Мұхтар Құл-Мұхаммед. АЗАМАТ
2016 ж. 21 сәуір
3765
5
Академик Төрегелді Шарманов жайлы эссе
Бұл – ұлы азамат.
Жозеф де МЕСТР,
француз философы
Төкеңмен тоқсаныншы жылдарда таныстым. Ол кезде жұрт бүгінгідей араб, түрік жағажайларын жағаламай, Алатаудың алақан шұңқырындағы Ыстықкөлге ағылушы еді. Мен де отбасыммен бірге күнгей Алатаудан асып, қырғыз ағайындардың жайлауынан бір-ақ шықтым. Көршіміз академик Шармановтардың отбасы екен. Әуелгі күндері жылы шырайлы амандық-саулықтан арыға бара алмадық. Сыпайы, сырбаз қалпымен, қиыннан қиыстырып сөйлейтін сөзімен кімді де болмасын, әрдайым өзіне тартып тұратын оны мен сырттай бақылай бастадым. Қағілез. Ширақ. Қырағы. Тіпті ыстық құмға көлдей орамалын төсеп, бірде етпетінен, бірде шалқасынан жатса да қырғи қабақтың астындағы қысыңқы көздерін әнтек ашып, алыстан тоят тілеген ата қырандай қиядағыны көріп, қырқадағыны байқап қояды. Төрегелді Шарманов Арада екі-үш күн өтті ме, өтпеді ме, екеуміз емен-жарқын араласып кеттік. Жалпы демалыс кезінде күнделікті қым-қуыт тірліктен әбден қажыған жанның бойы байсал тартып, жаны саябыр табады. Басқаны қайдам, өзім дәл осындай күй кешем. Мұндайда қайдағы бір таусылмайтын мәселелерді былай қойып, әлдеқандай салмақты тақырыптарға ой жүгіртіп, бас қатырудың өзіне мүлде бейілсізбін. Ауыр ой қашанда тереңге батырып, тұңғиыққа тартады. Оның салмағын осындай демалыстармен жеңілдетіп отырмаса, жүрек шіркінге сызат түсіп, күндердің күні сыр беруі де әбден мүмкін. Міне, сондықтан ара-тұра болмыс-бітіміңнің бар есік-терезесін айқара ашып тастап, алуан гүлдердің хош иісі аңқитын Алатаудың жібек желімен жан сарайын желдетіп алғанға не жетсін. Мұндай рахат іздеген адамға Ыстықкөлдің жағасы жұмақ төрі дейтін-ақ жер. Осыны елден бұрын байқаған ұлы Мұхаң жанына сая болар жайлы жерді Шолпанатадан таңдаған екен. Иә, Төкең екеуміздің достығымыз, туыстығымыз осы жер жұмағынан басталды. Арасы үш мүшелге жуық әкесіндей адамға «дос» деген сөз сәл сөкеттеу айтылып тұрған жоқ па деп ойлайтын боларсыз. Солайы солай болғанмен, жасымыздың мұндай айырымына қарамастан біздер кейін шынайы достар болып кеттік. Жан-жайлауы бөлек, ой-өрісі өзгеше адаммен қырық жыл қатар жүрсең де жақындаса алмайтының болады. Керісінше, жаны жақын, жайлауы ортақ, ойы бір, өрісі бірге жандар шүйіркелесе танысып, шұрқыраса табысып кетеді. Төкең екеуміз сондайлардың қатарынан едік. Төрегелді – арда өскен жан. Қазақ атаулы Арқаға ақ сүйек болып шашылған зұлмат заманда дүниеге келсе де, Төкең туған жуантаяқ әулет жіңішкерсе де үзілмеген, тарықса да тартылмаған. Шарман шал мен Нәзипа апамыз өле-өлгенше бар жақсысын жалғыз ұлы Төрегелдінің ауызына тосқан. Арда өскен емей немене, өзі жетпістен асқанша жүзге келген анасын қақтай еміп, жетпіс жыл бала боп ғұмыр кешсе. Осындайда менің есіме әкесі ғасыр жасап дүние салғанда Сапабек Әсіп ағамыздың: «Әкем тірі кезінде өзімді үнемі бала сезінуші ем. Енді бір-ақ күнде жетім қалдым» деген сөзі түседі. Сол айтқандай оның даналығының өзінен әлі күнге дейін қылаң берер