ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫНА 90 ЖЫЛ
2016 ж. 20 наурыз
5341
0
Қай ел, қай мемлекеттің де рухани болмысын танытатын символдары болады. Қазақ елі үшін осындай символдардың бірі –құрылғанына 90 жыл толып отырған Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры. Қара шаңырақ театр өзінің осы 90 жылдық тарихында үлкен белестерден өтіп, елімізбен бірге дамыды, өзі де өсті, қоғамды да өсірді.Ұлттық рухани игіліктеріміздің, имандылық-адамгершілік ұстындарының сақталуына, іргетасы шайқалмауына ерен үлес қосты, қаншама буынды сұлулық, ізгілік әлеміне жол салып, тәрбиеледі. Бұл - бүгінде бақилық алыптардың, одан кейінгі бірнеше буын өкілдерінің, олардың дәстүрін жалғастырып келе жатқан қазіргі өнер қайраткерлерінің қалтқысыз да қажырлы еңбектерінің нәтижесі. Осы елеулі мереке кезінде қалың оқырманға қара шаңырақ театрдың жүріп өткен жолына үш кезеңге бөле отырып көз жүгіртіп, берекелі бүгіні туралы азды-кемді сөз айту парыз.
1926 – 1956 жылдар
Қазақ өнерінің қара шаңырағы,қазақтың тұңғыш кәсіби театры М.Әуезов атындағы академиялық драма театры шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашылды.Алғашқы қойылымдары Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы мен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді болды. Театр шаңырағын көтеруге С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, Қ.Жандарбеков, тағы да басқа «самородок сары алтын» актерлер ат салысты, ал, алғашқы режиссерлері С.Қожамқұлов, Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев еді.
Қоғамдық құрылым өзгеріп, жаңа өмірге біртіндеп бейімделе бастаған бұқараны тәрбиелеуде өнердің ролі үлкен болды. Өткен ғасырдың 20-30-жылдарында үлкен нәубетке ұшыраған қазақ халқы үшін білім мен мәдениет, өнердің аса зор маңызын қазақ зиялылары да қатты түсінді, сондықтан да қазақ театрының ашылып, еңсе тіктеуіне Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ж.Шанин, Қ.Сәтбаев, О.Беков, т.б. көптеген қайраткер ат салысты. Олардың қатарында сол кездегі Қазақстан Халық ағарту комиссариатының бастығы С. Садуақасов, ал, театрдағы шығармашылық-шаруашылық ұйымдастыру жұмыстарында ерекше көзге түскен алғашқы директоры Д. Әділов, тағы басқалар болды.
1926 жылдың 5 қазанынан театр директоры әрі көркемдік жетекшісі болған Ж.Шанин театрдың шығармашылық қалыптасуына аса көп еңбек сіңірді.Төкпе ақын И.Байзақов, атақты әнші Ә.Қашаубаев, палуан Қ. Мұңайтпасов жоғарыда есімдері аталған театр саңлақтарымен бірге болды. Сондай-ақ театр өміріне З.Атабаева, М.Шамова, А.Абдуллина, Ш.Байзақова, О.Қашаубаева, Ж.Шанина, Д.Оңғарбаевалар белсене араласты.
1928 жылы театр республиканың жаңа астанасы Алматыға қоныс аударып, 1930-жылдар белесінде ұжымға жаңа шығармашылық күш қосылды. Бұл қатарда Қ.Байсейітов, К. Байсейітова, Қ.Бейісов, Ш.Жиенқұлова, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Қ.Қармысов, С.Телғараев, Ә. Хасенов, Қ.Әділшінов, Ж.Өгізбаев, Р.Қойшыбаева, Ш.Айманов, С.Майқанова, Г.Сыздықова, т.б. атауға болады.
1932-1938жж. театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген М.Әуезовтің қара шаңырақтың іргесі бекіп, керегесі кеңеюіндегі еңбегі теңдессіз. Көркем пьесалары өз алдына мақалаларында да ұлттық театрдың бағыт-бағдарын айқындауға үлкен үлес қосқан суреткер әлемдік драматургия жауһарларынан аударып, репертуарды байытуда да көп жұмыс жасады.
М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» 1933ж. мамыр айында режиссер М.Насонов қайтадан қойды, бұл спектакль қазақтың тұңғыш кәсіби сценографы Қ.Қожықовтың алғашқы жұмысы болды. 1932-1934жж. театрда жемісті еңбек еткен суретші Ленинградтағы Үлкен, қазіргі Мариин театры жанындағы Көркемсурет студиясына жіберіліп, белгілі суретшілер .В.М.Ходасевич, А.Г.Тышлер, М.З.Левиннен екі жыл оқыды. Оралған соң «Абай», «Отелло», «Евгения Гранде», «Марабай», «Шаншарлар», т.б. біраз спектакльді көркемдеген, кейін кино саласына ауысқан.
Бұл кезеңде ұлттық драматургия қалыптасып, дами бастады. Қ.Кемеңгеров, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ш.Хұсайынов, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, т.б. пьесалары ең алдымен осы театрда сахналанды. Әлем драматургиясынан Шекспир, Мольер, К.Гольдони, А.Островский, Гоголь, М.Горький пьесалары қойылды.
1933-34 жылдары театрдан музыкалық студия бөлініп, ұжымдағы әншілік таланты басым актерлер сонда ауысты. Бүгінгі таңда республикамыздағы іргелі өнер ордалары болып отырған Абай атындағы опера-балет театры мен Республикалық Жамбыл атындағы филармония, «Қазақконцерт» сол кезде М.Әуезов театры құрамынан бөлініп шыққан музыкалық театр негізінде құрылған өнер ұжымдары.
1937 жылы театрға академиялық деген атақ берілді.
1930-1950жж. театрға арнайы шақыртумен келген орыстың кәсіби режиссерлері М.Н.Соколов, М.Б.Насонов, И.Б.Боров, М.А.Соколовский, М.И.Гольдблат ұжымның кәсіби өсуіне көп еңбек сіңірді.
