Қарындас, арқалайсыз ба?!
2016 ж. 12 сәуір
2153
1
Құдай басқа, ағарған шашқа бермесін, тасқын деген топас пәлекет сіздің басыңызға ағарған шашыңызға жас балаға, аңыраған анаға да қарамайды. Жолындағыны жайпап кете береді. Бұл тасқын дегеніңіз өте сұғанақ, жылпос, ұятсыз, үйіңізге рұхсатсыз кіріп кете береді. Көше біткен көл болады, мұны көріп, көңіл-күйіңіз нөл болады!
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауылын су басқалы жұрттың жүні жығылып, тасқын тақсырдан қалай құтыларын білмей әлек. Резина етік кигендері саяз жерге келіп, арғы бетке туыстарын арқалап өтуде. Жұмысы бар, балалардың мектепке баруы керек дегендей... Жігіт ағасы резина етік киген қыздың жанына келді.
– Қарындас, мені арқалап өткізесіз бе? – деп сұрады ол. Қыз аңтарыла қарады.
–Мен сізге «адам такси» емес шығармын?
– Кешіріңіз, жұмысқа асығып... Ақшаңызды төлеймін.
– Қыздың арқасына отырған жігітті көрдіңіз бе?
– Енді... Судан жаман қорқамын... Үйімізді де су басып қалды.
– Үйлерді су басып жатқанда қандай жұмыс?
– Әшейін айтамын, әкімшілікке барып, шенеуніктерді шақырып келмесем...
Бұл сөзді құлағымен қақшып алған қыз көңілдене кетті.
– Олай болса, келіңіз!
– Рахмет сізге...– деген жігіт қыздың арқасына қарғып мініп алды.
– Қарындас, сізді танымадым...
– Сәрсенбай жездемнің балдызымын... Кеше қыдырып келсем... Жыбырламай, тыныш отырыңызшы.
– Қай Сәрсенбай?
– Беті тыртық, желкесі жыртық Сәрсенбай... – деген қыз әзілдеген болды. Сол екен, жігіт оның үстінен қарғып түсіп, көлшікке отыра кетті. Орнынан суы сорғалап тұрды.
– Ойбай, Сәрсенбай естісе, есектің етін жегізер!
– Туу, енді әкімшілікке қалай барасыз?
Әкімдіктің шенеуніктері шай ішіп отырғандай. Ештеңе болмағандай. «Бізде төтенше жағдай жоқ!» дейді. Көздері аспанға атысып қалған ба, шенеуніктер не дейді өзі? Қараңыз, Абдулла Ибадуллаевтың үйіне кірген су жарты метрге жеткен. Тұрмыстық техниканы жоғары көтеріп қойып, ал қалған дүние-мүлкін әкесінің үйіне көшірген. Үш баласы мен жары да сонда жүр. Баспанасын тастай қашқандарды аудан шенеуніктері көрмейді екен. Бәрінің көздері алыстан нашар көреді... Бір ғана Атамекен ауылында 50-ге тарта шаңырақ судың астында қаңырап бос тұр. «Қайтеміз енді? Өлуге уақыт жоқ...», – дейді Атамекен ауылының тұрғыны Тойлаш Меңдібаева. Тұрғындар дабыл қағып жергілікті биліктен көмек сұрағанымен, қайран болмаған. «Бас-басына үй салып бере алмаймыз. Тексереміз, суды қуалап қашырамыз, суды қорқытамыз! – дейді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев. Біз де былай түйіндейміз: «Ерте көктемнен арық-атыздарды тазалауға, тасқынның алдын алуға пәрмен бермеген аудан әкімшілігі қызметкерлерін тасқынды таспен ұрып, ауылдан қуалап шығуға кеңес береміз!»
Ратқұм МІРЕШ
"Қазақ үні" газеті