АҚИҚАТТЫҢ АЛМАС ҚЫЛЫШЫ ЕДІ!..
2015 ж. 13 желтоқсан
3887
1
Дүние-керуен
НАМЫС НАРКЕСКЕНІ
Қазақ елі көрнекті қаламгер, атақты аудармашы, білікті баспагер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрмахан Оразбекті ақтық сапарға аттандырып салды
Қазақстан Жазушылар одағында өткен қаралы жиынға халық көп жиналды. Нұрмахан Оразбектің туған-туыстарымен қатар, достары, әріптестері, ізбасарлары, зиялы қауым мен Қазақстан Журналистер одағы және Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты. Жақсы білетін серіктері мен ресми тұлғалар қоштасуға жиналған қауым алдында қазақ журналистикасының қара нары атанған айтулы қаламгердің азаматтық және кәсіби қырларына жан-жақты тоқталды.Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданындағы Қандөз елдімекенінде туған ұлан ботатірсек бозбала шақтан-ақ үлкен өмірге құлшына араласып, алғашқы еңбек жолын Қостанай өңіріндегі Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатынан бастаған екен. Өмірдегі түрлі қиындықтарды жастайынан өз бетімен жеңуге әдеттенген батыл да, алғыр жігіт ҚазМУ-дің журналистика факультетін түгескен соң жас маман ретінде Қарағанды облысының Жезді аудандық «Октябрь туы» басылымына жіберілді. Одан көп ұзамай республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке қабылданады. Бұдан кейін Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтында жұмыс істейді, «Социалистік Қазақстан» газетінде еңбек етеді. Қазақ ақпарат агенттігінде (ҚазТАГ) бас редактор, директордың орынбасары болады. 1988-1994 жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, тәуелсіз Қазақстанның жаңадан құрылған Баспасөз министрлігіндегі басқарма бастығы, ағылшын тілінде шыққан «Қазақстан» газетінің бас редакторы сатыларынан өтеді. 1995 жылдан өмірінің соңына дейін «Қазақстан» баспасының директоры қызметін атқарған.Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан жүргізген қаралы жиын мен ғалым Құлбек Ергөбек жүргізген аста сөз алған шешендер асыл азаматтың, бір қарағанда, қарапайым көрінетін осынау еңбек жолдарының қайсысында жүрсе де, әр мүмкіндікті тек туған халқына адал қызмет етуге жұмсағанына тоқталды. Жазушы Бексұлтан Нұржекеев, ақын Исраил Сапарбаев, ардагер журналист Мамадияр Жақып, Қазақстан Журналистер одағы төрағасы Сейтқазы Матаев, ҚР ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбайұлы, Сенат лепутаты Қуаныш Айтаханов, жазушы Жақау Дәуренбеков және т.б. Нұрағаның жарқын қырларын ерекше қимастықпен еске алды.Жиналған жұртты, әсіресе, Қарағандыдан арнайы келген өкіл, сондағы облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Ерсін Мұсабековтің лебізі елеңдеткен еді.– Қазалы Қарағандыдан азалы Алатауға келіп тұрмыз. Нұрмахан Оразбектің қаламгерлік, азаматтық биік бейнесі 1991 жылғы тамыз оқиғасы кезінде Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет деген ел тағдырына сын сағат туғызғанда барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, біздің «Орталық Қазақстан» газетіне «Бұл – мемлекеттік төңкеріс!» атты мақала жариялауынан танылды, – деді ол. – Иә, кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрған кезде, әйгілі ГКЧП қырғынында дәл осылай деп Кремльге қарсы шыққан жалғыз қазақ осы Нұрекең еді. Соның алдында бүкіл советтік басылымдардың шекесінде тұратын «Барлық елдердің пролетарлары, біргіңдер!» деген ұранды алып тастап, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деп өзгертіп, ерлік көрсеткен ең алғашқы бас редактор да біздің Нұрағамыз болатын. Оны осы үшін облыстық партия комитеті талай сүйрелеп, әлек қылды. Қазір Арқада «Орталық Қазақстан» басылымы «Оразбеков мектебі» деп құрметтеледі. Біз Нұрекеңнен қалған әділдік, батылдық,шыншылдық үрдісін әлі күнге жалғастырып келеміз. Қарап тұрсақ, Нұрағаң қайтыс болған жоқ екен. Ол туған елінің жарқын болашағы жолындағы мылтықсыз майданда батырлықпен қаза тауыпты. Қазақ ұлттық рухты намыстың наркескені дейтіні мәлім. Бүгін сол наркескеннің жүзі мұқалғандай болып тұр. Әдебиет алыбы Әбіш ағадан да айырылдық. Бірге оқыған екі дос бірінен кейін бірі кетті. Екеуі де орны толмас қаза. Сондықтан, Қазақ еліне қайғырып көңіл айтамыз...Алаштың аяулы ұлы Нұрмахан Оразбек Кеңсайға жерленді."Қазақ үні" газеті
ХОШ, НҰР-АҒА!Нұр-ағам!Елден ерек,Асыл текті!Басыңнан қасыретті ғасыр да өтті.Сен – кеттің,Сіркіреп бір нөсер өтті,Сенімен дүркіреп бір жасын кетті!Арманда –Қанша, қайран, ақылды өтті,Сенің де ала алмаған қақың көп-ті.Қорқаулар мен қорқақтар өмір сүргенДүниеден түкті жүрек батыр кетті!Қызыл тіл нені айтып сайрап өтті,Қу тағдыр көзді қалай байлап өтті?Мен қалдым қамшымды ұстап айдалада,Ері ауған арғымағым қайда кетті?!.Жаралған күн нұрынан Нұрағам-ай,Тұл-бойын асыл тектен құрағандай!Қаңқайып қу керегем құла дүзде,Шалқайып шаңырағым құлағандай!Ілесіп Мағжандарға ол да қалмай,Толғаса –Қасымдайын толғағандай....Несіне отыр мына ел ойнап-күліп,Дүниеде түк оқиға болмағандай?!.Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