыз деп, балабақшадан бастап байбалам салудың қажеті жоқ. Мәселен, шетелдерде бастауыш сыныпты бітіргенше, ешқандай өзге тілді қоспай, тек өздерінің ана тілінде ғана оқытады. Ал біз елден ерекше болып, дұрыс-бұрысын бағамдамай жатып, өзге тілді тықпалаймыз келіп. Біз бұл жерде үлкен ғылыми қателік жіберіп отырмыз. Бүкіл әлем мойындаған тәжірибеден біз неге қашуымыз керек? Алды-артына қарамай, беталды жүгіре беруді қою керек. Жан-жағымызға қарап, бәрін саралап іс қылатын болсақ, ешнәрседен ұтылмаймыз. Жас ұрпақты ең әуелі ана тіліміздің уызына жарытпай жатып, басқа тілді үйретіп басын қатыруға болмайды.
Үш тіл білу деген әрине, жақсы нәрсе. Ағылшын тілі әлемдік тіл болғандықтан, оны міндетті түрде білу керек. Бірақ оны қалай, қашан үйрету керек, мәселе осыда. Ең бірінші, жас ұрпақты өзінің ана тілінің уаызына жақсылап қандыруымыз керек. Яғни бастауыш сыныпты бітіргенше, ешқандай тілді қоспай, таза қазақ тілінде білім беруіміз керек. Сонда ғана біздің санамызда біртілділік механизмі қалыптасады. Өз тілін жетік біліп, оң-солын танығаннан кейін, үш тілді, тіпті одан да көп тілді меңгеруіне жол ашуымыз керек. Сонда біз ешнәрседен ұтылмаймыз.
Аға, өзіңіз Бауыржан Момышұлын тереңірек зерттеген ғалымның бірі және бірегейісіз. Баукең Кеңес Үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде қазақ тілін мемлекеттік тіл ету мәселесін көтерді. Сондай-ақ, тілге қатысты ойларын ашық және ашына айтты. Батыр атамыз айтқан өсиетке бүгінгі ұрпақ қаншалықты құлақ асып келеді...
Қазақ тілінің тағдырына алаңдап, жанын ауыртқан жанның бірі – Баукең екені сөзсіз. Өз заманында ол кісі көп нәрсені айтып та кетті. «Ана тілін білмеген хайуанның наданы» дейді Баукең. Адамның жаманы болуы мүмкін, ал хайуанның наданын естігеніңіз бар ма? Жоқ. Демек бұл ана тілін білмеген адам ең төменгі сатыдағы тіршілік иесі деген ұғымнан туса керек. Ана тілін білмеген адам ол барып тұрған намыссыз адам. Ана тілін білмеген, өз ұлтын мақтан етпеген жанның жануардан айырмашылығы жоқ.
Баукең соғыстан келгеннен кейін ел ішінде жүріп бар жағдайды көрді. Тілдің ахуалына да қанықты. Сөйтіп қазақ тілінің мәселесін көтеріп, көлемді хатын жазды. Тіл саласының мамандары тіпті, аты дардай ғалымдардың өзі айтудан жасқанған тіл мәселесін көтеруге сол кезде батыр Баукеңнің ғана батылы жеткен еді. Баукеңнің мақаласын Орталық Партия Комитеті басында жақсы қабылдады. Үлкен шаралар қолданып, қаулы қабылдайын деп тұрғанда бір сақ қазағыныңастыртын әрекетімен жүзеге асқалы тұрған іс сол жерден үзіліп қалды. Сол кезде Орталық Партия Комитеті Баукеңнің ұсынысын қабылдаған кезде, біз қазір тіл туралы мәселе қозғап отырмаған болар едік. Ол кісінің сол уақытта атап көрсеткен кемшілігінің бәрі қазір айна-қатесіз алдымыздан шығып отыр. Оның бәрі Бауыржан Момышұлының үлкен патриоттықпен, терең таныммен айтқан ойлары еді.
1956 жылы Алматы қаласында ұлт тілдері туралы Бүкілодақтық жиналыс өтті. Сонда сахаларды тілдің табиғи заңдылығын сақтап отырғандығы үшін қатты сынға алынды.
Сол жиында орысша қалай жазылса, солай айтылуы керек деген ұсыныс айтылды. Біздің қазақтар сол ұсынысты қос қолдап тұрып қолдады. Осыдан кейін бізді мақтады. Не үшін? Олардың айтқанына бас шұлғып, көнгеніміз үшін.
