Арайлы Ақсу - арман мекен...
2015 ж. 22 желтоқсан
6317
0
Егер әрбір журналист өзінің ұзақ жылдарғы іссапарларының тарихын жазуға кіріссе, небір қызықты оқиға парақтары түзілері анық. Жастау кездерде талай шырғалаңды біз де бастан кешіппіз. Мәселен, сондай қызметтік жортуылдар кезінде пойыздан қалып қойып немесе обкомға қоңырау шалып, көтерілгелі тұрған ұшақты тоқтатып, яки мінген машинамыз бұзылып, жапан түздегі саршұнақ аяздарда үсіп өле жаздаған сәттеріміз кездесіп бағыпты.
Жақында іргедегі Ақсу ауданына бағыт түзеген шақта көз алдыма сол бір көріністер елестеп өтті. Дегенмен...
Бұл жолы тобымызбен аттандық
Бұл жолы тобымызбен аттандық. Және жер қара, күн жылы еді. Қасымызда Қорғанбек Аманжолов ағамыз бар. Нұртөре Жүсіп, Бақыт Жағыпарұлы, Қарагөз Сімәділ, Гүлзина Бектас... Бәрі де кілең сен тұр, мен атайын дейтін баспасөз сайыпқырандары. Бірқатар телевизия тілшілері ілескен...
Жасы мен жасамысы аралас он шақты адам екі жеңіл көлікке сыйыса жайғастық. Бастаушымыз – Нұртілеу Иманғалиұлы. Жыр Құлагері Ілияс Жансүгіров: «Тұнжыраған торғын түн – төндім сұлу суына, таңырқап тау-тас тамсанып, жымиды жұлдыз мұңыма» деп тебірене жырлаған сол асау Ақсудың төл перзенті. Еңсегей тұлғасы сонадайдан менмұндалап, кеудесімен мұз жарған алып кемедей өңкиіп, сәл ырғалыңқырай басып, жан-жағына шалқайыңқырай, асқақ қарап келе жатады. Осынысы өзіне бек жарасады да. Бір басына серкелігі мен еркелігі үйлескен, айтулы азамат. «Аудан әкімінің ашық есік күндері» деген шара белгіленген екен; соған байланысты, «біздерде мынандай бар, мынандай бар» дейтініндей, туған елінің жетістіктерімен таныстырмақшы. Елеңдей күткен ағайын-жұртымен қауыштырмақшы...
Ақсуды «іргедегі» деп қоямын, Алматыдан Қапшағай асып, Шеңгелді, Қарлығаш, Тары, Айнабұлақ... Мұқырыны көктеп, Балпық... Талдықорған... Қызылағаштан әрі Жансүгіров ауылына жеткенше... Ойбой, төрт жүз шақырымға таяу жер екен! Көлік қаншалықты жайлы дегенмен, кәдімгіше сілкілеп, жол соғады. Бір жақсысы, елдімекендердің арасы жақын, зуылдай жүйткіген жүрдек көлік жол ауыртпалығын аңдата қоймайтындай.
Арқарлы асуының етегінде аяқты бір суыттық. Нұртілеу ағамның үйіндегі жеңгеміз ет асып берген екен, машина капотына дастархан жайып, жүрек жалғаймыз.
Негізі, мұны жүрек жалғаудан гөрі мұрт майлау десе артық емес-ау. Тоқпан жіліктің майлы басы... Қазы-қарта...
Жылтырап, бірер шөлмектің де мойыны қылтиған еді, жігіттердің ешқайсы беттемеді. Осыған қарап, заман шын өзгерген екен-ау деп ошарыласың.
Айтпақшы, тоқтаған тұста шағын базар істеп тұр. Жүргіншіге қажет сусын, ішім-жемнің түр-түрі табылатын секілді. Бірақ сәл қымбаттау ма деп қалдық. Сықпа құрттың бір талы – сексен бес теңге...
(Баяғыда қазақ сауда білмейді деп «мақтан» қылатынбыз).
Обалы кәне, дәмі балдай. Бір уысын алып едік, талайға дейін ауыз сылпылдатып, ермек қылуға жарады.
Бауыр жазып, енді көсіле түскен бір сәтте алдыдан ала таяғын шошаңдатып МАИ қызметкерлері шыға келген. Түстері суық. Құдды бір, қылмыскер көргендей, қабақтарынан қар жауады.
