Кремль біздің шенеуніктерден «қуыршақ театрын» жасап отыр...
2016 ж. 24 сәуір
2991
2
Орыстілді басылымдар ресейлік бағытта жұмыс істеп жатса, мемлекеттік идеологиямыз кімдікі дейміз?

«Мен сан мыңдаған әскерге қарағанда,
үш газеттен көбірек қорқам»
Наполеон Бонапарт
Қазақстанның ақпараттық кеңістігін бүгінде Ресей идеологиясы жайлап тұрғаны жайлы күнде айтылып та, жазылып та жатыр. Қазақстандықтар дүниежүзінде болып жатқан саяси-қоғамдық оқиғалар жөнінде тек орыс тілінде ғана ақпарат алатынын білеміз. Және олар Ресейдің сүзгісінен өтіп келетіні де ешкімге жасырын емес. Сондықтан біздер қазір әлемдік саяси алаңда болып жатқан кез келген шаруаға тек Ресейдің көзімен қарап, соларша ой қорытамыз. Ал Еуропа елдерінің күнделікті баспасөзі не айтып жатыр, басқадай дамыған елдер не дейді, біз үшін оның оның есігі жабық. Қазір елімізде Ресейдің «Известия», «Комсомольская правда», «Аргументы и факты», «Российская газета», «Коммерсанть», «Красная звезда», «Ведомости», «Аргументы недели», «Правда», «Парламентская газета, «Собеседник», «Советская Россия», «Гудок», «Дочки-Матери», «Итоги», «Газета», «Мир новостей», «Версия», «Московский комсомолец», «Московские новости», «Моя семья», «Новая газета», тағы да толып жатқан газеттері мен журналдары сатылады және Қазпошта арқылы таратылады. Бұлардан басқа Қазақстанның өзінікі болып есептелетін «Время», «Мегаполис», «Караван», «Central Asia Monitor», «Казахстансакя правда», «Вечерний Алматы», «Вечерняя Астана», «Капитал», «Комсомольская правда-Казахстан», «Новая газета-Казахстан», «Аргументы и факты-Казахстан», «Новое поколение», «Панорама», «Экспресс-К» (толық тізім емес), тағы бірнеше орыстілді газеттер бар. Бұлардан бөлек әр облыстарда орыс тіліндегі төртеу-бесеуден шығатын жекеменшік газеттер, телеарналар бар екенін естеріңізге саламыз. Одан басқа әр аудандар мен шағын қалаларда шығатын жекеменшік орыстілді газеттерді қосыңыз. Осыған қарап, Қазақстанда қай тілде шығатын газет басым екенін есептей беріңіз. Бұлардан басқа орыс тіліндегі ондаған интернет ресурстар бар екенін ескеріңіз. Енді оқырмандар туралы айтар болсақ, солтүстік аймақтарда халықтың басым көпшілігі (90-95 пайыз десек қателеспейтін шығармыз) орыс тілінде оқиды, басқа аймақтарда да орысша оқитындар жеткілікті. Ең сұмдығы, солтүстік өңірдегі барлық облыс орталықтарында, одан басқа Лисаковск, Рудный, Степногорск, Ақсу, Екібастұз, Курчатов секілді дербес қалалардаға газет дүңгіршектеріне қарасаңыз, 99,9 пайызы орыстіліндегі басылымдар екенін көресіз. Мысалы, Степногорскіде дүіңгіршек түгілі, пошта бөлімшесінің өзінде қазақша газетті сату сөресіне қоймайтынын көзіміз көрді. Оның себібін сұрасақ, "ешкім алмайды қазақша газетті" дейді. Орыстілді халқы басым Қостанай облысында барлығын қосқанда 100-ден артық басылым болса, солардың ішінде таза қазақшасы облыстық «Қостанай таңы» газеті мен А.Байтұрсынов атындағы университеттің жанынан шығатын «Жас өркен-Қостанай» журналы ғана екен. Облыстық әкімдіктің газеті болып есептелетін «Костанайские новости» газетінің негізгі акциясын аты белгілі «Иволга» агрохолдингі ұстап отыр деген ақпарат алдық. Олар сосын әкімдікке бағына ма? Ал аудандық болып есептелетін газеттердің көбінің атауы қазақша болғанымен, мазмұны орысша, ішінде бір-екі бет қана аударма қазақшасы жүреді. Петропавлдағы облыстық болып есептелетін «Северный Казахстан» газеті де жеке серіктестік. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. Яғни, бюджет төлеген қаржының көлемінде ғана әкімдіктің материалдарын салады, қалған жерге не қойса да өздері ерікті деген сөз. Сол жердегі «Неделя», «Добрый вечер» газеттері және «Провинция» журналы осы «Северный Казахстанмен» бір серіктестікке біріктірілген. Бұлардан басқа өз бетінше шығатын «Петропавл. кз», «Квартал», «Проспект», «Информ-вест» секілді орыстілді басылымдар тарайды. Енді жоғарыдағы әңгімеге оралсақ, Қазақстанда жаппай сатылып, таралып жатқан ресейлік газеттер нені уағыздайтынын білесіздер. Одан бөлек Қазақстанның өзінікі болып есептелетін орыстілді басылымдар да сол бағытта жұмыс істейтінін қазір саясаткерлер ашықтан-ашық айтып жатыр. Сонда мемлекеттік идеологиямыз кімдікі дейміз? Қазақстандағы Ресей ақпаратының ықпалы бұрыннан күшті болатын. Естеріңізде шығар, осыдан екі жыл бұрын Ресейдің Қазақстандағы ақпараттық белсенділігін арттыру үшін арнайы зерттеу орталығы құрылып, оған 5 миллиард рубль көлемінде қаржы бөлінген деген сөз шыққан. Дәл сол кезде ел ішіне іріткі салу бағытында бірнеше рет жалған ақпараттар таратылғанын білеміз.