Біздің тіліміздегі сингармонизмның бүгінге дейін бір ізге түспеуі сол кездің ықпалынан қалған дүние. Мұны көп адам ұға бермеуі мүмкін. Мен тек осы саланы зерттеп, зерделегеннен кейін осындай ой түйіп отырмын. Қазір біз қай емлемен жүрерімізді білмей шатасып жүрміз. Ең дұрысы, өз алдына егемен ел болғаннан кейін, емлемізді ұлттық тұрғыдан қайтадан жасағанымыз жөн.
Өзінің ұлтттық әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтай білген ұлт ғана жаһандану дәуірінде жұтылып кетпей, өзіндік болмысын сақтап қалатыны анық. Ал біз осы талапқа қаншалықты жауап бере аламыз?
Біз өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізді сақтауға талпынып-ақ келеміз. Бірақ білетінімізбен қатар, білмейтініміз де бар. Ұмыт қалған салт-дәстүріміздің түрлері жетерлік. Ұлы Абай бір өлеңінде: «Қынаменде, жар-жар мен беташар бар» дейді. Шын мәнінде бүгінде қынаменденің не екенін бар қазақ біле бермейді. Қызға құда түсіп, құдалар келгенде, қанына сіңген қонақжайлықпен оларды дастархан жайып күтеді. «Қызы бардың назы бар» демекші, қыз берген тарап келген қонақтармен түрлі ойындар өткізген. Солардың бірі – құдалар жақтан келген ер кісілердің ең үлкенінің басына орамал жауып тақтырып, өгізге теріс мінгізіп, ауылды айналдыра қуған. Сонда жаулығы жалпылдап, сақалы желпілдеп бара жатқанда елдің бәрі ішек-сілесі қатып күлген. Құдалар арасында өтетін ойындардың осындай түрлерін қынаменде деп атаған. Ал, біз осыны ұмыта бастаған екенбіз. Қынаменде Ыбырай Алтынсаринның Орынбор қазақтарының қыз-ұзату, құда түсу, өлім-жітімді атқаруы туралы әңгімесінде біршама айтылыпты. Ұмыт бола бастаған осындай дәстүрлерімізді қайта жаңғырта білсек, жаһандану дәуірінде жұтыла қоймаспыз.
Шын мәнінде біз қандай халықпыз? Біз жаншылған, рухы тапталған мәңгүрттенген халықпыз. Мәңгүрттіктен арылып, табиғи қалпымызға келетін кез жетті. Мүмкін біреулер менің бұлай айтқаныммен келіспейтін шығар. Бірақ шындық осы.
Біздің мәңгүрттенген халық екеніміз рас. Мұны мойындауымыз керек. Біз қолдан мәңгүрттендірілгенбіз. Кезінде Голощекин Сталинге жазған хатында: «Қазақтың интелегенциясын жою үшін оларды бір-біріне айдап салып, көзін түгел құрту керек. Олардың өскелең ұрпағын аға буынның мұрасынан құр қалдыру үшін жазуын екі рет өзгерту қажет» деген. Сөйтіп, біз арабшадан латыншаға, латыншадан орысшаға өттік. Нәтижесінде ата-бабаларымыз жазған мұраны оқу мүмкіндігінен айрылдық. Мәңгүрт болдық па, болдық. Енді сол мәңгүрттіктен арылатын жолды іздеуіміз керек. Ол үшін отаршылардың бізге қолданған айла-тәсілін білуіміз керек.
Мен өзімнің «Қазақ қалай орыстандырылды?» атты кітабымда бізге қарсы жүргізілген орыстандыру саясатын төрт салаға жіктеп, талдадым. Бұл еңбек өткенімізді тануға септігін тигізеді деген оймен қайта өңдеп, көлемін молайтып баспаға тапсырдым. Таяу арада басылып шығады.
Тарихи жадынан айрылған халықтың құл болатыны бесенеден белгілі. Сол үшін біз уақыт оздырмай, тарихи жадымызды қайта жаңғыртып қайтаруымыз керек.
Сонда мәңгүрттіктен арылудың жолы қайсы?
