Соңғы қуаныш

Жақында ғана Алматыдағы Ұлттық кітапханада Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасының қытай, түрік, неміс тілдерінде жарық көруіне арналған арнайы бас қосу өткен еді.

Аты аңызға айналған аға тұлғаны алғаш көру бақыты маған сол жолы бұйырды. Енді, міне араға ай салмай жатып қазасы жеткенде сенер-сенбесімізді білмедік. Бірақ, тағдырдың бұйрығына қарсы тұрарлық қауқары аз адам пендесіміз, көнеміз де көтереміз.

Аталған басқосуда Н.Келімбетовтың әдебиетіміз бен мәдениетімізге берген«Үміт үзгім келмейді», «Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік», «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Қазақ әдебиеті бастаулары», «Ежелгі әдеби жәдігерліктер»  секілді көл-көсір еңбектері мен

Л.Гурунцтың «Шіркін біздің Шушикент», В.Козаченконың «Найзағай», С.Ахмадтың «Көкжиек», П.Қадыровтың «Жұлдызды түндер» романдарын қазақша сөйлеткенін тағы бір мәрте есімізге алған едік.

Әсіресе, жазушының мүгедек шағының жан айнасы, көп тілдерге аударыла бастаған  айтулы шығармасы  - «Үміт үзгім келмейді» кітабы айрықша сөз болған. Әрі бұл шығармасы үшін жақында ғана ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Еуропаның Франц Кафка қоғамының наградасы берілгендігі мақтанышпен айтылған.

Десе де, сол соңғы кездесуде «жазушыға туған халқы, тұлғалы мемлекеті не берді?» деген күңкіл де естілді. Маңдайы кем, таңдайы кен қаламгерлер «кейін, кейін...» деп арзан жұбатулар айтысып, қымбат дүниемізді ұмытқандай асығыс қоштасқанбыз.  Ал, «кейін»...? Бұл сұраққа қазірде жауап бере алмай төмен қараймыз. Тірісінде үндемей, өлген соң бағасын асыратын ескі әдетпен құлаш-құлаш естеліктер жазамыз. Көз алдымызда тек қана Н.Келімбетовтың қаламгер қауыммен ақырғы басқосуындағы мейірге толы жымиысты бет әлпеті - соңғы қуанышы өзім түсірген фото суреттегідей кейінгіге қалды.

Жатқан жеріңіз жаннат, топырағыңыз торқа болсын. Алла Тағала арғы дүниенің шапағатын сыйласын. Бізде сізді өлгеннен кейін ғана еске алып отырмыз, ғапу!

 

Ж.Шәкенұлы