Дегенмен, құдірет-ай, Нұртілеуді танығанда жымың қағып кетті. Көптен күткен сарысүйек құдаларын көргендей, емпелеңдесіп жатыр. Танымалдықтың бір керемет жері де осындайда-ау! Амалсыздан, «қуып жетіп амандаспасақ, қарайтын түрлеріңіз жоқ қой!» дегендей әңгіме қылаң береді...
Жол қысқартуға Нұртөренің әзілі де жеткілікті-тін. Оның қутілді екенін бұрын да байқаушы ем, бұ жолы, тіпті, усойқының өзі ме дедім. Әшейін айта салғандай сөз астарында ылғи ащы шындық жатады. «Ана тілі, ана тілі дейміз, қалмақ тілі ме бұл сонда?!» дейді. Еріксізден, шешелеріміздің көбі қалмақ қыздары екені еске түседі. Аталарымыз «қатын алсаң қалмақтан ал» дегенді неге айтты екен деп қиялдайсың. Нұртөренің «қытайлануға ерте бастан ыңғайланып алған жігіттер жүр арамызда» дейтіні де қисынды еді. «Мао Цзе Дун» деген сияқты, аты-жөнін Өкен Темір Бек, Әділ Хан Қара деп жазып жүрген бауырларымыз баршылық қой...
«Бұралқы сөз күлуге жақсы» демекші, бойжеткендер арасында айтылатын «эротикалық» әңгімелер де шат күлкіге бастап, көңіл жадыратады. Саясат жағын да аздап жағалап қоямыз.
Нұртілеу сөз кезегінде Нұртөреге ризалығын байқатқандай:
– Тегінде, аттары «нұрдан» басталатын жігіттер, жаман болмайды, – деді.
Кім білсін, рас та шығар...
Елдің атын ер шығарады
Елдің атын ер шығарады. Бір сәт іштей, сырылдатып, асфальт жолдың апшысын қуыра аршындай заулаған көлік терезесінен сыртқа қарап, осынау шағын ауданнан қаншама еңселі тұлғалар өсіп-өнгенін елестетемін.
Неге екенін, ойыма қазақтан шыққан алғашқы кәсіпкерлердің бірі Маман Қалқабайұлының аты алдымен оралды. Тәрізі, сонау бизнесмендер дәуірі басталған алғашқы кезеңдерде Маман мектебі жөнінде жиі айтылған сөз, оның меценаттық әрекеттері туралы әңгіме санада жатталып қалғандай. Бұ кісі, сол, ХІХ ғасыр тұсында ғұмыр кешсе керек. Ал, Ақсу жерінде кіндік қаны тамған ХVІ-ХVІІ, ХVІІІ ғасырлардағы билер мен батырларды қузай бастасақ, ұзаққа көсілетініміз түсінікті. Ол үшін түрлі әдебиетті аударыстырып, тереңді қопаруға тура келеді. Сондықтан, аты-жөні ең көп айтылатын бертінгі мемлекет және қоғам қайраткерлері, атақты спортшылар, өнер саңлақтары мен ақын-жазушыларды тізсек те талай жәйт аңғарылмақшы.
Мысалы, Сара Тастанбекқызы, Мұхамеджан Тынышбай, Біләл Сүлейұлы, Ілияс Жансүгіров, Фатима Ғабитова, Ғали Орманов, Бижамал Рамазанова, Жекен Қалиұлы, Құдаш Мұқашев, Ақан Нұрманов, Жаскілең Қалиев, Мұхтар Арын, Әбілсейіт Айханов, Исатай Исабаев, Свет Оразаев, Мұратхан Егінбаев, Есболған Жайсаңбай, Рақым Тәжібай, Дүйсетай Бекежанов, Василий Осипов, Мақсұт Нәрікбаев, Оңалсын Жұмабек, Сағатбек Тәжиев, Бақытжан Жұмағұлов, Болат Жәмішев, Ләззат Сүлеймен, Тұрсынзада Есімжанұлы, Қанипа Бұғыбаева, Шәкен Күмісбайұлы, Хасен Қожа-Ахмет, Лидия Егембердиева, Арасанбай Естен, Болат Әбділман, Райхан Қалиолдина, Қуат Қайранбай, Әділбек Ыбырайымұлы, Асхат Житкеев, Гүлжан Тұрсынова, Сағыныш Намазшамова...
