Назарбаевтың өзі ақтық байлаған ағаш суицидті тоқтатуға себепші болды
2016 ж. 15 ақпан
4476
3
Ағаш отырғызылған ескерткіштің жобасын жасап, құрылыстың жүргізілуіне толықтай демеушілікті кезінде облыс әкімі болған Иманғали Тасмағанбетов жасаған
Атырауда жаппай тіркелген суицидті Әулие ағашы тоқтатқан деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.
Ағаш отырғызылған кезде Назарбаевтың өзі орамал тағып кеткен киелі орын ауырған адамдарды емдеп, құрсақ көтермеген келіншектерге қуаныш сыйлап тұр.
Атыраудағы киелі жерлердің бірі Әулие ағаш орын тепкен ескерткіш. Тамыры жоқ алма ағашы қазақ хандарына қойылған ескерткіш ішінде 17 жылдан бері тұр. Ағаш қысы-жазы қалпын өзгертпейді. Ағаш отырғызылған ескерткіштің жобасын жасап, құрылыстың жүргізілуіне толықтай демеушілікті кезінде облыс әкімі болған Иманғали Тасмағанбетов жасаған. Құрылыс 1999 жылы жүзеге асқан.
«Көздерін көріп, қолдарын ұстамасақ та халықтың қамын ойлап, Әулие деген атаққа ие болғандардың алдында бас иеміз», - деп Нұрсұлтан Әбішұлының өзі Әулие ағаш басына орамал байлап кеткен. Содан кейін адамдар да орамал байлап, бұл жерге түнеп жүр», - дейді Сарайшық мұражайының директоры Молдаш Бердімұратов.
Киелі ағаш басына адамдарға тек қыркүйектен қарашаға дейінгі уақытта ғана түнеуге рұқсат етіледі.
«Осыдан төрт жыл бұрын Ақтөбеден 17 жастағы қызалақ баланы алып келді. 9 жасында көзі кеткен, одан кейін құлағы мен тілінен айырылған. Бір түнегеннен кейін, көзі көріп, құлағы естіп, тілі шықты. Қазір ағаш басына көтеріліп жүрген адамдар түнеп, адам қатарына қосылып кетіп жатыр. Сәбилі бола алмай жүрген әйелдер де осы ағаш басына түнейді», - дейді Молдаш Бердімұратов.
Киелі ағашты мұражай директорына пойызда жолыққан қария берген.
«Маңғыстауға барар жолда пойызды үлкен қартпен кездестім. Бұл сол қарттың айтуымен әкеліп қойылған алма ағашы. Алма ағашы қалай қойылды, солай асылып өлу тоқтады. Ағаш 1999 жылдың 1 қыркүйегінде Атырау жеріне келді. Сол жылы он бір адам өзіне қол жұмсаған болатын», - дейді Молдаш қария.
Әулие ағаш хан ескерткішінің ішінде тұр. Ескерткіш қазақ хандарына арналғанымен, ол жерде жеті ханның сүйегі жоқ. Тек моланың символдық бейнесі тұр. Сарайшықтың әр жерінен әкеліп топырақ салған.
«Бұл жерге кезінде Ұлы Жүз, Орта Жүз, Кіші Жүз толықтай мойындаған 12 әулие жерленген. Сондықтан Атырау облысындағы бұл орын қасиетті жер деп аталады. Сарайшық жерінде жеті ханның сүйегі, бір ханның басы жатыр. Ескерткіш басындағы жеті тас жеті ханға арналып қойылған», - дейді Сарайшық мұражайының директоры Молдаш Бердімұратов.