Кеше Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен сайлауды ақпараттық сүйемелдеу және сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру ережесін сақтау мәселелері жөніндегі семинар өтті. Семинарды Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос жүргізіп отырды.
Жиында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен баяндама жасады. Баяндамасында ол бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін электораттық кезеңде БАҚ қызметін ұйымдастыруға қатысты сайлау заңнамасының ережелері, партиялар мен кандидаттардың сайлау алдындағы үгіттерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырудың тәртібі және шарттары туралы ақпараттандырып, сайлау науқаны барысын жариялаудың негізгі қағидаларына тоқталды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі өз сөзінде атап көрсеткендей, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгіт партиялық тізімдер мен кандидаттарды Конституциялық заңға сәйкес белгіленген тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша сағат 00-де аяқталады. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға сайлау алдындағы үгіт жүргізуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуінің тең жағдайына кепілдік берілген.
«Сайлау күні және оның қарсаңындағы күні үгіт материалдарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, эфирге шығаруға тыйым салынады, – деді Л.Сүлеймен. – Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді. Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды сайлау алдындағы үгітіне байланысты мерзімді баспа басылымының таралымы барлық партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үшін бірдей болуға тиіс».
Сонымен қатар, ол сайлау алдындағы үгіт материалдарын таратуда кімдерге тыйым салынғанын атап өтті. Олар – мемлекеттік органдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары, сондай-ақ, қызметтік міндеттерін орындау кезінде олардың лауазымды адамдары, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілері, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар, сайлау комиссияларының мүшелері және діни бірлестіктер.
Бұдан кейін ОСК мүшесі партиялық тізімдері тіркелген саяси партияларға, мәслихат депутаттығына тіркелген кандидаттарға шарттық негізде эфир уақытынан, баспасөз бетінен орын беру тәртібінен хабардар етті. Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары партиялық тізімдері тіркелген саяси партияларға, мәслихат депутаттығына тіркелген кандидаттарға шарттық негізде эфир уақытын және баспасөз бетінен орын береді. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру үшін Орталық сайлау комиссиясының партиялық тізімді тіркеу туралы шешімінің көшірмесі мен уәкілетті адам қол қойған, хабар беруді, эфирге шығаруды жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралы басшысының атына жазылған жазбаша өтініш негіз болып табылады.
«Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуының кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу ретімен немесе өтініштер бір мезгілде келіп түссе, жеребе бойынша белгіленеді, – деді Л.Сүлеймен. – Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар жазбаша өтініштерінде қай кезде сөз сөйлейтінін жорамалдайтын күнін, уақытын көрсетеді. Осы ұсыныстардың негізінде бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сөз сөйлеуі үшін эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру кестесін белгілейді».
Сөзінің соңында ОСК мүшесі сайлау қорынан төленетін қаражатқа да тоқталды. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау алдындағы үгітін қамтитын мерзімді баспасөз басылымдарының барлық жарияланымдары, теле-және радиохабарлары қаржыландыру көздері туралы ақпаратты қамтуға тиіс. Ақпараттандыру тәсілін бұқаралық ақпарат құралы редакциясының өзі айқындайды. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың үгіт материалдарын жарыққа шығару, эфирден беру құны партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау қорының қаражатынан төленеді. «Құны партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау қорынан өзге қаражат есебінен төленген кандидаттардың үгіт материалдарын жарыққа шығаруға, эфирден көрсетуге жол берілмейді», – деді Л.Сүлеймен.
Жиында бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары партиялар мен кандидаттардың сайлау науқанын шынайы көрсетуді жүзеге асырып, БАҚ-қа тең қол жеткізуді қамтамасыз етуде міндетті екені атап өтілді. «Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде БАҚ қызметін реттеу – сайлау үдерісінің ашықтығын, жариялылығын және әділдігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып табылады», – деді Ортсайлауком мүшесі.
Семинарда, сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы Т.Қазанғап өкілетті органның қызметі туралы айта келіп, БАҚ-тың сайлау үдерісіндегі және қоғамды оның барысы туралы ақпараттандырудағы маңызды рөліне тоқталды. Ал Бас прокуратураның Әлеуметтік-экономикалық саланың заңдылығын қадағалау департаменттің басшысының орынбасары Н.Сүйіндіков үгіт жүргізу науқанын құқықтық реттеу мәселелеріне назар аударды.
Жалпы, сайлау алдындағы үгітті жүргізу құқығына кедергі жасағаны және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Ал сайлау алдындағы үгітті оған тыйым салынған кезеңде жүргізу әкімшілік жауапкершілікке, дәлірек айтқанда, кандидаттарды тіркеуден бас тарту немесе тіркелгені туралы шешімді жоюға әкеп соқтырады. Пікір алмасу барысында сайлау заңнамасы нормаларының сақталуын тиімді қамтамасыз ету, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сайлау науқанын немесе сайлау алдындағы үгітті жүргізуді жариялауда «Сайлау туралы» Заңның талаптарын бұзушылықтарды айқындау және болдырмау жолдары мен әдістеріне баса мән берілді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген Виктор ФЕДЮНИН.
Үгіт кезеңіндегі БАҚ қызметін реттеу
2016 ж. 17 ақпан
1696
0