Заманынан озып туған есіл ер...
2015 ж. 14 желтоқсан
2107
0
1986 жылы «Желтоқсан оқиғасы» атанған кезінде халықтың арындай болған адал азамат, елге белгілі дарынды әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев (ол кезде – Қазақ ССР Телерадио комитеті төрағасының орынбасары қызметінде) Қазақ ССР Юстиция министрлігінде қызмет істеп жүрген, ертеден сыйлас досы, әрі құрдасы Нақыпбек Сәдуақасовқа қоңырау шалып, ақылдасатын шаруа барлығын айтып, келіп кетуін өтінеді.
Келсе, халық үшін қабырғасы қайысып, «колбиндіктердің» озбырлығына күйінген Сағат: «Нақыпбек, көзіңмен көріп, құлағыңмен естіп жатқан боларсың, кінәсіз жастарды қорлап, ұрып-соғып, абақтыға жауып жатыр, заңгерсің ғой, оларды құтқарудың, жәрдем берудің жолдарын айтшы. Аса айта кететін жайт, Хасен Қожахметов (белгілі композитор, саясатшы) ұсталыпты. Оны оңдырмайды, өйткені, халықтың мүддесін қорғаймын деп жүргенде, тіпті, мектеп қабырғасында «ұлтшыл» деген айып тағылып, сотты болған, оған да қандай көмек жасай аламыз... Жаңа ғана менде әпкесі көз жасы көл болып келіп кетті» – деп наз-мұңын айтыпты.
Нақыпбек Сағатқа жастарды ақтап, қорғаудағы заңды жолдардың, білетін шара-тәсілдердің бәрін түсіндіреді. Сағат пен Нақыпбек сол бойда осыларды жүзеге асыруға кірісіпті. Осындай мәселелермен дағдарыста жүрген халқымыздың адал ұлдары Мұрат Әуезов, Сәбетқазы Ақатаевтар мен тағы басқа намыстары кернеген азаматтар да ойларын ортаға салып, Нақыпбекпен пікірлесіп, кеңес алған. Халқым деп жанын берер қайран жастар кімнен қандай көмек болғанын білмеген де шығар...
Ал Нақыпбек өз тарапынан ҚР КП ОК-нің ұйғаруымен құрылған комиссия жауапты мүшесі И.Рейторға жастардың наразылығын туғызған әділетсіздіктердің терең себептерін батыл түрде ашып айтып, жалпы анықтамаға енгіздірген. Ел азаматтарының ащы дауысы М.Горбачев пен Г.Колбиндердің құлағына жеткен болуы керек, кейіндері олар халықтың ойынан шығуға бағытталған саясат құруға тырысқан.
Сонымен, бір бөлмеде отыратын қызметтес А.Косенконың (белгілі жазушы П.Косенконың баласы) Желтоқсан көтерілісіне байланысты сол кездегі биліктің бассыздығын қуана қолдағандығына шыдамай, оған ашына қарсы шыға, ұлт мүддесін қорғап, ойындағылардың бәрін айтып, оны бір бұрышқа тығады. Бұндай даулар басқа да шовинистермен де болған екен. Кегін сақтаған А.Косенко осылардың барлығын КГБ-ге жеткізгендігі даусыз. Өйткені, іле-шала Нақыпбек телефонының бөгде түрде тыңдалатынын, жансыздардың соңынан қалмай сан рет салпақтап жүргенін байқап қалады. Осыдан сезіктенген Нақыпбек салпаңқұлақтардың әп-сәтте аспанға ұшып, не жер астына түсіп кеткен сайтандай жоқ болатындықтарын байқап, таң-тамаша күйде қалады екен.
Аталғандай себептермен Нақыпбек КГБ-нің бақылауына алынып, соның салдарынан кейіндері талай сәтсіздікке кезігеді.
Сағаттың Желтоқсан оқиғасына тікелей куә болып, жүрегі сыздап, жазықсыз жастарды қорғау үшін батыл әрекеттерге барғандығы туралы белгілі жазушы Бекқожа Мұқай «Тынымсыз жүрек» деген мақаласында жазған. Онда Сағаттың тапсырмасымен телевизия операторлары қанқұйлы оқиғалар болып жатқан Алматының бас алаңын түсіріп алған. Ол жантүршігер кадрларды көріп, бассыздыққа төзе алмай, сол бойда жедел Қазақстан КП Орталық комитетіне барады. Ғимараттың басты кіреберісінің алдында ҚР КП ОК-нің екінші хатшысы О.Мирошхин, Алматы облыстық комитетінің бірінші секретары М.Меңдібаев, КПСС Орталық комитеті сектор меңгерушісі Г.Разумовский, партияның республикалық ОК бөлім меңгерушісі А.Устиновтарға ашынып тұрып: «Бұл – бой түршігерлік қатыгездік! Солдаттар қыздардың шаштарынан сүйретіп, аяқтарымен теуіп жатыр» дейді. Бәрі шошынған бойда бір-біріне қарайды да, Сағатқа көз тігеді. «Мынау кім?» деп О.Мирошхин сұрақ қойыпты. Ашуға булыққан А.Устинов: «Бұл – ұлтшыл Сағат Әшімбаев!» деп жауап береді. Сағатқа «ұлтшыл» деген ен тағылғаны сол екен, қолында билігі бар оның дұшпандары шынжырдан босаған иттердей лап бере, соңына түсіп, жұмыстан ақсату мақсатына кіріскен.
Сол зардаптар елін сүйген асыл ұлдың жүрегін ауыртпай қоймады. Ақыры, халқым деп жалындаған Сағаттың жүрегі шыдамады: дарынды жазушы, көрнекті сыншы небәрі қырық төрт жасында өмірден озғаны көпшілікке мәлім.
Наджи БЕКТЕН
"Қазақ үні" газеті