Біз қазір туған тілімізден безініп мәңгүрт болып отырмыз ғой. Ол үшін бар қазақтың қазақ тілін білуіне қажеттілік тудыру керек. Қалай дейсіз ғой... Қазақ тілін білмеген қазақтарға қызмет бермеу. Осы талапты қояр болсақ, қазақтар түгелімен тез арада қазақтанатыны анық. Өйткені оларға күн көру керек, жан бағу керек.
Қазіргі білім саласындағы тестілеу жүйесіне көзқарасыңыз қалай? Бұл жүйе жастардың өз тілінде ойланып, білгенін жеткізуге қойылған шектеу сияқты емес пе?
Тестілеу жүйесін кейбір пәндерге қолдануға болады. Бірақ, барлық пәнге біріңғай тест жүйесін енгізу тиімсіз. Мәселен, әншілерге, әртістерге, әдебиетшілерге, журналистерге философия мен тарихтан тестілеу жүйесін қолдануға келмейді.
Мысалы үшін, тарихшылар тест жаттаймыз деп, соғыстың қай жерде, қай жылы болғанын ғана біледі. Бірақ себеп-салдарына тереңірек үңіле бермейді. Біздің бір кемшілігіміз – еліктегіштігіміз. Еліктеу – бұл әлсіздіктің белгісі. Дұрысы ешкімге еліктемей, талдау жасаған жөн. Одан кейін барып қайсыбір жүйені болмасын, қабылдауға болады. Бүгінгі заманда көрсеқызар болудың қажеті жоқ. Көрсеқызарлық қасиет тек тұрмыстық жағдайда ғана емес, кейбір мемлекеттік жағдайларда да белең алып барады. Негізінен Қазақстанда қоғамдық ғылым ескірген. Себебі біз әлі күнге дейін отарланған елдің айтқанымен жүріп келеміз. Мәселен педогогика ғылымын алатын болсақ, педогогикасы мен психологиясы мықты дамыған мемлекет болсақ, еуропалық мінез-құлыққа бой алдырмас едік. Неге бізге ұлттық шығыстық педогогиканы өзімізге енгізбеске? Айналып келіп бізге жанаспайтын айдаладағы жат елдің педогогикасын өзімізге тықпалаймыз. Қазақстанның қоғамдық ғылымы өзінің жүріп келе жатқан рельсін өзгертуі керек. Бұл рельс тұйыққа тірелді. Енді ұлттық, шығыстық рельске қарай бет бұру керек. Бұл жолға баратын шығармыз. Бірақ қашан екені белгісіз. Айқайлап жүрген қоғам қайраткерлерінің ой-танымы әлі еуропалық модельден шыға алған жоқ. Еуропадан алатын бізге экономика мен технологиядан басқа рухани ешнәрсе қалған жоқ. Олардан өзімізге алатын ешқандай рухани құндылық жоқ. Енді Еуропа рухани құндылықта бізден алатын болады. Ол үшін заманның ағымына қарай кемеміздің бағытын өзгертуіміз керек.
Латын әліпбиіне көшу – заман талабы дейміз. Бірақ бұл мәселеге келгенде ел ағаларының пікірі екіге жарылуда. Сіз не дер едіңіз?
Латын әліпбиіне көшкеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз. Дайын емеспіз дейтін дәнеңе де жоқ. Қазір балалардың барлығы латынша оқып жатқандықтан, жас өскін аз ғана уақытта-ақ меңгеріп алады. Латын әрпі бүкіл әлемнің қатынас белгісіне айналып кетті. Түрік халықтарының бәрі латынға көшіп кетті. Қарап отырған қырғыз бен біз ғана. Елбасымыз да латын әліпбиіне көшу үшін осы мәселені жан-жақты талқылауды тапсырған жоқ па?! Қарап отыратын ешнәрсе жоқ. Уақыт өткізбей көшу керек. Ары тартып, бері тартудың қажеті жоқ. Кейбір ақын-жазушылар осы уақытқа дейін жазған дүниелерінің оқылмай қалатындығын алға таруда. Егер нағыз құнды дүние болатын болса, ешқашан өлмейді.
Қазақи бітім-болмысы қалыптасқан ұрпақты тәрбиелеу үшін қандай қадамдар жасауымыз керек?
