Софы Сматай: «АТҚАНЫМ – ӨТСЕ, АЙТҚАНЫМ – ЖЕТСЕ» ДЕУМЕН КЕЛЕМІН
2016 ж. 03 мамыр
7812
15
Белгілі жазушы, әрі драматург Софы Саматаев – 75 жаста. Қашанда қолынан қаламы түспеген қарымды қаламгер "Қазақ үні" газетіне арнайы сұхбат берген тұғын. Мерейтой иесінің қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікірін оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық. – Софы аға, ауруханадан жақында ғана шыққаныңыздан хабардармыз. Денсаулығыңыз қалай?– Аурухана бүгінде менің екінші «үйім» болып кеткен тәрізді-ау. Қабаттасқан кеселдерімді атай беруден де жалыққаным рас. «Бөрі арығын білдірмес...» қайсарлықпен сап-сау адамдай сыр бермей, алшаң басуға тырысумен келемін әлі. Екі-үш айда бір жатып емделіп, ағзама «подзарядка» алып шығамын. Қазір тыңмын. Қарсыластарыма қажығанымды көрсетпей, қасарысып тірлік кешуім – бақытымның бір еншісіндей, қарағым.– Қазір дәрі-дәрмек атаулының бәрі қымбат екені белгілі. Ем-дом қабылдауыңызға бір зейнетақыңыз жетеді ме? Қаламгерлік қарымыңыз сізді қаншалықты асырай алып жүр?– Бүгінде теңгеміз құлдырап құнсызданғалы қымбаттамаған ештеңенің қалмағанын қалың қазағымның қабырғасын сындырмаса да, қайыстырып бара жатқанын төмендегілердің күңіренуі бір де болмаса, бірде төрдегілерді төсегінен қуып жеткізер деуді талшық етемін.Әй, бірақ... Алдағыма үңілуім ұзарған сайын бүгінім мен ертеңімнен түңілуім көбейе түсерін қайтіп жасырармын.Дәрі-дәрмек, ем-дом дейміз-ақ. Айтылуы оңай-ау. Табылуы қымбат-ау тым. Емдеу жүйесі жекеменшік иелерінің қолына көше бастағалы – қаныңның әр тамшысын дерт пен кеселден аршу үшін алтынның да әр грамы аздық ете бастады ғой... Тапшылықтың, жоқшылықтың іргесін несіне түптей берейін босқа. Халық жазушысы аталсам да, сол халқымның ең кедейінің күйін кешіп жатқанымды қашанғы жасыра берермін. Өйткені, қаламақы жүйесін құртқан үкіметке арыз айттың не, айтпадың не... Ештеңе өндіре алмайсың. Өйткені оны мүрдем кетер қазағыңның бар-жоғы мүлде ойландырмайды.– 75 жасыңызбен алдын ала құттықтайын. Мерейлі мерекеңіз еліміздің қай өңірлерінде аталып өтілмек?– Алла разы болсын! Алдағы мерейтойымның шашуындай боп айтылған құттықтау лебізіңнен жаныма бір шуақ құйылғандай болды-ау, қызым.Бойымды көрмесе де, ойымды ұққан, жанымды таныған, табиғатыммен табысқан ұлтымның қалың қарапайым жұрты телефон шалып та, хат жазып та іздеп тауып, шұрқырасып жетіп хал-жағдайымды біліп жатады. Ал «Оқырмандарыңызбен кездесу өткізіңіз. Риза болған тілеулестеріңіздің алғыс, құрметіне бөленіп кетіңіз!» деп дер кезде емес, бар кезде құрақ ұшып жататын республиканың түгел дерлік облыстарының басшыларының шын көңілімен шақыруларын жиі естимін. Ал мына мерейтойымды атап өтуге ниет етіп отырған жеті облыстың ықылас-ілтипатына бармасам да, барғандай болып, марқайып жүргенімді өзіңе бүгін ашып отырмын. Ризамын халқыма, қазағыма!Мен келемін, енем ыстық құшаққа,Ата қазақ жайған жанын ісі аққа.Жүрегімді жылытып жылы деміңменЖанымды, Елім, аяла да құшақта! – деуім содан.– Туған күніңізді туған жеріңізде бірде-бір рет атап өтпегеніңізді білеміз. Әйтсе де, дана халқымыз: «Ер туған жеріне» деген сөзді тектен-тек айтпаса керек-ті. Әкім-қаралар елеп ескермесе де, туған жеріңізге ат ізін салып тұратын шығарсыз...