Қара шаңырақ сахнада қазақ театр режиссурасының екінші буыны деп атауға болатын А.Тоқпанов, Ә.Ысмайылов, Н.Бейсековтер қызмет етті. М.Әуезовтің 1940 жылы режиссер А.Тоқпанов сахналаған «Абай» спектаклі театрдың үлкен көркемдік табысы болды. 40-жылдары көптеген романтикалық бейнелерді Ж.Жалмұхамедова, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, Б.Римова сынды актрисалар сомдаса, осы сахнада Ш.Аймановтың актерлік, режиссерлік жан-жақты таланты жарқырай көрінді. 50-жылдар белесінде театр Ташкенттегі Театр институтын бітірген Н.Жантөрин, Мәскеуден бітірген Ы.Ноғайбаев, Т.Жайлыбаев, М.Байзақова, Алматыда Киноактерлердің Жоғарғы мектебін бітірген З.Шәріпова, т.б. талантты буынмен толықты. Мәскеуден оқу бітіріп келгендердің арасында Қарас Кәрімов сынды азамат труппа меңгерушісі болып, өмір бойы театрдың «отымен кіріп, күлімен шықты».
1946 жылы құрылғанына 20 жыл толуына орай театр «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
1952 жылы «Абай» спектакліне (режиссер Ш.Айманов, суретші В.В.Голубович және рольдерді орындаушылар Қ.Қуанышбаев, Қ.Бадыров, Х.Бөкеева, С.Қожамқұлов, Р.Қойшыбаева, Е.Өмірзақов) КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.
1956-1986 жылдар
Бұл кезеңде театр сахнасында тарихи спектакльдермен қатар жасампаз еңбек, бейбіт қоғам, замандастар өмірі, олардың әділетті қоғам құру жолындағы іс-әрекеттерін көркем бейнелейтін қойылымдар алдыңғы қатарға шықты. 1956жылы С.Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов” пьесасы, 1957жылы М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек”, С.Мұқановтың “Майрасы” қойылды. Жалпы ұлттық драматургияның қалыптасып, дамуындағы кезең-кезең жетістіктер аз емес. Қазақ сахнасында комедия жанрының бағы жанғаны да осы кезең. Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейтов “Беу, қыздар-ай!”, “Ой, жігіттер-ай!” көрінді.Қ.Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті» комедияларыменкеңінен танылды. Бұл кезеңде Т.Ахтанов, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, С.Жүнісов, О.Бодықов, Е.Домбаев, О.Бөкей, Д.Исабеков, т.б. пьесалары сахналанды.
1958 жылы театр қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігінде қатысып, «Еңлік-Кебек» (М.Әуезов), «Шоқан Уәлиханов» (С.Мұқанов), «Ақын трагедиясы» («Ақан сері-Ақтоқты», Ғ.Мүсірепов), «Жалғыз ағаш орман емес» (Ә.Тәжібаев) және «Асауға - тұсау» (Шекспир) спектакльдерін көрсетті.
1961 жылы 10 тамызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрына ұлы суреткер М.Әуезовтің есімі берілді.
Бұл кезеңде «Асауға-тұсаумен» қатар Шекспирден «Отелло», «Ричард-ІІІ», Гогольдің «Үйлену», Лопе де Веганың «Сенек қорыған ит», Пушкиннің «Шағын трагедиялары», М.Каорудың «Шығыстағы бір бейбақ», М.Фриштің «Дон Жуанның думаны», Г.Лорканың «Бернарда Альбаның үйі», Пиранделлоның «Өгей қыз», М.Булгаковтың «Жендеттер», Чеховтың «Ваня ағай», т.б. қойылымдар репертуар сәнін кіргізді, көркемдік көкжиекті кеңейтті. М.Булгаковтың режиссер А.Мажурин қойған «Жендеттер» (ауд. А.Сүлейменов) спектаклінде актер Н.Жантөриннің Мольер, Чеховтың режиссер Ә.Мәмбетов қойған «Сүйікті менің ағатайым» («Ваня ағай», ауд.Ә.Кекілбаев)спектаклінде Ә.Молдабеков кейіптеген Ваня ағай рольдері қазақ сахнасының табысы болды.
1960-жылдары бас режиссер А.Мадиевский табысты жұмыс істеді.Жалпы 60-жылдардан бастап ұлттық режиссураның өркендеу кезеңі басталды. Бұл ретте де М.Әуезов театрының орны ерекше. Өйткені қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері А.Тоқпанов бастаған режиссерлер шоқжұлдызы Б.Омаров, Ә.Мәмбетов және Құрманғазы консерваториясы театр факультеті режиссура бөлімінің алғашқы түлектері Ж.Омаров, Р.Сейтметов, Қ.Жетпісбаев, А.Пашков, В.Пұсырманов, сондай-ақ Е.Обаев, М.Байсеркеновтердің бұл театрға түгелдей дерлік қатысы бар.
Осы орайда көрнекті театр режиссері, өнер қайраткері, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің есімін ерекше атау керек. Шығармашылық жолы сонау атақты 60-жылдар белесінде басталған, М.Әуезов театрына 40 жылға жуық көркемдік жетекшілік жасаған Мәмбетовтің сол кезеңде қойған атақты «Ана-Жер-ана» (Ш.Айтматов, сахналық нұсқа Б.Львов-Анохин), «Қан мен тер» (Ә.Нұрпейісов), «Қарагөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Абай» (М.Әуезов), «Қозы Көрпеш-Баня сұлу» (Ғ.Мүсірепов), «Менің сүйікті ағатайым» («Ваня ағай», А.Чехов, ауд.Ә.Кекілбаев), «Көктөбедегі кездесу» (Ш.Айтматов, Қ.Мұхамеджанов), «Біз періште емеспіз» (Қ.Мұхамеджанов), «Кориолан» (Шекспир, ауд.Х.Ерғалиев), «Эдип патша» (Софокл, ауд.Х.Ерғалиев), тағы да басқа спектакльдері ұлттық режиссураға жаңа мазмұн мен форма беріп, ұлттық сахна өнерін жаңа сапалық белеске көтерді.
