Қазыбек Иса. НАУРЫЗ ТОЙЫ
2016 ж. 22 наурыз
9769
5
НАУРЫЗ ТОЙЫ
Қазақстанда Наурыз мейрамы сонау 1926 жылдан кейін
алғаш рет 1988 жылы тойланды.
Жазған ақын жан сырын жазад бүгін,
Шектеулер мен шендерден азаттығын.
Тоқырауда тоқтыққа қалғыған ел,
Енді есіне түсірді қазақтығын!
Жақсы дәстүр қанатын жаяды әлі,
Қызғалдаққа қыр төсі боянады.
Самалынан санасы сергек тартып,
Ұлы халық ұйқыдан оянады.
Нағыз мейрам Наурыз ғой міне, келген,
Қаншама жыл тұншығып жүре берген.
Дүр сілкінтті дүниені дүбірімен,
Шөккен түйе секілді түрегелген!..
Қалып келген атадан мол мұраны,
Қажетсіз деп білгендер оңды кәні...
Мәдениетті мәңгүрттер мансұқ еткен,
Шырқа, қане, қолға алып домбыраны!
Айтшы, ақыным, өз тілің бар емес пе,
Тіл жайлы да түсеміз әлі егеске...
Тал бесіктен танатын талай надан,
Тамырынан қиылған тал емес пе?!.
Маңызын ел Наурыздың біледі енді,
Жаңа заман, Жаңа күн күле келді.
Жылдың басы жылылық әкелген соң,
Сең бұзылып, сергіп ел жүре берді.
Жаңа леппен жасарып. жайнап әлем,
Танытады пейілін тойға деген.
Өз ойыма тұншығып жүрген басым,
Өзгерер деп ел бұлай ойламап ем...
Көңілдерден биіктеп барады аспан,
Жаңа жылда жазамын жаңа дастан.
Жамыраған төлдердей төскейдегі,
Ұлттар мынау жарасып, араласқан.
Ұйықтап қалмай үйіңде қара басып,
Ұлы күні Ұлыстың далаға шық!
Қыз-жігіттер қырқаны барады асып...
Мөлдір бұлақ бетінен өзіңді көр,
Жүрме өзіңнен өзіңді ала қашып...
Жарысқа түс, ұйқыңды аш, түсіңді ұмыт,
Көрсетеді көктемде күшін жігіт.
Айтысқа шық, астарлап, сөз айтып қал,
Ару қыздың көңілін ішің біліп...
Салтанаттың сен де бір сәнін тапқын,
Жылдың басын жырлағын, дабылдатқын.
Бар ананың пейілі араласқан,
Наурыз көже дайын тұр, дәмін татқын!
Орындалды озығы ойдағының,
Көктем келді, көктегін, жайна гүлім.
Қасіретті күндерің қалды артыңда,
Қасиетті күніңді тойла, бүгін!
Қазыбек ИСА
1989 жыл
qazaquni.kz