Кәукеннің күлкісі
2016 ж. 12 қаңтар
5248
2
Қазақстанның Халық артисі, әнші, актер Кәукен Кенжетаевтың ұлт руханиятына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы қазақ студиясын бітірген дарынды жас 1942-46 жылдары Хабаровскідегі шекарашылар ән-би ансамблінде, 1946 жылдан бастап Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында әнші-солист болып қызмет атқарады. М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасындағы» – Жанбота, Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Дударайындағы» – Тарғын, Бекежан, Семен, М.Глинканың «Руслан мен Людмиласындағы» – Руслан, Ж.Бизенің «Карменіндегі» Эскамильо секілді Кәукен Кенжетайұлы жасаған кейіпкерлер галереясы қазақтың музыкалық-сахналық шежіресіне алтын әріппен жазылған. Сондай-ақ ол әншілік, актерлік талантымен қоса, режиссер ретінде Е.Брусиловскийдің «Амангелді», П.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операларын жоғары шығармашылық-көркемдік дәрежеде Абай атындағы академиялық опера және балет театрының сахнасына шығарды.
Отандық кино өнерінің озық туындылары – «Біздің сүйікті дәрігер», «Тұлпардың ізі», «Ән қанатында», «Ел басына күн туса», «Гауһартас» сынды өзге де кинофильмдердегі Кәукен Кенжетаев сомдаған рөлдер көрермен көңілінен шығып, ел сүйіспеншілігіне бөленгені және мәлім.
Осынау терең білім, мол парасат иесінің өзінің туған ағасы, әйгілі кинорежиссер Шәкен Айманов екеуінің құрбы-құрдастары жөнінде айтқан әзіл-қағытпалары өз алдына бір төбе. Оқырман назарына биыл туғанына жүз жыл толатын өнер қайраткерінің естелік нұсқасындағы сол әңгімелерінің бір үзігі ұсынылып отыр.
Арағыңа көш
Киностудияда Шәкеннің досы Сланов деген жазушы, сыншы болды. Ол кici араққа жақын жүруші еді. Бір күні ол Шәкенге:
– Шәкен, мен енді арақты мүлдем қойдым, содан пайда жоқ екен, – депті.
– Енді не iстейсің? – дейді Шәкен.
– Жұмсақтау ғой, виноға көштім...
– Дұрыс болған.
Кинодан шаршап шығып, eкeyi күнде ресторанда тамақтанады. Бірақ ас алдынан деп Шәкен жүз грамм iшсе, Сланов бір шөлмек шарап, кейде қызып кеткенде екі-үш шөлмегін бір-ақ ішетін көрінеді. Ақшаны Шәкен төлейді. Шәкен бірде:
– Әй, Сланов, айналайын, сен мына шарабыңды қойып, арағыңа көшкін, сол маған арзанырақ түсер, – деген екен.
Өзіміздің Фәкеңді қайырыңыздар...
Шәкен қазақтың алғашқы кинооператоры Файзолла Абсалямовты өте жақсы көреді. Ол да Шәкенге туған інісіндей қарап:
– Шәкенжан, айналайын, біздің үйден бір шай ішіп кетпейсің бе. Жеңгең сағынып отыр, – деп талай үйіне апарып, бәйбішесінің күрең төбел шайынан қандырып жіберетін.
Бірақ өзі талай жыл табанды еңбек етсе де, ешбір атағы жоқ еді. Дегенмен, не керек, бірде ол дүбірлі мейрамдардың бірінде сәті түсіп, «Республикаға еңбегі сіңген қайраткер» деген атаққа ие болады.
Қызық қылып, осы Фәкең атақ алған соң кілт өзгеріп шыға келіпті. Киностудияға қара костюм, ақ көйлек киіп, қара галстук тағып келіп, маңайындағы жолдастарына жөнді көз салмауға айналса керек. Тек Шәкенге деген құрметін өзгертпейді; себебі, атақты сол әперді деп ойлайтын секілді. Жолдастары:
– Фәке, жүр, сыра ішейік! – деп шақырса:
– Менің сыра ішпейтінімді білмеуші ме едіңдер! – деп мұрын шүйіріп бармай қояды. Сонда әріптестері:
– Ойбай-ау, мынаған не болған? Атақ алған соң бізді менсінер емес, мына атағын кері алып, өзіміздің бұрынғы Фәкемізді қайтарып беріңіздер! – деп арыз қыпты.
Клизма
Қазіргі Әуезов атындағы драма театрында Шәкен бір кездері бас режиссер болып жұмыс істеген. Бip күні «Асауға тұсау» ойыны қойылмақ болып, Шәкен өз бөлмесінде дайындық үстінде отырады. Сол театрдың Шәкенмен құрдас бip apтиci Шәкен отырған бөлмеге келіп:
– Шәке, айналайын, бірдеме демейсіңдер ме, мына Қарасқасқа (режиссердің көмекшісі) сахнаға жібермейді, ойнайтын рөлімізге шейін бермейді, аузымызды иіскеп, «арақ ішіп келіпсің, саған бүгін сахнаға шығуға болмайды» деп жібермей қояды. Бұл не пәле, әлде театрдың директоры осы ма еді? – деп ренжиді.
– Ішiп келгенің рас па?
– Ішкенде қанша iшті дейсің, бip жолдастың туған күні болып, аздап қана... тіпті мас емеспін... аузыңнан иіс шығып тұр деп пәле жабады.
Шекен аз ойланып отырып, былай дейді:
– Сен, Мәке, былай жаса, аузыңнан иіс шықпайтындай бip амал тап.
– Қалай?!
– Әптекке бар да бip клизма деген болады, соны сатып ал.
– Ол қандай пәле?
– Алмұрт сықылды, резеңкеден жасаған... Сосын ішетініңді соған құй да, құйрығыңнан жібер. Сонда аузыңнан исі шықпайды, әpi өзің шала дүмбілез болып жүресің, – десе керек.
Төзик
Біздің ұлы артисіміз Қалибек Қуанышбаев пен атақты домбырашы Әбікен Қасенов құрдас, әpi дос болатын.
Қазақ сөзіне екеуі де өте шебер адамдар, қатты қалжыңдасушы еді. Қаллекей көбірек сөйлеп, Әбекеңді тез басып тастауға тырысады. Еш сөз таба алмай қалса, тек ернін жыбырлатып, іштей бірдеңе деп отырады. Ал ол жыбырлаған еріннің не айтып отырғанын түсіну қиын емес-тi.
Әбекең болса өте сабырлы. Қаллекейдің айтып отырған сөзіне құлақ қоймаған адамдай. Тек анда-санда, ақырын ғана бip-eкi ауыз сөз айтады, онысы мірдің оғындай дәл тиеді. Eкeyi де орысша нашар біледі.
Бip күні Әбекең Қаллекейдің үйіне келеді. Қаллекей Москваға жүpгeлi отырса керек. Eкeyi бұрынғыдай тіл байлығын әңгімелеп отырады. Қаллекей cөзді қалжыңға айналдырып бөліп жiбepіп, тосыннан:
– Біздің үйде бірнеше тілде сөйлесеміз. Қазия (жеңгеміз) – қазақша, Жәркен (қызы) – немісше, ал мына Төзик (Тузик) деген кішкене қанден ит орысшаны сенен артық біледі, – депті.
Сейтіп, Қаллекей Әбікенді кездейсоқ жерде оңдырмай бip шалдым деп жан-жағына қарап, жымыңдап, «бәлем, бip қатырдым ба» десе керек.
Әлден соң Әбекең жай ғана баппен:
– Қаллекей, сен Москваға қашан жүресің? – деп сұрапты.
– Ертең.
– Сен оған несіне барасың?
– Мынау не деп отыр, сессияға барам!
– Оған сен бекер барасың, орныңа орысша жақсы білетін мына Tөзикті жiбepceңшi, – депті.
Сыра көл
Бір күні Қаллекей мен Әбекең eкеуі өздерінің туған елі мен жерін бірінен-бірі асыра мақтаумен болады. Араларында:
– Сендерде біздің елдегі тауға жететін тау жоқ! Сендерде мынадай ұшы-қиыры жоқ сары дала бар ма? Пәлендей өзен қайдан келсін! – дегендей болмашы талас сөз көбейіп кетеді.
– Бізде «Жарлы көл» атты көл бар, маңайы толған жыланның ұясы. Жаяу түгілі атты кісі өтуге қорқушы еді. Сол жыландар жолда күнге қыздырынып жатып, оқтай атылушы еді. Одан қашып құтылу оңай емес-ті, – дейді Әбікен.
Қаллеккей қалсын ба:
– Біздің елде «Саумал көл» деген көл болды. Суының дәмі тура саумал сықылды. Ішсең тоймайсың, – дейді.
Сол кезде Шәкен әңгімеге төтесінен қосылып кетіп:
– Біздің елде де «Сыра көл» деген көл болды. Бір шелегін ішсең, мас болып құлап қалатынсың, – дейді.
– Оттапсың, ондай көл естігем жоқ...
– Е, сендерде «Саумал көл» болғанда, бізде неге «Сыра көл» болмайды?! – деп Шәкен де epегісе түседі.
Қаллекей еріндерін жыбырлата бастайды. Ал, ол еріндердің не айтып тұрғанын біз жақсы білетінбіз.
Хайуандардың көкесі
Қалибек Қуанышбаевты Құрманбек қонаққа шақырса керек.
Дәл уақытында Қаллекей Құрекеңнің есігінің алдына келсе, бip топ бала ойнап жүр екен. Қаллекей соларды шақырып алып:
– Әй, балалар, әлгі хайуандардың әкесі осы үйде тұра ма? – депті.
Құрманбек Жандарбековтің балаларының аттары Ақтоқты, Ақбота болатын.
Кәмекең нан жемейді
Халқымыздың сүйікті артистерінің бірі марқұм Камал Қармысов еді. Театрда өзімен тетелес те, кіші де артистер Кәмеке деп қатты сыйлайтын.
Кәмекең де сыйлағанды жек көрмейтін кici. Мақтау майдай жағатын артистеріміздің бірі еді.
Бip жылы ол жолдасы Қарас Кәрімов екеуі Медеуде демалады.
Әрине, о кезде артистердің аз кезі, қадірі зор еді. Қазір ғой, бұл жарықтықтар жер-көкке сыймай кеткені...
Сонымен, Кәмекеңді Медеуде демалыс үйінде қатты қадірлесе керек.
Таңғы тамаққа алдымен Қарас (қалжыңқой жігіт еді) барып, Кәмекеңе жеке стол дайындатады екен. «Кәмекең көппен бірге отыра алмайды» деп жеке үстел үстіне ақ дастархан жайғызып, ашық терезенің алдына отырғызып: «Кәмекең тамақты тауға қарап ішкенді жақсы көреді, – дейтін көрінеді. – Кәмекең душтан шыққанша тамағын ысытып қойыңдар» деп шауып жүреді.
Аздан соң Кәмекең тамаққа келгенде Қарас қу даяшыға «әкел» деп белгі береді. Буы бұрқырап тамақ келеді. Қарас әкелген нанды даяшыға ұрсып, қайырып жібереді:
– Кәмекең нан жемейтінін сендер білмеуші ме едіңдер?! Бұ кісі фигурасын сақтайды, нанды әкет! Тек маған бip-eкі тілімін, – деп өзіне ғана қалдырады.
– Иә, дұрыс айтады, маған нанның кepeгi жоқ, – дейді Кәмекең де.
Содан бір ай ай бойы Кәмекеңе нан жегізбей, жатарда «дене шынығады» деп суық душқа түсіріп, Медеудің салқын түнінде бір простина астына жатқызып, артист түні бойы дірілдеп шығады екен. Өзі нәзік, арық Кәмекең сөйтіп отыз күнде он бір килоға арықтап қайтыпты.
Өзің ал...
Әнші Бақыт Әшімқызы опера театрына Алматының консерваториясын бітіріп келген. Консерваторияда оқып жүргенде кафедра меңгерушісі, профессор Бекен Жылысбаев:
– Дауысың жақсы, оқу бітірмей күйеуге шығушы болма, балалы-шағалы болып, оқи алмай қаласың, – деп құлағына cіңіре береді.
Бақыт оқу бітіреді, елі сүйетін әншіге айналады, тіпті, «Халық артисі» деген атаққа жетеді. Бірақ баяғы баяғы бойдақ күйі қалады.
Бip күні ол Бекенді кездестіріп:
– Аға, осы оқуда жүргенде күйеуге шықпа, күйеуге шықпа деп қақсап, ақыры байсыз қалдырдың, енді өзің алмасаң болмас, – депті.
Мойынағаштың орысшасы не?
Шәкен қарап отырсын ба, бірде Әбікен мен Қаллекейді айтыстырмақ болып:
– Әбеке, мына Қаллекең орысшаны сізден тәуір білем дейді ғой. Сол рас па? – дейді. – Осы өз үйінде отырғанда үш тілде сөйлесетін көрінеді...
– Қандай-қандай тілдерде сөйлейді екен?
Қаллекей салған жерде Әбікенді жеңіп жібермек болады:
– Жәркен (үлкен қызы, немісше оқыған) неміс тілінде, Қазия (әйелі) қазақша сөйлейді, ал мен орысша сөйлеймін.
– Әу, сен орысшаны қай жерде жүріп біліп қойып едің? – дейді анау.
– Неге білмеймін! Орысшаны сенен артық сөйлейтініме талас жоқ.
– Иә, айтпақшы, сен депутатсың ғой, ана Мескеуге сессияға барғанда үйренгенсің ғой, cipә!
– Әрине. Онда талай сөйлеп көрдік қой.
– Жарыссөзге де шыққан шығарсың?!
– Омай, чікінай-ау, шықса нeci бар екен, сөйлей алмайды ғой дейсің бе?!
Әбекең аз ойланып:
– Олай болса мен саған бip сұрақ қояйын, соған жауап берші, орысша білгішім...
– Не сұрақ?
– Мойынағашты орысша не дейді?
– Оның нeci бар!.. Омай, чікінай-ау!
– Сен сұраққа жауап бер!
Қаллекей ойланады:
– Орысша мойынағаш деген сөз жоқ...
– Тапқан екенсің, болғанда қандай!..
– Ал, бар болса, өзің айтшы. – Қаллекей жалтақтай бастайды.
– Жоқ, мен айтпаймын. Мен сенен сұрап отырмын ғой. Сен менен орысшаны жақсы білетін қу емессің бе!
– «Мойынағаш» деген қазақ сөзі ме өзi?
– Немене, осы күнге дейін мойынағашты естімеп пе едің? «Мойынағаш» деп тұрған жоқ па? Кәдімгі су таситын мойынағаш!
– Ә, оны «дерево на шее» дейтін шығар.
– Жоқ!
– Онда не?
– Әлгі, орысшаны менен жақсы білетінің осы ма?
– Ал, білсең, өзің айта қойшы?
– Жоқ, айтпаймын. Жеңілдім деп мойында, сонда айтамын.
– Жоқ, жеңілгенім жоқ. Онда мен де сұрақ қоям.
– Қой!
– Шідердің орысшасы не?
– Орысша шідер болушы ма еді?!
– Неге болмасын! Болады. Біздің ауылдағы Иванның жалғыз атына салатын шідерін көрмеп пе едің?
Әбекең үндемей қалады.
– Ә, таба алмадың ба?.. Олай болса жарайды. Мойынағашты не дейтінін сен айт, ал шідердің не дейтінін мен айтайын.
– Жарайды, мойынағашты орысша коромысло дейді, ал шідерді ше?
Сөйтсе, Қаллекей шідердің орысшасын өзі де білмейді екен ғой сабазың.
Дөмбай
Қазақтың атақты кинорежиссері Мәжит Бегалин кісіге ат қойымпаз болатын. Киностудияда Тұрар деген толық денелі тағы бір режиссер болған. Оған Мәжит «Дөмбай» деп ат қояды. Алғашқыда «Дөмбай» деп қалжыңдап жүрсек те, соңынан Тұрар аты қалып «Дөмбай» болды да кетті. «Дөмбай» десе, өзі де «әу» дейтін болды.
Бір күні ауылдан Тұрардың ағасы келді. Тұрардың түсірген киносын көріп, риза болып, жігіттерді ресторанға шақырды. Стол басында тостсыз бола ма, жұрт киноны мақтап жатты. Аздан соң Мәжит:
– Сөзді енді Дөмбайға берейік, – дейді.
Тұрар орнына тұра беріп еді, ағасы етегінен тартып қалды:
– Сөзді саған емес, Дөмбай деген біреуге берді. Сен неменеге атып тұрдың?!
Тұрар сасқалақтап:
– Аға... Бұлар мені Дөмбай дейді, – дейді.
Сонда ағасы ренжіп:
– Не дейді, қолақпандай режиссерсің, әкеңнің азан айтып қойғызған атыңды ұмытып, қайдағы бip «Дөмбайы» несі. Мұның аты – Тұрар болады, балалар! – депті.
Қолмақол аударма
Мәскеуден біраз жазушы қонақтар келсе керек. Олжас Сүлейменов бастап демалыс үйіне алып келеді. Бip-eкі ақын-жазушы бильярд ойнап жатады. Сонда ойнап жүрген бір ақын екіншісіне:
– Салбырап жүріп көтенің,
Бильярд сенің не теңің?! –
деп қағытыпты.
Жұрт ду күледі. Түсінбеген орыс жазушылары Олжастан:
– Что он сказал? Что он сказал?! – деп сұрайды.
Сонда Олжас:
– Зачем тебе бильярдный бой,
Когда у тебя геморрой?! – деп қолмақол аударған екен.
Асыл тұқымды қошқар
Обком хатшысы Рақымжан Қошқарбаевқа:
– Ауылға барып қайтыңыз, сізді сағынып отыр, ел аралап, демалып келіңіз, – деп ауылға жібереді.
Сөйтіп ауданға телефон шалып, алдын ала хабарлайды. Тек сол күні телефон нашар icтеп, жөнді естілмей, ана жаққа «қошқар, қошқар» деп әрбір әріпті жекелеп айқайлап, аяғына әрең жеткізеді. Колхоз бастығы да тек «қошқар келеді» дегенді ғана ұққандай. Әpi ойлап, бepi ойлап: «Ә-ә, әлгі шет елден племенный қошқар әкеледі деуші еді, сол болар» деп ұйғарады да, колхоздың жүк машинасымен күтіп алу үшін бip әйелді жібереді. Мән-жайды шала түсінген әйел де:
– Қайда, ол қошқары? Кім жіберуші еді оны бізге?! – деп әптер-тәптері шығады. Ақыры аупартком алдында состиып тұрған бейтаныс Рақымжаннан:
– Сіз білмейсіз бе, әлгі қошқары қайда? Асыл тұқымды дей ме өзі, немене? – деп сұрайды. Батыр сонда жағдайды түсіне қалып:
– А-а, асыл тұқымды қошқар керек болса, ол мына мен ғой, апарыңыз апаратын жеріңізге! – депті.
«Свиноводство»
Қазақтың атақты әншісі Ришад Абдуллин әдетте газетке жазылмайтын, тек оқта-текте киоскіге барып сатып алатын. Бірде театрда газетке келесі жылға жазылу жүріп жатты. Тек Ришад қана жазылмапты. Газетке жазылу жүргізіп жүрген жігіт:
– Аға, мына құрдасыңыз еш нәрсеге жазылмайды, айтсаңызшы, болмаса ол үшін бір-екі газетке жазылып жіберіңіз, – деді.
– Сенде қандай газет-журналдар бар?
– Міне, көріңіз...
Тізімін қарасам, «Свиноводство» деген журнал бар екен.
– Мынау қанша тұрады?
– Бip жылдығы 2 сом 20 тиын.
– Ендеше жарты жылға жаз, ақшасын төлейін, – деп Ришадтың адресін бердім.
Бip күні Ришад жәшігін ашып қарап, «Свиноводство» журналын көреді де таңқалады. «Бұл қайдан келді, кім жіберді екен?» деп ойға қалады.
Үйіне келіп әйеліне:
– Ләлә, бізге бipey мына журналды жазып жіберіпті. Бұл кім болды екен? – дейді.
Әйелі мән-жайды бірден түсінген секілді:
– Ой, анау құрдасың ғой оңбаған...
Сейтіп Рекеңнің жарты жыл «Свиноводство» журналын алып тұруға мәжбүр болғаны бар.
Сақтықта қорлық жоқ
Құрдастарым Ришат пен Мүсілім өмірде өте сақ адамдар болатын.
Кешкі тоғыздан кейін екеуі де үйден шықпайды. Күн сайынғы кешкі қыдырыстан оларды үйге шығарып салу біздің міндетімізге айналған. Жүретін жеріміз театр жанындағы «Әуезов» бақшасы, ал Ришат болса Фурманов көшесі мен Жамбылдың бұрышында тұрады. Шалғайлығы бір-ақ кварталдай. Бірде «Жамбыл» көшесінен өте бергенімізде Ришат:
– Тоқтаңдар! – деп бұйрық етті.
– Е, не болып қалды?
– Ана машина өтіп кетсін.
– Ол келгенше қай уақыт, ол алыста ғой.
– Жоқ, тұра тұр, кәпірді қайтесің, өтіп кетсін.
– Айдаладағы машинадан несіне қорқамыз? – деп мен де бой бермеймін.
– Ойбай-ау, айдалаң не? Өтіп бара жатып дөңгелегі ұшып кетсе, қайтесің?
– Ол дөңгелек неге ұшып кетуі керек? Ал, ұшып кеткен күнде неге маған тиюі керек?
– Сақтықта қорлық жоқ деген, – дейді Рекең.
Мүсекең неден шаршаған?
Шәкен қонаққа барса, Мүсілім қасынан қалмайды. Бip күні түнделетіп қонақтан қайтып келе жатты. Шәкен, әрине, Мүсекеңді үйіне шығарып салуы керек. Мүсекең қызулау болса керек. Үйіне жақындаған кезде қолына асылып:
– Шәкен Кенжетаевич, о, Шәкен Кенжетаевич! – дейді жыламсырап.
– О не, Мүсеке?
– Шаршадым, Шәкен Кенжетаевич.
– Неден шаршадың, Мүсеке?
– От уважения, Шәкен Кенжетаевич. От уважения!..
Бұл кейін достар арасында қанатты сөзге айналды. «Мүсекең от уважения устал, уважать устал» деген...
Батырлық шыдата ма?
Мүсілімнің өзіне тән «афоризмі» болатын. – «Лучше быть на минуточку трусом, чем на всю жизнь покойником», яғни, «Аяқ астында өліп қалғанша, аздап қорқақ болғаным артық»...
Осы «қанатты сөз» Мүсекеңнің негізгі заңы болатын.
Отан соғысы кезінде театрда күн демей, түн демей, өздерінің тамаша опера спектаклімен халқымыздың жігеріне жігер қосқан ағайынды Абдуллиндер, Серғали Әбжанов, тағы көптеген өнер қайраткерлері Виноградов пен Мир көшесіндегі актерлер үйінде тұрған. Абдуллиндер үшінші қабатта, Әбжанов екінші қабатта.
Әрине, түнде спектакльден кеш қайтқанда көшеде де жарық аз және подъезде жарық жоқ, қап-қараңғы, қорқынышты-ақ. Ал, Мүсілім үшін бұл Қорқыттың көрі сықылды, зәресі кетеді екен.
Үйге шейін баруын Серғалимен бірге барады-ау, ал үшінші қабатқа жалғыз көтерілу Мүсілім үшін қиямет-қайым. Сондықтан, «үшінші қабатқа шығарып сал» деп Серғалиға жалынады.
Сонымен ғана «жаны қалып» жүреді. Бірақ бip күні Серғали қисайып қалыпты. «Өзің бар, мен шаршап тұрмын. Үшінші қабатқа көтеріле алмаймын» десе керек.
Мүсілім қатты жалынады...
Серғали райынан қайтып, «жарайды, мен сені апарайын, бірақ ертең жүз елу қоясың» депті. Амал қанша, Мүсекең көнеді, өйткені «афоризм» манағы ғой.
Серғалидың да есебі түгел, күнде «жүз елу» грамы дайын, оны әпермесе Мүсілімді ертіп жоғары шығармайды.
Бірақ тағы бірде театрдан шаршап шыққан Серғали:
– Мүсілім, мен бүгін үшіншіге шыға алмаймын. Сен өзің жалғыз көтерілші, мен екінші қабаттан дауысымды шығарып айқайлап тұрайын, сондықтан, сен ертең маған жүз елудің орнына жүз грамм алсаң да жетеді, – дейді.
Амал не, Мүсекең көнеді.
– Тек сен мен есікті ашқанша кетіп қалып жүрме, – дейді.
Сөйтіп ол бір мәрте үшінші қабатқа жалғыз көтеріліпті.
Міне, бұдан артық «батырлық» бола ма?!.
"Қазақ үні" газеті