ҚАБЫЛСАЯТ МҮЙІЗСІЗ ҚАЛДЫ, ҚАРА ХАЛЫҚ ҚҰЛАҚ СҰРАП ЖҮР

Ежелден-ақ жер дауы мен жесір дауынсыз күні өтпеген қазақтың көш-қон төңірегіндегі талас-тартысы жаңа ғасыр туғаннан бері, тіпті өршіп кетті.

Сондай дауға мұрындық болғандардың бірі және бірегейі Қабылсаят мырза да, оралмандармен аз алысқан жоқ. Қайтсін, тырысып көрді, шамасы сол болған шығар. Қабылсаяттың еңбегін айтпаған күннің өзінде, оралмандар мен президенттің арасына от тастағандай болып, «оралмандар алып кетті, жеп кетті. Олар сауатсыз» деген байбаламының да зардабы аз болған жоқ. Сондықтан ба білмейміз, көш көлігінің доғарылған тұсы да, осы Қабылсаят заманына дөп келді. Алыстан атамекеннің мейірі мен ыстық ықыласын аңсап келген қандастарына дөң айбат көрсеткен оны «сүзеген бұқа сияқты неме екен» деушілер де табылды. Енді міне, сол бұқа мүйізінен айрылғанын мойындап, сүмірейіп қалыпты.  

«Abai.kz» порталының сауалына жауап берген ол қазақ көшінің қаңтарылып қалғанынан көрі, көші-қон комитеті сынды майлы жілікті ұзақ жыл кемірген табақтастарының тағдырына қатты алаңдаған түрі бар. Тілші көші-қонның тарап, оның ісін Ішкі істердің алғанын әңгіме арқауына айналдырғанда, ол: «Ең өкініштісі, көші-қон саласында өмір бойы жұмыс істеген адамдар жұмыссыз қалмақшы» - дейді. Шетте 5 миллион қазақ жылап жатыр дегенде, шекесі қызбаған шіркіндер аздаған шенеуніктің орынтағынан айрылғанына қатты қайғырады. Бұл сауалды одан ары бұтарлап:  «ІІМ-і бұл шаруамен қалай айналысады, ол жағын білмейміз. Мықты, тәжірибелі мамандарымыз қысқартуға ұшырады. Қазақша айтқанда, оларға обал. «Араларыңыздан 1-2 адамды ғана жұмысқа аламыз» деген кертартпа көзқарас пайда болды. Бұл мәселені кім шешетінін білмейміз?.. «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» деуші еді қазақ. Бұған дейін «Көші-қон комитеті жаман», «Комитеттің құзыры төмен», «Агенттік құру керек» деп айқайлап жүрген жазушылар, оралмандар, ағайындар Көші-қон комитетіне зар болатын болды»,-деген жауаппен толықтырады.

Мұнда да шеттегі қазақтың тағдырына қабырғасы қайыс­пақ түгілі, «мені қолдап-қуаттамап едіңдер, енді өз обалдарың өздеріңе. Ішкі істер іштеріңді кептірсе де, біздің шаруамыз жоқ! Өлеме қабыңдар!» деп қандастарының қайғысына қыбы қанып, «шоқ бәлем» деп оларды табалап тұрғандай.

Осыларды айтқан бұрынғы Комитет төрағасы өз тағдырына келгенде мұләйімси қалады. «Ал өзіңіз жұмыссыз қаламын деп қорықпайсыз ба?» - деген тілші сауалына:

«Мен мемлекеттік қызмет­шімін. Қайда жіберсе - сонда барамын. Үкіметке тәжірибем керек болса, жұмыс істеймін. Өйткені, осы күнге дейін Үкіметке адал қызмет етіп келемін. Президенттің қолынан екі рет алғыс хат та алдым. Керек болмасам, ғылыммен, не кәсіппен айналысамын. Мақала жазамын. Ешкімнен ешкім артық тумаған. Көп қазақтың бірі болып күн көреміз-де» - деп жауап береді. Бір  жағынан жаның ашиды. Кезінде өз босағасын тоздырып, талай квотасыз қалған, жұмысы жоқ, баласы оқи алмаған оралмандардың мүсәпір күйін енді оның өз басынан көргендей боламыз.

Талайға сес көрсеткен, айбарлы басшының ақылдан көрі, ашуға көбірек бой алдырған сәттерінде: «сүзеген бұқа сияқты неме екен» деп кекесінмен қараған қандастары оның мына күйіне өзіне ұқсап «шоқ!» демейді. Мүйізінен айрылған бейшара халіне ақ пейіл, адал көңілімен мүсіркей қарайды.

Өзгенің тепкісін көп көрген олардың өздерін мүйіз түгіл құлаққа да зар етіп, қаңғыртып кеткен басшысына кешіріммен қарауының өзі тағы да бар жақсылықты Алладан күткен алғы күнге деген үміті шығар. «Өзгеге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле» деген ғой. Қабылсаят та мүйіссіз қалмасын, қара халық та құлақсыз жүрмесін!

 

Ж.Шаяхмет