АҚИҚАТ ТАСАДА ҚАЛМАЙДЫ
2015 ж. 22 желтоқсан
2738
0
Еліміз егемендік алған соң тарихымыздың ақтаңдақ тұстары мен көптеген құпияның көзі ашылды. Қанша жерден бұрмаланса да тарихымызда болған тағылымды сәттер ешуақытта тасада қалмасы анық. Соның айғағындай мұрағатқа сүйене жазылған тағы 4 том жинақ жарыққа шықты. Еңбектің авторы – мұрағатшы, тарихшы, аудармашы Зияда Ижанұлы.
Ол 1929 жылы Қызылорда облысының Тереңөзек (Жалағаш) ауданына қарасты Алмакесек ауылында дүниеге келген. Соғыс басталған тұста бала Зияда аудандағы «Көкпая» колхозы басқармасының қаулысымен колхозшы болып еңбек жолын бастайды. Бұл оның алғашқы есею қадамы болатын. Еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін қан майдандағы кеңес әскерлеріне ас-су, киім-кешек, оқ-дәрілерін пойызбен жөнелту арқылы күні-түні тынымсыз еңбек етті. Солардың арасында бұғанасы қатпай жатып Зияда да өз үлесін қосты.
Бес жылға созылған соғыс аяқталысымен ол 1946 жылы Қызылорда пединститутына түсіп, оны 1950 жылы тәмамдап шығады. Көкірегі ояу, еті тірі Зияда институтты бітіргеннен кейін Атырау облысы Исатай ауданы Амангелді орта мектебінде мұғалім, кейіннен мектеп директоры болады. Туған өлкесі Жалағаш ауданы Сталин атындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі, аудандық партия комитеті саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, аупартком нұсқаушысы, Жалағаш аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып халық ағарту саласында, қоғамдық істерде айтарлықтай қызмет атқарады.
Кейіннен Тәуелсіз алған тұстарда Маңғыстау облысының мемлекеттік мұрағатында, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Тарих және этнология институтында, Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында еңбек етеді. Сонымен қатар, республикалық басылымдардың бірі «Ана тілі» ұлт газетінде тілші және Алматы қаласындағы «Өлке» баспасында бас редактор болып істейді.
Зияда ақсақал мұрағат саласында қызмет етіп жүріп, қаншама тарихи мәліметтерді тынбай зерттеп, белгісіз болып бара жатқан құнды дүниелерді тауып, түрлі басылымдарға жария етті.
Маңғыстау мұрағатында қызмет еткен тұстарында осы өлкенің тарихын тереңірек зерттеп жазды. Бүгінге дейін беймәлім болып келген, көптеген деректерді жарыққа шығарды. Басым көпшілігі ХІХ-ХХ ғғ. аралығын қамтитын Маңғыстау өлкесінің тарихын бірқатар тың мәліметтермен толықтырды. Өлкедегі көтерілістер, тарихи тұлғалар хақында тынбай зерттеп, өлкенің жаңа тарихына да қалам тербеді. Оның бірде мұрағатқа сүйене отырып жазған «Абайдың қолтаңбасы» еңбегінде: «...1903 жылы 25-сәуірде сол кездегі Семей уезінің Навроцкий бастаған шенеуніктері Абайдың үйіне тінту жүргізіп, артынан хаттама толтырыпты. Міне, осы хаттаманың соңында Абайдың өзіне қол қойғызады. Құжат орысша жасалғандықтан Абай да өз қолын орысша қояды. Абай өз қолын «Ибр. Кунанбаев» («Мих. Лермонтов» деген сияқты) деп қойған. Кәнігі қолқойғыштар секілді фамилиясының соңын шиырып тастапты...» делінген («Қазақ әдебиеті» газеті, 24 қараша 2000 ж.). Қарап отырсаңыз, бұл да бір құнды мәлімет емес пе? Ұлы ақын, ойшыл атамыздың қолтаңбасы қойылған деректі жарыққа шығарған. Тағы бір мысал, «Мұрағатта 100 жыл жатқан мұра» еңбегінде Ақат Қарымсақов және өзге де белгілі адамдар хақында жазады. «Шын қазақ ұлы» – Орынтай Құрымбайұлы кім?», «Нәзипаның өлімі», «Қазақ басылымын қолдау туралы құжат», «Ауыл тілі» газеті», «Маңғышлақ» журналын кім біледі?», «Әліпби туралы мұрағат құжаттары не дейді?», «Жазушы М.Әуезов ағартушы Ы.Алтынсаринді өсектен қалай қорғады?», «Петропавл атауы неліктен өзгермей қалды», «Мирзоян домбыра сыйлаған Нағима кім?», «Ескерусіз қалған «Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс», «Осы сурет өмірдегі Біржанға қатты ұқсайды...» сынды тарихтан үзінді еңбектері оқырман қауымды тебірентпей қоймасы анық.
Биылғы жылдың еншісінде 4 томдықтың жарық көруі мұрағат саласына жаңа бір серпіліс әкелгендей. «Жаралы жылдар» аталатын бірінші томына З.Ижанұлының ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат құжаттарына негізделіп жазылған мақалалары, араб тілінен аударған естеліктері, құжаттардың көшірмелері берілген. Екінші «Ащы сабақтар» кітабына ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат мен Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағаттарында сақталған материалдарға сүйеніп жазылған еңбектері енгізіліп отыр. Бұл том екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлімде Адай уезінде 1926-1930 жылдары ұйымдастырылған «Қосшы» одағының тарихынан әңгіме қозғайды. «Қосшы» одағының жұмысын баяндау арқылы сол кездегі өмірді бар шындығымен ашып көрсетеді. Екінші бөлімде Маңғыстау өңірінде өткен тарихи оқиғалар мен оның тарихи тұлғалары туралы жазылған мақалалар мен қолжазбалар берілген. Үшінші кітап «Асыл қазына» деп аталады. Бұл томда Жәңгір хан, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев т.б. тарихи тұлғалардың өмірінен, Қазан төңкерісіне дейін және Кеңес үкіметінің алғашқы орнаған кезіндегі елімізде шығып тұрған бірқатар газет пен журналдардан, «Исатай батыр» драмасы, әліпби жайында бағалы мағлұматтар баяндалады. Соңғы төртінші томы «Маңғышлақ» кітабында Маңғыстаудың 1847-1920 жж. аралығындағы тарихы жазылған.
Марқұм З.Ижановтың өзі өмірден өтсе де, оның шығармалары ұлтына қызмет етіп, халық жадында мәңгі сақталары анық. Бұрындар бұрмаланып, ұмытылған деректер қалпына келтіріліп, тарихымызды жаңаша таразылауға үлкен үлес қосары да сөзсіз.
Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ, өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Астана қаласы