Актер Асылбек БОРАНБАЕВ: «ТАМАШАДА» ОЙЫМДАҒЫ ДҮНИЕНІ ЖАСАЙ АЛМАДЫМ...
2016 ж. 29 наурыз
11315
3
1-сәуір – Күлкі күні
Оның бір басынан небір өнер табылады. Бәлкім, актерлік жолды таңдамағанда, әнші немесе күйші, тіпті ақын болар ма еді, кім білсін? Бірақ ол азабы мен ғажабы қатар жүретін актерлік жолды қалапты.
Біз 90 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында үзіліссіз қызмет етіп келе жатқан Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «ТТТ» театрының директоры Асылбек Боранбаевпен тілдескен едік.
– Асылбек Райханұлы, қалың қазақ өзіңізді «Тамашаның» тарланы деп білетіндіктен, әңгімемізді де осы әзіл сықақ-отауына келуіңізден бастасақ...
– Әлбетте, мен «Тамашаға» театр арқылы келдім. Өнердегі ұстазым – Тұңғышбай Жаманқұловтың шәкірті атануым өнер әлемінен орын алуыма көп ықпалын тигізді. Т.Жүргенов атындағы Театр және Кино институтының 2-ші курсында оқып жүргенімде-ақ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлер құрамына қабылдануымның өзі екінің біріне бұйырмайтын бақ еді. Театр актері ретінде Әзірбайжан Мәмбетов қойған бірқатар қойылымдарда басты роль сомдау арқылы тәжірибе жинақтай бастаппын. Кейін Тұңғышбай Жаманқұлов қойған «Турандот ханшайым» мені біршама танымалдылыққа жеткізді. Осы спектакль бағымды ашты десем де артық айтқандық емес. «Тамашаға» бетбұрыс та осы тұстан басталғандай. Осы қойылымдағы ойынымды көрген Лұқпан Есенов ағамыз мені ешқандай сынақсыз-ақ «Тамаша» ойын-сауық ұжымы қатарына қабылдаған-ды. Ал сол тұстарда елге кең танылған «Тамаша» тарландары – Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Мейірман Нұрекеев, Уайыс Сұлтанғазин, Тоқсын Құлыбековтердің деңгейіне көтерілу бала күннен арманым-тын.
– Жаныңызға жақын комедия жанры бойынша Гогольдің «Үйленуінде» Агафья қалыңдықтың көзі түскен Подколесин келбетін кескіндеп, көрерменді күлкіге көмсеңіз, тарихи драма саналатын «Қазақтарда» – Қасымхан бейнесін сомдау арқылы тарихи тұлғаны халықтың көз алдына алып келесіз. Өзіңізді актер ретінде түрлі жанрда сынап көргеннен кейін, маған рольдің оң-солы бір деп айта аласыз ба? Жоқ әлде, әрбір рольге енген сайын қобалжисыз ба?
– Актердің бесаспап болуы керек-ақ қой. Комедияда үздік көрінгенімен, драма, трагедияға келгенде ақсап жататын кейбір әріптестерді білемін. Немесе осыған қарама-қарсы жағдайлар орын алып жатады. Ал өзім барлық жанрға түсіп көрген актерлердің бірі шығармын. Дегенмен, комедияға бейім екенім мәлім. Драма, трагедия жанрында ойнамаған рольдерім жетерліктей. Дей тұрғанмен, алар асу әлі алда.
Басында мені «Тамашадан» көрген кейбір көрермендерім театрға келіп, трагедия мен драмада ойнап жатқанымды байқап:
– О-о-ой, мынау «Тамашаның» әртісі ғой! – деп қолдарын шошайта қараған кездері де есімде. Бірақ бертін келе, көрермендердің өзі де актер деген мамандықтың сан қырлы екендігін түсіне бастады.
Маған рольдің оң солы бір деп асыра сілтеуден де аулақпын. Әрине, әрбір рольді сахнаға алып шыққанда тебірену заңдылық. Әйтпесе, ол халыққа дұрыс жетпейді, жөнді әсер қалдырмайды. Біреудің образын жасау, өзгенің кейпіне ену оңай дүние емес. Ол үшін актердің мол ішкі дайындығы қажет. Қойылым кезі тұрмақ, дайындық сәттерінің өзінде толқитынымды жасырмаймын.
– Режиссер мен актердің бірлігі сіз үшін қаншалықты маңызды?
– Кез-келген актер режиссерді тыңдауы тиіс. Сондықтан да, жұмыс барысындағы мәселенің көпшілігі міндетті түрде режиссермен кеңесу арқылы шешіледі. Өзгелер үшін жауап бере алмаймын, әрине. Бірақ өзім режиссердің айтқанына көне беретін де актер емеспін. Бір-бірімізге бағынбайтын сәттер де кездеспей тұрмайды.
– Балалық шағында-ақ, «Тамашаның» оқуына түсемін деп армандаған Асылбек Боранбай үшін «Тамашаның» негізін қалаушы Лұқпан Есеновтың аманатынан кейін ол ұжымнан кету қаншалықты қиын немесе оңай болды?
