ДАНАЛЫ БОЛСЫН ЖАС ҰРПАҚ
2016 ж. 25 ақпан
4345
0
Жуырда Елордада «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысының ұйымдастыруымен, «Даналы болсын жас ұрпақ» атты жаңа электрондық оқулықтың тұсаукесер рәсімі болып өтті. Бұл ерекше жобаның авторы қытайдан келген қандасымыз педагог, ақын Қанатхан Әбілғалиұлы – баланы кітапқа баулудың тың тәсілін ойлап тапқан. Қазақ ертегісі, әліппесі мен салт-дәстүрі, жұмбақ пен жаңылтпаштары жинақталған электронды кітап пен «Ақылды қоян» ойыншығын жасап шығарған. «Дана қалам» атты бұл электронды құрал баланы ерте жастан қазақ тілін түсінуге, сөзден сөйлем құрауға баулиды. Аталмыш оқу құралы 3-12 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған. Көлемі 8 кітаптан құралған интеллектуалды оқулықтарға 800 шумақтан тұратын 88 түрлі тақпақ, қазақ халқы ертегілері мен шетел алықтарының ертегілерін қамтыған. 130 ертегі қазақ халқының әдет-ғұрпын, ұлттық дүниетанмына қатысты 1500 ге жуық атауға түсінік берілген. Сонымен қатар мақал-мәтел, жаңылтпаш, ырымдар мен тыйымдар, Абай өлеңдерін, 500-ге жуық мәтін мен 200ден астам әндер қамтылған. Бала тәрбиесі қашанда өзекті. Оның үстіне бүгінгідей ғаламтордың дәуірі қайнап тұрған заманда. Балаларымызға «Біз кезінде етбеттеп жата қалып, қала берді шамның жарығымен кітап оқитынбыз» десең, мырс ететіні өтірік емес. Барлық ата-ана баласын кітапқа қалай баулимыз деп әрі-сәрі күй кешіп жүрген уақытта, бұл дәл мезгілінде өмірге келген дүние деп ойлаймын. Әр отбасына міндетті түрде керек. Қазіргі балалар «Барби», «Бетман», «Микки Маус» секілді ойыншықтарды жаттап, санасына сіңіріп алған. Күні бойы үнсіз алақандай көгілдір сәулеге телміруден рахат іздейді. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз. Ұлытауда берген сұхбатында Елбасымыздың өзі айтты емес пе, «түбінде интернетте отырған баланы, кітап оқыған бала басқарады» деп. Ендеше, ағайын қандасымыздың еңбегін бағалап, балаларымыздың болашағы үшін тарынбайық. Ұлт руханияты толығып жатса неге жар сала қуанбасқа!
Гүлжаз Қыдықбекова
qazaquni.kz