– Туған жер!.. Оны неге ұмытайын. Бірақ Қарағандыма, өзім туған облысыма, неге екенін білмеймін, өгейдеймін... Алпысымда да, жетпісімде де не аулыма, не ауданыма, не Қарағандыға төбемді көрсетуге біліксіз басшыларының біреуі де жараған жоқ. Облысымда әкім болған Есімбаев пен Мұхамеджанов һәм Әбдішев пен Құсайынов дейтіндер менімен телефондасуға да құлықсыз болған-ды. Сірә, солар ашық айтатын, тіке кететін мінезімнен сескенген де шығар. Серік Ахметов қана жиі хабарласып, інілік ілтипатынан ажыраған емес-ті. Ал Нұрлан Нығматуллин көп томдығымды шығарғанымда, қаржылық көмек көрсеткен-ді. Бүгінгі Нұрмұхамбет Әбдібеков әкімім мүлде ұстатпайды. Неге екенін қайдам, өзі маған оқыс телефон шалып, аты-жөнін айтады да, жауабымды тоспастан, мазақ еткендей, байланысты бірден үзіп жібереді. Әкімнің осы тәлкек қылған «хабарласуының» мән-мағынасына түсінбеумен далмын.Жерлестеріме ешқандай өкпем жоқ. Қарапайым жұртшылығымның маған деген ашық құшағының ыстығын, жүрек лүпілінің дүрсілін естуім ақиқат.Ал туған ауылым Киік бекетіне барып тұрамын. Кіндік қаным тамған, ата-анамның мәңгілік жайы болған шағын отанымды неге ұмытайын. Десем де:Иә, айтпақшы, Қарағанды – отаным.Сонда туып, сонда аунаған ботамын.Туған жерден бүгін ұзап кетсем де,Ұмытқам жоқ, ошақтағы от әнін. Қол созсам да, бүгін жерден Күнге мен,Іздемеген, танымаған, білмеген.Қайдан ұқсын Алашының ақынынҚош айтысса ұлттық ана тілменен. Жолатпайды ол, тарс бекітіп есігін,Кеудесінің қалап тастап тесігін.Көрсетпейді мың жерден сен дана болӨз ұлына өзі туған бесігін.– Еліміздің әдебиет әлемінде өзіндік орны бар кейбір қаламгерлер мен ел алдында жүрген атпал азаматтардың бірқатарының жолыңызды кес-кестегені белгілі. Ал өзіңізге қамқорлығы мен қолдауын аямаған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері болды ма?– Рас, атақтары атан түйеге жүк болардай ағаларымның жанымды сонау... сонау «темір-терсек» яғни металлург кезімде-ақ, «жөргегімде» тұншықтырып кеспекші болғандарын әрі түсінем, әрі сол қылығынан барынша жерінем. Түсінетінім: «Елім-айдай» кесек, ірі туындыны отызға да жетпей дүниеге әкелуім – солардың көбісінің қызғанышын тудырған шығар. Жерінуім: «Жас келсе – іске!» дейтін аталар өсиетінен аттап кетіп, үлкен бастарымен арамдықтың сойылын соққандарын жақтырмауым.Ағалардың жаға болғандары да, жанын жағалатқандары да біраз. Ең алдымен ұлы Мұхаң – Мұхтар аға Әуезов әдебиетке келуіме, шығармашылық сүрлеуіне аяқ басуыма мейілінше әсер етіп, ақыл-кеңесін беріп, болашағымның бағытын көрсетіп жіберіп еді-ау. Содан кейін қалыптасуыма қатты ықпал жасаған Тәкен Әлімқұлов ағам. Сондай-ақ, Шахмет аға Құсайыновқа өте тәнтімін. Менің тіліме қызығып, талайымды тауға сілтеп, талпынтудан жалықпаушы еді сол ағам. Маған Шекспирдің «Юлий Цезарь» пьесасын аудартқызып, ақ өлеңнің жасыл жайлауындағы шұрайлы тілдің мәйегінен барынша қануыма себепкер болған-ды. «Уызымнан жарытқан» сол кемеңгерлігін қалай ұмытармын.Әбу Сәрсенбаев, Әзілхан Нұршайықов, Кемел Тоқаев, Сырбай Мәуленов, Шыңғыс Айтматов, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев ағаларымның барымды танып, жоғымды табуыма жәрдемдескендерін тәптіштеп айтсам, түнді таңға ұластырып жіберер едім.