1966 жылы «Ана-Жер-ана» спектакліне (режиссер Ә.Мәмбетов, суретші А.И.Ненашев, рольдерді орындаушылар С.Майқанова, Ф.Шәріпова, Б.Римова);
1970 жылы «Ленин 18 жылы» спектакліне (режисссер Ә.Мәмбетов, рольдерді орындаушылар М.Сүртібаев пен С.Қожамқұлов)Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
1973 жылы Иранның Шираз қаласында «Ана-Жер-ана» спектаклін көрсетті.
1974 жылы «Қан мен тер» спектакліне(автор Ә.Нұрпейісов, режиссер Ә.Мәмбетов, суретші А.С.Кривошеин және рольдерді орындаушылар А.Әшімов, Ф.Шәріпова, Ы.Ноғайбаев)КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Мәдени кеңістігімізде «Мәмбетов театры», «Мәмбетов дәуірі» деген ұғым қалыптасты. Сол кезеңде Әуезов театры Франция, Иран елдерінде фестивальдік сапарларға шығып, Мәскеуде бірнеше рет гастрольде болды. Бішкек, Ташкент, Нүкіс, Уфа, Қазан сияқты ірі қалалар халқы театр өнеріне аса үлкен ырзашылықпен қол соқты. Ал, республикамызда М.Әуезов театрының гастрольде болмаған облысы мен ауданы жоқтың қасы. Тап осы кезеңде К.Қармысов, М.Сүртібаев, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, Ә.Мұсабекова, С.Телғараев, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Ф.Шәріпова, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаңбаев, Р.Әуезбаева, Ғ.Сүлейменов, Ж.Медетбаев, Ә.Боранбаев, Ә.Кенжеев, У.Сұлтанғазиндер; сондай-ақ А.Әшімов, С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Т.Тасыбекова, Қ.Тастанбеков, Р.Машурова, Т.Жаманқұлов, Б.Жанғалиева, Ш.Ахметова, М.Өтекешова, бүгінде Астана театрында еңбек етіп жүрген Г.Әспетова, Т.Мейрамов, Ж.Мейрамова, Н.Тәшімова, Қ.Тілеуова, Л.Әбзелбаева, тағы да басқа өнер иелері сан қырынан жарқырай көрінді.
Бұл кезеңде ұлттық сахнаға кәсіби сценографтардың М.Ержанов, Д.Сүлеев, С.Үмекенов, М.Жолтаев, сынды екінші буыны, 70-80-жылдар белесінде үшінші буын Ф.Мұқанов, Е.Тұяқовтар шықты.
Спектакльге арнайы музыканы ұлттық композиторлар жаза бастады. Бұл орайда Ә.Мәмбетов көптеген спектакліне музыка жазған көрнекті композитор Ғ.Жұбанованы және Н.Тілендиев есімдерін атау орынды.
1976 жылы театр «Халықтардостығы» орденіменмарапатталды.
1976 жылы «Құлыным менің» спектакліне (автор О.Бөкей мен басты роль орындаушы Қ.Тастанбеков)Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді, қоюшы-режиссер Қ.Жетпісбаев.
1981 жылы театр жаңа ғимаратқа көшті (Абай даңғылы, 103).
1984 жылы Францияның Нанси қаласында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклін көрсетті.
1986-2016 жылдар
1986 жылғы Желтоқсаннан кейін ел тарихындағы ақтаңдақ кезеңдер, жабық тақырыптар сахнадан көрініс берді. Мұның алғашқы қарлығаштары режиссер Ә.Мәмбетов қойған «Біз періште емеспіз» (Қ.Мұхамеджанов), «Ғасырдан ұзақ күн» (Ш.Айтматов),«Кемеңгерлер мен көлеңкелер» (С.Жүнісов) драмалары болды.
1988 жылы театр Қазақстан мен Орта Азия театрларының Алматыда өткен халықаралық І «Наурыз» фестивалінде «Біз періште емеспіз» спектаклімен жүлдегер атанды.
1991 жылы Қазақстан мен Орта Азия театрларының Ташкентте өткен ІYхалықаралық «Наурыз» фестивалінде жүлде алды («Ғасырдан ұзақ күн», Едіге ролін орындаушы Т.Аралбай).
Режиссер және актер А.Әшімов сол жылдары ақталған Ж.Аймауытовтың«Ақбілек», романы бойынша спектакль қойды. Режиссер Қ.Жетпісбаев «Дос-Бедел дос» (М.Әуезов) драмасын да тарихымызға шынайы көзқарас тұрғысынан сахналады. Көркемдік деңгейлері әрқилы шыққан бұл қойылымдар қоғамда резонанс тудырды. Жалпы режиссер Қ.Жетпісбаевтың осы сахнада көптеген салиқалы туындылар қойғанын, көптеген ізденістері жемісті болғанын айту керек. Замандасы, әріптесі Р.Сейметов сияқты әлемдік классикадан да күрделі пьесаларды қойып, театрға жаңа көкжиектер ашып отырған Жетпісбаевтың осы сахнадағы осындай соңғы жұмысы - Шекспирдің Кеңес Одағындағы сол кезеңдегі биліктің абсурдтық сипатымен сарындас«Юлий Цезарь» трагедиясы.
1988-1992 жылдары қара шаңырақ сахнасында алғаш рет «Кориолан» (ауд.Х.Ерғалиев, реж.Ә.Мәмбетов), Софоклдың«Эдип патша» (ауд.Х.Ерғалиев,реж.Ә.Мәмбетов),Еврипидтің «Медея» (ауд.Қ.Жұмағалиев, реж.А.Пашков), трагедиялары, Шиллердің «Генуядағы қастандығы» (реж.Ф.Зольтер), Мольердің «Ақымақ болған басым-ай»(ауд.А.Сүлейменов, реж.Ә.Рахимов)комедиясы қойылды.
