Тоғыз жасар баланың кризис туралы өлеңі хитқа айналды
2016 ж. 25 қаңтар
3444
3
Ақтөбеде отбасының бар бейнетін өлең жолдарымен жеткізген бала анасының жанын ауыртты деп жазады “Керек.info”.
Шалғай аудандардың бірі Ойылдан Ақтөбеге көшіп келген Талмурзиндер отбасының өзге жұрттан еш айырмашылығы жоқ. Үймелі-сүймелі үш баламен мамандығы жоқ ерлі-зайыптылар жалдамалы пәтерде тұрады.
Үй иесінің әйелі Меңтай Талмурзинаның сөзіне қарағанда, отбасы табысының 70 пайызы жалдамалы пәтерге жұмсалады. Қаржылық дағдарыстың желеуі – пәтерақы да 15 000 теңгеден бірден 25 000 теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Одан бөлек коммуналдық қызмет ақысы да бар. “Азық-түлік те күн сайын қымбаттап барады” деп мұңайды жас әйел.
Меңтайдың тоғыз жастағы ұлы Әбунасыр ата-анасының қиналғанын күн сайын көзімен көріп жүр. Бірақ қолынан келер дәрмен болмағасын ішкі әлемін ақ қағазға түсіре берген. Осындай тырнақалды туындыларының бірін “Біз кедейміз…” деп атаған.
Біз кедейміз. Несіне жасырамын? Көрдім әкем жүк арба тасығанын. Көрдім анам бүкшеңдеп еден жуып, Пәтер иесі алдында жасығанын…
Біз кедейміз. Жүрегімде бар мұңым, Осылайша өтіп жатыр әр күнім. Әке шешем жалдамалы пәтерде Уайымдайды үш баланың тағдырын.
Біз кедейміз. Жат босаға мекендеп Ұмтыламын бір шаттыққа жетем деп. Анам үшін өзім еден жуар ем, Армандаймын тез ержетсем екен деп.
“Үш балам бар. Балаларымның үлкені болғасын, осылай ерте есейді ме, кім білсін? Мен жағдайымның қиындығын айтып, жұртқа алақан жаяйын деген ойдан аулақпын. Еден жусам да, күйеуім арба сүйресе де өз күнімізді өзіміз көріп жүрміз. Тек балаларымды жылатқан дағдарыс тезірек аяқталса екен”, – дейді жас дарынның анасы.
qazaquni.kz