– Жан жүрегіммен қалап келіп, 22 жыл бойы қызмет еткен «Тамашадан» кету маған жеңіл тиген жоқ. Және де бұл бір күнде немесе бір айда шешілген дүние емес. Мен Лұқпан ағамыздың аманатына қиянат жасаған жоқпын. Жақсы болсын, жаман болсын, «Тамашаның» атын өлтірген жоқпын. Бірақ «Тамашаның» негізгі иесі – Лұқпан Есенов ағамыздың қызы – Әлия Есенова екені бәріңізге белгілі.
Кез-келген ұжымда барлық нәрсе басшының рұқсатымен шешіледі емес пе? Актерлар көп нәрсені сыртқа шығара алмады. Өзімнің ойымдағы дүниені жасай алмағандықтан, «Тамашаны» бәрібір баяғы дәрежесіне көтере алмайтындығыма көз жеткіздім. Сол себепті де кеткенім жөн деп шештім. Бірақ өзіммен бірге ешкімді «сүйреп» әкеткенім жоқ. Жаңа театрда жұмыс істеуге ниет білдірген әріптестерімнің бірқатары ғана «ТТТ» құрамына қабылданды.
– Бүгінгі қазақ әзіліне көптің көңілі неге тола бермейді? Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Шындығын айту керек, бүгінгі қазақ әзілінің хал-ахуалы орташадан сәл жоғары деңгейде. Қазіргі таңда Қазақ елінде ұзын-ырғасы жиырма екі сатиралық театр бар екен. Өкінішке орай, осылардың бірлі-жарымынан өзгесі мемлекеттік емес. Оның үстіне, аты бар да заты жоқ осындай театрларымыздың арасында жылына бір рет концерт бермейтіндері де ұшырасады. Концерт өткізгендерінің өзінен бір өзгешелік байқалмайды. Көпшілігі сол баяғы «Тамашаның» қалпында келе жатыр. Бүгінгі қазақ әзілі сапасының сын көтермеуінің бірінші себебі – сатира театрларында авторлардың жоқтығы. Бәлкім, бұл пікірім біреулерге ұнамас. «Осылар-ақ автор жоқ деп жылай береді» десе дей берсін. Бұл – шындық. Неге десеңіз, қазір сатира жанрында қалам тербейтін авторлардың көпшілігінің жастары келіп қалды. Өкінішке орай, олардың жібі түзу ізбасарларын көріп жүрген жоқпыз.
– Ал қазақ сатира театрларының жай-күйін жақсартудың жолы қайсы?
– Ол үшін мемлекет бір емес, бірнеше театрды өз қарамағына алуы керек. Сонда ғана, қазақ сатира театрларының жұмысы алға жылжиды. Жекеменшік театрлардың өзінің сахнасы да жоқ, әйтеуір, өлместің күнін кешіп отыр. Ал, «Республика» сарайында концерт қояйын десе, әкесінің құнын сұрайды. Мемлекет тарапынан белгілі бір дәрежеде қолдау көрсетілсе, аталмыш театрлар авторлармен, драматургтармен т.б. қажетті мамандармен жұмыс істеуге мүмкіндік алар еді. Отандық сатира театрларына мемлекет ешқандай қолдау бермесе, осы деңгейде қалуы әбден мүмкін. Өйткені, олардың басқа амалы жоқ.
Мәселен, Ресейде Евгений Петросян, Геннадий Хазанов, Владимир Винокур, Константин Райкин сынды танымал актерлердің әрқайсысының жеке-жеке театрлары бар. Бірақ барлығына мемлекет тарпынан қолдау көрсетіледі. Сол себепті де, олар бізге қарағанда оқ бойы озық келеді.
– Қазір «ТТТ» театрының директоры ретінде алдағы жоспарларыңыз қандай?
– «ТТТ» театрын құрғалы бері, бірнеше рет концерт бердік. Халық жақсы қабылдап жатқандай. «ТТТ» – талантты тұлғалардың толқыны деген мағынаны білдіреді. Ең негізгі жоспарымыз – әзіл-сықақ театрларының алдыңғы қатарынан көріну. Бұл тұрғыда театр ұжымымен бірге бар күш-жігерімді салып, жұмыс істеп жатқан жайым бар. Қазір шәкірт тәрбиелеу үстіндемін. Бір арманым – «ТТТ» театрын мемлекеттік театрға айналдыру. Тым құрығанда, қала бюджетіне кіріп, қаңырап тұрған Мәдениет үйлерінің бірін иеленсе, деген ойым бар.
– Оқырман қауым сіздің отбасыңыз туралы да біле отырса...
– Меніңше отбасындағы жағдайың қалыпты болмаса, қай салада жүрсең де ісің дөңгелеп, алға жылжиды деп айта алмаймын. Шаңырағымыздың ынтымағы мен бірлігін сақтауға жарым Гузаль екеуміз барымызды саламыз. Жұбайым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Алланың берген төрт қыз, бір ұлын тәрбиелеп келеміз. Бұл тұрғыда өзімді бақытты әкелердің қатарынанмын деп айта аламын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлмира САДЫҚ
"Қазақ үні" газеті