Уақыт және қоғам тынысын жақсы сезінетін режиссер Ә.Рахимов жас драматург Е. Аманшаның «Үзілген бесік жыры» драмасын сәтті сахналады. Әлеуметтік теңсіздік, қоғамдағы тымырсық рухани ахуалды жастар өмірі арқылы көрсете отырып, әр жүректегі Желтоқсан мұң-қайғысын жеткізгендей қойылымды көрермен өте жақсы қабылдады.
1991 жылы «Үзілген бесік жыры» спектакліне(автор Е.Аманша, роль орындаушылар М.Омар, А.Омар)Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді.
Осы 1991 жылы еліміз егемендігін алған кезеңнен академиялық театр төл тарихымызды, қоғамдық құбылыстарды жаңаша көркем зерделеуге белсенді атсалысты. Белгілі өнер қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов басшылық жасаған уақытта театрда әртүрлі көркемдік-эстетикалық бағытта ізденістер жүрді. Қоюшы-режиссерлер –
дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін әдемі табатын режиссер Ә.Рахимовтің: «Төрт тақта – жайнамаз», «Жетінші палата», «Қыздай жесір – штат қысқарту» драма-диалогтары (А.Сүлейменов, «Ситуациялар» триптихі), «Қилы заман» (М.Әуезов, сахналық нұсқа Н.Оразалин), «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ғашықсыз ғасыр» (С.Балғабаев), «Кек» (А.Сүлейменов);
сол жылдары театрда жемісті еңбек еткен, қазақ сахнасына жаңалықтар әкелген Б.Атабаевтың «Қос мұңлық» (Б.Римова), «Шыңғыс хан» (Иран-Ғайып), «Соқырлар» (М.Метерлинк, ауд.Ә.Тәжібаев), «Кебенек киген арулар» (А.Тасымбеков, Қ.Ысқақ), «Мәңгілік бала-бейне» (Р.Мұқанова), «Шағала» (А.Чехов, ауд.А.Тоқпанов);
сондай-ақ өмірден ерте кеткен үлкен талант иесі Қ.Сүгірбековтің «Соңғы сезім» (А.Бекбосынов), «Шолпанның күнәсі» (М.Жұмабаев, сахналық нұсқа Ә.Тарази), «Құбылыс» (Ф.Кафка, сахналық нұсқа Е.Аманша), «Сәләмәтсің бе, Қоңыр мұң!» (Д.Амантай), «Қуыршақ үй» (Г.Ибсен), «Махаббат дастаны» (Ғ.Мүсірепов); және Т.әл-Таразидің «Турандот ханшайым» (К.Гоцци, ауд. М.Ахмет-төре), «Тұзды шөл» (М.Ғапаров), т.б. әртүрлі стильдегі қойылымдары көрерменнің мәдени құнарын арттыра түскені анық.
1994 жылы сахнада жасаған көркем бейнелері үшін актер С.Оразбаев ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
1996 жылы «Ситуациялар» триптихі («Төрт тақта-жайнамаз», Жетінші палата», «Қыздай жесір-штат қысқарту»)үшін жазушы-драматург А.СүлейменовкеҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді,режиссер Ә. Рахимов
Жаңа кезең, Тәуелсіздіктің бастауы болған 86-жылдардан беріде театр жазушы-драматургтар А.Сүлейменов, Б.Мұқайдыңкөтерген қоғамдық-әлеуметтік мәселелері ауқымды драмаларына ден қойды. Сондай-ақ Т. Нұрмағамбетов, Д.Исабеков, Т.Әбдік, Н.Оразалин, С.Балғабаев, И.Оразбай, И.Сапарбай, И.Вовнянко, Шахимарден, С.Асылбековтер пьесалары театр сахнасында бірнеше рет қойылды. Кейінгі буыннан Е.Аманша, Р.Мұқанова, Р.Отарбаев, Е.Жуасбек, Д.Амантай, тағы басқалардың шығармашылық табыстары осы үлкен театрмен де тығыз байланысты. Ал, театрдың драматургтар тобында қызмет ете бастаған М.Омарова мен Ә.Бағдаттардың заманауи драматургиядағы жарқын жаңа есімдер аталар күні, біздіңше, алыс емес.
ХХІ ғасырда театррепертуары, шығармашылық байланыстар аясы кеңейе түсті.Ұжымға тәжірибелі сахнагер Есмұхан Обаев жетекшілік жасаған кезеңде театр көрермені молайды, ұжым жүйелі түрде гастрольдік сапарларға шықты. Көркемдік жетекші классикадан М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясы мен «Абай» трагедиясын, Н.Гогольдің «Парасын» («Ревизор»), сондай-ақ қазіргі драматургиядан «Жаужүрек» («Балуан Шолақ», Д.Исабеков), Т.Аралбаймен бірігіп қойған «Сыған серенадасы» (И.Сапарбай), «Үміт үзгім келмейді» (Н.Келімбетов), жас режиссер Е.Нұрсұлтанмен бірге сахналаған «Ұры мен ұлы» (Т.Әбдіков) сынды қызғылықты қойылымдарды шығарды.
Бұл кезеңде әлемдік классикадан - «Ымырттағы махаббат» (Н.Гауптман, ауд.Қ.Ысқақ, реж.Р.С.Андриасян), «Гамлет» (Шекспир, ауд. Х.Ерғалиев, реж.Ю.Ханинго-Бекназар), «Ромео мен Джульетта» (Шекспир, ауд.Ә.Кекілбаев, реж.О.Салимов), «Фархад-Шырын» (Н.Хикмет, реж.А.Әшімов), «Үйлену» (Гоголь,ауд.О.Қыйқымов, реж.В.Захаров), «Аршын-Мал алан» (У.Гаджибеков, ауд.Қ.Мұхамеджанов, реж.Т.Әл-Тарази) тарихи тақырыпта - «Мөлдір махаббат» (С.Мұқанов, реж.Ә.Рахимов), «Қамар сұлу» (С.Торайғыров, сахналық нұсқа Шахимарден), «Томирис» (Шахимарден), «Қазақтар» (Қ.Ысқақ, Шахимарден, реж. Т.әл-Тарази); бүгінгі күн драматургиясынан - «Сұлу мен суретші» (Т.Ахметжан, реж.Н.Жақыпбай), «Қожанәсір тірі екен...» (Т.Нұрмағамбетов), «Тендерге түскен келіншек (М.Сәрсеке, реж.О.Кенебай), «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» (Е.Жуасбек, реж.М.Ахманов), «Көшкін» (Ж.Жуженоғлы, ауд.О.Қыйқымов, реж.А.Кәкішева), «Империядағы кеш» (С.Асылбеков, реж.А.Кәкішева), «Сағыныш пен Елес» (С.Балғабаев, реж.Ә.Рахимов), «Шәкәрім» (автор және реж.Ә.Рахимов),тағы да басқа көптеген спектакль көрерменнің әрқилы тобының көңілінен шықты. Жалпы М.Әуезов театрында тәуелсіздік жылдары республикадан және алыс-жақын шетелдерден режиссерлер шақырып отыру дәстүрі қалыптасты. Театрда спектакль қойған Ж.Хаджиев, Х.Әмір-Темір, Н.Жақыпбай, Ю.Коненкин, Қ.Қасымов, Н.Жұманиязов, М.Ахмановтар, сондай-ақ көрнекті түркмен режиссері К.Ашир, өзбек режиссері О.Салимов, орыс режиссері В.Захаров, драматург-режиссері Н.Птушкина және литвалық Й.Вайткустардың әртүрлі қолтаңбалары актерлер үшін жақсы тәжірибе болғаны анық.
Уақыт қашанда өз талаптарын алға тартады. Жұмыс жандана түсу үшін заманауи менеджмент қажеттілігі туды. Театр басшылығына 2013 жылдың көктемінде келген белгілі өнертанушы, драматург Еркін Жуасбек жұмысты осы бағытта жүргізді. Республика Мәдениет министрлігінің пәрменімен театрлардағы директор мен көркемдік жетекші қызметтерінің бөлінуіне байланысты М.Әуезов театрының көркемдік жетекшілігіне Асанәлі Әшімов тағайындалды. Көрнекті актер, режиссер, тәжірибелі сахнагер Әшімовтің театрдың шығармашылық бағытын айқындаудағы ролі аз емес. Театр халықаралық жобалар жасауды қолға алды. Бұл бағыттағы алғашқы тәжірибелер – ресейлік белгілі драматург, режиссер Н.Птушкина дәстүрлі классикалық сипатта сахналаған «Отелло» (Шекспир, ауд.М.Әуезов, сахналық нұсқа Ә.Бөпежанова) мен литвалық көрнекті режиссер Й.Вайткус Қорқыт бейнесін жаңаша зерделеткен «Қорқыттың көрі» (Иран-Ғайып) қойылымдары болды. Заманауи технологиялық жетістіктер еркін қолданылған соңғы спектакль 2015 жылы Қазанда өткен халықаралық фестивальда халықаралық Қазылар алқасы тарапынан жоғары баға алды. Театр репертуары басқа да сүбелі қойылымдармен толықты. Атап айтқанда, ұлттық драматургиядан - «Таңсұлу» (Ғ.Есім, реж.А.Кәкішева), «Қас-қағым» (Ж.Ерғалиев, реж.Е.Нұрсұлтан), «Өйтпесе Мағжан бола ма?!.» (Д.Исабеков, реж.А.Кәкішева), «Ай мен Айша» (Ш.Мұртаза, сахналық нұсқа Е.Жуасбек, реж.Т.Әл-Тарази), әлемдік классикадан - «Апалы-сіңлілі үшеу» (А.Чехов,ауд.Ә.Бөпежанова, реж.Р.Андриасян), «Шыны хайуанат» (Т.Уильямс, ауд.А.Сүлейменов, реж.А.Қабдешова), «Дон Сезар де Базан» (Ф.Дюмануар мен А.Д.Эннери, ауд. және реж. Ә.Рахимов)дүниелерді сахналады.
2015 жылдың сәуірінде қара шаңырақ театр директорлығына өнер жолын 1993 жылы осы сахнадан бастап, кәсібиліктің биігіне көтерілген, бірер жыл Ғ.Мүсірепов театрында көркемдік жетекшілік атқарған сахна шебері Ерлан Біләл келді. «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасына сәйкес жаңа мазмұнды Қазақстанды өркендету аясында театрдың стратегиялық бағыттағы жұмыстарын жемісті жүзеге асыра бастады. Бұл реттегі үлкен жоба - Қазақ хандығының 550 жылдығына Тараздағы мереке күндері ашық аспан астында 500 адамның қатысуымен көрсетілген «Қилы жол» (Ж.Ерғалиев) қойылымы. Тарихи-патриоттық тақырыптағы бұл алаңдық қойылым еліміздің сахна өнері тарихындағы ғана емес, рухани тәжірибесі орайынан да аса сәтті мегажоба деуге әбден болады.
Соңғы маусымдар қойылымдары - театрдың көркемдік жетекшісі А.Әшімов сахналаған «Қаза мен жаза» (И.Вовнянко), режиссер А.Маемиров қойған «Қоштасқым келмейді!..» (А.Володин) спектакльдерін көрермен жылы қабылдады. Ал, режиссер А.Кәкішева сахналаған «Алмас қылыш» спектаклі Қазақ хандығының 550 жылдығына және көрнекті жазушы І.Есенберлиннің 100 жылдығына лайықты тарту болып отыр. Театр репертуар басқа да мағыналы, жасампаз шығармалармен толыға түседі.
