Бауыржан ЕСЕБАЕВ, композитор: ӘН ӘЛЕМІНЕН АЛЫСТАУЫМ МҮМКІН...
2016 ж. 12 қаңтар
12481
10
Оның жүрек тебірентерлік әсем әндері көптің көңілінен шығып, талай әншінің бағын ашып, жұлдызын жақты. Әйтсе де ол «мен композитормын» деген сөзді әсте аузына алмайды. Иә, ол Айгүл Иманбаева шырқайтын «Таңғы елес», Медеу Арынбаевтың ән қоржынындағы «Дариға жүрек», Досымжан Таңатаров орындайтын «Ақ сәулем», Қайрат Нұртас әуелететін «Ауырмайды жүрек», Ернар Айдарды елге танытқан «Жарығым-ай» және басқа да елге таныс көптеген әндердің авторы.
ӘР ДӘУІРДІҢ ӨЗІНДІК ҮНІ БАР
– Бауыржан Аралбекұлы, бүгінде жұрт сіздің продюсерлік орталығыңызды «хит әндер шығаратын зауыт» деп атап жүр. Осының сыры неде?
– Иә, ел мені осылай деп жүр. Мұның өзі өнеріме берілген бір баға шығар. Әйтсе де бұл Алла берген таланттың және маңдай термен берілген еңбектің арқасы. Кез-келген саланың маманы өзінің білімін интеллектуалдық тұрғыдан дамытып отырмаса, тоқырауға ұшырайтыны белгілі. Тоқыраған ағын судың саситыны сияқты адамның шығармашылығы да ізденбесе, үлкен дағдарысқа тап болады. Өнердегі әрбір жетістік негізі – ізденісте.
– Ал, хит әндер қалай туады?
– Ашығын айтсам, менің туындыларымның көпшілігі тапсырыспен жазылады. Ол үшін ең әуелі әншінің өзіне зерттеу жүргізіп көремін. Саған не керек деп тікелей сұрамасам да, түрлі жанама сауалдар қою арқылы оған не қажеттігін біліп аламын. Әншінің басынан өткен оқиғаларына үңіле отырып, ол туралы біраз мәліметтерге қанығамын. Одан соң, оған өзімнің көзқарасымды қоса отырып, әнші көкейіндегі дүниені шығаруға тырысамын. Әннің әншінің жүрегіне жақын болғандығын басты назарда ұстаймын.
– Бір сұхбатыңызда: «Бүгінде қазақ эстрадасында жүрген жас әншілердің ортақ қателігі – халықпен жұмыс істей алмауында» деген едіңіз. Сонда әнші мен халықтың арасындағы байланыс қандай болуы керек?
– Әнші мен халықтың арасында саудагер мен сатып алушының арасындағыдай байланыс орнауы керек. Мәселен, сен өнер үшін жүрмін деп қабылдасаң, онда саған ешкім ақша төлемейді. Ал, сол өнердің шоу-бизнесінде жүрсең, онда тауарыңды ұсынатын тұтынушы қажет. Егер де халықпен ара-қатынасың өте тығыз болмаса, сенің бизнесің дамымайды. Сондықтан да, бұл тұрғыда халықпен дұрыс жұмыс істеу аса маңызды.
– Сіз Қайрат Нұртасқа сонау «Арман» әнінен бастап қазіргі ел аузында жүрген «Ауырмайды жүрекке» дейінгі аралықта қаншама әндер жаздыңыз. Оның бәрі де хит болды. Бірақ шәкіртіңіз ретінде танылған Қайратпен араларыңызда бұрынғыдай шынайы қарым-қатынас жоқ сияқты... Мұның себебі неде?
– Шынайы қарым-қатынас жоқ дегеніңізбен келіспеймін. Екеуміз бір-бірімізден ағалы-інідей араласамыз. Шақырған жерінен қалмай барып тұрамын. Бірақ шығармашылық байланыста емеспіз. Шындығына келгенде, екеумізде шығармашылық тұрғыда бір-бірімізге деген аса бір қажеттілік байқалмайтын сияқты. Тапсырыстың көптігіне байланысты менде де уақыт тапшы.
– Ернар Айдардың сізге бір емес, екі көлік мінгізгенін білеміз. Ал, Қайрат Нұртас ше? Сізге есте қаларлықтай қандай сый көрсетті?
– Мен оларға әнді тегін жазған емеспін. Сондықтан, ешкімнен сый да күтпеймін. Ернар Айдардың екі бірдей автокөлік мінгізгені рас. Осылайша ризашылықтарын білдіріп жатқандарына рахмет айтамын. Бір жолы Қайратқа: «Маған әперем деген баяғы коттедждерің, автокөліктерің қайда? Қолыңдағы сағатты шешіп бер» деп әзілдедім. Сонда ол: «Қазір келем, аға» деп кетіп қалды. Жарты сағаттан кейін келіп, қалтама қомақты қаржы салып: «Аға, мынаған менің атымнан сағат алыңыз» дегені бар... Оның осындай ілтипат көрсеткеніне ризамын. Әйтпесе, сағатқа немесе автокөлікке зәру емеспін. Аллаға шүкір, өз дүнием өзіме жетеді.
АРЗАНҚОЛ ТУЫНДЫ ҰСЫНЫП, ДҮНИЕ ТАБУДЫ КӨЗДЕП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫН
– Сіздің кино түсіремін деп, елді шулатып, кастинг өткізіп жүргеніңізге де біраз уақыт болды. Сол туындыңызды көрермен қауым қашан көре алады?
– Біздің елде, негізінен, көптеген фильмдер өте асығыс түсіріледі. Сол себепті де, шикі дүниелер көп. Бұл тұрғыда арзанқол туынды ұсынып, дүние табуды көздеп отырған жоқпын. «Келинка Сабина» сияқты дүниелердің қатарын толықтырғым келмейді. Кино түсіреміз дегенімізге біраз уақыт өткені рас. Осылай болуы тиіс деп те ойлаймын. Қазіргі таңда бір минутым да, бір сағатым да босқа өтіп жатқан жоқ. Тек еңбектену үстіндемін.
– Кино не туралы болмақ?
– Бір емес, үш сценарий әзірленді. Әлі бір тоқтамға келген жоқпыз. Сценарий жазу барысында голливудтық әдіс қолданылды. Оның қаншалықты жемісін беретіндігін өздеріңіз көресіздер. Бірақ үшеуінің ішінде халықтың сұранысына ие болады-ау деген біреуін таңдамақпыз. Таңдау бар кезде сол мүмкіндікті пайдаланғанымыз жөн деп есептеймін. Өздеріңіз білетіндей, кинода басты рольді шамасы келсе, Ернар Айдар сомдап шығады. Ернар өнердегі шәкіртім ретінде өзінің тағы бір қырын халыққа танытса екен деймін.
– Кино демекші, осыдан біраз уақыт бұрын ел Қайрат Нұртастың киносын тамашалады. Енді көп ұзамай Ернар Айдарды да кинодан көрмек. Қайраттың ізін шала, Ернардың да 3D форматта концерт бергенін екеуін ұқсата беретін ел жақсы біледі. Қалай ойлайсыз, бір қарағанда мұның барлығы қайталау сияқты көрінбей ме?
– Қайрат Нұртас та, Ернар Айдар да ең алғаш рет сахнаға менің әніммен шықты. Сондықтан да, екеуінің бір-біріне ұқсауы – заңдылық. Қайрат Нұртастың 16 әнін жазсам, Ернар Айдардың 30-ға жуық әнінің авторымын. Демек, екі әншінің де бастауында Есебаевтың мектебі тұр.
«Қайрат 3D форматта концерт беріп еді, Ернар да берді» деп тар шеңберде қарамаған жөн. Мәселен, мен Ақан Сатаев кино түсірді деп кино түсірмей қоя салмаймын ғой. 3D концертті тек Қайрат пен Ернар ғана емес, тағы да басқа әншілердің де өткізуі мүмкін ғой. Негізгі мәселе – қайталауда емес, сапада. Қазақ эстрадасының өзге бір әншісі Қайрат Нұртас секілді жоғары сапада ән кешін өткізе алса, неге бермеске?!
ЕНДІ МЕНІ РЕЖИССЕР РЕТІНДЕ КӨРЕСІЗДЕР
– Сіздің әндеріңіздің басым бөлігі махаббат тақырыбында. Бұл жан жарыңыздың қызғанышын туғызбай ма?
– Жүрек тебірентерлік махаббат тақырыбындағы әндерім алғаш шыға бастаған тұста жарымның қызғанышын туғызғанын жасыра алмаймын. Шынында да ол басында ауыр қабылдады. Тіпті, өзімнің туған әпкелерім келіп: «Мынау не деген махаббат туралы ән! Күйеуіңе ие бол, біреудің артынан еріп, кетіп қалмасын» деп ескерту де жасаған-ды. Бірақ уақыт өте келе мұның бәрі өз басымнан өткен оқиғалар емес екендігіне көз жеткізе бастады. Әрі халықтың санасында, жүрегінде жүрген дүниелерді жырлайтындығымды білді. Қазір Аллаға шүкір, мамандығы өнерден алыс екендігіне қарамастан, жұмысыма түсіністікпен қарайды.
Осы тұста ән қоржынымда өмірлік серігім – Кәмшатқа арнаған да әнім бар екендігін айта кеткенім жөн шығар. Сырым Исабаевтың орындауындағы «Мен сені сүйеді екем» атты әнім жарыма арналған.
– Киноға қадам басқаныңыз сіздің мүлдем ән жазбайтындығыңызды білдірмейтін шығар...
– Айналысып отырған ісімді тастаймын деп шешсем, оған қайта айналып соға да алмаймын. Киноны бастадым ба, енді онымен тұрақты түрде айналысамын. Жанталасып, екі жұмысты қатар алып жүруге құштарлығым жоқ. Мүмкін, бұған бойдағы қуатым жетпейтін шығар. Сондықтан да, ән әлемінен алыстауым мүмкін. Алла амандық берсе, Есебаевты композитор емес, режиссер ретінде көресіздер.
– Ендеше кино әлемінде бағындырар биіктеріңіз көп болғай!
Гүлдана ИМАНБАЙ
"Қазақ үні" газеті