Таяқ тиген маңдайымнан аяп сүйген әріптестерімнің еріндерінің жылуын әлі де сеземін десем, сене бер, қызым.– Қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосқан қаламы қарымды қаламгерлер жетерлік. Солардың бірі де бірегейі – өзіңіз. Жазушы ретінде өзіңізді кіммен қатар қояр едіңіз?– Бұл сауалың сәл қисынсыздау секілді-ау. Әр қаламгердің өз орны, өз салмағы, өз дәрежесі боларын қалың жұрты – халқы, қазағы анық біледі ғой. Әрине, «Атқаным өтсе – айтқаным – жетсе, көмбеге көптен бұрын ту қадармын!» деп ойламайтын шығармашылық иесі болмайды. Көмбеге әлденеше ту қадаған мен озбасам, кейін қалған кезім жоғын жақсы білем.Менің бағамды Ғабеңнің (Мүсіреповтің) «Қазақ прозасының ендігі буынының көш басында «Елім-ай» романының авторы – Софы Сматаев тұратыны сөзсіз» деген тұжырымы айқындап тұрған жоқ па.– «Атақ-даңқ пен сый-құрметті көрмедім» деп көңіліңіз құлазитын секілді... Абайдан бастап, қазақтың небір тума таланттары ешбір атақсыз-ақ, елдің есінде мәңгі қалды емес пе? Айтыңызшы, осы, адамның еңбегін атақпен өлшегеніміз дұрыс па?– Аузын бұртитып өкпелегіш аш балаға айналдырып жібердің ғой мені, қызым-ау. Ат-атақты ғана құрметтеп, қошемет көрсетіп, атағы жоқтарды көтке теуіп қуалайтын мынау дәлдүр, тәлпіш заманда сол атақсыз Абайдың да өзін есігінен сығалатпас төрелердің кердең тірлігін өз басыңнан кешпегесін айтып отырсың ба әлде. Ал марапат дегендердің зиялы қауымға түкке де керегі жоғын айтып та, жазып та жүрмін. Оным – өкпелегенім емес, жауапсыз өкініштің өзек қырнағаны ғана. Атақ пен сыйлық сияқты «сыбағалар» берілмесе, кімнің кім екенін тек қана оның шығармасы айғақтар еді-ау. Сонда ғана есік күзететін күйімнен «көңілімнің құлазуы» жоғалар еді. Бірақ ондай атты күн қайда?.. Төрдегілер төмендегілерді таластырып қоятын «сыбағасына» неге қызықтырмасын.– «Жер сатылады» дегенді естігелі бері мазасы қашқан еліңізбен бірге сіздің де тынышыңыз кеткені анық...– «Жер иесі – ел. Ел билігі – халықта!» десек, ежелден белгілі қасиетті қағиданы көлденең тартқанымыз ғой. Қазақтың ұланғайыр даласын ата-бабамыз қанын сорғалатып төгіп, терін сауылдатып құйып жүріп қорғап, сақтап қалған. Туған жердің топырағына жат табанын тигізбеген. Жат табанын тигізбеуді ұрпағының ұрпағына өсиет етіп сіңіріп, аманат етіп тапсырып кеткен. Өсиетті өшіріп, аманаттан аттап кетіп, жер-Ананы тулақтай етіп саудаға салу – елі мен анасын сатудай ауыр қылмыс. Биліктегілердің арқалап әкелген жері жоқ, дорбалап тасыған топырағы жоқ. Киемізге иелік етеміз деуі – қастандық. Қасиетімізді қасіретке айналдырамыз деуі – сатқындық. Екеуінің жауабы – елді бүлікке орап, халықты бұлқынуға, жұлқынуға еріксіз мәжбүр ету. Киенің атпауы, қасиеттің қаппауы мүмкін емес. Төрдегілер төменге көз тастасын, өз көрін өздері қазғылары келмесе...– Қазақ елінің бүгінгі даму барысына көңіліңіз тола ма?