ҰЛТЫНЫҢ ҰПАЙЫН ТҮГЕНДЕГЕН ҰЛ ЕДІ
2016 ж. 19 сәуір
2939
0
Қазақстанда демография ғылымының негізін қалаушы, көрнекті демограф, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Мақаш Байғалиұлы Тәтімов дүниеден озды.
Бүкіл саналы ғұмырын ұлтына қызмет етуге арнаған Мақаш Тәтімов 1940-жылы Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келген. Мәскеудегі Педагогика институтын және Экономикалық статистика институтының аспирантурасын бітірген. Қазақ ҒА Философия және құқық институтының Ұлтаралық қатынастарды зерттеу орталығында, Қазақстан Республикасының Президенті Аппаратында Ақпарат және талдау бөлімінің аға сарапшысы, Орталық Азия университетінің ректоры сияқты бірқатар жауапты қызметтерді атқарған. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды.
1931-1933 жылдары «голощекиндік геноцидтің», 1937-1938 жылдары сталиндік қуғын-сүргіннің, 2-дүниежүзілік соғыс майдандарында қаза тапқан қазақтар шығынын, тоталитаризм үшін «сенімсіз» халықтардың Қазақстанға қоныс аударылуының саяси себептерін ашып көрсету жөніндегі түрлі комиссиялардың жұмысына, сондай-ақ 1986 жылы оқиғаға қатысқан жастарды саяси-құқықтық ақтау үдерісіне қатысты. Халықаралық статистика деректеріне сүйене отырып, тұңғыш рет дүние жүзіндегі түркі халықтарының және қазақтардың жалпы санын жариялады. 1990-жылы «Азат» азаматтық қозғалысын құруға қатысып, оның тең төрағасының бірі болып сайланды. Тәтімов – көші-қон саясатын талдап жасаушылардың, шет жұрттағы қазақтардың елге оралуын алғаш ұйымдастырушылардың бірі. Қазақтардың санын есепке алып қана қоймай, оның өсіп-өнуіне баса назар аударып, өз үнін үнемі білдірумен келген ұлтжанды азамат болатын. Ұлты да оны ұмытпайды. Мәңгілік мекеніңіз жәнаттан болсын, Мақаш аға!
«Қазақ үні» газеті