Ұлағаты мол - ұлы ұстаз
2016 ж. 06 қаңтар
5386
1
Филология факультетінің қараңғылау дәлізімен үстіне әппақ жейде, ақ шалбар киген, жан-жағына сәуле шашып, жарқыратып, маңғаз басып, асықпай келе жатқан Зейнолла Қабдоловқа топ жара жол беріп, артынан сүйсіне қарап тұратынбыз. Академик бізге, 1-курста «Әдебиеттану негіздері» деген пәннен лекция оқыды. Ол кісінің лекциясына асығушы едік. Әр сөзін мұқият тыңдап, дәптерімізге түсіріп алуға тырысып, жан таласа жазатынбыз...
Қазақ әдебиетінің негізін қалаған алаш азаматтарының көзін көрген, Мұхтар Әуезовтің шәкірті - Зейнолла Қабдоловтай аңыз адамнан дәрісін тыңдау, кез келген студентке, әсіресе, әдебиетшілерге баға жетпес бақыт екені айтпаса да белгілі ғой. Алайда, ғұлама ғалымның лекциясын тыңдау бір жыл ғана бұйырыпты. Өз қолынан «Менің Әуезовім» атты романын алу да еншімізге тиді...
Жаңадан жұмысқа тұрған кезім. Бір күні дәлізбен келе жатсам, кабинеттердің бірінің сыртындағы тақтайшадан: «Абай Бақытұлы Қабдолов» деген жазуды оқып қалып, кілт тоқтадым. Зейнолла ағайдың немересі екені сөзсіз. Көруге асықтым. Бірінші көрген сәттен-ақ, Зейнолла ағайдан аумай қалған екен деген ой келді. Бет-әлпетінен бастап, жүріс-тұрысына дейін Зейнолла Қабдоловтың өзі. Тек жас кезіне ұқсайды. Кейін, Абай Бақытұлынан сәті түскен сәттерде атасы жайлы сұрайтын болдым. Біз үшін классиктің әр сөзі - өсиет, әр ісі- ұлағат қой. Ол жайлы жазылған еңбек те мақала да көп. Әлі де зерттеле, жазыла жазатыны сөзсіз. Десекте, жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері-Зейнолла Қабдолов жайлы немересінің аузынан есту басқа.
- Біз Зейнолла Қабдоловты М. Әуезовтің шәкірті, қазақ әдебиетінің біртуар ғалымы, жазушы, аудармашы тұлға ретінде танимыз. Ал ол кісі отбасында қандай адам еді?
Атамның ерекше қасиеттері көп еді. Ол кісі сабырлы, ұстамды нағыз Ұстаз болған. Біздің атамызбен қарым-қатынаста болған адам бірден оның сауатты, зиялы, көп оқыған тұлға екенін байқайтын.
Атамыздын тағы бір ерекшілігі – адамның тек қана жақсы қасиетін көретін. Осындай мінезімен ол өзін қоршаған адамдарды таңқалдыратын, әркім ол кісіге ұқсауға тырысатын және «Зекең айтқандай», - деп өздеріне үлгі тұтатын. Немерелеріне деген ыстық ықыласы ерекше еді. Атамыз сирек ашуланатын, бірақ бізге ашуланса, бес минуттан кейін ашуы кетіп, қайтадан келіп желкеден сүйіп, «Кокешка» деп айтатын, соған апамыз: «Әй, Зеке, бұның не? Бүйте берсең олар өз кінәларын кайдан білетін болады»- деп айтушы еді. Балалық шағымыз көбінесе атамыздың үлкен үйінде өтті. Есімде, атамыз жұмыстан қанша шаршап келсе де, біздің балалықпен қойған әрбір сұрақтарымызды мұқият тыңдайтын. Бұған қоса, ол кісінің орынды да парасатты жауабы әрқашан дайын болатын. Атам бәрімізді ойлап жүретін, қал-жағдайымызды сұрап қандай жағдайда болса да бізге әрқашан көмектесетін.
- Ол кісінің жұмыс күні қалай өтуші еді? Ол кісі өзі бір ерекше тұлға еді ғой?!
Атам ең алдымен адамның бойындағы адамгершілік қасиетті бағалады деп ойлаймын. Үлкен үйде ақ дастархан басында отырғанда апам екеуі: «Біз бұл өмірде ешкімді өкпелетпедік, тек бәріне қол үшін беруге тырыстық, сондықтан ұрпақтарым, сендерден де осыны талап етеміз», - деуші еді. Атамыздың айтқан осы сөзінің куәгері ретінде мен бүгін, жоғары оқу орындарында атамыздан білім алып, бүгінде еліміздің әр өңірінде абыройлы қызмет атқарып жүрген шәкірттерімен мақтана аламын.
Әрине, атамыздың нақты күнтәртібі болатын. Көбінесе, ол кісі түн ортасында тұрып жұмыс істейтін. Сол үлкен үйдің ұзын дәлізінде радиоприемник тұратын. Содан қазақтың халық әндерін тыңдайтын, белгілі қазақ ақындардарының өлеңдерін жатқа білетін еді.
Ал атамыздың жазуы қандай еді! Тіпті әрбір әріпі моншақпен тізгендей болатын. Сондықтан шығар біздің Сәуле апамыз келесі қолжазбасын басқаннан соң, қолжазбаны тастауға қимай ұзақ тұратын. Оның әдемі жазылған қолжазбалары - адамның жан-дүниесінің сұлулығын, еңбекқорлығын, белсенділігін, өз жұмысына деген сүйіспеншілігін көрсететін.
Кейіннен түсіндім, сондай жазу атамның ұстазы және ұлы тұлғалар - Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Ермұқан Бекмаханов және тағы басқаларына тән қасиет екен.
Қазір мен атамның өмір жолына ойлы көзбен қарасам, атамыз,күндізгі уақытын, 50 жылдан аса әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де адал қызмет істей жүріп, Жазушылар Одағында, еліміздің мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында дәріс оқуға арнап, түнгі сағат үштен беске дейінгі уақытын шығармашылықпен айналысуға, яғни, өзінің құнды шығармаларымен қатар мектепке, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазуға жіберген екен.
Атам туралы тоқтамай айта беруге болады, мысалы, «Адамда бәрі тамаша болу керек: жан-дүниесі және оның келбеті», - деген А.П.Чеховтың сөздері біздің атамызға арнап айтқандай. Өйткені, атам киім-киіске де өте көп көңіл бөлетін, ол өте таза, ұқыпты болған, тіпті тазалығы дәрігер сияқты еді. Тазалыққа деген көңілі мүмкін оның дәрігерлермен де дос болуына әсер еткен шығар деп ойлаймын. Оның балалар дәрігері- Қамал Ормантаевтан бастап, Төрегелді Шорманов, Амангелді Ахметов, Серік Тоқпановтармен достығы ол өзі бір бөлек әңгіме.
Атамның сол өзі өмір сүрген заманында қазіргі бәсекеге қабілеттілік атты адами қасиетіне таң қаламын. Ол жан-жақты адам болатын, оны саясат, өндіріс, экономика және медицина да қызықтыратын, сол себепті де оның достары филологтар ғана емес, басқа да маман иелері - сәулетшілер, ғалымдар, оқытушылар, инженерлер, ақын-жазушылар болатын. Олардың қатарында мен білетін И. Тасмағанбетов, Ә. Нұрпейісов, Е. Аманшаев, Х. Ерғалиев, Ш. Айтматов, С. Сейітов, Ә. Сәрсенбаев, Ф.Оңғарсынова, С. Жүнісов, О. Сүлейменов, тарихшы- М. Беспаев, заңгерлер- С. Зиманов, С. Сартаев, сонымен қатар, С. Елубаев және т.б. болатын, ал мен білмейтінім қанша десеңші?
Достарының барлығы атамызбен кездесуге асығатын, өйткені, ол оларды өзінің жаңа ойларымен, жоспарларымен таныстыратын. Ол әсіресе, жастарды жақсы көретін. Еліміздің жоғары оқу орындарында студенттермен кездескеннен кейін, үйге жаңа ойлармен, жаңа жоспарлармен оралатын және бізді баласынбай оның шет-жағасын айтып отыратын.
Ол кісінің тағы бір ерекшелігі-адамға қатты, кек сақтап ренжімейтін, бір ғана мысал келтірейін. Мен мектеп бітіріп, заң факультетіне оқуға түсетін 1998 жылы, атам ҚазҰУ-дың сол кездегі ректорына кіріп, бұйымтайын айтқан ғой. Ал ректор академикке көмектесе алмайтынын жеткізген. Сол кезде «Әй, қойшы, сендерді» деп бұрылып кетіп қалған екен. Ал Қырғызстан мемлекеттік университетінің басшысы бір ауыз сөзін жерге тастамай, айтқанын орындап, мен сол жақта білім алдым.
Атамыз, ол өз Отанының, өз мемлекетінің нағыз патриоты еді. Ол әрқашанда Отанының, өз елінің, өз халқының, Астананың, Президенттің қамын ойлайтын, әрқашанда қолдайтын. Ол жаңа Астанамен мақтанатын, әрбір жаңа үй, әрбір жаңа ғимарат оның жүрегінде жарық жұлдыздай жарқырап, қуаныш сезімін ұялатты. Біз үйде дастарханда шай ішіп отырғанда апама айтатын: «Осы Абайымыз болашақта Астанада тұрады, соған Астанаға жиі барып тұрамыз»- деп армандаған.
- Кез келген ірі тұлғаның артында-дана әйел тұратыны белгілі ғой. Зейнолла Қабдоловтай бар ғұмырын қазақ ғылымының дамуына, әдебиетке арнаған ғұламаның бағы мен бабын қатар келтірген, марқұм әжеңіз жайлы тоқталып өтсеңіз? Қандай адам еді?
- Сәуле Төлеуқызы Қабдолова (Мүрсәлімова) Тайнақ ауданы, Бекше деген жерде дүниеге келген. 1950 жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп шыққаннан кейін, Мақат қазақ орта мектебінде Ленин орденді Санбаев Хамза ағайдың қол астында екі жыл оқытушы; одан мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Ал 1952 жылы тұрмыс жағдайына байланысты Алматыға ауысып, 1954 жылдан 1983 жылға дейін №12 қазақ орта мектебінде 30 жыл сабақ беріп зейнеткерлікке шыққан. Апамыз - Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі; Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері болған. Атамның сөзімен айтқанда, ол кісі өз уақытын аямайтын, басқалардың бақытын аялайтын адам болған.
Екеуі де Атыраулық. Атамыз Доссордан, ал апамыз шалғай жатқан Қызыл қоға ауданынан. Тірі болса, 2015 жылы желтоқсан айында олар 88 жасқа толар еді: атамыз –12-де, әжеміз - 26-да.
Атамыз жазуға отыруға даярлана бастағанда, апамыз да қарайлай, қипақтап, кейін ол кісінің стол басында тыныш отырып, шабыттана жұмыс істеуіне қолайлы барлық жағдайды жасауға жанын салатын.
Апамызда да өз күнтізбесі болатын таң атса болды, Динамо стадионына барып жүгіріп немесе бассейнге барып спортпен шұғылданатын. Апамыздың пісірген бауырсағының дәмі ерекше болатын, әлі есімде.
- Сізді көрсек, ұстазымызды көргендей боламыз. Түр-келбетіңіз де жүріс тұрысыңыз да ұқсайды. Неге сіз әдебиет саласын таңдамадыңыз? Ол кісінің басқан ізбасарлары бар ма?
-Атамыз Некрасовше: «Ақын болу шарт емес, Азамат болу - міндетің!» деп жиі айтатын Мен атам сияқты әдебиетші болмасам да, жүрегім «әдебиет», - деп соғады. Өйткені, мен осындай ұлы тұлғаның ұрпағымын. Ол өз отбасын өте жақсы көретін, балалары, әсіресе, немерелері үшін жанын пида етуге дайын еді. Оған көп дәлел келтіруге болады. Оны маған студент кезімде жазған хаттың үзіндісінен көруге болады:
Айналайын Абай!
Аманбысың. Оқуың қалай? Жұлдыз-апайыңмен кездесіп тұрасың ба? Осыларды айтып, хат жаз. Мынау Дудинова Елена Ивановна деген қыздан сәлемдеме беріп жібердік. Ептеп, жұмсай тұрарсың. Барлық Қабдоловтардан саған дұғай-дұғай сәлем. Аман жүр. Жақсы оқы. Береги себя! Сәуле –апа, Зейнолла-атаң.
Бүгінде біз ол кісілердің «Айналайын» деген сөздерін күнде сағынамыз. Сондықтан шығар қай немересі болмасын атасын мақтанышпен үнемі еске алып отырады. Атамыз тек балаларын ғана құрметтеп қоймай, құда-жекжатқа деген көңілі ерекше болатын, сондықтан болар, атамызды бүгінде құда-жекжаттар да ерекше құрметпен еске алады. Құдайға шүкіршілік етеміз, атамыздың немерелерінің ішінде талантылары да жетерлік: менің ағам - Арай Бақытұлы – талантты суретші – дизайнер, Жүргенов атындағы өнер академиясын қызыл дипломен бітірген. Ал атамыздың ізін жалғастырған баласы- Серік-аға – техника ғылымдарының докторы, Қазақстан-Британия университетінің профессоры. Сардар Серікұлы экономика ғылымдарының кандидаты, Бибінұр Серікқызы жуырда 25 жасында докторлық диссертация қорғамақ. Менім де екі балам- Рамазан мен Зере үлкен аталарына тартып, келешекте, ғылым саласында болсын, басқа салада ма үлкен жетістіктерге жетеді деп сенемін және басқа ұрпақтарымен жалғасады деп ойлаймын.
- Атаңыздың жиі айтатын, сіздің есіңізде қалған ұлағатты сөзі?
-Бүгінгі таңда сөз қадірін, оның мәнін түсінбеушілік, сөздің күш-қуатының кемуі, үлкеннің кішіге құрметінің, кішінің үлкеннің алдындағы ізеттілігінің төмендеуі тұтас бір қоғамға кері әсер етері анық. Сондықтан да жоғарыдағы атамыздың айтқан қағидаларына жай, ат үсті нәрсе деп қарауға болмайды. Бұл орайда елінің ертеңіне алаңдап, құлқыны мен қара басын емес, «Қараша қазағым – болашағым», - деп қолына қалам алған қауымның «Әдебиет – ардың ісі» деген атамыздың ғибратты сөздерін үнемі еске алып отырғаны абзал демекпіз.
«Адам!... анадан туғанда арман қуған, алға ұмтылған. Қиялдан қанат байлаған, биікке самғаған, сырды жүрек еткен, шындықты тірек еткен. Сезімді өлеңге, сананы ғылымға айналдырған. Өмірді өнермен өрнектеп тастаған, өнерді өмірмен астастырып жіберген»- деген атамды мен «мақтамаймын», мен атаммен мақтанамын!
Қазіргі уақытта атам мен апамың қасында өткен әрбір күнімнің кандай қымбат екенін жақсы түсінемін. Сол күндердін бәрін де сағынышпен есіме аламын.
P.S. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген: «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі- мінез-құлқы ең жақсы болғандар» . Осы айтылған сөздер Зейнолла Қабдоловқа қаратып айтылған секілді. Біз ол кісіден білім нәрімен сусындап қана қоймай, бойымызға сыпайылық, сабырлық, адамгершілік, жоғары мәдениеттілік секілді көркем мінез қасиеттерін сіңіріп кетті. Жаныңыз жәннатта болсын, ағай!
Арайлым Қайып
qazaquni.kz