Кейінірек білдік, кезінде осы ауданнан Нұрлан Оңалдинов, Отызбек Сүйеубаев, Наужан Нұрсейітов, Құрманбай Жанбаев, Тыныбай Балтабаев, Отто Адлер сынды Социалистік Еңбек ерлері шығыпты. Сондай-ақ Кеңес Одағының Батырлары Нұрсұлтан Есеболатов пен Есмұрат Сиқымов та – ел мақтанышы.
Жер жүзіне әйгілі АК автоматының конструкторы Михаил Калашников те осы Ақсудан шыққан екен. Ал 2007 жылы үш баланы анасымен бірген өрттен құтқарған Азамат Жұмаділов Халық қаһарманы атаныпты...
Осынша даңқ шағын ауданға аз емес-ау.
Ал мұндағы еске түсіңкіремегендіктен, аталмай жатқан замандастар қаншама?!
Түнделетіп аудан орталығы Жансүгіров қалашығына жеткенімізде қол қусырып күтіп алған аудан әкімі Әділбек Далбағаев пен оның Сәбит Қорғанбаев бастаған орынбасарларын, Мәслихат хатшысы Серікбек Серпербаевты да сонау тізімге қосқымыз келді.
Келген бойымызда әкімшіліктің үлкен акт залында шаруашылық пен өндірістегі атқарылған жұмыс ауқымы жөнінде тыңдалған есептен-ақ аудан басшыларының еселі еңбегі, бұлардың ел тұрғындарымен қарым-қатынасы анық байқалған-ды.
Кешікпей тағы бір есімді естідік
Кешікпей тағы бір есімді естідік. Жиыннан кейінгі кешкі дастархан басында Сәбит Қорғанбаев ертеректегі Мысық болыстың қайраткерлігі жөнінде айтып қалып еді. Сұрастыра түссек, бұл кісі Нұртілеудің бабасы көрінеді. Ал оның немересі Иманғали Қалиасқарұлы үлкен ақын болып шықты. 1906 жылы туған адам екен. Кеңестік жүйеге дейін ауыл молдасынан дәріс алып, төтенше хат таныған. Анасы Күліштің суырып салар өлеңшілігі мен әншілігінің әсерімен жастайынан қолына домбыра ұстап, атасы Мысық мырзаның маңайынан жиі табылатын Арасалан, Базарбай, Бекетай сынды ақындарға еліктеп, ән салады. 1934 жылы қазақтың жезтаңдай әншілері Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержановтармен бірге Қызылордада ашылған театрға шақырылыпты. Кейіннен ауыл, колхоз жұмыстарына араласып кетсе де, мәдени-рухани өмірден шет қалмаған. Аудан, облыс аумағындағы ақындар айтысында өнер көрсетеді. Өлеңдері баспасөзде жиі жарияланған...
– Ә-ә-ә! – дедік сонда таңданып.
Осындайда қаншалықты қатар жүргенмен, бір-бірімізді жете танимыз ба деген заңды сұрақ туындайды да, Нұртілеудің жеке ғұмыр тарихының тылсым беттері қызықтырып, замандас бейнесі бұрынғысынан да айшықтала түскендей көрінеді...
Дегенмен, өз басым Нұрекеңнің де тәуір ақын екенін білуші ем. Талай өлеңіне куәмін. Кәдуілгідей тартымды. Бірақ телевизия серкесінің бұл қырын көпшілік біле бермес.
Ойға «неузнанный гений» деген тіркес келді. Әлбетте, әріптесті асыра әспеттеуден аулақпыз, әйткенмен, танылмаған таланттар тағдыры толғантпай қоймайды-ау.
Сөз жоқ, кез келген құбылыстың сандық көрсеткіші мен сапалық деңгейі бағытындағы пәлсапалық салыстыру көп мәселені айқындамақ. Қызық болғанда, ертеңіне осыған қатысты «көрнекі құрал» қарсы алдымнан шыға келгені...
Шаруашылықтарды аралауға шыққан кезде Нұртілеу Иманғалиұлы мен Әділбек Далбағаев ұзынды-қысқалы болып қатар тұра қалыпты. Көз алдыңа Дон Кихот пен Санчо Панса кескіндері келеді.
