Әмина Жарылқасын бастаған бишілер "Қамажай" биін билеуде
Ансамбль бас қалада биік белестерді бағындырды. Көптеген халықаралық және республикалық байқауларда Астана атын асқақтатты. Репертуарына 60-тан астам түрлі бағыттағы биді қосты. Және репертуардағы билерді әр үш-төрт жыл сайын жаңартып тұрады. Концертке жиналған қауым солардың біразын тамашалап, дарынды балалардың өнеріне қол соқты. Бұл күндері Астанада өтетін мерекелік шаралардан «Шашу» тыс қалған емес. Мәселен, бірнеше жыл бұрын VІІ Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары ансамбль бишілерінің мың бұралған биіне тәнті болды. Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Тәуіржан Рахат та балалар би арқылы алдымен қазақтың болмысын, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрлерін көрсетсе екен дейді. Концерттің алғашқы бөлімі де «Дала өрнектері» атауын алып, онда «Қос алқа», «Бәйге», Ата толғау», «Көңілді бикештер», «Шопандар» сынды ұлттық билер көрсетілді. Даланың ерке тағысы – киікті халқымыз ерекше қастерлейді. Қазақ әдебиеті мен музыкасынан да оның алатын орны үлкен. Мәселен, Сәкен Сейфуллин мен Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығынан киік бейнесі көрініс табады. Асқан қобызшы Ықылас Дүкенұлының да «Жезкиік» атты күйі бар. «Шашу» бишілері Ықыластың осы аттас күйіне би билеп, киікке қарсы жасалған адамдардың қатыгездігін бейнеледі. Жалпы, концертті тамашалап, бидің де адамды қызықтыратын сюжеті, композициясы болатынына көз жеткіздік. Әсіресе, ол жоғарыдағы «Жезкиік», Шопандар» және өзіміз шартты түрде «Бесік басында» деп ат қойған билерден көрініс тапты. «Жыл мезгілдері» атты екінші бөлімде балаларға арналған көңілді билер биленді. Оған бишілердің кіші тобы қатысып, құмырсқалар, кішкентай паравоздар, аспаздар бейнесінде көрермендерді тәнті етті. «Шығыс базары» бөлімін бишілер думанға айналдырып жіберді. Оны тамашалап отырып, «Мың бір түн» сынды ертегілер есімізге түсті. «Бір шаңырақ астында» бөлімінде болса, елімізде тату-тәтті тұрып жатқан ұлттардың билері көрсетілді. Солардың арасында «Балбырауын» биіне қол соғып, кавказдықтардың лезгинкасын, славян, татар билерін таныдық. Биыл тойланатын Ұлы Жеңістің 71 жылдығы мерекесі жақындап қалды. «Шашу» бишілері би арқылы аталарымыздың ерлігін жаңғыртып, сол соғыста шейіт кеткен боздақтардың рухына тағзым етті. Бишілер Құрманғазының «Адай» күйінің сүйемелдеуімен, жаугершілік заманда «Иә, аруақ!» деп атқа қонған батырлар бейнесін осы заманға алып келді. «Шашудың» концертіне, сондай-ақ Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы ұжымы да қолдау білдірді. Осы іргелі ұжымның Нұрғали Тұрлыбеков, Айнұр Байнулдинова, Дихан Ильяшев, Бауыржан Нұрымбетов сынды әншілері, «Шалқыма» халықтық би ансамблі, «Артист» эстрадалық би тобы өнер көрсетті. Концерттің соңында көрермендердің арасынан суырылып шыққан белгілі ақын, "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары Қазыбек Иса сөз сөйледі. «Шашу» ансамблі өзімнің қызым Әмина сияқты әрқайсымыздың үйіміздегі еркетотайларды өнерпазға айналдырды. Әркімнің қолынан мұндай келе бермейді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді. Ал, Тәуіржан Рахаттың ашқан бұлақтарын санасаң, өнер айдынындағы теңізге айналады» деген ақын ансамбльдің көркемдік жетекшісін "Қазақ хандығының 550 жыл" арнайы мерекелік күміс медальмен марапаттады Аманғали ҚАЛЖАНОВ astana-akshamy.kz«ШАШУДЫҢ» БИІК БЕЛЕСІ
2016 ж. 14 сәуір
5575
7
Астанада Конгресс-холда «Шашу» халықтық би ансамблінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Би әлемі» атты мерейтойлық концерті өтті. Әуел баста Жезқазған қаласында құрылған өнер ұжымы осыдан 10 жыл бұрын елордада қайта жаңғырды.