БІЗ БАҒЗЫ ЗАМАННАН МӘДЕНИЕТТІ ЕЛМІЗ

Өз ұлтын менсінбей, өзгеге жал­тақтаушылардың ішінде ежелден мәдениетті ел екенімізге шүба­ланушылардың қатары әлі де болса сирей қойған жоқ. Және де біз бүгін ғана қуатты ел болған сияқтымыз.

Шын мәнінде түркілердің ежелгі мемлекеттері мен оның мәдениет іздері жер бетінде әлі сайрап жатыр.

Біздің заманымыздан бұрынғы 1-мың жылдықтың бас кезінде-ақ қазіргі Қазақстан жерінің оңтүстік және шығыс аймақтарын мекендеген, тарихта сақтар деген атпен белгілі тайпалар өздерінің қоғамдық даму дәрежесі жағынан мемлекеттік деңгейге жеткен еді. Оларды мал өсіру және егіншілікпен қатар темір қорыту біршама дамыған болатын. Сол кезде-ақ қызыл – қоңыр және магнитті темір рудасын кеңінен пайдаланған сақтар қола мен темірден түрлі қару-жарақ (найза, семсер, айбалта, садақ жебелері, дулыға т.б), үй шаруашылығына қажетті және зергерлік бұйымдар жасаған.

Соңғы жылдары Есік маңынан (Алматы облысы) табылған сақ көсемінің киіміндегі алтын өрнек­тер, сақтардың “Алтын обасынан” (Шымкент облысы) шыққан әше­кей-сәндік бұйымдар, Таңбалы тас (Қаратау) мен Саймалташ (Қыр­ғызстан) жартастарына ойып салынған орасан үлкен суреттер, Шығыс Қазақстан жерінен табылған молалар мен көне жәдігерлерден сақтардың көркемдік талғамы, бейнелеу өнері, металды өңдеу тәсілі жоғары болғанын аңғартады.

Сақтарда бұғы, арқар, арыстан, самұрық құс суретін салу мен олардың бейнесін алтыннан құйып жасау стилінің өзіндік ерекшеліктері бар. Жоғарыда айтылған “Алтын обадан” табылған зергелік-әшекей бұйымдардың кейбір бөлшектері мен суреттерінің өте кіші әрі нәзік етіп жасалғаны сондай, оны тек үлкейткіш шыны арқылы ғана айқын көруге болады.

Қаңлылар - Қаратау өңірі мен Сырдарияның орта саласын мекен етті. Ежелгі саяхатшылар Қаңлы тайпалық бірлестігін көшпелі ел әрі қалалары бар ұлкен мемлекет ретінде сипаттап жазады. Сыр өзенінің орта ағысы (Шаш, Отырар, Қаратау) аймағын мекендеген қаңлылардың мәдениеті тарихи әдебиеттерде Жетісай, Қауыншы, Отырар, ал кейін Қаратау мәдениеті деп аталады. Атақты тарихшы С.П.Толетов кезінде археологиялық және жазба деректерге сүйене отырып, бұл өңірдің материалдық және рухани мәдениеті сол кез үшін өте жоғары болғанын ерекше атап көрсеткен еді.

Орталық Азиядағы көптеген тайпалық одақтардан бірігіп пайда болған осындай ежелгі мемлекеттердің бірі – Түрік қағандығы (552-745 жылдар) еді. Бұл қағандыққа енген тайпалар алғашында Алтай мен Жетісудың бір бөлігін мекендеді. “Түрік” деген термин тұңғыш рет 542 жылы аталады.

“Түрік” этнонимі алғашқы кезде белгілі бір адамның ата-тегі шонжар топтағы немесе әскери ақсүйектерден шыққанын білдірген. Кейінірек бұл сөздің семантикасы бірте-бірте ұлғайып, билік жүргізуші, үстемдік етуші, яғни “патша” шыққан тайпаның атауы болған. Бертін келе сол билік етуші тайпаға бағынышты болып қалған тайпаларды да көршілері түріктер деп атап кеткен.

Түрік қағандығының әлеуметтік, саяси және қоғамдық өмірінде әскери істер аса маңызды орын алып, үлкен роль ойнағаны тарихтан жақсы мәлім. Түріктердің алғашқы көсемдерінің бірі Бумын қаған болды. Оның билік жүргізген кезінде көптеген көрші елдер түрік өкіметіне бағынды. Қағандықтың ордасы Орхон өзенінің (Монғолия) жоғарғы сағасында болды. Бумынның інісі қаған ҮІ ғасырдың орта кезінде Орта Азиядағы эфталиттер мемлекетін күйрете жеңді. Түрік қағанатының территориясы бұрынғыдан да ұлғайып, әскери қуаты арта түсті.

Бірақ бұл ұзаққа созылған жоқ. Түрік аристократиясы жаулап алған өлкелерді әрқайсысы жеке-жеке бөліп алып, дербес басқаруға тырысты. Осыдан саяси дағдарыс туып, билікке таласқан өзара қырқыс соғыстар басталды. Ақыры Түрік қағандығы бір-бірімен жауласқан екі қағандыққа бөлініп кетті: Бірі-Шығыс түрік қағандығы (Орталық Азия), ал екіншісі – Батыс түрік қағандығы (Орта Азия, Жетісу, Шығыс Түркістан).

Батыс түрік қағандығы яки қағанаты – Түрік қағандығының негізінде 603 жылы құрылған мемлекет. Бұл қағанаттың территориясы Жетісу мен Шығыс Түркістанды, Тянь-Шаньның батыс беткейі мен Орта Азияны алып жатты. Қағанаттың орталығы Шу өзені алқабындағы Суяб қаласы еді. Қағанаттың бірінші басшысы – қаған, жоғарғы әміршісі әрі әскер басы болды.

Батыс түрік қағанатының негізін қалаған Бумын қағанның інісі Істемі–қаған болды. Түріктер 558 жылы аварларды Батысқа ығыстырып, Еділ мен Жайық бойын өзіне қаратып алды. Білге қаған мен оның інісі Күлтегін осы ұлан-ғайыр қағанаттың тәуелсіздігін Таң империясынан қорғау үшін күрескен. Кезінде Батыс түрік қағандығын құраған түрлі тайпалар кейіннен қазақ халқының құрамына еніп кеткені мәлім.

Батыс түрік қағандығынан кейін Жетісу өңірінде құрылған феодалдық мемлекет – Түркеш қағанаты (704-766 ж.ж.) болды. Ал бұдан кейін Қарлұқ қағанаты (766-940 ж.ж.) өмірге келді. Ол Жетісу мен Қашғардан бастап, Ферғана мен Сырдың орта ағысына дейінгі өңірге билік жүргізді. Сырдарияның орта және төменгі ағысында және соған жақын жатқан батыс Қазақстан жерінде түркі халықтарының арғы аталарының бірі – оғыз тайпалары бірлестігі – Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІ ғасыр) болды. Оғыз мемлекетінің астанасы Сыр бойындағы Янгикент қаласы еді. Бұлар негізінен көшелі тайпалар саналған, сондай-ақ отырықшы оғыздар да болды. Олар Сыр өзені алқабындағы Сүткент, Сығанақ, Қарнақ сияқты қалаларды мекен етті. Кейінірек қыпшақтардың қысымына шыдай алмаған ғыздардың көпшілігі Шығыс Европа мен Кіші Азияға ығысып көпшілігі Шығыс Европа мен Кіші Азияға ығысып кетті. Түрік мұсылмандарының алғашқы мемлекеті – Қарахан мемлекеті (940-1212 ж.ж.) болды. Қарахан әулеті батысында Амудария мен Сырдарияның төменгі ағысынан бастап, шығысында Жетісу мен Қашқарға дейінгі өлкеде екі ғасыр бойы билік жұргізді. Астанасы – Баласағұн қаласы. Ұлан ғайыр аймақты алып жатқан Қарахан мемлекетінде экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағынан едәуір өрлеу болды.

Батыс Түрік қағанаты ыдырай бастаған кезде олардан қимақтар мен қыпшақтар оқшауланып бөлініп шықты. Қыпшақтар – ерте кезден-ақ Орталық Азияны мекен еткен көне тайпалардың бірі екені мәлім.

Қыпшақ қоғамы – ертедегі феодалдық мемлекет бірлестігі ретінде өмірге келген. Олар Ертіс өзенінен бастап сонау Дунайға дейінгі ұлан-ғайыр кең алқапты мекен етті. Қазіргі қазақтардың арғы аталарының бірі саналатын қыпшақтарды Европада- қумандар, ал Ресейде - половецтер деп атаған.

Сонымен ҮІ-ҮІІ ғасырларда көшпелі және жартылай көшпелі өмір сүрген қаңылылар, қарлұқтар, шігілдер, тухшлер, яғмалар, оғыздар, қимақтар, қыпшақтар, т.б. тайпалар бертін келе түркі тілдес халықтардың этникалық құрамына негіз болып қаланды.

Осылайша біздің байтақ даламызда ғұмыр кешкен ежелгі мәдениетті, қордалы елдің жұр­тындағы біздер – жас мемлекет қааз­қстан жалғыз-ақ күнде жаһанға жалт етіп көрінгені жоқ. Ол ежелдің ежелінен ақ тағанын қалаған өз ата-бабаларымыздың көне жұртына көтерілген жаңа шаңырақ болып табылады.

Ізгілік Лұқпан