Сол секілді, бірде (анығырағы, 1982 жылы күзде) Қазақ әдебиеті мен өнерінің Ресейдегі күндері өтіп жатқанда сахнаға Олжас Сүлейменов пен Қалмұқан Исабаев бірге көтеріліпті. Сірә, Олжас сөз сөйлеуге, Қалмұқан сый-сияпат тапсыруға шыққандай. Біршама бойшаң Олжас қалжыңдап: «Қалмұқан екеуіміздің бітіміміз бүгінгі қазақ-совет әдебиетінің диаграммасы сияқты» десе керек (Қалекең бәкене ғана ғой). Сонда Қалмұқан ойланбастан: «Онысы рас, тек бір анықтай кететін жағдай, Олжасты – әдебиеттің саны, ал мені – сапасы деп қабылдасаңыздар қателеспейсіздер» деген екен. Сол айтқандай, Ақсу сапары бірі биік, бірі аласа қазақтың жоғары елдік сапасы туралы да ойлар сыйлағаны рас еді...
Осындай құбылыстарды көргенде
Осындай құбылыстарды көргенде қаламгерлер мен қазақ қоғамы мәселесі де еске түспей қалмайды екен.
Журналистер қауымы тұтас бір дәуірлерде елдің дүниетаным өрісін кеңейтіп, ұлттың жан-жақты толысуына, алға жылжи түсуіне аянбай тер төгіп келе жатқаны даусыз. Бірақ баяғыда «тиегені алтын, жегені – жантақ» деп Шерағаң айтқандайын, жан аямай әлеуметтік-экономикалық, рухани тұрғыдағы күрестердің алдыңғы шебінде жүргенімен, қарапайым тілші ағайындар төккен тердің ескерусіз қалып жататыны да жасырын емес. Айталық, кейінде «Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген қайраткер» аталатын атақтың бәсекеге айналғаны мәлім. Осы марапат кілең жел өтінде жүретін көпшілік тілшілердің түсіне кіре ме екен. Бүгінгі күнде қатардағы жұмысшы мәртебесіне мән беріле қоймайтыны сияқты, олар да салтанатты сарайлар босағасынан аттатыла бермейді-ау...
Әлбетте, өзіңе тиісті істі адал атқарғаның үшін міндетсу орынсыз.
Десек те, Ақсудағы қарапайым еңбек адамдарының жетістіктерін көрген шақта ес шыға қуанған журналист іні-қарындастарымның келбеті сүйсіндірген еді.
Замана ырғағын жіті түйсінетін тілшілер де кейде уақыт ханзадасы сияқтанады. Дәуір демін жан-жүрегімен сезіне алатын журналист те сірескен сұр тұман түкпіріндегі көмескі жарық тынысынан сыр аулайды, айдан шашыраған жақұт сәуледен мағына іздейді. Әр көрініске бірде пәлсапашы немесе жазушы... әлде суретші, яки экономист, саясатшы көзімен қарап, мұңы басым ел-жұртымен бірге торығып, бірге шаттанады. Мысалы, Жансүгіров ауылында жас тележурналистерге нұсқау беріп жатқан Нұртілеу Иманғалиұлының қимылы бір сәт шебер дирижер мен кәнігі режиссерді қоса елестеткен.
Әйтеуір, аудан әкімінің ашық есік күндері сәтті ойластырылған шара екен деп түйдік. Қазіргідей күрделі кезеңдерде әкімі мен ақыны, хатшысы мен тілшісі риясыз араласып, қиындықты қанаттаса жеңуге талпынғаны көңіл марқайтпай ма...
Ақсудың да өз «Арбаты» бар екен
Ақсудың да өз «Арбаты» бар екен. Жалпы, Жансүгіров ауылының келбеті қала типтес поселкеге көбірек келеді. Керім самалы лекіген салқын тау қойнауындағы елдімекенде тұрмысқа қолайлы көпқабатты үйлер басым. Сәулеті де заманға сай. Биылдың өзінде сайраған кең көшелерді көгалдандыру мен абаттандыруға 90 млн. теңге қаражат жұмсалыпты...
Батырлар аллеясында ойнап жүрген екі бүлдіршінді суретке тартып алдық. Әділ мен Нұрсұлтан. Анау атақты батырлар Есмұрат пен Нұрсұлтанның да кезінде тура осы екеуіндей құлдыраңдай шапқылағаны анық қой. Өздері ыржыңдап күліп қояды. Шіркін, бейғам балбөбек шақ!
Әкімнің аудан тұрғындарының ешқайсысын баспанасыз қалдырмаймыз деген ұстанымы ұнады.
