
Кей жырды әдейі жаттасаң да есте қалуы қиын. Елең еткізіп, тарта кетпеген шумақты көңілге қайта түзіп отыруға құмарланбайсың да.
Бұл ретте көптен көкейде сақталған бір өлең туралы айтпақшы едім. Ол төмендегі жолдар:
– Бұрындары сезбеппін салмағыңды,
Аттанарда адамдай жаңа көрген:
Ыстық тарттым –
Боз жусан,
Шаңдағыңды,
Астаң-кестең бұзылды бала кеудем.
Мән бердім бе өмірдің көп заңына,
Балалық шақ...
Сақтадым нені есімде?
Жалтақтадым қария вокзалыңа,
Жаутаңдадым,
Жыладым,
Сенесің бе?!
Алматы...
Арман,
Ойларым бірікпеді,
Асықтырды алысқа бораған күн.
Биік болып...
Шалғайдан ұғып сені
Бір кездері сағынып оралармын!
Осы ғана. Бір оқығаннан-ақ жатталып қалыпты. Сонау сексенінші жылдардан бері білемін. Кейде жол жүргенде, көлік ішінде келе жатқанда... Күні бүгінге дейін іштей қайталай бастаймын.
«Қазалыға» деген өлең екен. Авторы – Сейітқұл Оспанов. Жиырмаға да жетпеген жастың алғаш туған жерінен ұзақ сапарға аттанарда жазған жыры. (Оспанов С. «Күн көтерілген шақ». Лирика. Алматы. «Жалын», 1981, 9-бет).
Әрине, мұны өлеңнің үздік үлгісі деуге келмес. Бірақ әркімнің өз Қазалысы бар. Сол мекеннің суреті әрдайым жүрегіңде тұрады. Туған өлкең туралы ойламай жүре алмайсың. Балаң жігіттің балғын шумақтарының көкейге қона кету себебі де содан ба екен.
Сейітқұлмен бәлендей жақындығымыз жоқ-ты. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында «Дәуір» баспасындағы түрлі басылымдарда қатар істедік. Сырттай таныс, сырттай тілектес адамдармыз. Жолыққанда жылы сәлемдесеміз. Бірақ өзіне өлеңің әсерлі деп айтпаппын да...
Өкінішке орай, Сейітқұл қазір жоқ. Осынау өте сыпайы, біртоға жігіт бейнесінің көзден тайғанына да он жылға таяпты. Сыры терең, шығармашылық қуаты ересен азамат еді. Ойлап қойып жүреміз.
Ал әр өлеңі өз оқырманын тауып жатса, бәлкім, ақын бақыты деген де сол шығар.
Құлтөлеу МҰҚАШ.
(Суретті салған автор).