АҚСАҚАЛЫН АРДАҚТАҒАН ЕЛ ЕДІК...
2016 ж. 20 наурыз
3786
7
«Неменеңе жетістің бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр...»
Мұқағали
«Ауылыңның үлкені кім?»
...Қараша айының соңында Қобыланды батырдың құтты қонысы, қыпшақтардың ежелгі атамекені – Қараспан ауылында тұратын немере ағам таң алдында қысылып, инфарктен қайтыс болады. Оны мен Ақтаудан келе жатып, пойыз үстінде естідім. «Ертең түсте жетемін» дедім жеңгеме. Айтқан мезгілде Арыстан түсе салып келсем, ағамды бір күн де түнетпестен шығарып қойыпты... Ал, қазақтың ежелгі салт-дәстүрі бойынша қаза жайлы хабар тиген алыстағы ағайын мен жекжат жеткенінше, марқұмды екі, кейде үш күнге дейін түнететін. Кәзір не көп молда көп, олардың бәрі орысшалау ұғыммен айтқанда, «Рим Папасынан да өткен әулие болып көрінгісі келеді». Яғни, кешегі өткен ата-бабаларымыздың деңгейіне жете алмай жүріп, солардан асқан діндар бола қалуға ұмтылады. Қазақтың әдет-ғұрпына мұрнын шүйіре қарайды, «Ойбай, несін айтасың, біз тек шариғат бұйрығымен жүріп-тұруымыз керек, адам өлді ме, енді ол бұ дүниенің адамы емес, о дүниенің адамы, сол себепті, енді оны ертерек көмуге тиіспіз!» дейді. Әсіресе, осындай төтеннен келген ажал отбасы мүшелеріне өте ауыр тиетінін, олар сәл де болса есін жиып, отағасының енді жоқ екеніне бойларын үйреткені жөн екенін де есепке алмайды. Екінші мәселе. Ағамыздың жетісін берген қонақасыда тамақ ішіліп болысымен жиналған жұрт қайта бастады. Шетелде дін оқуын бітіріп келген бір құда бала бар екен, соның уағыз әңгімесін тыңдамақ болып едік, сексенге жасы тақаған сол ауылдың бір шалы мен жекжаттар жағынан Арыстан келген, бұрын өзінше қызметкер болған, алпыстан асқан бір азамат діни уағызға онша құлық танытпай, одан көрі ауыл арасының өсек-аяң әңгімесін тыңдағанды дұрыс деп тауып, сөзді бөліп отырды. Осы үрдіс кәзір бір ауылға ғана емес, барлық ауыл мен қалаға тән десек, ақиқаттан тым алшақ кете қоймаймыз. Себебі, ондай жиынға шақырылған молдалар сол жерде отырған көпшіліктің көңілінің ауаны әлгіндей татымсыз әңгімеге әуестеу екенін байқайды да, дастарханға құран оқығанын ғана біліп, тыныш отырғанды қалайды. Оларға «сіз неге алдыңызға мінәйі себеппен жиналған халыққа имандылық жөнінен білгеніңізді айтпайсыз?» деп сұрақ қойсаң, қайтарар жауабы дайын: «Сұрасын, сұраса жауап береміз!» «Ал, сұрамаса ше? Сіз мұнда ет жеп, шай ішуге бола келіп пе едіңіз? Адамды имандылыққа тарту сіздің адам алдындағы, одан да бұрын Алла-Тағала алдындағы тікелей міндетіңіз емес пе? «Олар өздері сұрақ қоймайды» деп сылтауратпай, желеулетпей, қайта бір емес екі рет, тіпті, үш рет сол жердегі жиналған халыққа уағыз айтуға талпынбайсыз ба? Сол үш ретте де ешкім сөзіңізді қажетсінбей жатса, содан кейін-ақ үнсіз қалсаңыз, сосын-ақ шайыңызды сораптасаңыз жараспай ма?». Бұл сұрағыңыз әдетте жауапсыз қалады. Бірақ, қалыптасқан осынау келеңсіз жағдай үшін тек молдаларды ғана кінәлау әділеттікке жатпас. Мәселенің мәні қазақ «халық Алладан бір жас қана кіші» дейтін сол қалың көпшіліктің өзінің рухани дүниесінің айнығанында. Қазақ бұрын қарақан өз отбасының ғана күйін күйттейтін қарттарды «шал» деп атайтын, берісі бір ауылдың, әрісі тұтас рулы елдің қамын жейтін қартты «қария» деп құрметтеп, «ақсақал» деп ардақтайтын. Соңғы екеуін бір сөзбен «үлкендер» деп әлпештеген әдет-ғұрып ұмытылып, қолданыстан шығып барады. Бұрынғы санасы бұзылмаған, орыстың әсерінен «деформацияға» ұшырамаған, «таза» қазақ заманында «Ауылыңның (еліңнің) үлкені кім?» деген сұрақ қойылатын. Бұл сұрақ бүгінде қойылмауға айналды. Өйткені, елдің жайын ойлайтын ақсақалдар керек болмай барады. ...