балалығының іздері ардагер ағаның арда өскендігінің айқын белгісі болса керек. Бұл өзі арысы – Арқа, берісі Ұлытауға атақ-шатағы мен кешірім-кеңшілігі қабат жайылған сәулелі әулет. Ана бір жылдары Шарман шалдың назары аяқ астынан екі көзі шоқтай, екі беті нарттай жанған қарғаның мәткесіне түсіп, кете барған ғой әлгінің соңынан алды-артына қарамай. Қанша уақыт өткенін кім білсін, әйтеуір күн артынан күн, ай артынан ай өтеді. Жақсысын жатқа қалай қисын: күндердің күнінде әбден шыдамы таусылған Нәзипа апа тентек шалды өзі іздеп келеді. – Келсем, байғұстың әбден арқа еті арша, борбай еті борша болып, онсыз да шүңірек көзінің түбінде болар-болмас қана ұшқын қалыпты. Алдында – ашыған капуста, тұздалған қияр. Әншейінде «Әй, бәйбіше, сен былай тұр» деп билік айтқыш батырым бүгежіктеп, кісінің бетіне тура қараудан да қалыпты. Бір жағы аяп, екінші жағынан азаматымның осынша қорланғанына ашынып кеттім. «Түс алдыға!» дедім айқай салып. Өстіп үстіне шапанын желбегей жамылып, аяғына ескі шәркей ілген шалымды ақ қар, көк мұзда алдыма салып, дедектетіп әкеліп едім үйге, – дейтін еді апамыз осы оқиға жайлы рахаттана күліп. «Ана кісі қандай адам екен? Ол не істеді сонда?», – дейміз біз де өтірік монтаны момақансып: «Мен тіпті ол кәпірдің жүзіне көзімді де салған емеспін. Не қылам ондай харамның түріне қарап. Шалыма ол үйдегі заттарынан үзік жіп те алдырғам жоқ. Тіпті киіп келген лыпасын сыпырып-сиырып сол күні-ақ отқа өртеп жібердім», – деген еді еркін қырдың ерке өскен ер мінезді қыздарының бар жақсысын бойына жинаған Нәзипа апа. Бұл ойдан шығарылған әңгіме емес. Төкеңнің жақын-жуықтары жиналған күні көңілді сәтті пайдаланып, әзіл-шынын араластыра сыр тартқанымызда апамыздың өз аузынан естіген хикая. Шарман ата мен Нәзипа апамыздың үйлену тарихы да романтикалық қуаты жағынан шытырман оқиғалы, көп сериялы мелодрамалардан асып түседі. Күшті, қуатты, көк семсердің жүзіндей жарқылдаған Ұлытау ұланы қырдың қызыл гүліндей құлпырған Нәзипаға ғашық болады. Бірақ қыз әкесі оны әлдеқашан атастырылған бай күйеуге ұзатуға шешім қабылдайды. Әрине, бұл тауды бұзып, тасты жарып жүрген дала серісіне ұнамайды. Тура қыз ұзатылатын күні аңтарылған дүйім жұрттың көз алдында Нәзипа сұлуды алып қашады. Жыл бойы өзі бес саусақтай жақсы білетін Ұлытаудың сай-саласын паналап, ағайын-жұрт бітімге келіп, дау-жанжал басылғаннан кейін ғана тау ішінде туған Төрегелдіні құшақтап ауылына оралады. Шындығында, апамыздың баласы десе шығарда жаны басқа еді. Ана бір жылдары он екі жыл министр болған Төкең бір-ақ күнде қызметтен, тіпті елден қуылып, Мәскеуге шығандап кетеді. Сонда өздері біреудің пәтерін жалдап тұрып жатқан жалғыз ұлының жолына шыбын жанын шүберекке түйіп, жердің түбіне іздеп барған ғой асыл апамыз. Жүзге жетсе де, ақыл-ойы айқын, сөзі нық, әмірлі-жігерлі қалпынан жазбай өтті, жарықтық. Міне, Төкең осындай әулеттен өсіп-өнген жан. Осыдан жаратылысынан бірбеткей өскен жігіт бозбала күнінен бастап-ақ топтан озып, қатарының алды болды. «Бұл өзі бала кезінен белсенді болатын», – деп күлуші еді Камал ағамыз. Төкең мектепті алтын медальмен, институтты қызыл дипломмен бітіреді. Қарағанды медицина институтында оқи жүріп, Күлзия есімді Қарқаралының әдемі қызымен танысады. Тағдыр қосып, екі жас үйленеді. Күлзия апамыз Шарман әулетін шаттыққа бөлеп, дүниеге Алма, Алмас есімді бірінен бірі өтетін бір ұл, бір қыз әкеледі. Өмір болған соң қуанышы мен қайғысы қосанжарланып жүретіні белгілі емес пе. Осындай жүрек сыздатып, жан ауыртатын трагедия Шармановтардың да отбасында 1982 жылы орын алды. Ақ жұмыртқа, сары уыздай әлпештеп қолда өсірген, тұла бойы тұңғышы, аяулы қыздары Алма аяқ астынан дүние салды. Дәуіттің отыз ұлын бір күнде алған Жаратушының әміріне, тағдырдың жазуына тірі пенденің көрсетер дәрмені қайсы (Егер сіз Кеңсайға бара қалсаңыз, Шармановтар әулетінің қорымынан үш зират көзіңізге түседі. Сондағы «Тағдыр» деген жалғыз ауыз сөз жазылған құлпытас «көп жасамай, көк орған, жарасы үлкен жас өлім» иесі Алманың басындағы белгі). Тура келген ажалдан денсаулық сақтау министрі де туған қызын арашалап ала алмады. Жазмыштан болған осы оқиғаны сан саққа жүгірткен міскіндер де табылды... Қанша дегенмен ер-азамат емес пе, тосыннан келген трагедиядан белі бүгіліп, қабырғасы сөгілсе де Төкең шыдауындай-ақ шыдады-ау, бірақ Күлзия апамыз неше жыл қара жамылып отырып, қан жылап ғұмыр кешті. Жұрттың бетін көруден қалды. Уақыт шіркін үңірейген жан жарасын жапқанымен, іштегі шер мен шеменді біржолата тарқата алмады. Ол қаншалықты нәзік жаратылыстың иесі болса да, соншалықты дәтке берік жан екен: қызы дүние салғаннан өзі бақиға аттанғанша аттай жиырма жыл бойы ойын-сауық, жиын-тойдан бойын аулақ ұстап өтті өмірден. Төрегелдіге арналған тағдырдың «жазмышы» мұнымен де тоқтамаған екен. Күлзия апамыздың да сырқаты меңдеп, тағдыры қыл үстінде тұрды. Алматылық әріптестерінің қарсылығына қарамастан мәскеулік досы академик Михаил Перельманды ұшақпен алдыртты. Сағатты былай қойып, әр минуттың алтынға баланғаны соншалық, қонақтарын ұшақ бортынан жедел жәрдем арқылы қарсы алған Төкең жол-жөнекей машина ішінде әріптестеріне сырқаттың жай-жапсарын түсіндіріп, салған бойдан клиникаға тартады. Кофе ішіп, қол жууға ғана мұршасы келген дәрігерлер бірден операция бөлмесіне беттеп, іске кіріседі. Талайдың жанын арашалап қалған доктор Шарманов өз жарына келгенде қолына пышақ ұстауға дәті шыдамаса да, операцияны өз жетекшілігімен өткізеді. Осылайша кейбір мысық тілеулілердің «операция сәтті өтсе де сырқаттың бір-екі-ақ жылдық өмірі қалды» деген сәуегейлігін тас-талқан етіп, жалғыз ұлының анасына тәңір қолдауымен тағы жиырма жылдық ғұмыр сыйлайды. Ойхой, шіркін, дәурен-ай дерсің. Бұдан кейін оның өміріндегі қуанышты жылдар тізбегі басталды. Алмас үйленді, әке жолын қуып доктор болды, болып қана қоймады, АҚШ-тың әйгілі медицина саласындағы небір сен тұр мен атайындары жиналған Дж.Хопкинс атындағы университетінің профессоры атанды. Төрехан, Асқарлар дүниеге келіп, өмір тойға ұласты. ...Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Төкең тосын бір ойдың ұшығын шығарып, 1978 жылы Алматыда өткен Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының үлкен форумы жайлы кітап жазғысы келетінін айтты. – Байқа, сен істемеген өзге кәсіп қалмағандай, ендігі жетпегені жазушылық болды ма? – дедім мен қашанғы қалжыңыма басып. – Ағай, сен таңданба. Көкеңнің сен білмейтін әлі талай қасиеті бар. Көр де тұр, осы кітапты саған шығартамын әлі, – деді ол әдеттегі әзілінен жаңылмай. Төкең сөзінде тұрып, бір жылдан соң «Долгое восхождение к праву на здоровье» деген кітабының қолжазбасын столға қойды. Тіпті әдеби ортада ертеден қалыптасқан дәстүрді ұстанып, кей тарауларын дауыстап оқып, оны достарына талқылауға ұсынды. Мен сөйтіп беллетрист Шармановтың дүниеге келуінің куәсі болып қана қоймай, оның осы кітабының алғашқы оқушысы һәм редакторы болдым. Соны арқаланып кейде ағамызға: «Әдебиеттегі тұсауыңды кім кескенін ұмытып кетіп жүрмегейсің, інішек» , – деп қоятыным бар. Бұл кітап балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен жылдарда жарық көргендіктен бе, ғылыми, әдеби жұртшылықтан әлі күнге дейін тиісті бағасын ала алмай келеді. Кейін білдім, конференция кезінде Төкеңнің басынан қилы-қилы оқиғалар өтіпті. Конференцияға келген қонақтар ішінде АҚШ-тың аты әлемге әйгілі президенті Джон Кеннедидің туған інісі сенатор Эдуард Кеннеди де болады. Атақты қонағын сый-құрметпен қарсы алып, сол абыроймен әуежайға шығарып салуға шыққанда жол үстінде бұлар мінген автомашинаның дөңгелегі жарылады. Қос бірдей ағасы қастандықтың құрбаны болған әулеттен шыққан сенатордың тарс еткен оқыс дыбыстан екі көзі шарасынан шыға жаздайды. Оның үстіне қырғи-қабақ соғыстың да ызғары әлі басылмай тұрған шақ. Ал екі күннің бірінде о жер, бұ жері сынып тұрмаса оңайлықпен жүре қоймайтын кеңестік автокөлік пен жарылған дөңгелектің талай-талай көкесін көрген Төкең саспайды. Табан астында жел шығарудың пайдасы жайлы анекдот айтып, Кеннедиді ішек-сілесі қатқанша күлдіреді. Сосын костюмді шешіп тастап, жанталаса дөңгелек ауыстыруға кіріскен шопыр жігітке көмектеседі. Қанша дегенмен ең демократ елдің депутаты деген аты бар емес пе, анау да шікірейіп тұрмай ептеп қимылдаған болады. – Мені таңдандырған нәрсе оның елгезектігі емес, сол жолы өзім ғана аңғарған, былайғы жұртқа мүлде елеусіздеу екі жайт болды, – дейді Төкең сол бір күннің қызықты оқиғасы жайлы сыр шерткенде. - Әуелгі таң қалғаным: оның түсі оңа бастаған көгілдір көйлегінің қырқылған жеңі болды. Ол кездегі біздің ұғымымызда Американың сенаторы ғана емес, көшедегі итінің басына іркіт төгіліп жатқандай көрінуші еді. Оның үстіне Эдуард – алпауыт миллионерлер, елді аузына қаратқан әйгілі қайраткерлер әулетінен шыққан адам. Қарапайымдылықтың да осындай түрі болады екен-ау деп мен осыған таң-тамаша болдым. Шындығында біреу-міреу маған дәл осылай десе өзгеден бұрын өзім сенбейтін едім. Иә, Төкеңнің таңданатын-ақ жөні бар екен. Өйткені анау-мынау емес, АҚШ-тың атышулы Президентінің туған бауыры, өзі де жай сенаторлардың бірі емес, оның комитет төрағасы, тіпті ел президенттігінен үміткер адам Эдуард Кеннедидің келетінін білгенде, Қазақстан компартиясының орталық комитеті мен республика үкіметі Алматының мәдени орындарынан бастап, базарына дейін аяғынан тік тұрғызып, айнадай жарқыратып қояды. Шырын жұққан, шаң тұрған, май сасыған саудагерлер киімдері күресінге тасталып, сөрелерге шытырлаған ақ халат, әдемі көйлек кигендер жайғасады. Ол ол ма, атам заманнан бері сауданың сақал сипау заңының ырқымен ғана жүретін базар бағасы да ретке «келтіріліп», сатушылардың саяси сауатына дейін шыңдаудан өтеді. Әрине, қонақтарды қарсы алып, шығарып салатын әуежай, қонақ үй қызметкерлерінен бастап, жоғары мәртебелі қонақтарды күтуге арналған 65 жүргізушіге дейін шыттай жаңа киім тігіліп, барлығы дерлік әдепті қызмет көрсетудің арнайы мектебінен өтеді. Сөйтіп, бүкіл республиканың игі жақсылары сүрініп-жығылып күткен бас қонақтың үстінен жеңі қырқылған көйлек көргенде Төкеңнің таң қалатындай-ақ жөні болған екен. Шарманов және Нобель сыйлығының лауреаты Лайнус Полинг – Екінші таңданғаным, дөңгелек салынып, машина орнынан қозғалған соң Эдуард ішкі қалтасынан кере қарыс сигарын шығарып, құшырлана тартуға кірісті. Сыпайылық үшін менен рұқсат сұрауды да ұмытқан жоқ. Бұл да шетелдік кинолардан, әсіресе, аузынан сигары түспейтін Черчилль туралы көне кинохроникалардан өзіміз талай көрген жай болғандықтан, онша таңырқай қоймадым. Мені таң-тамаша қалдырған басқа нәрсе болды. Машина әуежай алаңына келіп тоқтағанда сигардың үштен бірі ғана тартылған еді. Эдуард асқан ұқыптылықпен оның күлін қағып түсіріп, шоғын сөндірді. Иә, сосын сізге өтірік, маған шын, тұқылды асықпай-саспай қалтасына салып алды. Дәл сол кезде мен оның мұндай сараңдығының сырын түсінбей-ақ қойдым. Кейін Америкаға талай барып жүріп аңғардым: бардан да, жоқтан да үнемдеу бай мен кедей американдықтың баршасының қанына сіңген қасиет екен, – дейді Төкең Кеннеди әулетінен шыққан марқасқамен өткен күндерін еске алып. Иә, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының 1978 жылы Алматыда өткен бас қосуы ешбір бояма-бүкпесіз әлемдік медицина тарихына алтын әріптермен жазылды. Әрине, екі күннің бірінде сенаторды былай қойып, бірқатар мемлекет басшылары бас қосатын аса үлкен халықаралық жиындар өтетін Алматы мен Астана халқын дәл бүгін мұндай форуммен таң қалдыру қиын. Бірақ бұдан екі жылдан кейін өткен Мәскеу олимпиадасына АҚШ-тан сенаторды былай қойып, қатардағы спорт шенеунігі де келмегенін ескерсек, осындай қырғи-қабақ соғыс жағдайындағы заманда әйгілі Алматы декларациясын қабылдаған конференцияның Мәскеуде, тіпті Орта Азияның кіндігі саналатын Ташкентте емес, Алматыда өтуі қазақтан шыққан КСРО Медицина Ғылым академиясының тұңғыш және соңғы мүшесі, министр Төрегелді Шармановтың әлемдік медицина қайраткерлері алдындағы зор беделінің де белгісі демеске қайраның кәне?! Сондықтан оның Камал досының әзіл-шыны аралас: «Тіпті қырғи-қабақ соғыстың да Төрегелдіге келгенде қабағы ашылып, жүзі жадырап сала беретін», – деген сөзінде әзіл де болса астарлы мағына жатыр. Академик аңшылықта Бұл конференцияның өту тарихы да өз алдына бір қызық хикая. Мұның алдында 1976 жылы Женевада Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өздерінің жылжымалы медициналық жедел көмек мәселесіне арналған кезекті конференциясын Кеңес Одағы аумағында өткізу туралы шешім қабылдайды. КСРО Денсаулық сақтау министрі Б.В.Петровский Ташкент кандидатурасын қолдайды да, ер мінезді Төрегелді Алматыны ұсынып, дау-дамай ушығып барып, ақыры СОКП Саяси бюросының мүшесі Д.Қонаевтың араласуымен Алматының пайдасына шешіледі. Шындығында, бұл өте тәуекелшіл ұсыныс еді. Өйткені конференцияға халықаралық беделді ұйым басшыларын былай қойғанда, дүние жүзінің 146 елінің денсаулық сақтау министрлері бастаған делегациялардың қатысуы жоспарланған еді. Ол кезде Алматыда осы күнгі «Алматы», «Жетісу» қонақ үйлерінен басқа, ең болмағанда үш жұлдыздың деңгейіндегі бірде-бір мейманхана да жоқ болатын. Ал 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйі енді ғана салынып жатқан. – Мен кеңестік жүйенің даңқ пен дақпыртқа негізделген жұмыс стилінен әбден хабардар болып қалған едім. Картаға Алматының ғана емес, бүкіл Кеңес Одағының абыройы қойылғандықтан, Компартия бұл жобаны өз деңгейінде өткізу үшін жанын салатынын сездім. Тіпті конференция өткен соң қонақтардың көзін алдау үшін әкелінген барша медициналық техника мен құрал-жабдықтар атаулы түгелдей халық игілігіне қалатынын да білдім, - дейді Төкең бүгінде қулана жымиып. Ол заманда жарты әлемді билеген кеңестік жүйенің қолынан келмейтіні жоқ болатын. Партия бұйрығымен тетік тегершігі іске қосылса болды, кез келген жоба жөнеп беретін еді. Конференция қарсаңындағы қарбалас жұмыс тура осындай жағдайда өтті. Алматының көркіне айналған 25 қабаттық қонақ үй де мерзімінен бұрын бітті. Астана мен қонақтар тізгін тартар өзге облыс, аудан орталықтары, тіпті алыс ауылдардағы ауруханалардың бірі күрделі жөндеуден өтсе, енді бірі түгелдей жаңадан салынды. Конференцияның арқасында дәрігерлер қауымы бұрын Мәскеу мен Ленинградтың атышулы ғылыми орталықтары мен клиникаларынан ғана көретін жаңа техникаға қарқ болып, республикаға судай жаңа мыңдаған жедел жәрдем автомашинасы алдырылды. Тіпті күні кеше ғана пайдалануға берілген 3500 орындық Республика сарайы конференцияға бейімделіп, қайта жабдықталды. Ол үшін Алматы ағаш өңдеу комбинаты жарты жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеп, әр екінші қатардың әдемі орындықтары тыңдайтын, жазатын асай-мүсейлер қойылған әсем столдармен алмастырылып шықты. Солдан оңға қарай: Э.Кеннеди, С.Жандосов және Т.Шарманов Конференцияның секциялық отырыстары өтетін Ұлттық кітапхана залдары да әсем жиһаз-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, әдемі әрлеуден өткізілді. Тіпті Орта Азиядағы тұңғыш медицина тарихына арналған музейге дейін ашылып, келушілер үшін ол жұтындырылып қойылды. Әрине, осы жұмыстың бәрінің басы-қасында сол баяғы ұлтжанды министр Т.Шарманов жүрді. Несін айтасыз, Қазақстанды ғана емес, дүниедегі дәрігерлер қауымын дүр сілкіндірген он күнге созылған әйгілі конференция әсем Алматыны, байтақ Қазақстанды, бауырмал қазақ халқын әлемге бар қырынан жарқырата танытты. Алматы конференциясы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының сессиясы сол жылдың өзінде арнайы қарар қабылдап, онда сөйлеген ВОЗ президенті Н.Махлер: «Алматы декларациясы – денсаулық сақтау ісінің ХХ ғасырдағы ұлы хартиясы», – деген баға берді. Осылайша Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алып, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне өтуінен тура бір мүшелден астам уақыт бұрын осы ұйымның жылнамасына Шарманов шарапаты арқасында жақсы тілеумен «Алматы. Қазақстан» деген сөздер түсті. Азамат ердің баласы еліміз тәуелсіздік алған жылдарда да саясаттан тыс қалмай Мұрат Әуезовпен бірге Азаматтық партия қатарынан табылды. Тура жолдан таймады. Бірақ туралықтың төте жолы осы екен деп, ешкімді жағасынан алып, аяғынан шалмады. Шектен де шықпай, шетін де кетпеді. Айтпаса атасы өлетін жерде аталы сөзін айтты. Оның жүйелі сөздері әрдайым өзінің жүлгесін тауып, жүлдесін алып жатты. Ежелден айбыны мықты, арыны қатты халқымыздың бір кемшін тұсы аптыққан ақылды ашуға, өрекпіген көңілді өкпеге жеңдіре салу болса, Төкең бұған келгенде де ел ағасына тән сырбаз мінез танытты. Оның бүгінгі саясат серкелеріне қарата айтқан: – Ең қиын кезең артта қалды. Етек жабылды, жең бүтінделді. Ең бастысы – ел тыныш, ірге берік. Ендігі жерде ел бірлігі туының түбінен табылғанымыз жөн, – деген сөзін де талай естідік. Қашанда қимыл-қозғалыс, іс-әрекетке жаралған академик ғылымды іскерлікпен ұштастырды. Академия ашты, тағам институтын түрлендірді. Әрине, Т.Шарманов, ең алдымен, ғалым. Ғалым болғанда 300-ден астам ғылыми еңбек жазып, 15 монография жариялаған, отызға жуық өнертапқыштық ұсыныс жасап, оларды ғылыми айналымға енгізген ғалым. Әдетте ғалымдар өнерге мықты болса да, өмірге бейімсіздеу болады. Төкең ондайлар қатарынан емес. Қашанда алшысынан түсетін құлжаның асығындай шымыр. Соның бір белгісі ретінде басына іс түскен кейбір әріптестері соңына ит қосып қуғанда, қазақ ғалымы Мәскеудегі КСРО Медицина ғылым академиясынаның төрінен бір-ақ шыққан. Азамат ғалымның сонда басталған ғылыми ізденістері бүгінгі күні еліміздің ең кішкентай азаматтарына арналған нәрлі, әрлі тағамдардың неше атасы болып жалғасып, уызға жарыңқырамай туатын қала балаларын құнарлы тамаққа қарқ қылды. Кішкентай азамат дегеннен шығады. Ұлым Сұлтан дүниеге келгенде азамат болса атасындай-ақ болсын деп сәбиімді перзентханадан алып шығу ырымын Төкеңе жасатып, аяғы жеңіл, қимылы ширақ болсын деген ниетпен тұсауын да Төкеңе кестірдім. Бұл бізді бұрынғыдан бетер жақындастырып жіберді. Бүгінде сексеннің сеңгіріне жеттім екен деп, академик Шарманов жер таянып отырған жоқ. Манаш ағам айтқандай: «замананы сапырып, жанартаудай атылып», жалындап, жанып жүр. Бүгін Лондон мен Вашингтонда жүрсе, ертең Токио мен Делиде жүреді маңдайы жарқырап. Бір кездері қазақ және орыс тілдерінде