Сен барда әкемді мен жоқтамадым
2016 ж. 19 сәуір
2411
0
(Белгілі журналист, қоғам белсендісі, қайын атам Жолдығұл Өтегеновке)
Ақжайық аңырады-ау құла белің, Қайғымды жанымдағы сұра менің... Асқар тау күңіреніп, қақ жарылып, Сүрініп, құлап кетті Құлагерім!.. Тоқтамай, толғауымды ақтарамын, Үйреттің айырмасын ақ-қараның. Әкемнен ерте ажырап қалсам-дағы, Сен барда әкемді мен жоқтамадым. Әкемдей қамқор болдың жаны жақын, Жөнім жоқ бұра тартып тарылатын, Алысқа ұзаңқырап кеткенімде, Өзің едің алдымен сағынатын... Ұлыңдай әңгіме-сыр құратынсың, Жақсыны маған теліп бұратынсың. Әйтеуір, жаңа болса, жақсы болса, Маған әкеп бергің кеп тұратынсың... «Көке» деп, көңіліңе құлықты едім, Қарсы алдың жеңісімді күліп менің... Шуағы бар қазаққа жететұғын, Мәңгілікке тоқтады ұлық демің... Асқар тауым құлады күңіреніп, Сәуірдің тастап кетті түні мені... Орның бөлек, көкежан, жатса-дағы, Жақсының бірі кетіп, бірі келіп... Жұртыңа бар сырыңды ақтардың да, Көз тіктің көз жетпейтін жаппар мұңға... Бір минөт жүрегіңнен шығармаған, Ақ тілекке асығып аттандың ба?!. Көкіректі шарпыған жалын мынау, Жалғанға жан дауысыммен шағындым-ау... Бақиға тым ертерек сапар шеккен, Ұлыңды, көке, сұмдық сағындың-ау?!. Жаны мен жүрегі ақ бексің деймін, Ізгілігің ілгеріге жетсін деймін. Жетпеген арманыңа, ақ көкешім, Немерең мен шөберең жетсін деймін. Жалғанды кешіп жатыр есінеп ел, Иманды жүрегі мен есіне бер! Көкемнің пендешілік қателерін, Е, Алла, рақымыңмен кешіре гөр!Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
"Қазақ үні" газеті
«Қазақ үні» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қажымұқан Ғабдоллаға қайын атасы белгілі журналист, қоғам белсендісі Жолдығұл ӨТЕГЕНОВТІҢ қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақтасып көңіл білдіреміз.
«Қазақ үні» газетінің ұжымы