Біз 1959 жылы Тәжікстаннан көшіп келгенде түрлі себептермен атақоныс Созақ жеріне емес, Келес өңіріне тап болдық. Ал, ол Өзбекстанмен шекаралас аудан. Ауылымыздың базары да Шыназ кенті еді. Бала күнімде базарға барған сайын қай шайханаға кірсек те, төр жақтағы бір сәкіге жайғасқан бес-алты (кейде жеті-сегіз) өзбек шалын көретінмін. Таңертең де сол, сәске түсте де сол, бесінде де сол. Бір күні, ұмытпасам, жетінші сыныпта оқып жүргенімде, әкемнен («кемпірдің баласы» болғандықтан «аға» дейтінмін) сұрағаным бар: – Аға, осы өзбек шалдар шайханада таңертеңнен кешке шейін не бітіріп отырады? – Е-е, олар жай отырмайды, көп нәрсе бітіріп отырады! – деді әкем. – Олар осы базардың айналасындағы махаллалардың (орамдардың) сөз түзгінін ұстаған бір-бір үлкендері. Ақсақалдары. Олар өткен апта ішінде не жақсылық, не жамандық болды, қандай мәселе туындады, кімге көмек керек, соның бәрін рет-ретімен талдап, талқылап, ортақ бір шешімге келіп қайтады. Олардың айтқаны сол махалланың халқы үшін жазылмаған заңмен бірдей – бұлжытпай орындалады! Әкем соны айтқанда менің ойыма өз үйіміздегі көп жиын оралды. Әкем біз ішінде отырған нағашыларына қарасты ауылдағы он-он бес үйдің ғана емес, жасы қырыққа енді іліксе де, сол рудың үлкені де өзі еді. Қандай мәселе туса да, бәрі біздің үйде талқыланатын. Біреу майда-шүйде ұрлық жасап қойсын, басқа біреумен төбелесіп, басын жарып, көзін шығарып қойсын, дүкендегі сатушы «рәстірат» болып қалсын, тіпті, ерлі-зайыптылар ажырасатын болса да ол мәселе ешқандай милиция, сотқа бармайтын. Бұл күнде ондай жағдайды көзге елестетудің өзі қиын болып барады... Осыдан он жыл бұрын мен майда-шүйде шаруамен Шымкенттен шығып, Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, көп жыл аудандық ауруханада бас дәрігер болған Әбдіжүсіп Мақсұтовтың үйіне барып едім, ол кісі мені көлігіне салып ала жөнелді. «Қайда?» деген сұрағыма: «Үндеме, жаныңа майдай жағатын бір жиынға апара жатырмын сені» деді. Барсам, шынында да, мен қазақтың арасынан көптен бері іздеп, таппай жүрген дүнием алдымнан шықты. Бір кездері осы ауданның орталығы болған Жаңабазар ауылында әр апта сайын, жексенбі күні сол ауданның бір топ ақсақалы өзара бас қосып тұрады екен. Таңертең жиылған олар сәскеде жас малдың сорпасын ішіп, түс ауа етін жеп, арасында тоқтығын қымызбен басып отыратын көрінеді. Ең бастысы – мұнда сол аймақтың мәселелері сөз болады екен! Оның ішінде қызмет атқарғаны да, атқармағаны да бар, бірақ, бәрі де елге сыйлы жандар болып шықты. Мен олардың әңгімесін рахаттана тыңдаумен болдым. Тамақтан соң: – Ағалар, сіздерге деген алғысым шексіз! Мен ендігі жексенбіде диктофон мен фотоаппаратымды алып, қайтадан келемін, сіздердің бұл өнегелі істеріңізді елге таратамын, – дедім. Солай еттім де. Мақаланы газеттің екі бетіне бердім. Міне, еліне жаны ашитын ақсақалдардың бейресми ұйымы бізге ауадай қажет – олар әр ауыл, әр ауданда болуы тиіс! «Ардагерлер кеңесі» бар ғой деген» уәж де айтылар. Бірақ, олардың ресми биліктің сөзін сөйлеуден аса алмай отырғаны ешкімге құпия емес қой. «Жастардан жанымыз артық па?» Нақ осы билік тізгінін ұстап отырғандардың дұрысын дұрыс деп құптап, бұрысын бұрыс деп қақпайлап отыратын «Ақсақалдар алқасын» қайта тірілту ең алдымен бізге, қазақтарға керек! Өйткені, біз өз ұлтымызға ғана тән өрелі, өнегелі құндылықтарымызды жоғалтпай, жаңартып, заман кейпіне сай әрлендіріп, түрлендіріп отырсақ қана алға баса аламыз. ...Мен Жаңа жылдан кейін Жаңабек Әбішев деген досым екеуміз Алматыға, Ермек Нарымбаевтың сотына барып қайттық. Ондағы мақсат – қолымыздан келген көмегімізді көрсету еді. Міне, сол жерде мен жанашыр болып жүрген «ұлтшыл» қазақтың қарасы өте аз екенін көрдім. Келгендердің басым көпшілігі – орыстілді қазақтар. Көргенім жөнінде сол сот отырысының бәріне барып жүрген алматылық досым, белгілі қаламгер Геройхан Қыстаубаевпен ой бөлістім. – Дәл осы жағдай менің де арқама аяздай батып жүр! – деді ол. – Өйткені, бүгін бір күн ғана емес, үнемі осындай. Басқадан бұрын мен неге зейнеткер үлкендеріміздің аптасына екі-үш рет болып жатқан сотқа келіп отырмайтынын түсінбеймін! Үйлерінде қалып бара жатқан жұмысы да жоқ. Мен өзім Ермек пен Серікжанды соттап жатқандағы мақсат – осы сот арқылы қазақтың бір-біріне жаны ашитын-ашымайтынын зерттеп білу деп ойлаймын. Себебі, адами санаға, қисынға мүлдем қабыспайтын мынадай айыптауға да біз немқұрайлы қарап, бейтараптық танытып, «өз басым аман болсам жетеді, басқаларың күл болмасаң, бүл бол» деген оңбаған қағиданы ұстанып, үнсіз қалатын болсақ, ең алдымен үлкендеріміз шырылдап «сұмдық қой бұларың!» деп, жазықсыз жандарды арашалап алып қалуға тырысуымыз қажет. Және ендігі сотталу кезегі менікі-ау деп, іштей дайындалып жүрмін. Былтыр менің бір мақалама органдағылар қарсы шығып, кінәлады. «Сендер менің мақаламдағы жазған пікірлеріммен келіспесеңдер, неге дәл сол газетке қарсы мақала жазбайсыңдар?» дедім мен. «Неге менікі теріс екенін дәлелдеп көрсетіп, содан кейін мені сендерге жала жапқаным үшін сотқа бермейсіңдер?» Үн жоқ. Геройханды тыңдап болған кезде менің ойыма 1986-жылдың желтоқсаны, алаңға жиналған жастарды арашалауға Әзірбайжан Мәмбетов секілді екі-үш «ақсақалдың» ғана ұмтылғаны оралды. Одан кейін 2011-жылдың желтоқсаны, ондағы оққа ұшқан жұмысшыларды жазғырған ақын-жазушыларымыздың, оның ішінде Әбіштей абыз ағамыздың, Фаризадай «юбка киген Махамбет» апамыздың есімі еріксіз есіме түсті. Одан кейін былтыр өзім «Қазақия» газетінде атын атап көрсеткен, Қырғыз Республикасының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы (бізде ондай ұйым «Ардагерлер кеңесі» деп аталады ғой), Қырғызстанның «Ел Батыры» (біздің «Халық Қаһарманымыздың» аналогы) Дәулетбек Шадыбеков еске түсті. Дәукең «Ел Батыры» атағын, Алтын Жұлдызды кеудесіне 2010 жылы жемқор Бакиевтер әулетін биліктен қуған кездегі ерлігі үшін алған адам. Кәзіргі орнына да сол ерлігі үшін келген. Дәукең Асқар Ақаевқа қарсы көтерілген елдің қатарында да болған екен. «Бакиевтерден елді тазартамыз деген күрес кезінде талай азаматтарыңыздан айрылып қалған жоқсыздар ма?» деген сөзді көп еститініміз рас. Ешкім де адам шығыны болса екен демейді! Әсіресе, өз елімізде, өз жерімізде! Бейбіт заманда! Бірақ, шынайы Жақсылық, Ізгілік қашан оңай келіп еді? Еліміздің жарқын болашағы үшін он екі де бір гүлі ашылмаған өрімдей қыз-жігіттер бастарын бәйгеге тігіп жатқанда, алпыстан асқан, асарын асап, жасарын жасаған біздің өлім туралы ойланып отырғанымыз орынды ма? Қайта сол күрестің ең алдыңғы шебінде біз жүруіміз керек емес пе? Жастарға үлгі-өнеге көрсетпесек несіне «ақсақал» деген ардақты атты арқалап жүрміз?» Алпыстан біз де астық. Дәулетбектей бола алып жүрміз бе? Ондай болу ойымызда бар ма біздің?Өмірзақ АҚЖІГІТ
«Қазақ үні» газеті