еркін көсілетін академик елуден асқан шағында ағылшыншаға да бұғалық тастап, оны да әбден жуасытып алды. Трибунаға шықса болды, Шекспир тілінде таңдайы тақылдай жөнеледі. Төкең – ұстаз. Ұстаз болғанда қандай. Отызында доктор, қырыққа жетпей профессор, медицина институтының ректоры болған нағыз заңғар ұстаз. Ол аз десеңіз, жүз елуден астам кандидат, елуден астам доктор дайындаған ұстаздардың ұстазы. Күні бүгінге дейін Алматы мен Астана медициналық академияларының студенттері асыға күтетін сүйікті профессоры, ғылыми кеңестердің айдынды академигі де осы Шарманов десеңіз, қателессе қоймассыз. Күллі Кеңес Одағын дүр сілкіндірген әйгілі Алматы декларациясы қабылданған сол бір оқиғадан ширек ғасыр өткенде құрлықтың алтыдан біріндегі медицина қауымын елең еткізген тағы бір жаңалық жетті Астанаға. Академик Т.Шармановқа халықаралық Л.Бернар сыйлығы беріліпті. Әрине, арысы Америка, берісі Мәскеуден қоржындап сыйлық тасушылар көбейген шақта мұның несі жаңалық болыпты дейтіндер де бар шығар. Асықпаңыз, бұл күллі дүние жүзінде небәрі 41 адамға ғана берілген айтулы сыйлық бүгінде «посткеңестік кеңістік» деп атай бастаған елдер ішінде бұл сыйлықты осы заманғы орыс медицинасының кемеңгерлері Б.Петровский мен Е.Чазовтар ғана алған екен. Ендеше, бұл – Шармановтар әулеті ғана емес, бүкіл қазақ мақтанатындай жаңалық. Жақында мен оны 85-ші Наурызымен құттықтадым. Ол сол баяғы сергек, сырбаз, сері қалпынан айнымаған. Жер түбіндегі Аргентинадан енді ғана оралған беті екен. Осыдан он жыл бұрын үйрене бастаған испаншасын шыңдай түсіпті «Егер жер бетіндегі жанып тұрған оттай осыншама сұлулар дәл осы тілде сөйлейтін ертерек білгенде мен оны әлдеқашан меңгеріп алар едім», – дейді қулана жымиып. Аргентинаның тангосын да үйреніп алған. Маған тобылғы торы аргентиналық қызбен толқыта билегені бейнеленген видеоны көрсетуді де ұмытпады. «Сіздің жаныңызда Аль-Пачиноның өзі де жіп есе алмайды екен ғой», – дедім мен де қалжыңдап. Шындығында ағамыз әлгі видеода әйгілі мачодан айнымай қалыпты. «Дұрыс. Жіпті сол-ақ ессін. Біз атқаратын өзге шаруа да жетіп артылады», – дейді әзілге шынмен жауап қатқан ол. Сосын алдағы толып жатқан жоба-жоспарларымен таныстыра бастады. «Оның бәрін жүзеге асыруға уақыт жағы болар ма екен?», – дейтіндер де табылар. Уақыт деген шу асауды әлдеқашан ауыздықтап, тақымға басқан арда туған азаматқа оның сөз емес екендігіне мен кәміл сенемін. «Бауырынан жараған...» Ұлы даланы дүбірге бөлеген небір тұлпарлар мен сәйгүліктер баптаған атақты сейістер көшпенділердің көне заманнан күні бүгінге дейін үзілмей жеткен өмірлік, философиялық кодын дәл тіркеспен берген. Қашан көрсең бойында кесіп алар шөкімдей артық ет жоқ осы кісі маған өзін алысқа шабар алдағы күндерге сақтап, әманда бауырынан жарап жүретін ертегінің қазанатындай көрінеді. Ендеше, үстіңгі еріні көк тіреп, төменгі еріні жер тіреген қазанат қалпыңнан, азамат қалпыңнан айнымай тарта бер алға, дегім келеді Ұлытау ұланына. Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД kaz.tengrinews.kz