– Дамып барамыз ба, шаң жұтып қалып барамыз ба – оны анау төрдегі төрелер мен шіренген шенеуніктер білмесе мен не деп сәуегей бола қояйын. Білетінім: кешегі ауыл қазағының қазанына аста-төк ас салатын ұжымшар, кеңшарлардың жау шапқандай жойылуы. Ауылшаруашылықтарын тарқатпай, талан-таражға ұшыратпай, сақтап қалған Беларусь, Татарстан, Өзбекстан халықтары табағынан тамағын айырмай, қайта өздерінен артылғанымен Ресей, Қазақстанды асырап келе жатыр ғой. Білетінім: зауыт-фабрикаларды көбейтудің орнына, барының өзін бықпырт тигендей құртып жіберіп, босаған ғимараттарын биліктегілердің отбасылық сауда орнына айналдырып қалтасындағы көк тиынына дейін әлгілерге жұтқызып жүрген жұртшылықтың егелген азуы, түюлі жұдырығы, күңіренткен күрсінісі куә емес пе. Осымен доғарайын.– Шығармашылығыңызда қандай жоспарларыңыз бар?– Жоспар шіркін көп-ау. Соған денсаулығым шыдас берсе, әлі де көптің мұңын, жұрттың жұталған сырын көмейімнен сығып, шығара беруден тыйылмаспын-ақ. «Елім-айдың» төртінші кітабын бітіре алмай, діңкем құрып жүргенін ұлтымнан жасырмаймын бүгін. Үстел жағалатпас күйімді кімге шағып, зарлай берем...Шығармаларымның жиырма бес томы дайын. Үкіметтік баспалар маңайына да жолатпайды. Өз қаржыма шығарам деу – өлікті тірілтуден де қиын. Естір құлақ, сіңірер кеуде таппай сенделіске түсудемін...– Ізіңізден ерген ізбасарларыңыз, яғни бүгінгі жас қаламгерлердің шығармаларымен таныссыз ба? Олардың беталысына қандай баға берер едіңіз?– «Кей-кейде ілгерінің кейінгіні менсінбей шаңына көме беретіні болады. Кішінің кеуделеп келіп қалғанын жақтырмай, үлкеннің іштарлық жасайтыны да болады» деп кей ағаларымның өзіме жасаған қысас-қиянатына байланысты осылай жазып едім. Бірақ іштарлықтан өзім аулақпын.Бүгінде шығып жатқан кітаптарды қолға түсіру қиындап кетті ғой. Тиіп-қашып оқығандарымнан түйгенім: кешегі Талаптан, Балқыбекті, бүгінгі Ғалым, Асқар Алтай, Қазыбек Иса, Маралтай, Дидар, Жанарбектердің шығармашылығына сүйінуім де, сүйсінуім де көп. Ағалық көңілмен әлгілердің қатарластарының молаюын қалаймын.– Дана Абай: «Адамға адамның бәрі дос» десе, сіз неге «Адамға адамның бәрі қас» дейсіз... Осы сөзіңіздің астарын ақтарып айтып беріңізші...– Сол дана Абай осынау кезеңде бізбен замандас болып өмір сүрсе, «Адамға адам – қанішер!» демесіне куәлік ете алармысың, қарағым? Жемқорлық асқындап, арамдық асқақтап, қараулық қаптап өріп бара жатқан айналаңды әлде байқай алмай қалып па едің? Тегін үй, тегін оқу, тегін емделу дейтін кешегі кеңшілікті ұмытып, жұмыссыздық илеген пенденің таршылықта тапшылықтың зілімен, кісі тонап, тәнін сатып езіліп, мүжіліп, бара жатқанын көрмейсің бе, қызым-ау. Әне, жауабы.– «Мұңлы ойларыңыздың» он алтыншы ойында «Заман салғырт, адам мәңгүрт» дейсіз. Бүгінгі қоғамның шынайы бет-бейнесі осы ма?– Жаңаөзенде қазаққа қазақ оқ атты. Қыршынынан қиылғандарға жаны тызылдап, селт еткен қазағың болды ма? «Бірінші сыныптан бастап, шәкірттерді үш тілде оқытамыз!» деп билік дүрілдетіп ала жөнелді. «Әй, ол не сұмдық!» деп дауыс көтерген бір адамың еңсе тіктеді ме? «Дауысты дұрыс санай білу» арқылы парламентке тағы да бұрынғы «тілін тістегендер» қонжиып отыра қалды. «Бұл қалай?» деп иек көтерген біреуім табылды ма? «Жерді сатамыз! Сатамыз да, байлыққа батамыз!» деп ел билігін мансұқ еткен жоғарыдағыларға, «Халықты билеуге де, илеуге де хақың да, хұқың да жоқ!» деп өре түрегелген төмендегілерің бар ма?Ендеше, салғырт заманның мәңгүрт адамы бәріміз боп кеттік. Мен де, сен де, қызым...– Бүгінгідей дағдарыс алқымынан алған заманда қазаққа қайтіп күнелтпек керек?– Қазақтың қалай күнелтерін мен қайдан білейін. Өйткені, өзім де қалт-құлт етіп, әр тиынды алтынға балап дірілдеумен, дірдектеумен отырмын. Мүмкін ақиқатты аңсап, әділетті іздеп, намысты жанып, ар қамшысын білемдеп ұстауымыз керек шығар...– «Өзектегі өксік», «Өкініші көп дүние-ай», «Мұңлы ойлар» сынды туындыларыңызға қарап отырып, сіздің қай кезде кеудеңізді қуаныш билейтінін де білгім келіп отыр...– Адам кей келеңсіз қылықтан, кей жерлестік, жікшілдік былықтан, кей өсек, өтірікке батпақтататын шылықтан түңілген кезде, кешегі кеңпейіл қазағын аңсап бүгінгі пендесінен жерінген шақта көкірегін кернеп, кеудесіне сыймаған ойдағы наз-наласын, бойдағы мұңын түбінен төңкере ақтарып тастамай ма.Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған әрқайсысы «жылдың ең үздік кітабы» аталған жеті шығармамды жеті рет құлатса, Тәуелсіздік алған 25 жылда үкіметтік баспалардан бір ғана кітабым жарық көрсе, кейінгі кезде жазылған үш пьесамды бірнеше театр «қатырып қоямыз!» деп таласып алып, бір жылдай ұстап, үн-түнсіз қайтарса, бес жылдан бері әртүрлі үкіметтік, қоғамдық ұйымдардың мені марапаттау туралы ұсыныстарын Мәдениет министрлігі Марапаттау комиссиясының талқылауына жібермей, «құйрықтарына басып» отырса, менің неменеге мәре-сәре болардай жағдайым жетісіп тұр еді, қалқам-ау.Өзектегі өксігін, жалған дүниенің көп өкінішін мұңлы ойларына тиеп әкеліп, оқырмандарының алдына көз жасын көлдетіп тоса қоятын «жыламсақ Сматаев шіркіннің қуанатын мезеті, уанатын сәті болмайды-ау» дегенді меңзейтінің тым артықтау емес пе, қарағым.Өмірдің өзі қызығы мен шыжығын, сүйініші мен күйінішін, шуағы мен ызғарын, тәттісі мен ащысын кезектестіріп отыратынын ескерсең – менің де бірде күліп, бірде күңіреніп, бірде марқайып, кейде ортайып тірлік кешкенімді неге мансұқтайсың. Мынау жұдырықтай ғана Жердің қай қаламгерінің қуаныштан асып-тасқанын, асығы алшысынан түсіп, алшақ басқанын ақ қағаздың бетіне алақайлап көшіргенін айғақ ете алармысың. Ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздері ызалы ойдың өртімен лапылдап, өксіткен мұңның мұнарына оранып жатқан жоқ па.Ендеше менің қуануым да біраз болған, уануым да аз кездеспеген.– Жан жарыңыз, балаларыңыз, жалпы отбасыңыз туралы да оқырман қауым біле отырса...– Жан жарым бір ауылда бірге өскен – Шәмшия – Шахмина ару. Кесел дерттеріме көлденең тұрып, ғұмырымды ұзартып жүрген емдеушім де, жебеушім де.Жұбайым-ау, сыңарым-ау, сұлуым!Сап тыятын жүрегімнің ұлуын.Сипап тиер алақаның жанымаҚұя берсін, әлемнің бар жылуын, –деуден жалықпаспын.Екеуміздің сүйінішіміз бен сүйенішіміз – Алмас, Манас атты ұлдарымыз, жанымыздың гүлі – Жанарымыз. Жан, Марғұлан, Әнел, Әлихан атты немерелерім бар. Солар менің – көзім, ізім, сөзім. Қуантатын да, уантатын да – балаларым мен немерелерім.– «Қазақ үні» газетінің оқырмандары үшін қымбат уақытыңызды қиып, сұхбаттасқаныңызға рахмет! Жетпіс бесіңіз тағы да құтты болсын! Жаратқан иеміз жүзіңіз жарқын күйде жүзге жетуді нәсіп етсін!
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz