Шынар АСҚАРОВА, актриса, тележүргізуші: Ешкімге ұқсамайтын образ жасағым келеді...
2016 ж. 06 қаңтар
7228
17
Осыдан жиырма жыл бұрын Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың табалдырығын аттаған Шынар Асқарова осы бір киелі сахнада талай образдар жасады. Мәселен, ол "Турандот ханшайымда" басты кейіпкер – Адельма ханшайымның ролін сомдау арқылы елге етене танылды. Еңбегі де еленбей қалмады. ҚР Мемлекеттік Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Иә, Шынар Мұқанқызы – қашан қарасаң да тынымсыз тірліктің бел ортасында жүреді. Кинода да ел есінде қаларлық бейнесі жетерлік. Тележүргізуші ретінде де көпке таныла білді. Әйтсе де ол, ең бастысы – М.Әуезов театрының актрисасы деген атқа кір келтірмеуді басты назарда ұстайды. Осы жолда еселі еңбек етіп те келеді.
Жақында ғана Шынар Асқарова Белоруссияның Брест қаласында өткен Халықаралық «Белая вежа» фестиваліне театр ұжымымен бірге қатысты. Бұл өнер додасының басты ерекшелігі – ағылшын тілінде өтуі еді. Осынау халықаралық фестивальде «Сұлтан Бейбарыс» спектаклінде Бейбарыстың анасының ролін шебер сомдағанына тәнті болған Әділқазылар алқасының төрағасы Шынар Мұқанқызының өнеріне жоғары баға берді.
Сондай-ақ, Атырауда жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған Халықаралық театрлар фестивалінен М.Әуезов театры бас жүлдемен оралды. Осы бір әлем көз тіккен халықаралық байқауға да біздің бүгінгі кейіпкеріміз белсене араласты. Әуезов театрының абыройын асқақтатуға атсалысып жүрген театрдың белді актрисасы ҚР Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Шынар Асқаровамен тілдесудің сәті түскен еді.
– Шынар Мұқанқызы, халықаралық «Белая вежа» театр фестиваліне қатысу арқылы қазақ әйелінің қадірін тағы да бір арттырып қайттыңыз. Театрда да, кинода да сіздің жаныңызға жақыны – ананың ролі шығар...
– Әрине, ана болып ойнау жүрегіме жақын екені сөзсіз. Қашан да ананы құрметтеген халық емеспіз бе? Оның үстіне сахнаға ана кейпінде шығу – үлкен жауапкершілік. Өмірде өзім де ана болғандықтан, театрда да, кинода да мейілінше мейірімді ана бейнесін көрсетуді жөн санаймын.
– Кинода «Секерде», «Әпкеде» ананың, «Біржан Салда» жеңгенің, театрға келсек, «Жүрейік жүрек ауыртпайда» келіннің ролін шебер сомдайсыз. Яғни, сіз қазақ әйелі өмірінің барлық сатысын өнер арқылы бастан кешірген нәзікжанды ретінде бүгінгі қазақ әйеліне қандай баға берер едіңіз?
– Меніңше, бүгінгі таңда әйелдер қауымының арасында ер азаматты басып, озып, алға шығып кеткендері жоқ. Қазақтың қанына сіңген сол имандылық, инабаттылық қасиеттер бүгінгі барша қазақ әйелінің бойынан табылады. Яғни олардың әрбірі өзінің дәрежесін жақсы біледі. Осынысымен де қазақ әйелінің қоғамдағы орны қашан да жоғары. Әйел жүрген жерде тыныштық, береке-бірлік болады.
– Әңгімемізді театрға бұрсақ, бір сұхбатыңызда өзіңіз: «Образды сомдағанда жан дүниеңмен беріліп ойнаған соң, іште салмағы қалады, ізі қалады» деген едіңіз. Айтыңызшы, қандай да бір ролді сомдағаннан кейін оның әсерінен арылу қаншалықты қиын?
– Адамның көңіл-күйі құбылып тұратыны белгілі ғой. Сондықтан да, спектакльді сомдағаннан кейінгі әсер де, сол күнгі көңіл-күйіңе тікелей байланысты. Мәселен, Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығына орай Әзірбайжан Мәмбетовтың жетекшілігімен қойылған «Қарагөзде» Ерлан Біләлов Сырымды, мен Қарагөзді алып шықтым. Негізінен театр сахнасында өзіңе тапсырылған ролдің үдесінен шығу үшін, ең бірінші кезекте соған өзің сенуің керек. Әсіресе сезімді жәй ғана ойнап шығу мүмкін емес. Сезімді сезіне білуің керек.
Сол кездегі Ерланның Сырым болып салған әні менің жадымда әлі сақтаулы. «Қарагөз» кейпіне ене отырып, «қойылым аяқталды, гримімді сүрттім, сонымен барлығы бітті» дей алмаймын. Оның салмағы жүрегімде ұзақ уақытқа дейін сақталғаны есімде.
– Сіздің өнеріңізге қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп жүретін ұстаздарыңыз кімдер?
– Біз қазір үлкен аға-апаларымыздың өкшесін басып келе жатқан орта буын өкілдеріміз. Бізге өнер саласында әрине бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол нұсқайтын аға-әпкелеріміз жетерлік. Ол кісілер бізге: «осы қойылымдағы мына тұсыңды былай ойна» деп ашық айтпаса да, «осы бір жеріңді тағы да бір ойланып көрші» деуі мүмкін. Бізге осының өзі жеткілікті. Әлгіндей сөзді естісек, өз-өзімізді қамшылап, сол ролді қайтадан қолға алып, кемшін тұстарын барынша түзетуге тырысамыз. Өнердегі әрбір қадамыма жанашырлық танытып, өздерінің әпкелік қамқорлығын көрсетіп жүретін ҚР Еңбек сіңірген артистері Ғазиза Әбдінәбиева, Шәмшәгүл Меңдиярова сынды апаларымызды айрықша атап өткім келеді.
– Болашақта қандай ролді сомдауды армандайсыз?
– Актер қойылым барысында өзге қырынан көрініп, тың жаңалық алып келсе, онда ол оның өскендігі, шығармашылығының шыңдалғаны. Шыны керек мен, біреудің істеген дүниесіне қарап, мен де осылай етсем екен деп талпынбаймын. Өзіме сеніп бір роль тапсырылса, мен оны ешкімге ұқсатпай, өзіндік үніммен, ерекшелігіммен алып шыққым келеді. Өзімнің өнер жолымда кездеспеген, әрі ешкімге ұқсамайтын өзгеше бір образ жасау – менің арманым. Қазіргі біз кез-келген нәрсеге атүсті емес, саралап қарайтын жастамыз. Дәл осы кезеңде бір тың туындылар жазылып, жарқ етіп көрінуімізге мүмкіндік туса екен деймін.
– Шынар Мұқанқызы, сіз түрлі кинолар мен бағдарламалар арқылы теледидар экранынан да көп көрінесіз. Сіздің жаныңызға қайсысы жақын? Теледидар эфирі ме жоқ әлде театр сахнасы ма?
– Мен үшін үшін ең қымбаты да, ең бағалысы да – театр. Мәселен, кино актрисасы болу танымалдылығыңның артуына, табысыңның молаюына септігін тигізуі мүмкін. Егер де, мен тележүргізуші немесе кино актрисасы ретінде таныла бастасам, онда оның бастауында театр тұр. Маған керекті дүниенің барлығын осы қарашаңырақ берді десем, артық айтқандық емес. Кез-келген өнерге қанат қаққан адам ең бірінші, театрда шыңдалса, онда ол сол өнердің бар саласында да биіктерді бағындыра алады.
– Сынға қалай қарайсыз?
– Өзіме қатысты айтылған кез-келген сынды қабылдауға әзірмін. Егер де, әрине сын шын болса. Театр сахнасында қандай да бір ролді сомдап шыққаннан кейін міндетті түрде режиссердің пікірін күтемін. Өйткені кез-келген актер үшін, бұл өте маңызды. Шындығын айту керек, театрда қызмет атқарған жиырма жылдың ішінде маған әлі күнге дейін "мына образ дұрыс ашылмады" немесе өзге де мәселелерге қатысты БАҚ-да жағымсыз пікірлер айтылмапты. Мұны өзім де жақында білдім. Осыдан кейін бір марқайып қалғанымды да жасырмаймын.
– Әйтсе де, сіздің тележүргізушілік қабілетіңізді елге танытқан "Жетінші арнадан" көрсетілген "Қыздар арасында" бағдарламасына қатысты сыни пікірлер де бар...
– Шынымды айтсам мен бұдан хабарсызбын.Ол қандай пікір екен?
– Бұл тұрғыда белгілі журналист, Мырзан Кенжебай: "Шынар Асқарова мен Аша Матайдың бүкіл эфирлік уақыты қолға жағатын крем мен ерін далапқа арналған" депті. Бұған не дейсіз?
– "Қыздар арасында" – әртүрлі жастағы әйелдерге арналған қазақ тіліндегі қызықты, әрі танымдық ток-шоу. Бұл бағдарламаға тек ғана бір қырынан қарауға болмайды. Бұл шоу қыз балалардың денсаулығы мен әдемілігін ғана емес, бүгінгі бойжеткендерге отбасын қалай құру керектігі мен оны сақтап қалудың жолдары турасындағы көптеген мәліметтерден құлағдар етті. Кез-келген туындыға "халыққа берері не?" деген ұстаныммен қарасақ, бұл хабар әйелдер қауымына қажетті кеңестердің бәрін берді деп ойлаймын. Мүмкін, Мырзан ағамыз, қыздарға берілген кеңестерді ғана көріп, пікір білдірген шығар. Ал, шын мәнінде, хабарды басынан-аяғына дейін тамашалаған көрерменнің жеңіл-желпі дүние деп қабылдамайтыны анық.
– «Тендерге түскен келіншекте» Еркетайдың ролін жоғары деңгейде алып шыққан қызыңыз – Динара Дайырова болашақта актриса болуға дайын секілді. Қызыңыздың өнер адамы болғанын қалайсыз ба?
– Иә, қызым өнерге ерте бет бұрды. Тіпті үш жасынан бастап, түрлі сериалдарға, бейнебаяндарға түсе бастады. Мәселен, «Әпке» сериалына кастингке өзім баруға тиіс едім. Бірақ, 3 жасар Динараны өзіммен бірге алып баруға тура келді. Мен өз дайындығыммен жүрсем, қызым да өзінше «бірдеңелерді» көрсетуге әзірленіп жүр. Динараның бойындағы қабілетін көрген ұйымдастырушылар оның да өнерін сарапқа салып көрді. Сөйтіп, ойламаған жерден қызым «Әпке» сериалына түсуге мүмкіндік алды. Осылайша аталмыш сериалда ол Нәзиланы ойнап шықты.
Өнердің жолы – ауыр жол. Оған өзім әбден қанықпын. Сондықтан қызымның өнерді таңдағанын құп көрмеймін.
– Ал, жан жарыңыз – Бижан әскери қызметкер екеніне қарамастан, өнерге деген құрметі ерекше. Тіпті, театрға спектакль тамашалауға келіп, сізге ғашық болған екен. Әйтсе де, өмір деген бір қалыпта тұрмайды ғой. Сізге түсінбестік танытатын кездері бола ма?
– Менің мамандығым – актриса. Демек, жұмыс кестеміздің тұрақты болмайтындығы әу бастан-ақ белігілі. Сондықтан да, біз Бижан екеуміз отбасын құрмай тұрып, осындай мәселелерді алдын-ала талқыладық. Өнер адамының ары-бері жүретін гастрольдік сапарлары, түсірілімдері болатынын ол білді. Бірақ осының бәріне қарсылық білдірмей, түсіністік танытатынын айтты. Өзінің берген сөзін әлі күнге дейін бұзған емес. Бұған мен шүкірлік етемін. Өмірде менің бір бағымның жанғаны – жанымды түсінетін жардың маған жолыққаны.
– Көрермен қауымды өнеріңіздегі қандай жаңалықтармен қуантпақсыз?
– Осы уақытқа дейін де бірқатар киноларда ойнағанымды жұрт жақсы біледі. Жақын арада көрерменге «Тақиялы періште – 2» атты фильм жол тартпақ. Аталмыш фильмде бұрын Тайлақ атымен танылған Әбілғазы Құсайынов ағамыздың өзі ойнайды. Мұнда ол кісі өзінің ұлына келін іздейді. Ал, мен қалыңдықтың анасының ролін алып шығамын.
Сондай-ақ, «Жетінші арна» мен «ARAI Media» студиясы түсірген «Шалғайдағы оқиға» телехикаясында мейірімді ана бейнесінде көрінемін. Бұйыртса жыл аяғында «Жетінші арнаның» эфирінен тамашалайтын боласыздар. Телехикаяда басты ролді сомдайтын Елдос баламды жас әнші Нұрболат Абдулин ойнады. Мен Елдостың анасы Динараның ролін сомдаймын. Нұрболат кино әлеміне енді ғана қадам басып келе жатқандықтан оған мейілінше қолдау көрсетуге тырыстым.
– Әңгімеңізге рахмет! Өнеріңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz