ЖАМБЫЛ АҚЫННЫҢ АЙТЫСТАРЫНДАҒЫ ЕЛДІК РУХ
2016 ж. 26 ақпан
18132
0
Жамбыл Жабаев - 170
Жыр алыбы Жамбыл халыққа алдымен айтыскер ақын ретінде таныла бастады. Өйткені қазақ салтында той-томалақ, үлкен мейрамдарда жастар бір-бірімен сөз қағысып, қайым айтыс жасайтын. Қайым айтыстың өлеңі көбінде жаттанды, дағдылы шумақтардан құралады. Мұнда көбінде қыз бен жігіт қалжыңдаса айтысып, тойға жиналған қауымды күлкіге бөлейді. Мысалы:
Қыз:
Атымды шешем сүйіп қойған Еркін, Той болса түзетемін камшат бөркім. Қолыңда еркің болса мені алғандай Неше жүз үйіңде бар сенің жылқың?
Ж і г і т:
Атыңды шешең сүйіп қойған Еркін, Той болса түзетесің камшат бөркің. Ер күшінен тау аударылар деген бар ғой, Алармын, болмаса да жалғыз жылқым.
Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы: «Айтыс — екі палуан күрескені сияқты, екі ойыншы ұтысқаны сияқты, екі батыр жекпе-жек ұрысқаны сияқты, екі ақынның бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, бірінің-бірі қапысын тауып жеңу үшін айтатын өлеңдері. Ақындар әдісін сөз арқылы жұмсап, бірін-бірі сөзбен шаншып, жеңеді. Әрқайсысы сөзбен шаншуға қолайлы,осал-оңтай жерін іздейді. Басында, ісінде, жұртында, ұлтында болған осалдық, кемшіліктерді айтып, сөзбен ұялтып, яки сөзбен қамап, жан-жағын бөгеп, тоқтатады», — деп жазады. А.Байтұрсынұлы «Басында, ісінде, жұртында, ұлтында болған осалдық, кемшіліктерді айтып, сөзбен ұялтып» дегені айтыстың үнемі әлеуметтік шындықты қозғап, ұдайы елдік рухты жоқтайтын осы жанрдың негізгі мақсатын, қызметін дұрыс ашып көрсетеді. Жас Жамбыл өзі қатарлас құрбысы Айкүміспен айтысады. Бұл оның алғашқы айтыстарының бірі болса керек. Жамбылмен Айкүмістің айтысы жай бір қыз бен жігіттің арасында болған қалжың емес, қазақ қоғамындағы сол кезеңдегі келеңсіз жайттарды сын тезіне салып, әйел бостандығы, махаббат еркіндігін маңызды тақырып етіп, қазақ қыздарының малға сатылып кететін, олардың бостандығына нұқсан келетін ащы шындықты жырлауымен ерекшелікке ие.
Жамбыл:
Барарсың бір жаманға өзің қор боп, Отырсың қарқарадай өзің зор боп. Көзіңе көк шыбынды үймелетер, Көргенің өле-өлгенше ылғи сор боп.
Айкүміс:
Жамбыл-ау, күпінесің неге сонша, Құтқарып қыз біткенді қалған жанша. Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың. Тұтқасы дүниенің сенде болса?!
Айтыста халықшыл Жамбыл қазақ қыздарының сол кезеңдегі аянышты тағдырын бүкпексіз айтып, мұндай әдеттің зиянды екенін әділ айтады. Ал Айкүміс болса Жамбылға өзі сүйген Бұрым деген аруға үйлене алмай, ол қызды Сарыбай би төркініне қайтарып бергенін, қазақтың ескі салты жастарға жол бермегенін тілге тиек етеді. «Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың?» дегені Жамбылдың ұнатқан қызы Бұрымның тағдырына қатысты еді. Осылайша Жамбыл жас кезінен-ақ халықтың өміріне, жарқын болашағына зияны тиетін кемшіліктерді батыл сынайды. Ақын қызыл тілін қылыштай қайрап, қалың елін жақтап, қоштап сөйлеп, үнемі айтыстарында отаншылдық сезімді жыр еткені ашық байқалады.
Ақын көптеген айтысында елдік рухты қолдап, сол арқылы отаншыл ерлердің қаһармандық бейнесін сомдайды, бас пайдасын ойлайтын байларды, тәкаппар билік иелерін сөз найзасымен түйрейді.
Бұл туралы М.Әуезов былай деп жазады: «Құлмамбет Жамбылға соқтыққанда...Албанның көптігі мен байлығын айтады. Жамбыл соған орай өзінің халық мұңшысы екенін танытып:
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт. Қарымбайдай сараңдар толып жатыр, Оны мақтап шалықпай жөніңе қайт, - деп бір тойтарыс береді...
Батыр Саурық, Сұраншы жаудан өлген, Халқы үшін шәйт болып, жанын берген, Елді қорғап өлгеннің арманы не, Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген».
Осылайша халық үшін қаһармандықпен қазақ тапқан екі батырдың бейнесін сұлу сөзбен мүсіндеген Жамбыл айтыста жеңіске жетеді. Бұл батырлар кім еді? Яғни, Жамбыл ақынның айтыстағы кейіпкерлері тарихтан қандай орын алған? Қос батыр туралы мынадай тарихи мәлімет бар: Сұраншы батыр Ақынбекұлы (1815–1864) – қазақ батыры, Саурық батырдың немере інісі. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Ұлы жүздің шапырашты руының Есқожа тармағынан шыққан. Аталары Қарасай батыр. Сұраншы батыр Ресей өкіметіне Верный (Алматы) бекінісін салуға көмектесті. Орыс әскерлерімен бірге Тойшыбек бекінісі маңында Қоқан ханының 3 мың әскерімен соғысып, жеңіске жетті. 1851 жылы орыс жасағымен қосылып, қырғыз Орман (Ормон) ханның 2 мың қолына тойтарыс берді. 1852–1853 жылдары Қоқан ханының әскері тілеуқабыл руын шауып, мал-мүлкін талан-таражға салды. Сұраншы батыр Саурық батырмен бірге 300 қолмен оларды Қопада қуып жетіп, ел кегін қайтарды... Ол 1864–1965 жылдары Ұзынағаштан Сайрамға дейінгі аралықты Қоқан басқыншылығынан азат ету соғысына қатысып, осы жорықта ерлікпен мерт болды. Ш. Уәлиханов 1863 жылы шілденің 14-інде К. Гутковскийге жолдаған хатында Сұраншы батыр туралы «…қазақтарды қоқандықтардың езгісінен құтқарушы» деп таныстырған. Ал Саурық батыр туралы «Саурық батыр – Қоқан, Қырғыз шапқыншылығына қарсы күрестерде қол бастаған қазақ батыры. Шапырашты тайпасының Есқожа руынан шыққан. Немере ағасы Сұраншы батырмен бірге Жетісуды Ілеге дейін билеген Қоқан ханы мен Қырғыздың Орман манабына қарсы жергілікті халықтан жасақ құрап, қарсы шыққан.Ол жайлы халық арасында түрлі аңыздар қалыптасқан» деген дерек бар. Осылайша Жамбыл ақын әр бір айтысында елдік рух, ұлттық мүддені жоқтап, тарихи кейіпкерлерді дәріптеу арқылы жастарға отаншылдық сезімге тәрбиелегені тағылымды да өнегелі қызмет болған дей аламыз. Ақын айтысында үнемі деректермен дәлелді сөйлеп, жалғандықты әшкере етеді. Оның айтыстағы жырлаған кейіпкерлерінің әр бірі елдіктің туын көтерген марғасқалар. Осылайшы жыр алыбы елінің тірі тарихын өлеңімен өрнектеп, жас буынның тарихи санасы қалыптасуына да зор үлес қосады. Өзінің басты мақсатын Құлмамбетпен айтысында мынадай бір шумаққа сыйғызады:
Берекелі елді айтам, Ел тұтқасы ерді айтам. Басымнан сөз асырман!
Олай болса елдік пен ерліктің, асқақ намыс пен өр рухтың жоқшысы болған Жамбыл бабаның тәуелсіз замандағы жастарға да беретін нәрі мол деп қорытынды жасаймыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1.3 Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Алаш, 2003. – Т.1. – 408 б. 2.Ж.Жабаев. Таңдамалы. Алматы, 1971. 3.Әуезов М. Айтыс өлеңдері // Қазақ әдебиетінің тарихы. Фольклор. Т. 1 Алматы, 1948. 4.Жармұхамедұлы М. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы. Алматы, 2001. https://kk.wikipedia.org/wiki/Сұраншы_батыр
https://kk.wikipedia.org/wiki/Саурық_батыр">https://kk.wikipedia.org/wiki/Саурық_батыр
Жолдыбай Жанира, 78 мектеп-гимназия 6 сынып оқушысы