Салтанат БАҚАЕВА, әнші, актриса: Жағымсыз кейіпкер бейнесінде көрінгім келеді...
2016 ж. 05 сәуір
5380
0
– Салтанат, ата-аналардың көпшілігі қыз баланың өнер жолын таңдауын құп көрмейді. Сіздің өнерді таңдауыңызға әке-шешеңіз қалай қарады екен? – Мен бес жасымда-ақ Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінің табалдырығын аттаппын. Осының өзі ата-анамның мені бала күнімнен өнерге бейімдегісі келгендігін көрсетсе керек. – Ал, актриса деген ұғымды қай уақытта түсіне бастадыңыз? – Сонау музыка мектебінде дәріс берген ұстазым – Ержан Қосбармақов бірде маған: «Сен актриса болатын қызсың» деп айтып қалғаны бар. Менің мамандық таңдауыма осы кісінің берген ақыл-кеңесі ықпал еткенін айтуға тиіспін. Ұмытпасам, 9-шы сыныпта оқып жүргенімде бойымда актрисалық қабілетімнің бар екеніне көз жеткіздім. Сөйтіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсуге бел будым. – Ал кез-келген артистің қолы жете бермейтін өнер шаңырағына қалай қабылдандыңыз? – М.Әуезов атындағы академиялық драма театры еліміздегі ең белді өнер ордасы екендігі көпшілікке мәлім. Сондықтан да, театрға қызметке орналасу мен үшін оңай іс емес-тін. Академияда оқып жүргенде ең белсенді студенттердің бірі едім. Шыны керек, менің қатысуымсыз өтетін іс-шаралар некен-саяқ еді. Тілектес Мейрамов, Рахилям Машурова және басқа білікті ұстаздардан дәріс алып шеберлігімді шыңдай түстім. Мақтаулы шәкірттердің бірі болғандықтан ба, ұстаздарым маған: «Сені Әуезов театрына алады» деп үнемі айтып отыратын. Есағаның (Есмұхан Обаев) алдына үш рет барғанымда да, ол кісі мені жұмысқа қабылдамады. Ұстаздарымның әлгі сөзі құлағыма сіңіп қалса керек, жібі түзу жұмыс таба алмаған кезімде өзімді далада қалып қойғандай сезіндім. Ашығын айтсам, Әуезов татрының актрисасы атануыма ұстазым – Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева ықпал етті. Қазіргі таңда осындай ардақты ұстаздарымның атына кір келтірмей, барымды салып, еңбек етіп келе жатқан жайым бар. – Салтанат, қоржыныңызда «Ромео мен Джульеттада» Джульетта, «Таңсұлуда» Таңсұлу сияқты бір емес, бірнеше басты рольдер бар. Жалпы артиске басты роль көбіне қалай бұйырады? Бұған жастығыңыз, әдемілігіңіз әсерін тигізе ме, жоқ актрисалық шеберлігіңіз бе? – Әрине, ең бірінші кезекте артистің кәсіби шеберлігі дер едім. Меніңше, театрға алғаш қабылданған кезде кел-келген артиске үлкен бір рольді беріп, сыннан өткізеді. Егер де, өзіңе жүктелген міндетті жоғары дәрежеде орындап шықсаң, алдағы уақытта да саған үлкен рольдер сеніп тапсырылады. Мәселен, мен театрға енді ғана қабылданған сәтте «Ай тұтылған түн» деген спектакльдегі Ақбаланың ролін сомдау тапсырылды. Мен бұл образды жоғары деңгейде алып шықтым деп ойлаймын. Қасиетті қарашаңырағымыздағы алдыңғы буын аға-әпкелерден жағымды пікір естігенде, кеудемді қуаныш кернеді. Мен үшін бұл еш ұмытылмайтын, керемет сәттердің бірі. Жарты жылдан кейін «Ромео мен Джульеттадағы» Джульеттаның ролін сомдау бақыты бұйырды. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген бәлкім осы шығар. – Енді киноға бет бұрайықшы. Қандай рольді сомдауды армандайсыз? Мәселен, қыз бен жігіттің махаббатына құрылған киноларға ұсыныс түссе, келісім берер ме едіңіз? – Негізінен, алдағы уақытта кинода да, театрда да жағымсыз кейіпкер бейнесінде көрінгім келеді. Махаббат тақырыбына құрылған киноларда жігітін өліп-өшіп сүйетін қыздың ролінде ойнауға келісім бере алмаймын. Өйткені өздеріңіз білетіндей жолдасым, ата-енем бар. Тіпті мен, бойдақ күнімде де мұндайға бармас едім. Өйткені, бала күнімізден-ақ, қазақ қыздарына тән тәлім-тәрбиені бойымызға сіңіріп өстік. – Ал, ән әлемінде қандай жаңалықтарыңыз бар? – «Арнау» дуэті көпшілікке лирикалық топ ретінде танылды. Осы себепті де, жұрттың көбі біз көңілді ән айтсақ, дұрыс қабылдай бермейді. Біз топтың жан-жақтылығын көрсету үшін алдағы уақытта көңілді бір ән жаздырып, сол әнге бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз. Негізінен, әнге қатысты дүниелердің көпшілігін топтың мүшесі, әрі музыкалық продюсері – Нұржан Керменбаев шешеді. Әрине, бұл тұрғыда әннің маған ұнауы да маңызды. – «Арнау» тобымен тойларға жиі шығып тұрасыз ба? Бұған жолдасыңыз қалай қарайды? – Әрине, халық тойларға «Арнау» дуэтімен бірге шақырады. Бұған жолдасым қарсылық білдірген емес. Өйткені, бұл менің – жұмысым. Тіпті, кішкентайым қырқынан шықпай жатып, ел сұрғанда, көңілін жықпастан шығып кеткен кездерім де болған. Дәл қазіргі таңда екінші сәбиім жасына толмағандықтан, өзге облыстарға шығып жүрген жоқпын. Бірақ, Алматы қаласының өзінде өтетін тойларға сұраныс түсіп жатса, қалмауға тырысамын. – Әлеуметтік желілерде сіз туралы жазылатын сыни пікірлерге қаншалықты мән бересіз? –Әлеуметтік желі, біріншіден, өнер адамдарын халықпен жақындата түсті. Екінші жағынан, кейбір жандардың жөн-жосықсыз, ойына не келсе соны ашық жазуына мүмкіндік беріп қойдық. Әйтсе де, мұның өзі, заман талабына сай қажетті дүние шығар, бәлкім. Өзім туралы қандай пікір білдірсе, мен оған мән беремін. Дұрыс айтылған сынға неге көңіл бөлмеске?! Орынды сынды өзіме түртіп алып, міндетті түрде ескеруге тырысамын. Бірақ, мені танып, білмей жатып, сыртымнан тон пішіп, түрлі пікір білдіретіндер де бар. Осындай желі қолданушылары ең әуелі мені толық танып барып, қандай да бір ой түйсе жарар еді. – Өмірлік серігіңіз жаныңызды жақсы түсінетін сияқты... – Иә, ең бастысы жолдасым Нұржан өнеріме түсіністікпен қарайды. Мені өзіне баурап алған қасиеті – оның нағыз азаматқа тән ер мінезділігі дер едім. – Қазіргі таңда келіндердің көпшілігі енемен бір шаңырақ астында тұруға құлық таныта бермейді. – Керісінше ата-енемен бірге тұру бақытын иеленгенім үшін, жаратқанға сансыз шүкірліктер айтамын. Жас емеспіз бе. Білмейтін тұстарымыз жетерлік. Ал, ол кісілер бізге үнемі дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады. Біз жұмысқа немесе қонаққа кеткенде, балаларым ата-әжелерінің қарауында болады. Мұның өзі біле білгенге өте үлкен көмек. Жолдасымның ата-анасы – менің де ата-анам. Сондықтан да, ол кісілердің көңіліне кірбің түсірмеуге тырысамын. Осы уақытқа дейін ешқандай түсініспеушіліктер туындаған емес. Өнерде қандай да бір жетістікке жетіп жатсам, осы кісілердің қолдауының арқасы. Осындай үлгілі отбасының келіні атану, басыма қонған бақ деп білемін.
Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz