"МАХАББАТ КҮНІ" ҚАЛАЙ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ? немесе 77 мың теңге
2016 ж. 15 сәуір
4140
0
...Осыдан біраз жыл бұрын ғаламторды шарлап жүріп, Серік Абас-шахтың бір хабарландыруына көзім түсті. Ол кезде Секең Астанада еді. "Мен 15 сәуірді "махаббат күні" деп атап өтуді ұсынамын. Әулие Валентинмен әуейі болмай, өзіміз ғашықтар күнін атап өтейік." Несі бар, жақсы ұсыныс. Хабарландырудың аяқ жағына көзім түсіп кеткені. "Егерде кім де кім, осынау күнді менің неге таңдағанымды табар болса, жетпіс жеті мың теңге сыйақым бар..." Оу, мынауың әжептеуір ақша ғой. Және де бұның құпияларын менен артық кім біледі? Әжептеуір ақша үшін "әжептеуір" ойлануға тура келгенінің несін жасырайын. Тоқта, тоқта! Әлгі сұлумен қашан танысып еді? Жоо-оқ, ол оқиға күзде болған. Үйленуі... Жоқ, жазда алып қашқан... Сонда деймін-ау, басқа не болды екен? Он жыл бұрынғы оқиғаларды көз алдымнан қанша өткізуге тырысқаныммен болмады. Үміт үзілуге айналғанда бір бөлмеде отыратын Уркен Алипбаева қарындасым көмекке келді. – Аға, алғашқы кездесу, алғашқы... "Болды!" дедім. Сол сұлуын Шымбұлаққа алып шығып, қайтарда мәшинесінің доңғалағы жарылып жаяу қайтқандары, жол-жөнекей Алматының айлы түні куә болған алғашқы сезімдері... бәрі... бәрі... есіме түскендей... Тіпті, мәшинесінің доңғалағының жарылып қалғанына да Құдайға рахмет айтып еді-ау, бұл шіркін! Бәлкім әдейі жарды ма, мен үшін бұл жұмбақ. Сәуірдің ортасы еді ғой... ...Дереу телефонына СМС жібердім. Үш-ақ сөз бар. "Шымбұлақ... Сынған мәшине... Сұлу қыз..." Кәртішкемнің нөмірін жіберуді да ұмытпадым. "Үмітсіз шайтан" деген... Бәлкім, жолым болып қалар... Екі сағаттай уақыт өтті. Жауап жоқ. "Қателескен болармын" деп үмітті үзіп, қалған-құтқан ақшаға түскі асқа жинала бергенім сол еді, ұялы телефон «шиық-шиық» ете түсті. Банктен хабарландыру келіпті. "СІЗДІҢ ЕСЕП-ШОТЫҢЫЗҒА ЖЕТПІС ЖЕТІ МЫҢ ТЕҢГЕ КЕЛІП ТҮСТІ!" Бәрекелді! Өркен қарындаспен енді асханаға емес, мейрамханаға жиналдық. "Махаббат күні" осылай дүниеге келген!
Арман Сқабылұлының фейзбук парақшасынан
qazaquni.kz