НАҒЫЗ ДАРЫНДАРДЫ УАҚЫТЫНДА БАҒАЛАЙ БІЛЕЙІК
2015 ж. 17 желтоқсан
4665
20
Саңлақ сазгер, әйгілі әнші Тұрсынғазы Рахым "ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ" медалымен марапатталды
Дарынды дарын таниды. Еркіндер құрметтеп, ел ардақтаған саңлақ сазгер, әйгілі әнші Тұрсынғазы ағаны енді Мемлекет бағалауы керек еді...
Біздің студент кезімізде, осыдан 35 жыл бұрын Тұрсынғазы Рахымовтың Мұқағалидың сөзіне жазылған "Сәби болғым келеді" әні ел аузынан түспейтін. Ол белгілі режиссер Амангелді Тәжібаевтың сол кезде рухани серпіліс болған "Ақырғы аманат" фильмінің саундтрегіне де айналды. Ал Тұрсекеңнің әні қазақ даласында әуелеп тұрған сол 35 жыл бұрын қазіргі өзінен басқа ешкім айтпайтын бірер әнін айтып, бір клип түсіре салып, "Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағын алып жатқан қаптаған әншілер, сайқымазақтар, шоумендер, журналистің жазып бергенін эфирде оқып бергеннен басқа еңбегін ешкім білмейтін диктор "тележұлдыздар" әлі туылған да жоқ еді.... Олардың кейбіреулерінің еңбегі сіңбей-ақ "...Еңбек сіңірген қайраткер" атағын алып жатқандарына наразылар әлеуметтік желіде шулап та жатыр..
Қазақтың бүгінгі Біржан салы Еркін Шүкіман бауырым, елдің ойындағыны қозғап жібердің, рахмет! Сондықтан біз бұл жазбаны qazaquni.kz сайтымызға салып қойып едік, ( "Өнерге еңбегі сіңген ағалар мемлекеттен құрмет көрмей кете бере ме?!." http://www.qazaquni.kz/?p=43584 ), елдің назары ауып, қолдаушылар көбейіп шыға келді.
Тұрсынғазы ағамыз көптен бері бейдауа ауырумен алысып жатыр екен... Алла шипасын берсін деп тілейік. Бүгін жарқырап келе жатқан жас дарын, Qazaquni.kz ұлттық порталы бас редакторы Азамат Тасқараұлы бауырым екеуміз ақылдасып, Тұрсынғазы Рахым ағаны "Ақ жол" партиясы мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығы бірлесіп тағайындаған "ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ" медалына ұсындық. Осы орынды ұсынысты "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты, руханиятқа қамқор болып жүретін қайраткер Азат Перуашев қуана қолдады.
Сонымен, Тұрсынғазы ағамыздың кеудесіне "ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ" медалын тағатын кез де алыс емес.
Дамыған шет елдерде мемлекеттің медальдары мен атақтарынан гөрі қоғамдық ұйымдар тағайындаған атақ, сыйлықтар бағалы болатынын ескерсек, оның үстіне бұл жай медаль емес, Тәуелсіз Қазақ Елінің бастауында тұрған ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 жылдығының құрметіне шығарылған күміс медаль екеніне қарасақ және бұл Тұрсынғазы ағамыз секілді халықтың сүйіспеншіліііігіне бөленген хас дарынға беріліп жатқанын ойласақ, онда бұл марапатымыздың бағасы жоғары екенін ел білетіні анық.
Бұл сүйінші хабарды алдымен естіген Еркін Шүкіман бауырым өзі алғаннан бетер қатты қуанып, зор разылығын білдіріп, рахмет айтып жатыр.
Елеусіз қалып бара жатқан ерекше өнер иесіне ел назарын аударған саған рахмет, әнші бауырым Еркін Шүкіман!
Бұрыннан белгілі болғандай, бейталанттар бізсіз-ақ дегеніне қол жекізеді. Сондықтан, Нағыз дарындарды уақытында бағалай білейік.
Қазыбек ИСА,
"Ақ жол"партиясы төрағасы орынбасары,
"Қазақ үні" газеті президенті.
qazaquni.kz