Сапабек ӘСІПҰЛЫ, жазушы: АРМАНДАҒАН ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ЖЕТТІК-АУ, БІРАҚ...
2016 ж. 12 қаңтар
5476
6
Қазақ қырғынының құныкерлері кімдер?
– Қазақ халқының үш ғасырға жуық уақыт отар болған кезінде шеккен зардабы орасан зор болды. Сіздер, осы, неліктен отаршылдық мерзімін ұлғайтып көрсетуге құмарсыздар? Шын мәніндегі отарлық 19-ғасырда, оның ішінде, 1822 жылдан басталды ғой?..
– Бәрібір мен өзім үш ғасырға жуық деп есептеймін... Мен қазақ даласындағы аспаннан жауатын жауын-шашыны, шалқып жатқан көлі кем, буырқанып ағатын өзені аз ең бір шөлейт өлкеде туып-өстім. Соның қиыншылығын көріп-бақтық. Нанға жарымадық. Еккен егін шықпайды. Жасымнан жазу-сызуға әуес едім, бірде жолым түсіп Қостанайға барғанымда облыстық газеттің редакциясына кіріп: «Сіздерге мақала жазып тұруға бола ма?» деп сұрамаймын ба? «Болғанда қандай!» деді олар. Бастығы жазып алып барғанымды көріп, ұнатты. «Бізге жұмысқа қалыңыз» деді. Сөйтіп, журналистикаға кіріп кеттім. Облыстың солтүстік аудандарына барып жүріп, біздің Торғай өлкесі екеуінің арасы жер мен көктей екенін байқадым. Керегін егіп тастап-ақ жинап алатын болып шықты. Біз секілді наннан тапшылық көрмейді екен. Көре қалған күннің өзінде қыста, көктемде былтырғы егістің орнына барып, масақ теріп ала қоятын көрінеді. Газетте істеп жүргенде көзім ашылып, бұның бәрі отаршылдықтың салдары екенін түсіндім. Осы жайлы жазғым келді. Бірақ, оған жеткенше де талай уақыт өтті...
– Егер жаңылыспасам, сіз әйгілі революционер, ұзақ жылдар қазақ басшыларының бірі болған Әліби Жангелдин жайында алғаш қалам тербеген жазушысысыз?
– Иә, ол менің 70-жылдары жазған дүнием ғой. Мені Әліби Жангелдиннің тағдыры қатты қызықтырды. Ол кісі жөнінде жазған кітабымды жұртшылық жылы қабылдады. Ол өзі Қайдауыл деген жерде туып, Жалбағай деген нағашысының қолында өсіпті. Сол кезде Ыбырай Алтынсаринның көмекшісі болған, кейін соның орнына отырған Балмағанбетов атты кісі Әлібиді оқуға алып кетеді. Алғашқыда Жалбағаев болып жазылады. Сабаққа өте ынталы екен. Қолөнер училищесінде оқып жүріп жасаған орындығы мақтауға ие болады. Оны да басқа қазақ балалар секілді шоқындырады... Шоқынса да, миссионерлік жолға түскісі келмеген, революциялық жолды таңдаған Әлібиді діни семинариядағы оқудан шығарып тастайды. Содан 1917 жылы большевиктердің тапсырмасы бойынша Қырымда жұмыс істеп жүрген жерінен Петербургке Ленин шақыртып алады.
– Одан бері қайта оралып соғып, алған-қосқан, өңдеген ешнәрсеңіз жоқ па?
– Жоқ. Өйткені, мен айтар ойымды толық айта алдым ғой деймін.
– Бұл сұрақты қойып отырғаным, тәуелсіздік келгелі революционерлер мен алашордашылар туралы бұрынғы орныққан пікір төңкеріліп түскені белгілі ғой. Алаш арыстарының шынайы бағасы енді беріліп жатыр десек те, революционерлерге келгенде асырасілтеушілікке бой алдырып жатқан жоқпыз ба, солардың ара-жігін ажыратып көрейін деген ой тумады ма?
– Әлібиге қайта оралғанда... Біз ұзынқыпшақтың ішінде біраз атаға бөлінеміз. Осында Молдахмет Кенбаев деген суретші болды. Қызық жағы көп еді сол кісінің. Молдахмет жөнінде үлкен кітап жазып, тапсырып қойдым, тек шығуын күтіп отырмын. Ол кісі жайында жазуымның себебі, оның Әлекеңе арнап салған суреттері көп болды. Қазақ Әлібиді түсінбегендіктен сорлылық жасап, 3-4 миллион адамын бейбіт заманда ашаршылыққа ұрындырып, қырғызып алды. Қалай дейсің ғой?
Бәрімізге белгілі, ақтарға қарсы күресу үшін Әлекең Лениннің тапсырмасымен Свердловтың қостауымен 1918 жылы 3 млн. патрон, қаншама зеңбірек, басқа да қаншама қару-жарақ алып, Царицынге келеді, сол жерде ақтарға қарсы майданда өкілдік жасап отырған Сталинге жолығады. Сталин: «Сенің жолың қиын. Ақтөбе майданына сен 68 млн. рубль алтын ақша мен мұнша мол қаруды жеткізе алмайсың, дұрысы, бұның бәрін маған тастап, қазақ даласынан жаңа интеротряд құр» дейді. Әлекең оны тыңдамайды. Сталин әлі Ұлт комиссары емес, бірақ айдарынан жел есіп тұрған кезі, мәселені Әскери кеңеске салады. Әскери кеңес бәрібір Әлібиді қолдапты. Содан Әлекең Форт-Шевченкоға теңізбен келіп, елден 600 ат, 700 түйе жинап алып, Үстірттің шөлінен аман өтіп, қаруды жеткізген екен.
Келесі жылы Свердлов оған: «Казревкомға басшы боласың, Ленинмен, Троцкиймен (ол кезде Ленин мен Троцкийдің есімі қатар аталатын кез) бұл мәселе келісілді» дейді. Әлекең ең сенімді деген азаматтарды жинап, Мәскеуге баратын болады. Қазақ делегациясының құрамына Бақытжан Қаратаев секілді ресейлік 1-ші, 2-ші Думаның депутаты, кеңес өкіметін мойындаған Ахмет Байтұрсынов бар, тағы басқа бірталай азамат кіреді. Барған соң оларды аталған мәселе бойынша Ұлттық қатынас халық комиссары Иосиф Сталин қабылдайды. Ол жиынды ашып, күн тәртібін жария етіп, Әліби Жангелдинді Казревком төрағасы етіп тағайындау туралы өздерінің ұсынысын ортаға салады. Қазақстаннан барған делегаттар қолдайды деп ойлаған секілді.
– Сонша жерден барған соң, қисынға салсаң, солай болуы да тиіс қой?
– Жоқ, қолдау қайда, бір қазақ орнынан тұрып: «Әліби Жангелдин – тұңғыш бәлшебек, өте қайраткер екенін ісімен дәлелдеді. Бірақ, біз қазақтар, үш жүзге бөлінетін халықпыз, Жангелдин болса өз жүзіне қарай бұра тартып кетуі мүмкін. Сондықтан, бізге орыс немесе басқа бір бейтарап ұлт өкілін басшы етіп жіберулеріңізді сұраймыз» дейді.
Ертіп апарған адамдарының мынадай ісін көрген Әлекең өзінің туысы, Торғай реввоенсоветінің төрағасы Байқадам Қаралдинге (композитор Бақытжан Байқадамовтың әкесі) қарап, өзіне қолдау күткендей болады. Байқадам бір сөз айтып жіберсе, таразының басы қай жағына қарай ауып кетері әлі белгісіз ғой... Көмек күткен Қаралдин болса басын жерден көтермей, төмен қарап шұқшиып қалады. Содан Сталин баяғы Царицыннан қалған, ішіне қатқан кегі бар ғой, қуанып кетпей ме! «Мен онда басшылықпен ақылдасып алайын» дейді-дағы, ертесіне «біз сіздердің Жангелдин жолдасты Казревкомның төрағасы етіп тағайындамау туралы ұсыныстарыңызбен келістік» деп, өзінің орынбасары Станислав Пестковскийді тағайындап жібереді...
Менің 2-кітабымда «Қызғаншақ қайраткерлер – қызыл қырғын құныкерлері» деген мақалам бар. «Құныкер» деген сөздің не екенін білесің ғой? Сонда бәрінің атын атап, түсін түстеп тұрып айтып бердім.
– Иә, оқыдым оны. Сіздің сол зерттеуіңіз қаншалықты дәл, анық? Ол қандай нақты факті-деректер мен дәйектерге сүйеніп жазылған? Сол жиналыстың хаттамасы бар ма?
– Мен оның хаттамасын таба алмадым. Бірақ, мен Әлекеңнің өмір тарихын бір адамдай зерттедім. Казревкомға төраға болайын деп тұрған Жангелдиннің орнына ойламаған жерден айдаладағы Пестковский деген біреудің болып кеткені рас қой. Данабике Байқадамованың, қазақтан шыққан тұңғыш стенографистің, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын қағазға түсірген адамның өз аузынан естігенімді айтайын. «Әлекең біздің үйге келіп жүрген бір ретте Бақытжан екеумізге былай деді: «Менің тағдырым қыл үстінде тұрған Мәскеудегі сол бір оқиға кезінде мен Бәкеңе қарап, «ең болмаса сен бірауыз сөз айтсайшы» дегендей болғанымда, ол мені қолдауға жараған жоқ». Әне, сол қызғаншақ қайраткерлердің кінәсінен қазақ 1932 жылы төрт миллион адамынан айырылды.
– Менің анықтағым келіп отырғаны, сіздің бұл кітабыңыздың шыққанына он жеті жыл болыпты. Содан бері жоғарыда мен берген сұрақтарды қойып, «бұл жазғаныңның дәлелі қайда, басқа басқа, Ахмет Байтұрсынов ондай әрекетке бармайтын адам» деп дау айтқан, талап қойған ешкім болмады ма?
– Болғанда қандай!
– Соны айтыңызшы.
– Бір жиналыста тарихшы Мәмбет Қойгелді мінберге шығып алып, «Қазақстанда совет өкіметін орнатты, соның салдарынан қазақ қырғынға ұшырады» деп, Әліби Жангелдинге ауыз салмасы бар ма?! Мен ол сөзін бітірісімен орнымнан атып тұрдым да, тіке мінберге тарттым. Жай жауап беріп қойған жоқпын, ит терісін басына қаптадым.
– Дәлеліңіз?
– Дәлелім, міне! Сол жолы қазақтар бірауызды болып, Әлекеңді қазақ еліне басшы етіп сайлап келгенде, бұл өзге де одақтас республикалардағыдай дәстүр болып қалар еді. Өзбек, тәжік, тағы басқалар секілді қазақ та тек өз басшысын өз ішінен шығарып отырар еді. Сонда қазақ тарихында Голощекин де, Мирзоян да болмас еді. Қазақ басшы қанша жерден нашар, білімсіз, сәтсіз сайланған басшы болған күнде де ол өз халқын миллиондап қыруға жол бермес еді. Әліби Жангелдинді сол жолы сайлатпай келгендер – қазақ қырғынының құныкерлері! Тарихшы болғаныңды қайтейін, соны да білмейсің! Міне, олар мына адамдар! – деп, олардың аттарын тағы да атап бердім. Тек бір жаман жері, ол кезде жиналыстың хаттамалары жазылмайды екен.
– Хаттама бар болуы мүмкін. Тіпті, бар деп те айтуға болады. Себебі, Сталин қағаз-құжатқа өте мұқият адам болған. Ол, тіпті, съезд-пленумдарда сөйлейтін баяндамаларын өзі жазатын болған. Жазғанда да алдына әкеп берген дайын дерек-дәйектерді қоса салмаған, оларды тексеріп, дереккөздерімен салыстырып отырып жазған.
– Жангелдинмен бірге барған адамдардың аты-жөнін оқыдың ғой?
– Оқыдым. Мен үшін, мүмкін, басқалар үшін де солай шығар, бұл тізімдегі Алаш арыстарының болғаны бір төбе де, Ахаңның болғаны бір төбе.
– Болғанда қандай!
– 1923 жылы Ахаң елу жасқа толғанда үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин бас баяндаманы өзі жасап, онда «Ахмет Байтұрсынұлы – біздің ұлттық рухани көсеміміз» деп атаған екен...
– 1919 жылы Мәскеуге Әліби Жангелдинмен бірге Ахаң да барған. Әлекеңнің Ахаң туралы көзқарасы өте жақсы. Елена Стасоваға, Орталық Комитеттің хатшысына жазған хатында Әлекең де Ахаңды дәл сіз айтқандай «қазақтың рухани көсемі» деп атайды. Оны компартияға өткізеді. Содан Ахаң кеңес өкіметінің қызметкері болады. Қазақстанның Академиялық орталығын басқарады. Осының бәріне оған жол ашқан Әлекең болатын.
Одан бөлек Әлекеңнің бір ғажайып ерлігін қазақ әлі түсінген жоқ. 1916 жылы Торғай көтерілісшілері қаша ұрыс салып, Октябрь революциясына дейін қаруын тастамаған болатын. 1917 жылы Керенскийдің Уақытша өкіметі «Қазақ көтерілісі 1916 жылы Ресейге пәленбай млрд. рубль шығын әкелді. Соларды жазалап, генерал-лейтенант Лаврентьев бастаған жазалаушы отряд жіберіп, қазақтарды қыру керек» деп қаулы қабылдаған. Соны ести сала Әлекең, Торғай өз елі ғой, барлық болыстарды аралап жүріп, болыстардың, ауылнайлардың, ел ағаларының қолы қойылған құжаттар дайындап, оны арқалап, Мәскеуге барған. Одан ары Петроград жұмысшы-шаруа және солдат депутаттарының атқару комитетіне кіріп, құжаттарын жайып салады. «Мына Уақытша өкімет қазақты қырмақшы. Қырғыннан құтқарар жәрдем беріңдер!» дейді. Петроград кеңесі «Лаврентьевтің армиясы кейін қайтарылсын!» деген қаулы қабылдайды. Уақытша өкімет кейін шегінуге, Лаврентьевті қайтаруға мәжбүр болады. Қазақ бұны әлі күнге дейін білмейді. Әлгі жиында мен Мәмбет Қойгелдіге осыны да айттым.
Молдахмет Кенбаевтың «Жангелдиннің жеті ерлігі» деген суреті бар. Жер шарын жаяу аралап шыққан бір ерлігі болса, одан басқа алты ерлігі және бар. Соның бірі жаңағы Лаврентьевтің қырғынынан сақтап қалуы.
Қазақ қалай «Танталға» айналды...
– Енді сіздің өміріңіздегі басты еңбегіңізге – өзіңіз айта беретін төрттағанға ауысайық.
– Отаршылдық туралы төрттағанның (тетралогияның) алғашқы кітабы – «Қазақ қасіреті» деген кітапты жаздым. Төрттағанның үшеуін қазақша, төртіншісін орысша жаздым. Жазғанда орысша білімім ішіме сыймай бара жатқаннан емес, әрине. Біздің елде мектеп директоры бір ағайымыз болған. Мұғалімдердің тамыз конференциясы өтіп жатпай ма? Сол конференцияда бір орыс әйел ағамыздың орысшасын сынап, «суффикс где, окончание где» деп ұрсып жатса, ағамыз орынан ұшып тұрып: «Запомни! У меня все корни правильные! Меня суффиксы, окончания не интересуют!» деген екен. Мен де сол ағайым секілді ғой...
– Сіз кітабыңыздың атауын бекерден-бекер бұлай қоя салған жоқсыз, сондықтан Танталдың кім болғанын елдің есіне сала кетейік.
– Құдайы көп ежелгі грек жерінде бас құдай Зевстің баласы Тантал деген құдай болған. Құдайлардың көп құпиясын жұртқа жария етіп жіберіп отырған. Соған ашуланған құдайлар «бұған қандай жаза лайық» деп ақылдаса келе, оны жерасты патшалығына түсірген. Ол белшесінен судың ішінде тұр, бірақ су ішейін десе, ішкен суын жұта алмайды, жұта алмай ол су кері қайтады, шөл азабын тартады; екінші жағынан, тамақ жейін деп төбесінен төніп тұрған жеміс ағаштарға қол созса, олар бұтағын арықарай алып кетеді-дағы, аштық азабын тартады.
Мен де қазақ дәл сол Тантал секілді өз елінде отырып, азаптың барлық түрін көріп отырғаннан кейін әдейі солай қойдым. Ол кітапты шығару маған оңай болмады. Дегенмен, Әлібек Асқаров деген азамат жазушы көмектесті.
– Дүниеде жақсы адамдар аз емес қой.
– Министр марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың орынбасары болып тұрған кезінде, басшысының іссапарда жүргенін пайдаланып, кітапты бастыруға бұйрық берген.
Содан менің «Танталовые муки степи» кітабым Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Ол сыйлықты беретін комиссияның құрамында жиырма екі адам бар екен. Солар қарап, қорытынды шығарғанда, менің кітабымды қолдап бір адам дауыс беріпті-дағы, қалған жиырма бірі қарсы болыпты...
– Олардың бәрі бірдей неге қарсы болды деген сұрақ туады ғой?..
– Сол заманда да қазақтың Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған азаматтары, оның ішінде аты көпшілікке белгісіз Шона Талжанұлы деген кісі де бар, бәрі қазақтың отаршылдықтан көрген қорлығын керемет жазып кеткен. Мен өз жанымнан ешнәрсе шығарғаным жоқ, ең алдымен, сол арыстардың айтып кеткенін халықтың есіне салғым келді. Ал, неге жиырма бір адам қарсы болды десек, ол кітапта билікке қойылар талап көп. Қазақ ашаршылықтан қалай қырылады? Алдымен қуаңшылықтан, жұттан малы қырылады. Малы қырылған соң қазақтың енді өзі қырылады. Қазақ қырылмас үшін оны патша өкіметі мен кеңес өкіметі кезінде күштеп ысырып тастаған шөл мен шөлейт аймақтан құнарлы жерге көшіру керек, тарихи әділет орнауы тиіс деген талап бар еді. Билікке осы талап ұнаған жоқ. Оны істеу үлкен жұмыс қой...
Патша өкіметі қазақтың 45 млн. десятина жерін тартып алған. Оның 1 десятинасы да қайтқан жоқ.
1-кітап – «Қазақ қасіреті» деп аталады. 2-кітап – «Қатерлі дерт, қалжыраған халық». 3-кітап – «Танталовы муки степи». 4-кітап – «Қауқарсыз қазақ мәселесі». 576-беттік. Оны мемлекет есебінен «Қазақстан» баспасы шығарды. «Қатерлі дерт, қалжыраған халықта» мен өзімнің мақсатымды жаздым. «Менің мақсатым – қазақтың көкірек көзін ашу» дедім. Қазақ аз жұмыс істеп, көп ақша тапқымыз келеді.
Қазақ 180 млн. десятина шөл және шөлейт жерде отыр. Менің мақалаларымның атауы: «Шөлейт дала – аш ана», «Қазақтар – аш ананың балалары», «Жоғарғы Кеңес және аш бала». Туберкулезбен ауыратын адам іздесең – қазақ ауылына бар, обыр (рак) деген кеселмен ауыратын адамды іздесең, қазақ аулына бар. Баланың ауруы қайда деп іздесең, қазақ ауылына бар. Қысқасы, қазақ аулынан осы замандағы ауру атаулының барлық түрін таба аласың. Аш баланы аш ананың құшағынан алып шығып, шұрайлы өлкелерге көшіру керек. Осыны түсінетін шенеунікті таба алмадым мен.
– Түсінгенімен қолынан ешнәрсе келмейді ғой олардың...
– Жазушылар одағының жанынан «Жер және қазақ тағдыры» деген комиссияны өзім бастап құрғызған едім. Үміт еткен адамым істей алмады. Өзім соған ақыры төраға болдым. «Комиссия төрағасы» деген мандатымды пайдаланып Парламентке бардым. Барғанда айтқаным, баяғы жерсіз қазақтың жыры. Аш ананың баласы тоқ болушы ма еді? Бірақ, бұнда да мені жанын сала қолдап шыққан екі депутат қана болды. Біреуі, Қызылордада обком хатшысы болған Оңалбек Сәпиев деген кісі, екіншісі, Шәмша Беркінбаева, Қыздар педагогика институтының ректоры.
Мәлік Ғабдуллиннің шарапаты
– Мен одан кейін де тоқтаған жоқпын, әлі айтып, әлі жазып келе жатырмын. Сіз бен біз, бәріміз босқа жүрміз. Босқа жүрмеген болсақ, шөлейт аймақтардан бір үйді өкімет көшіріп апарып, солтүстіктегі шұрайлы, құнарлы қонысқа орналастырды ма? Бір ауылды, бір ауданды емес, бір үйді?!.
– Енді Мәлік Ғабдуллин ағамыз жайында естелік айтыңызшы. Елге, жұртқа үлгі-өнеге көрсететін...
– Мен 10-класты кешкі мектепте оқып бітірдім. Талас Омарбеков деген тарихшы бар ғой, соның шешесі кезінде күйеуі ұсталған соң, өзі Торғайға жер аударылған екен. Сол біздің жақта өсіп, Алматыда жұмыс істеп жүрген пысық, ғалым баланың көзіне менің жазғандарым ілінген болу керек, бірде елге келіп жүріп, жолығып қалды да: «Сәке, не ойлап жүрсіз, Нұрхан Ахметбеков деген керемет халық ақындарыңыз бар, соның шығармашылығынан диссертация қорғап алмайсыз ба?» деді. Ойланып қалдым. Содан ірі басты деген ғалым ағаларыма барып ақылдастым. «Құптарлық ой екен!» десті біразы. «Сен – журналиссің, жазушысың, қалай ғалым болмақсың?» дегендері де кездесті. Ақырында Мұхамеджан Қаратаевқа барып едім, академик ағамыз: «Менің өзімнің қолым тимейді. Сен Мәлікке бар, ол – қайырымды адам. Саған көмектесер бір адам табылса, сол Мәлік болар. Және сен қорғамақ салада ол кісіге соқпай кететін тақырып жоқ» деді. Мәлік ағама бардым. Оның өзі де қызық болды...
Мен тіл мәселесіне қатысты бір республикалық жиынға облыстық газет редакторының орынбасары ретінде қатысқан едім. Қостанайдан келген алты адамның біреуімін. Және президиумда отырмын. Сол жағымда үш-төрт орын бос тұрған. Қасында керемет бір сұлу келіншек бар Мәкеңді жігіттер тура менің қасыма әкеліп отырғызды. Иық түйістіре отырдық. Үзіліс кезінде сәлем беріп, қолын алып, жолығатын шаруам бар екендігін айтқанымда, «шаруаңды ертең айт, осы үйдің 307-бөлмесіне сағат пәленде кел» деді. Бардым. Ойымды айттым. «Нұрхан жайлы жазам дегенің өте дұрыс. Біз Нұрханның шығармашылығы тұрмақ, өмірбаянын да жөнді білмейміз» деді. Сөйтіп келіп, «керек болса өзім жетекшің болайын» дегені. Тура осылай айтты. Менде ес қалмады. Орнымнан атып тұрып, рахмет айтып, қолын қысып жатырмын.
Мәкең жалпы ғажап жан еді ғой. Тек менің бір өкінішім, сондай адаммен бір де бір рет суретке түсу ойыма келмепті...
Аз қазақ қашан сыйысқан. Мен де Қостанай, Торғайдың кең даласына сыймағаннан емес, сыйыспағаннан Қостанайдағы облыстық газет редакторының орынбасарлығынан кетіп, Алматыға келдім. Келгендегі олжам, ғылым кандидаттығымды қорғадым. Оны қорғауым да тікелей Мәкеңнің, тіпті, өзінің де емес, әруағының қолдауының арқасында болды.
Мәкең – Кеңес Одағының Батыры. Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі. КСРО Педагогикалық Академиясының академигі. ҚазПИ-дің ректоры. Оның Қазақстанда болғанынан шет елдерде жүргені көп... Қысқасы, мен ғылыми жұмысымды аяқтап, енді қорғау ғана қалды деп отырған кезде, елу сегіз жасында Мәкең қайтыс болып кетті. Ол кезде жетекшісі қайтыс болып кеткен немесе басқа бір салаға ауысқан ғалымдар дайын тұрған жұмысын қорғай алмай қалатын, басқа жетекші іздеуге немесе өзге тақырыпқа ауысуға мәжбүр болатын. Мен жұмыс істеп жүрген Қазақ Совет энциклопедиясы ұжымынан да жет-сегіз қызметкер осындай себеппен ғылыми атақсыз қалып кетті. Менің еңбегім жөнінде Ғылыми Кеңестің төрағасы академик Ісмет Кеңесбаев Мәскеумен хабарласқан екен, ол жақтағылардан «М.Ғабдуллин «жұмыс дайын деп» қолын қойып кеткен болса, қорғауға шығара беріңіздер» деген жауап келіпті. Әне, абыройы қандай биік болған адам!..
Сол кезде Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакторының 1-орынбасары кенеттен қайтыс болып, орнына сегіз үміткер таласады. Таласатын себебі үлкен – оның айлық жалақысы – 400 сом, обком хатшысы еңбекақысынан жоғары. Министрлердің жалақысы – 350 сом. 500 сом алатын екі министр ғана бар, біреуі, Ауыр өнеркәсіп министрі, екіншісі, Ауыл шаруашылық министрі. Жылына энциклопедияның екі томы жарық көреді. Әр томы жарық көрген сайын 200 сом сыйақы. Сонымен, әлгі сегізі бірінің үстінен бірі арыз жазып, ақырында бәрі өтпейтін болып қалады. Сонда барып, «ғалым десе ғалым, осы Сапабекті неге қоймаймыз?» деген сұрақ туып, ойламаған жерден мен бас редактордың 1-орынбасары болып кеттім. Жыл сайын КПСС Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің ең жақсы санаторий-курорттарына тегін жолдама және бар. Мен сондықтан айтып жүремін: «Энциклопедияда жұмыс істегенде тапқан ең үлкен пайдам – әйелдер мені жақсы көрді» деймін. Жалпы, еркектің қызметі жоғарылаған сайын әйел оны соғұрлым жақсы көре түседі ғой... Дегенмен, мен әйелден жолы болған ағаңмын. Бірінші жарым қайтыс болған соң он бір жыл бойы бойдақ жүріп, осы Зейне апаңды көп ішінен таңдап барып алдым ғой. Жетпіс жасымда...
– Ойыңызды арықарай тарқата түссеңіз...
– Мен қазақты шөл далада қор болып жүр десем, қазір Шымкентте мектептің оқушы қыздары роддомда кезек бермейді деп атағы шығып жатыр ғой... Біздің кезімізде мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысушы қыздарға кешке әжелері ере келетін. Репетиция біткен соң үйіне алып қайтатын. Сол кемпірлер қайда бүгін? Мен солар арақ ішіп кетті ме деп қорқамын.
– Сіз айтқан әжелер баяғыда өмірден кетіп қалған. Мектепте жүкті болып жүрген қыздардың шешелерінің жасы қырық пен елудің арасында. Әне, солар ішіп болсын, ішпей болсын, тәрбие мәселесін ақсатып алды-ау. Математик Асқар Жұмаділдаевтан осыдан он жыл бұрын сұхбат алғанымда «Батыста 11-12-сыныптарда оқитын қыздардың «мәселесі» шешілген – олар сабақ арасында мектеп жанындағы яслиге барып, баласын емізіп келіп жүре береді» деген еді...
– Батыстың онысы дұрыс болған екен, ақыры бұл үрдісті тоқтата алмаймыз деген ғой.
– Жоқ, олай емес, керісінше. Батысты билеп отырған қалталы қауым «қарапайым халықтың азғындап, азая бергені бізге жақсы, ал біз азғындыққа салынбаймыз, ұрпағымыз да салынбайды» деген ұстанымда. Азғындау – біз секілді өзі аз, өзі еліктегіш ұлт үшін ғана аса қатерлі. Ақын-жазушылардың салмақты сөзі керек осындайда.
– Ол үшін алдымен олардың сөзі өкімет үшін салмақты болуы. Қазір ақын-жазушыны місе тұтып отырған үкімет жоқ екенін білесің бе? Роза Мұқанова жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде мақала жазды. «Бұл не деген сұмдық?! Мен пьеса жазамын. Оны режиссер сахналайды. Ойнаған әртістер де, әлгі режиссер де, басқалары да ол еңбегі үшін ақша алады. Тек мен ғана, соны жазған адам ғана сол сахналанған еңбегім үшін ештеңе алмаймын. Ол аздай, мені мазақ қылғандай, олар маған келіп, «қаламақы талап етпеймін, режиссердің сахналауына қарсы емеспін» деген қолхат бер дейді маған. Бұл не масқара?»
– Өзіңіз айтып отырғандай, сіз қазақтың көп жақсы мен жайсаңын көзінің тірісінде көрген, тіпті, араласқан ұрпақ өкілісіз. Сұхбатымыздың соңын сол кісілерге байланысты бір эпизодтармен түйіндесек.
– Әбділда Тәжібаевтың қазақтың көрнекті азаматтары жайлы өлеңі бар. Соның ішінде көп жыл Қазақ ССР Министрлер Кеңесін басқарған Нұртас Оңдасынов жайында былай деп жазғаны есімде қалыпты:
– Кетем деп пенсияға ойламаған,
Басын іске бағыштап қойған адам.
Басшыларға мақтатып өзін-өзі
Елу жасын шулатып тойламаған...
(Юбилейіңді тойлау деген сенің өзіңді-өзің мақтату екен ғой, мен соны осы өлеңде оқығанда түсіндім).
...Сол арманшыл адамды
«Нұрекең» деп,
Сыйлаушы едік
«өзі де ірі екен» деп.
Қуанамыз біз қазір естігенде,
«Тұрады екен, Мәскеуде,
тірі екен» деп...
– Тамаша жазған екен. Қазақтың мүддесі үшін «жарты құдай» болып отырған Никита Хрущевтің өзін жүре тыңдаған Нұртас Оңдасыновты елу тоғыз жасында пенсияға шығарып жібергендері, Қазақстаннан қызмет табылмай, ол кісінің қайын жұртына, Мәскеуге көшіп кеткені рас қой. Жалпы, «Сол күнде ел қорғаған Абылайдың, Қанша тәу етсең де аз моласына!» деп Мағжан жырлағандай, біз Нұртас Оңдасынов пен Жұмабек Тәшеновті қанша мадақтасақ та көптік етпейді.
– Міне, осындай өлең жазған Әбекеңді ренжітіп алдым мен.
– Қалай ренжітіп жүрсіз?
– Әбекеңнің Мұхамеджан Қаратаевқа арналған өлеңі де бар еді:
– Тағдыр тәлкек етсе де «сындырам» деп,
«Тақымыңа саламын қыл бұрау» деп,
Сынбай қайтқан сабаздың біреуі осы,
«Міндетімді өтеймін, тындырам!» – деп.
Осылай дей келіп, адамға жақсылық жасайтын жерлерін айта келіп, бір жерінде Әбекең былай деген екен:
– Жалған айтқан жанға да жәрдемі әзір.
Жазым етіп кетер деп жасқанбайды...
Соны бір қулар естіп алып, маған «осы да жөн бе, сен бір нәрсе десейші» дейді ғой. Мен сол сөзге түсіп қалып, жаңағы екі жолды сынай келе, «жалған айтқан адамды жазалау керек емес пе, ал, Әбекең осылай жазады» дегенім «Жас Алашқа» басылған еді, ағамыз тас-талқан болып ашулансын. Ақыры менен «кегін» алды, ол да қыпшақ, мен де қыпшақ, жақсы көретін інісін жетпісжылдық тойына шақырмай қойды. Осылай жазықсыз таяқ жеп жүретін кезім де болады...
– Мәшһүр-Жүсіп атамыз: «Жетпіс үшке келмей балталасаң да өлмеймін, жетпіс үшке келген соң байласаң да қалмаймын» дегені және дәл сол мүшелі күні ауырмай-сырқамай, түсте ауылдағы қарияларды тамаққа шақырып, бесін намазын оқып алып «ал, қош болыңдар!» деп, ақтық сапарға аттанып кеткені белгілі. Сіз де «қазақ құнарлы жеріне қайта ие болғанша көз жұмбаймын!» деп жүрсіз. Тоқсанға келсеңіз де томырылып отырған жоқсыз. Ләйім, қайратыңыз қайтпаған күйде сол мақсат-мұратыңызға жетіңіз!
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ
"Қазақ үні" газеті