Аға ұрпақтың өкілі саналатын біздің өзіміз, шынын айтқанда, шаламыз. Себебі біз кеше мәңгүрт едік. Енді-енді есімізді жиып жатырмыз. Ал бізден туған ұрпақ, мәңгүрттен туған мәңгүрттер. Қазір біздің қоғамдық ой-санамыз қазақтың қырық құрау көрпесі сияқты. Осы қалпымызбен, қырық құрау болып кете беретін болсақ, бір күні ыдырап тынамыз. Сол үшін қырық құрау түсті бір түске ендіруіміз керек. Ойдың ыдырауы – мемлекеттің ыдырауына алып келетін құбылыс. Әрі бұл өте қауіпті құбылыс. Осыны бір жөнге салуымыз керек. Ұлттың, мемлекеттің мүддесі үшін. Жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру – басты мақсатымыз. Бірақ ең әуелі қаптап кеткен діндерден арылудың жолын қарастыру керек. Жастарымыздың дені өзге діннің жетегінде адасып жүр. Бұлардың бәрі кітаби діндер емес, жолбике діндер. Үлкені де кішісі де не үшін өзге діннің жолында жанын салып жүр дейсіз. Бәріне себепші – астыртын келіп жатқан тегін ақша. Жастарымыздың көпшілігі адасып ғана қоймай, сыртқы алпауыттардың саяси мүддесі үшін қызмет етіп жүргендерін білмейді. Жолбике діндердің жолында жүргендерге өзімізбен-өзіміз қырықпышақ болып жатқанымыз керек. Егер біз өзімізді-өзіміз тастай қылып ұстайтын болсақ, бізді алатын жау жоқ. Болашағымыз баянды болсын десек, рухани дүниемізді құлдыратпауымыз керек!
Жолбике діндердің жетегінде жүрген жастарды жөнге салу үшін, мемлекетіміз ойлануы керек. Қандай да бір ықпалды шара қолдану қажеттілікке айналып тұр.
Жастарға ұлттық тәрбие бере білсек, олардың ұлттық бітім-болмысы қалыптасары анық. Мәселен, қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық Университетінен Ұлттық тәрбие кафедрасы ашылды. Егер осыны табиғи жөнге түсіре алсақ, ұлттық рухы мықты жастарды тәрбиелей аламыз. Бүгінгі жас өскіннің көкірегі ояу, көзі ашық. Олар өздерінің ұлттық құндылықтарын мойындайды, әрі қабылдайды. Тек біз осыған жол ашуымыз керек. Бұл жолда бір ғана университеттің жұмыс жасағанынан көп іс өнбесі анық. Жастарға ұлттық тәрбие беруге министрлік тікелей атсалысуы керек. Өйткені болашақтың қожасы – бүгінгі жастар!
– Тұщымды әңгімеңіз үшін рахмет!
Гүлмира САДЫҚОВА
Атадан қалған асыл сөз
Қазақ тілі өзінің таза түрінде, бірнеше ғасыр біздің заманымызға дейін өткірлігімен бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіне тиімді, көңіл көтеріп, керегінде жанға тиіп ашындырып, өтін сыртқа шығарып, долдандырып, қысылтаяң қатал жағдайда қайрап, егеп, «сөз тапқанға қолқа жоқ» жоқ дегендейін ерге, елге медет болып, ел намысын, ер намысын адамгершілік арын қан майданда, қырғын соғыста қасиетті таудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып – туғызып, адам түгілі, жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болған емес пе еді?! Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді?!
Бауыржан
МОМЫШҰЛЫ
***
Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Орамын бұрамай тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сыяр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, небір алуан-шекер балдай татитын нәріне, әрине, әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне! Осындай «майса» сұлу тілді қалай өгейсінуге болады?!
Нұртас
ОҢДАСЫНОВ
***
Тілді көркейте беру заңдарын, әсіресе, біз, жазушылар қатты қадағалауымыз керек еді. Бірақ шынымызды айтсақ, орфография, емле заңдарын елемеушілік біздің арамызда көбірек кездеседі. Ол заңдарды түгел білмейтіндеріміз де бар, дұрыс қолдана алмайтындарымыз бар. ...Ана тілінің байлығы мен тұрақты заңдарын дұрыс қолдана білу жазушылар үшін де басы артық байлық емес қой.
***
Ана тіліміздің академиясы – қазақ деген халық; көше жүрсе де, бытырай жүрсе де, оқымаса да, ана тілін таза сақтаған дегенді ескерте кеткен теріс болмайды-ау деймін.
Ғабит
МҮСІРЕПОВ
***
Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айрылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады.
Мағжан
ЖҰМАБАЕВ