Кейінде өндіріс ошақтары жабылып, жұмыс орындары қысқарып, ел күйзеле түскен соң былтыр аудан жетекшілері сырттан инвестиция тартуға кірісіпті. Сөйтіп, «Туған жерге туың тік!» аталатын акция қолға алынған. Яғни, елден шыққан іскер азаматтарға тығырықтан алып шығуға үн тасталады. Мысалы, осы шараның нәтижесінде кәсіпкер Сабыр Қадырұлы зор демеушілік көрсетіп, Жансүгіров ауылындағы қараусыз қалған тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге жәрдемдеседі. Бұған қосымша биыл отыз тоғыз пәтерлік он коммуналды тұрғын үй салыныпты. Қазір ұсақ-түйек жөндеу жұмыстары қалғандай. Демек, жаңа тұрғындарды қуантатын күн де алыс емес. Ал таяуда елупәтерлік үй тұрғындары қоныс тойларын тойлапты.
Тағы бір ғажабы, аталған акцияға ауданның әрбір тұрғыны ат салысқан көрінеді. Яғни, кейбіреу біркүндік жалақысын аударса, зейнеткерлер, шамасына қарай, 500-ден 2000 теңгеге дейін үлес қосқан. «Көп түкірсе көл» демекші, осындай ұйымшылдықтың арқасында 400-дей адам баспаналы болыпты. Біз өзіміз де ауданның Ақын Сара атындағы Мәдениет үйінде өткізілген үлкен әлеуметтік-мәдени шарада мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген сегіз пәтердің кілтін иелеріне өз қолымызбен табыстап кеттік. Осы шара үстінде Әділбек Далбағаев іске қолдау көрсеткен азаматтарға шексіз алғысын жеткізіп, көптеген демеушілерді арнайы дипломмен марапаттады.
Салтанатты кеште өнер көрсеткен «Ақсу сазы» фольклорлық ансамблі мен «Таңшолпан» вокалдық квартетінің кәсіби деңгейін кейбір республикалық топтардан көш ілгері ме деп қалғанымызды да айта кетейік. Ал мұның алдында жергілікті Ақсу халық театрының сәтті қойылған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін тамашалап үлгерген едік.
Шарада ән салғандардың бірі – Гүлзат Хасенова. Жаңа пәтер алушылардың бірі. Керемет әнші екен. Әуені жүрек тебірентті. Өзі орыстың танымал әншісі Диана Гурцкаямен тағдырлас көрінеді. Және көбінесе соның әндерін салатын секілді. Дауысы да өте ұқсас...
Қызылағашқа да жол түсті-ау...
Қызылағашқа да жол түсті-ау. Негізі, танысуға межелеген нысандар өте көп-тін. Екі топқа бөлінген тілшілер Алтынарық, Арасан, Матай, Қапал ауылдары, «Табыс», «Квитко» шаруа қожалықтары, аудандық аурухана, Сиқымов атындағы стадионы, Тамшыбұлақ сайы, «Ақсу» агрохолдингі, тағы да басқа орындарды аралауға бөлінген-ді. Бізге дүбірлі Қызылағашты да көру бұйырыпты. Бүкіл қазақ елін, қала берді көршілес мемлекеттерді дүр сілкінткен апатта қырықтан аса адамынан айырылған ауылдың бүгінгі жай-күйін білуге құмартушы ек. Жақсы екен. Ауылдық округ әкімі Сәулеш Амитованың айтуынша, қазір шаруашылықта 61 мың бас қой, 2 мыңдай жылқы, 8 мың ірі қара бар.
– Мен келгенде тұрғындар саны 2700 еді. Қазір 3280-ге жетті. Жыл сайын 100-дей сәби дүниеге келеді. Әйелдерге көбірек бала табыңдар деймін. Басқа не демекпін енді! – деп күледі басшы.
Екі шағын мектеп бар екен. Екі ауысыммен 486 шәкірт оқиды. Типтік мектеп сапасы жоғары екені байқалды. Ал Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде грек-рим күресінен облыс деңгейінде жарыстар өткізу дәстүрге айнала бастапты. Мұнда, тіпті, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар көрінеді.
– Халық саны көбейсе мектеп үйі іргесін кеңейте түсуге тура келетін шығар, оның жолдарын табамыз, – дейді әкім. – Мәдениет үйі, балабақша да сайрап істеп тұр. Тұрғын үйлердің бәрі жаңа. Отын-су жеткілікті. Арыз жоқ...
«Жібек» деп аталатын кішкене тігін цехы қызықтырды. Шебер жеті тігінші, негізінен, мектеп оқушыларының формаларын тігеді. Сұраныс көп дейді. Өйткені сапа жоғары. Тіпті, таяуда Талдықорған қаласының №25 мектебінен мұғалімдердің бірегей формасына тапсырыс түсіпті. Цех басшысы Бағдат Құланбекованың айтуынша, форма бағасы 3,5 мың теңгеден бастап 5,5 мыңға дейін. Ал дәл осы тауар қала дүкендерінде 8-12 мың теңге көлемінде. Сол секілді мұндағы костюм-шалбар бағасы 6 мың теңге төңірегінде ғана. Келешекте өндіріс көлемін ұлғайтып, озық машиналар енгізсек, жастарға, әйелдер мен ерлерге қыстық киімдер тіксек, шаштараз ашсақ, сән үйін құрсақ деген жоспар бар екен.
Қызылағаштықтардың биыл көктемде Қарағанды облысында болған су тасқынында апатқа ұшыраған Мұстафин, Чкалов, Сарытөбе, Тассуат, Токаревка ауылдарының тұрғындарына гуманитарлық көмек жолдағаны еске түсті. Сонда аттандырылған ұн, макарон, май, қант-шайдан бөлек, дәл осы цех тігіншілері өз қолдарымен даярлаған құс жастық, жүн көрпелерін жөнелтіп, көңіл толқытқан еді. Қасыреттің не екенін жақсы білетін ағайынның елдік белгісі деген де осы шығар.
Мұнда ауызсу ділгірлігі жоқ
Мұнда ауызсу ділгірлігі жоқ. Өйткені, Ақсу ауданының «Ауызсу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Мұратхан Нұрқожаев бастаған ұжымның игі істерінен бұрыннан құлағдар едік. Бұл «сушыларды» Қызылағаш түбіндегі Көлтабан ауылында жұмыс үстінде жолықтырдық.
– Ауданда қырық тоғыз елдімекен бар. Қазіргі таңда соның отыз алтысы ғана стандартқа сай жабдықталған. Қалғанын алдағы екі жыл аралығында қамтамасыз етсек деген ойымыз, – дейді басшы.
Былтыр күзде Үлгілі, Құрақсу, Көлтабан ауылдары үшін 164 млн. теңге бөлінген екен. Биыл Ақтөбе ауылына арнап 2 млн. теңге қаражат беріліпті. Осы қаржы жыл аяғына дейін игерілуге тиіс көрінеді.
Мұратхан Нұрқожаев бастаған ұжымның бір ерекшелігі – үкіметке ауыз ашып отырмай, аудан тарапынан бөлінген аз ғана қаражатты мейлінше тиімді пайдалануында болса керек. Айталық, «Ақбұлақ» аталатын үкіметтік бағдарлама бар екені мәлім. Бүкіл республиканы қамтитын осы бағдарлама бойынша қалалық мекендер – 100, ауыл 80 пайыз ауызсумен қамтамасыз етілуі тиіс. Егер осыны тосып жүрсе Ақсуды тұщы сумен қамтуға, кемі бес жыл кетер еді. Және жалпы жұмыс, аз дегенде, 100 млн. теңгеге түседі. Ал 2012 жылдан бері аудан әкімінің бастамасымен, облыс басшыларының қостауымен қолдағы үш экскаватор, үш трактортордың күші арқылы ғана жиырма екі метр ұңғымадан су соруға машықтанған бұлар 21 млн. теңге көлеміндегі қаржыны ұқыппен жұмсап, қаншама ауылды сумен қамтып, ел алғысына бөленіп отыр. Әмбе аудандағы әрбір үйді таза сумен қамтамсыз етуді діттейтін бұлардың тағы бір артықшылығы, суды үйдің ішіне дейін кіргізіп, су сағаттарын қойып, істі аса жоғарыда деңгейде атқаратындығында болса керек.
***
Ақсудан түнделетіп аттандық. Елдің ықылас-пейілінен алған әсер көл-көсір еді. Ұзай бере қайырылып бір қарағанымызда, Жансүгіров шамдары «келесі кездескенше!» дегендей жымың қақты.
Құлтөлеу МҰҚАШ
"Қазақ үні" газеті