«ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ» БИІК БЕЛЕСІ
2016 ж. 12 мамыр
3192
0
Егеменді ел атанып, Тәуелсіздік алғанымызға биыл 25 жыл толғалы отыр. Мерейлі мереке бүгіннің өзінде күннен-күнге қарқын алып, жер-жерлерде кеңінен аталуда. Сондай айтулы шаралардың бірі елордамыз Астана қаласында болып өтті. «Жарқын болашақ» деген атауымен жалпақ жұртқа жақсы танымал болған осы бір игі шара ҚР Парламенті, ҚР Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері, Қазақстан халқы Ассамблеясының және де бірқатар қоғамдық ұйымдардың қолдауымен бүгіндер Халықаралық Тіл және мәдениет фестиваліне айналып, ауқымын кеңейте түсті. Бұл фестивальді «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры 2008 жылдан осы уақытқа дейін республикалық қазақ тілі олимпиадасы ретінде тұрақты ұйымдастырып келгенін ерекше атағанымыз жөн.
МАҚСАТ
Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залын алыс-жақын шетелдер мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар, елордалық көрермендер лық толтырды. Әрине, аумағы атшаптырым концерт залы қаншама алып ғимарат болғанмен мұндай маңызды шараны тамашалаймын дегендерді толықтай сыйдыра алмасы белгілі. Фестивалға Қазақстан Парламентінің депуттарынан бастап, академиктер, тіл және мәдениет мамандары, белгілі өнер шеберлері қатысты. Бір ғана Алматы қаласынан жиырмадан астам мерзімді басылымдардың өкілдері шақырылып, олардың шараны насихаттау жұмысына жан-жақы мүмкіндіктер жасалды. Бірнеше телеарналар фестивальдың толық нұсқасын түсіріп, тарихымыздың тағы бір жарқын бейнежазбасын жасады.
Әрбір шараның алға қойған мақсаты мен діттеген деңгейі болатыны белгілі. Қаржы-қаражат жағын айтпаған күннің өзінде, осыншалық ауқымды істі ұйымдастыруға аз күш-жігер жұмсалмайды. Осымен сегізінші рет өткізіліп отырған «Жарқын болашақ» тіл мен өнер байқауын өткізудегі басты мақсат – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, қазақтың ұлттық мәдениетінің деңгейін көрсете отырып оны одан әрмен дамыту, сөйтіп еліміздің болашығы болып табылатын дарынды өрендерді анықтау. Олардың алдағы уақытта өз білімдерін көтеріп, өнерлерін ұштай түсуге барынша мүмкіндік жасау да басты бағыттардың бірі екені түсінікті. Бұл тұрғыдан алғанда «Жарқын болашақ» өз бағытын берік ұстап, түпкі мақсаттарына жету жолында қарышты қадам жасап келеді. Осы шара аясында қаншама өрендеріміздің асқақ армандары орындалып, өмірден өз орындарын тапты. Еліміздің ертеңі жастардың еншісінде екенін ескерсек, бүгіннің өзінде олардың жарқын болашағына жол ашылып отырғаны қуантады. Бұл мәселенің бір жағы ғана. Екіншіден, шараның бұқаралық сипат алуын айрықша атар едік. Осы өткізілген сегіз байқауға қатысам деген жүздеген мың жастарымыз жігерлерін жанып, бұл күні әлі де көздегеніміздей кең қолданыс таба алмай отырған ана тілімімізді терең игеруге талпынғаны неге тұрады! Мәселе жеңіске жетуде ғана емес, өскелең ұрпағымыздың өз ұлттық мәдениеті мен ана тілін терең ұғынып әрі шебер меңгеруге деген ниетінде емес пе?! Соған жол ашып, барынша ықпал етіп келе жатқан «Жарқын болашаққа» деген халық ықыласы ерекше екеніне осы жолы да куә болдық.
МЕЖЕ
«Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасы 2008 жылы алғаш рет ұйымдастырылғаннан-ақ өз жанашырлары мен жанкүйерлерінің қолдауына ие болды. Қандай да болса істі бастау қиын, оның ертеңгі болашағын бірден болжап, ешкім дөп басып айтып бере алмасы да анық. Мәдени және басқа салалар бойынша қаншама бағдарламалар қарқынмен басталып, соңы сиырқұймшақтанып, құмға сіңген судай ізсіз өшіп жатыр. Дегенмен ана тілімізге деген, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізге деген көпшіліктің ыстық ықыласы мен ақ ниеті «Жарқын болашақты» демеп келеді. Осының өзі үлкен үміт арттырады. «Жарқын болашақ» олимпиадасы биылға дейін 7 рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды, жыл сайын оған 1 мыңнан астам мектеп пен 5 мыңнан астам оқушылар қатысыпты. Онда 7-11 сынып оқушылары арасында тіл мен мәдениетке негізделген 5 аталым бойынша байқауда үздік шыққандарға алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуларына мүмкіндік беретін 118 гранттары табысталған екен. Бұл жақсы көрсеткіш дер едік. Жылдар бойы осы деңгейді төмен түсірмей ұстап келу де оңай шаруа емес. Ал, биыл фестивальдің ауқымы кеңейіп, халықаралық деңгейге көтеріліп, бұрынғы межесінен әлдеқайда асып түсті. Олимпиадаға Моңғолиядағы, Қырғызстандағы, Өзбекстандағы және Алтай Республикасынан келген қазақ қандастарымыздың да қатысуына мүмкіндік берілді. Мұндағы мақсат - осы арқылы оларға ата-бабаларының кіндік қаны тамған атажұрттын көрсетіп, олардың елжандылық сезімдерінің оянуына түрткі болу еді. Екі ай көлемінде өткен сайыс қорытындысында бес бағытта жеңімпаздар анықталып, «Әнші бұлбұлдар» бағыты бойынша бірінші орын иеленген Моңғолиядан келген Қатыренқыз Алтынайға Сулейман Демирел университетінің білім гранты табысталды. Сол сияқты Абзал Жаңабаев пен Дина Мурашева да аталмыш білім ордасының шәкірттері атанатын болады. Шетелден келген қандастарымызға осылайша өз ата-жұртында білім алуына қолдау көрсетілді. Бұл «Жарқын болашақ» тарихында бұрын болып көрмеген жағымды жаңалық еді. Осы жерде өзі сұранып тұрған мына бір жағдайды салыстырмалы түрде айта кетпеске болмайды. Біздің «Жарқын болашақ» форумына ұқсас АҚШ астанасы Вашингтонда өткен Халықаралық Тіл және мәдениет фестиваліне әлемнің 27 елінен жастар жиналған екен. Оның қатысушыларына АҚШ президенті Барак Обама құттықтау хат жолдап, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун да өзінің ізгі тілегін білдірген болатын. «Әлемнің қай жерінде өмір сүрсеңіз де, сендер барша халық үшін пайдалы білім қорына иесіздер. Ғаламшарымыз сендерге мұқтаж, сендер әлемге қажет жансыңдар. Сендердің әлемдік деңгейдегі тұлға болуларыңа үміт артамын. Өздеріңіздің зор мәдени мүмкіншіліктеріңіз бен тілдік потенциалдарыңызды әлемдік мәдени және тілдік диалог құруға жұмсаңыздар» - деп түйіндепті өз тілегін Пан Ги Мун. Байқап отырғандарыңыздай бұл шараның маңызын бүкіл дүниежүзінде де жоғары бағалайды.МЕРЕЙ
Биылғы жыл - біздер үшін Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толып отырған мерейлі жыл. Сегізінші рет өткізіліп отырған «Жарқын болашақ» фестивалі дәп осы айтулы мерекелік бағдарламаның аясында іске асты десек қателеспейміз. Бұл жолғы іріктеулер Алматы мен Атырау қалаларында өтті. Олимпиадаға оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың арасында еліміздің барлық облыстарынан келген қазақ тілі мен әдебиеті бойынша 7-11 сынып оқушылары «Тілші-әдебиетшілер», «Жас ғалымдар», «Жазушылар», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар» деп аталатын бес бағытта білімі мен өнерлерін сарапқа салды. Үміткерлер саны бұрынғыға қарағанда көбейіп, білімділер мен өнерлілер арасындағы тартыс та соғырлым күштірек болғанын атап айтуымыз керек. Оған шетелден келген қонақтарымызды да қосып қойыңыз. «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасы 8-ші рет өткізіліп отыр. Осы жолы халықаралық деңгейде ұйымдастырайық деген ой түйдік. Себебі биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Сол үшін тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 мемлекеттен жас өрендерді осында шақырдық,-дейді «Katev» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Абдурахман Сәл. Айтса айтқандай, Халықаралық «Жарқын болашақ» тіл және мәдениет фестивалінің қорытынды жабылу салтанатында әлемнің 25 елінен келген жас өрендер Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тарту ретінде өз өнерлерін көрсетті. Олардың арасында Сенегалдан келген қаршадай қыздың «Үш қоңыр» әнін орындауы, Угандадан келген тағы бір жас өнерпаз Ибрагим Ескендір және Абзал Жаңабай сияқты әншілерімізбен бірге қосылып «Қазағым» әнін айтқаны көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Сол сияқты АҚШ, Ресей, Украина, Қырғызстан және өзге де алыс-жақын шетелдерден келген жас өнерпаздар фестиваль қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Биылғы фестивальдің қорытындысы бойынша үздік деп танылған 42 оқушыға еліміздің түрлі университеттері білім гранттарын берді. Алдағы жылдары аталмыш грант иегерлері қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алатын болады. Енді олардың білімдерін тереңдетіп, өнерлерін дамытуға толық мүмкіндіктері бар. Оларға Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Тараз мемлекеттік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті т.б. білім ошақтары есіктерін айқара ашатын болады. Жоғары оқу орындары арасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 грант ұсынған Сүлеймен Демирел атындағы білім ордасының жас дарындарды қолдауы ерекше атауға тұрарлық. Ия, бірнеше ай бойы білім додасына түскен жастардың жүрегін лүпілдетіп, Астана төрінде мәреге жеткен «Жарқын болашақ» фестивалі биылғы жұмысын қорытындылады. Бұл аса ірі байқау, айтарлықтай мереке болды. Мерейлі жылымызда халқымыздың мерейін бір көтеріп тастаған игі шара екені сөзсіз. Жиналған қауым аса бір қимастық жылы сезіммен, ризашылықпен тарқасты. «Жарқын болашақ» көтерілер белесің бұдан да биік болсын!» деген ізгі тілек әрбір көрерменнің тілінің ұшында кеткені анық еді...Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті Алматы – Астана – Алматы