Қазіргі кезеңде театрдың шығармашылық әлеуеті жоғары. Кәсіби режиссерлер тобында шығармашылығымен кеңінен танымал Ә.Рахимов, А.Кәкішева және талантты жас буыннан Е.Нұрсұлтан мен Е. Нұртазин бар. Аға буыннан А.Әшімов, Е.Обаев, Т.Жаманқұловтар да қойылымдар шығаруда. Жоғарғы білікті, шығармашыл мамандардан тұратын Қойылымдық-көркемдік бөлімде кезінде талантты суретші Ф.Мұқанов, Қ.Ақбаевтар еңбек етсе, бүгінде спектакльдерденЕ.Тұяқов, Е.Әдісбек, М.Сапаровтардыңмазмұнды шығармашылығы танылады. Ал, өмір бойы осы театрдың гримері болып өткен шебер Б.Щербаковтың, сондай-ақ дыбыс бөлімінің жұмысын биік деңгейде ұстаған Е.Қуантқановтың шәкірттері бүгінде дәстүрді жалғастырып келеді. Дыбыс, жарық режиссерлері, костюм бөлімі, бейнебөлім, сондай-ақ басқа да көптеген цех қызметкерлері көркем спектакль үшін аянбай еңбек етеді. Ал, көркем спектакльді көрерменге алып шығатын негізгі тұлға, әрине, актер.
Қара шаңырақ театрда қалың көпшілік өзара жарасым-үйлесім тапқан актерлік бірнеше буын өнерін тамашалап келеді. Бүгінгі таңда, яғни 90 маусымда театрда белгілі өнер шеберлері А.Әшімов, С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Т.Тасыбекова, С.Қожақова, Б.Имашева сынды үлкен буын өкілдерімен бірге Ғ.Байқошқарова, Қ.Тастанбеков, Р.Машурова, Т.Жаманқұлов, О.Кенебай, Ш.Ахметова, М.Өтекешова, Ш.Меңдиярова, Ғ.Әбдінәбиева, Б.Жанғалиева, Р.Хаджиева, Т.Аралбаев, С.Мерекеұлы, М.Нұрәсіл, Б.Қожа, Г.Жақып, А.Бектемір, А.Сейтметов, Д.Темірсұлтанова, Б.Қаптағай, Б.Әбділманов, Б.Тұрыс, Ғ.Құлжанов, Ж.Маханов, О.Қыйқымов, Ж.Әміров, М.Омарбекова, Ү.Сейтімбет секілді талантты топ табысты еңбек етуде. Ал, бүгінде кәсібилігі жоғары орта буын - Е.Біләл, Д.Ақмолда, А.Боранбай, Ж.Толғанбай, Д.Жүсіп, Ш.Асқарова, Ш.Жанысбекова, Г.Тұтова, К.Шаяхметова, Н. Бексұлтанова, А.Сұрапбай, Н.Қарабалина, Б.Айтжанов, З.Көпжасарова, Б.Қажнәбиева, А.Сатыбалдиева, А.Бөкенбай; бұлардан кейінгі буын Н.Жекенова, Е.Дайыров, Л.Қалдыбекова, Г.Шыңғысова, Р.Сенкебаев, Д.Мұсаев, Т.Сағынтаев, А.Шаяхметов, Ж.Байсалбеков, Б.Жақыпбекова, А.Өмірова, Н.Әбілов, С.Құлымбетова, Е.Тұрыс, Е.Бектасов, С.Бақаева, З.Карменова, А.Бақытжанова, Ғ.Оспанов, М.Мұхтарұлы, тағы да басқалар театр репертуарының негізгі жүгін ойдағыдай көтеріп келеді. Ал, соңғы маусымдарда театрдың актерлік құрамы талантты жастармен тағы да толығып, олар қазірдің өзінде жасына лайық басты рольдерді сәтті орындай бастады. Қара шаңырақ театр актерлері ірі киножобалардың, көптеген телесериалдардың, концерттік жобалардың сәнін кіргізіп, мәнін тереңдетіп жүргені де талассыз.
Бүгінгі таңда театрда - 1 - КСРО халық артисі,10 - Қазақстанның халық артисі,11 - Қазақстанның еңбек сіңірген артисі,1 - ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері,23 - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;1 - КСРО Мемлекеттік сыйлық иегері,3 - ҚР Мемлекеттік сыйлық иегері,3 - «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 3 - Қазақстан Жастар Одағы сыйлығы лауреаты,15 - «Серпер» Жастар Одағы сыйлығының лауреаты,1 - Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,2 - Жалпыұлттық тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты;3 - «Отан» ордені иегері,1 - «Барыс» ордені иегері,7 - «Парасат» ордені иегері,16 - «Құрмет»,1 - «Достық» орденінің иегерлері, сондай-ақ6 - профессор,9 - доцент қызмет етеді.
Қазіргі репертуарында ұлттық, шетелдік классикадан және бүгінгі драматургиядан елуден аса қойылым бар. Жалпы репертуардың 70 пайызы қазіргі заман тақырыбындағы пьесалар.Ай сайын стационарда (Үлкен және Кіші зал) 30 шақты спектакль ойналады. Мұның сыртында ұжым облыс, аудандарға тақырыптық шағын гастрольдерге шығады.
Ең алғашқы республикадан тыс гастроліне 1928 жылы шыққан театр Ташкент қаласында жиырма күндей өнер көрсеткен. Ал, 1937 жылы академиялық атағын алғалы бері шыққан гастрольдік сапарларында есеп жоқ. Театр актерлері Ұлы Отан соғысына өнер адамдарының арнайы бригадалар құрамында да өнер көрсетті. Кеңестік кезеңде республика облыстары мен аудандарының барлығын дерлік аралап өнер көрсеткен, сондай-ақ сол кездегі КСРО республикаларының көбінде, сондай-ақ шетелдерде сапарда болған. Бірнеше рет Мәскеуде табысты гастроль өткізген.Қойылымдарын республика көрермендері ғана емес, алыс-жақын шетелдер көрермендері де жоғары бағалайтын Республикалық фестивальдарда сан рет жеңімпаз болған М.Әуезов театрыөзінің биік өнерін небір халықаралық фестивальдарда да паш етіп келеді.
1996ж.– Египетте өткен Халықаралық экспериментальды театрлар фестивалінен «Абылайханның ақырғы күндері» спектаклімен жүлделі оралды.
1999ж. – Түркі елдері театрларының Уфада (Башқұртстан, Ресей) «Туғанлық» ІІ Халықаралық фестиваліне;
2000ж. – Германияда өткен «Жібек жолы» халықаралық фестиваліне;
2007ж. – Тәжікстанда өткен халықаралық фестивальға;
2008ж. – Қазақстан және Орталық Азия театрларының халықаралық фестиваліне «Сұлу мен суретші» спектаклімен қатысып, Бас жүлдені жеңіп алды;
2009ж. – Кореяда өткен «Ұлы Жібек жолы» халықаралық фестиваліне;
2010ж. - Түркияның Конья қаласында өткен халықаралық фестивальге;
2011ж. – Түркиядағы халықаралық фестивальге қатысып, өнері жоғары баға алды.
2012ж - Д.Исабеков драматургиясы бойынша өткен 1 халықаралық фестивальға «Жаужүрек» («Балуан Шолақ») спектаклімен қатысып, арнайы жүлдеге ие болды.
2014ж. – Беларусь елінде, Брест қаласында өткен «Белая Вежа» халықаралық фестиваліне «Бейбарыс сұлтан» спектаклін ағылшын тілінде ойнап, жүлделі оралды.
2015ж. (19.04-02.05) – Түркияның Конья қаласыда өткен ҮІІІ «Мың тыныс және бір дауыс» атты Түркі халықтары театр фестивалінде «Сұлтан Бейбарыс» спектаклімен табысты өнер көрсетті.
2015ж.(31.05.-4.06) – Ресей, Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен халықаралық «Наурыз» түркі халықтары фестивалінде «Қорқыттың көрі» спектаклін көрсетіп, жоғары баға алды.
2015ж. (19-23.10) - Қырғызстанның «Арт-Ордо» халықаралық фестивалінде «Қас-қағым» қойылымымен Бас жүлдені иеленді.
2015ж. (26-31.10) - Атырау қаласында өткен Р.Отарбаев атындағы Халықаралық театр фестивалінде «Сұлтан Бейбарыс» спектаклі үшін Бас жүлдені жеңіп алды.
М.Әуезов театрының тәуелсіздік кезеңіндегі, әсіресе, осы ғасыр басынан бергі гастрольдік карта географиясы тым ауқымды. Ұжым Республика Мәдениет министрлігі қолдауымен, сондай-ақ арнайы шақырулармен де Ресейдің Омбы қаласы мен облысында, Ташкентте және республика облыстары мен елордамыз Астанада, сондай-ақ Елбасымыздың шағын қалаларды мәдени қызметпен қамту бағдарламасы аясында соңғы үш-төрт жыл ішінде еліміздің 7-8 шағын қаласында өнер көрсетті. Сондай сапарларының бірі - театр 2013 жылдың желтоқсанында Жаңаөзен қаласына барып, арнайы спектакль қойғанын, қалың көпшіліктің ерекше ықыласпен қарсы алғанын атап өту орынды.
Театр 1995 жылдан бастап жыл сайын жаңа қойылымдарының фестивалін Наурыз мерекесі және Халықаралық театр күніне орай өткізіп келеді. Биыл 21 рет болатын, республикамызда осы форматтағы бірден-бір бұл өнер мерекесі жаңа идеяларды рухани айналымға түсіріп, жаңа есімдерді ашуымен бағалы.
24-27 наурызда өтетін биылғыфестиваль қазақ өнерінің көзі тірі аңызы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекованың 100 жасқа толуына арналады. 27-наурызда кешке театрдың 90 жылдық мерейтойына арналған салтанат өтеді. Театр залдары әдеттегідей лық толарына күмән жоқ. Өйткені, алматылық көрермендер мен қала қонақтары мәдени-рухани тынысымызда, жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуде атқаратын ролі елеулі мұндай кештерге, бенефистерге, премьераларға, жалпы спектакльдерімізге үлкен ықыласпен келеді.
Алматыдай үлкен мегаполис, мәдениет пен өркениет ордасын қазақ өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрынсыз елестету, әрине, мүмкін емес. Театрдың Алматының мәдени өркендеуіне үздіксіз үлес қосып келе жатқанына 88 жылдың жүзі болыпты. Театр ұжымы көптеген Алматы қаласының Жоғарғы оқу орындарымен, колледж, мектептермен, біраз компанияларымен,Алматы облысы аудандарымен тығыз байланыста.Театр ұжымы Қазақстан Республикасының Мәдени саясатының тұжырымдамасына сай «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы» кластері аясында жұмыстар жүргізіп, үлес қосуға мүдделі.Бұған екіжақты серіктестік байланыстар керек. Алдағы уақытта Алматымен әріптестік, серіктестік нығаяды деп білеміз.
* * *
Театрдағы сан-салалық шығармашылық жұмыстар бүгінгі күн тынысы болса, күні ертең ол тарихқа айналады. М.Әуезов театрында 1968 жылдан бері музейі жұмыс жасап келеді. Музейде еліміз өнерінің тарихы үшін аса бағалы, өте құнды тарихи экспонаттар сақталған. Кәсіби маман Н.Асанжанова жетекшілік жасайтын музей қызметкерлері театр тарихын жүйелеу, құжаттарды сұрыптау, әртүрлі фестивальдар, кештер, мерейтойлар, өзге да шараларда арнайы көрмелер ұйымдастыру, қажет кездерінде республикадағы өзге театр музейлеріне әдістемелік-шығармашылық көмек көрсетумен айналысады. Музей Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясы студенттері мен БАҚ, ЭБАҚ өкілдері үшін ғылыми-ақпараттық,тәжірибелік-танымдық база болып отыр. Музей 2014 жылы күзде, театрдың 89 маусымының ашылуында өз жұмыс аясын кеңейтіп, көрермендер үшін арнайы ашық залда қызмет көрсете бастады.
