ӨЛЕҢГЕ ДЕГЕН ТАЛҒАМДЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ЖЕРЛЕП ЖАТЫРМЫЗ
2016 ж. 16 ақпан
3210
3
"Алматының түндерін-ай,
Алатаудың салқын самалындай",-
дейді Қайрат Нұртас бауырымыз. Сонда, Қайратша ойлау жүйесіне салсақ, "аузың қандай әдемі еді, жарқыраған тістеріңдей" десе де бола ма?!..
Бұл бауырымыздың басқа әндерінің мәтінінде кездесетін кемшіліктерді теріп (бүкіл репертуары сондай деп айтудан аулақпын, әрине), қоясын ақтармай-ақ қояйын, бірақ мүлдем үнсіз қалу да арыңа сын екен. Халтурамен күресуді қойсаң, халтура сенімен күресе бастайды. Сіз санитарлық талаптарға жауап бермейтін азық-түлікті тұтынсаңыз жедел жәрдемнің көмегіне жүгінесіз, сондай-ақ, «гигиеналық тазалықтан» жұрдай әдеби өнімді рухани рационыңызға кіргізіп, оңды-солды қотара берсеңіз де зиян. Бірақ мұның зардабы үзеңгіге жағылған у сияқты шамалы уақыт өткенен соң барып сезіледі.
«Танымалдылық» деген бір сиқыр бар. Әрине, Қайраттай қазақ баласының ана тілімізде ән айтып, аншлаг концерттер өткізіп жүргені қуантарлық жайыт. Рухтандырады, жігер береді. Алайда... Эстрадамызда брендке айналған жарық жұлдызымыз неге айтып жатқан сөздерін кеудесіндегі сүзгіден өткізіп алмайды?!.. Басқа-басқа, қазір ол қойған шаш үлгісінің өзі кейінгі жастарға ықпал етеді. Әу баста мейрамханаларда ән айтып тапқан азын-аулақ тиын-тебеніне оранжировка жасатып, соған тәубе деп, кәсіби ақынға өлең жаздыруға мүмкіндігі болмаған шығар. Ал, енді ше?! Итке де бір сүйек қарыз болған таршылық заман артта қалды. Қайырымдылық қорларына миллиондап ақша аударатын мүмкіндігі бар. Неліктен әдеби кеңесшілер ұстап, әлгі бір қайнауы ішінде қалған шикі шумақтарды көркемдік кемелдікке жеткізіп, талғам таразысына салмайды?!
Р.S. Сіз Сэм ағайдың еліне барып: «Еуропаның түндерін-ай, Альпінің салқын самалындай»,– деп айтып көріңізші. «Ей, неге саудың тамағын ішіп, жындының сөзін сөйлеп отырсың»,– дейтін шығар.
Бекжан ӘШІРБАЕВ
qazaquni.kz