Театр жанынан «Сырласу» клубы және фан-клубтың ашылуы да театрдың қалың көпшілікпен тығыз байланыс жасауының және мемлекеттік идеологияны қалың бұқара арасына кеңінен насихаттаудың жақсы жолы. Мұндай жұмыстар және театрдың тыныс-тіршілігінен қоғамды жедел хабардар ету жас театртанушы, талантты менеджер С.Әбілғазиева жетекшілік ететін БАҚ және қоғамдық байланыс бөлімінің еншісінде. Бөлім жұмысында республикаға белгілі журналист А.Халықованың, редактор Қ.Смағұлованың даүлесі аз емес. Сондай-ақ «Көрермен» агенттігінің тәжірибелі қызметкерлері М.Мамидолдина, С.Сариевалардыңқағидасы «театр – көрерменімен көрікті».
Театр ұжымы, сахна қайраткерлері сахнада және қоғамдық өмірде де тәуелсіз еліміздің мұраттарын ардақ тұтады. Бұл тұста сахна қайраткерлерінің кітап жазу, кітап шығару саласындағы еңбектері бір төбе. Театр алыптарының дәстүрін жалғастырып көрнекті режиссер Е.Обаевтан бастап көрнекті актерлер, А.Әшімов, С.Оразбаев, Т.Жаманқұлов, театр шежірешісі Х.Елебекова, белгілі актриса Т.Тасыбекова, режиссерлер Ә.Рахимов, О.Кенебай, сыншы Ә.Бөпежановалардың кітаптарын өнерсүйер қауым, қалың жұртшылық қызыға оқиды. Театрда дүние кешкен көрнекті актерлердің шығармашылығын жинастырып, кітап шығару дәстүрі қалыптасқан - «Әйгілі адамдар» сериясымен «Ф.Шәріпова», «Ә.Молдабеков», «Е.Жайсаңбаев» кітаптары, сондай-ақ Р.Әуезбаева, Ж.Медетбаев, Ә.Боранбаев туралы естелік жинақтар және Ш.Айманов, Ә.Мәмбетов, Ы.Ноғайбаев, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаңбаев, А.Әшімов, Н.Мышбаеваның көркем альбомдары жарық көріп, көпшілік игілігіне айналды. Қоғам үшін өзекті мәселелер және өнер тыныс-тіршілігі туралы театр режиссерлері, актерлері үнемі республикалық және шетелдік БАҚ пен ЭБАҚ-та ой-пікірлерін білдіріп отырады. Бұл ретте театр тарландары мен мың жасаған шаһардың шамшырағы «Алматы ақшамының» шығармашылық байланысы тұрақты. Көрнекті сахнагерлер С.Оразбаев, А.Әшімовтердің газет беттерінде жарық көрген қызғылықты материалдарын «Алматы ақшамы» жинақ етіп шығарған жақсы дәстүрі жалғасын табары анық. Ал, қазір оқырман газеттің әр сенбілік номерінен көрнекті режиссер Е.Обаевтың естеліктерін қызыға оқуда.
Қара шаңырақ театрдың ұжымдық өнері, жекелеген сахнагерлер өнерітеатртану ғылымында тұрақты зерделеніп отырады. Бұл реттеұжым қара шаңырақ театрдың тарихын алғаш рет ғылыми жүйелеп, үлкен еңбек жазған мәскеулік ғалым Н.Львов, театрдың тарихы мен даму жолын зерттеуде үлкен еңбек жасаған көрнекті театртанушы ғалым Б.Құндақбаев, сондай-ақ көрнекті сыншылар Қ.Қуандықов, Ә.Сығай есімдерін құрметпен еске алады.Театр қойылымдары және жекелеген актерлер шығармашылығы туралы аға буын А.Қадыров, К.Нұрпейісов, кейінгі буын театртанушылар С.Қабдиева, Б.Нұрпейіс, А.Мұқан, А.Еркебай, Ж.Сұлтанова, М.Жақсылықова, З.Исламбаева, М.Тәшімовалардың зерттеулері мен мақалаларының өнерсүйер қауымға берері аз емес. М.Әуезов театрының сахнагерлері туралы жинақтар шығарған, қойылымдары туралы кезінде өнімді жазған аға буын ақын-жазушы, өнертанушылар Қ.Уәлиев, А.Нысаналин, М.Қожахметова, С.Латиева, сондай-ақ қаламы қазір де қарымды А.Арцишевский, Қ.Сәрсенбай есімдерін мерейтой тұсында атау парыз.Қара шаңырақбасшылығы мен ұжымы үлкен достары – жаңа қойылымдарымыз, игі жетістіктер, жаңалықтарымызды оқырман-көрермендеріне сүйіншілей жеткізетін БАҚ пен ЭБАҚқа, журналистер қауымына, сондай-ақ «Театрkz», «Мәдениет» журналдарының ұжымдарына ырзашылығын білдіреді.
Қара шаңырақ - Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры,жоғарыда атап өткеніміздей, өзінің осы 90 жылдық тарихында үлкен белестерден өтіп, ұлттық өнердің символына айналды. Ұлттық рухани игіліктеріміздің іргетасы шайқалмауына, имандылық-адамгершілік ұстындарының сақталуына ерен үлес қосты. Бұл - бүгінде бақилық алыптардың, одан кейінгі бірнеше буын өкілдерінің, олардың дәстүрін жалғастырып келе жатқан қазіргі өнер қайраткерлерінің қалтқысыз да қажырлы еңбектерінің нәтижесі. Және де ұжым Елбасымыздың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы айналасында жүзеге асуы тиіс - биік көркем өнер, жаңа тұрпатты мәдениет жасау, заманауи талаптарға сай, жаңа заман адамын қалыптастыру; әлемдік мәдени-рухани кеңістікке еркін еніп, ұлттық өнерімізді таныту жолында қызмет ете береді.
Әлия Бөпежанова,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» сыйлығы иегері