ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ЕҢБЕКТОРЫСЫ

Тыңнан түрен салған жаңалықтың бірі – белгілі журналист Берік Бейсенұлының «Қалам мен ғалам» атты кітабы

berik beisenuly   Берік БЕЙСЕНҰЛЫ 1963 жылы  Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы «Төменарық» селосында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне 1986 жылы түсіп, 1991 жылы бітірген. 1991-2001 жылдары «Жас Алаш» газетінде экономика, саясат, ақпарат, спорт бөлімдерін басқарды. 2001-2003 жылдары «Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары. 2003-2004 жылдары «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының орынбасары. 2004-2007 жылдары «Айқын» газеті  Саясат бөлімінің редакторы. 2007 жылдан «Айқын» газеті Бас редакторының орынбасары. 2009 жылдан бастап «Айқын» газеті Бас редакторының бірінші орын­басары. Берік Бейсенұлы баспасөз саласындағы қызметі үшін Қазақстан Журналистер Одағы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты атанған. Екі рет Президенттің Алғыс хатымен марапатталған. «Нұр Отан» партиясының және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Құрмет грамотасын алған. Астана қаласының 10 жылдық мерекелік медалімен марапатталған. Берік Бейсенұлы – Қазақстанның Мәдениет қайраткері. 2015 жылы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Парламентаралық Ассамблеясының «Баспа және ақпаратты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісімен марапатталды. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігінің  «Ақпарат саласының үздігі» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, «Қазақ хандығы – 550» мерейтойлық медалімен марапатталған. Берік БЕЙСЕНҰЛЫ «20 жыл айтылмаған ақиқат», «Қалам мен ғалам» атты кітаптардың авторы.   «Құдықтан су ішкен қазғанға рахмет айтады» демекші, жаныңды нұрға бөлеп, рухани нәр берер тұщымды дүние жарыққа шықса, жағымды жаңалыққа көңілің елең ете қалып, авторға ризашылығымызды жолдап жату – әрбір қалам ұстаған жанның ізгі ниетін айқындайтын қадам, қалыптасқан қағида, ежелден келе жатқан дәстүр іспетті. Сондай тыңнан түрен салған жаңалықтың бірі – «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының бірінші орынбасары, белгілі журналист Берік Бейсенұлының «Қалам мен ғалам» атты кітабы. Әлі де дүкен сөрелеріне жетіп, сиясы кеуіп үлгірмеген туынды туралы озық ойлы, орақ тілді журналист замандастарымыз, ағаларымыз пікірлерін ортаға салып, ақжарма тілектерін айтып та үлгерді.  Бұл – құптарлық қадам. Мен де сонау тай күнімізден ауыздықпен алысып, үзеңгілес өскен, осыдан отыз жыл бұрын алабұртқан жастық шақтың заманында сенімді сырласым, сүрінген тұста сүйенер тірек болған досымның шығармалар топтамасын аса зейін салып оқып шықтым. Әрине, өр тұлғалы жазушымыз Ғ.Мүсірепов «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан тыйылар едік» деген салиқалы сөзін назарға алсақ, кітап, шын мәнінде, тағылымның алтын сандығы, ақыл мен сананың жемісі, еңбектің игілігі дер едім. Сол себепті де, шығарманы оқыған сайын, ондағы сан қабат оқиғалармен біте қайнасып, туындының құндылықтарына қаныға түсетінің рас. Жинақтағы он сегіз мың ғаламның тылсым құпия сырларына, тосын құбылыстарына терең үңіліп, әр бөлімдегі топтаманы талғап оқу арқылы білігің мен біліміңді ұштай түсетінің тағы бір ақиқат. Осы орайда Шекспирдің «Кітап маған тақтан да қымбат» деген сөзін одан сайын ұғына түскендей боласың. Шынтуайтына келгенде бұл кітап кез келген адамның эстетикалық, танымдық, талғам-талабын арттырудағы ең басты құрал десек, қисыны келетін сияқты. Қалың оқырманның назарына ұсынылып отырған «Қалам мен ғалам» кітабы талғамы биік оқырманның жүрегіне жол табатынына еш шүбә келтірмеймін. Ендігі әңгіме ауанын, досымның азаматтық қырларына, журналистикадағы белестеріне бұрғанды жөн көрдім. Бекең екеуміз ұлттық журналистиканың ұстаханасы – әл-Фараби (ол кезде С.М.Киров) атындағы  ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде дәріс алдық. Қазақ журналистикасы ғылымының алтын қорына айналған, аңыз адамдар әрі ұстаздарымыз сара сөздің сардары Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Әбілфайыз Ыдырысовтың шәкірттеріміз. Қоғамымызда ежелден келе жатқан пікір бар. Ол: «журналистика-романтика», «журналистика –төртінші билік»,  «журналистика – шығармашылық», журналистика – ақпарат» деп жатады. Осындай сан-салалы ғылым, шым-шытырық оқиға арасында Бекеңнің қаламын – қару, шығармасын – азық етіп жүргеніне де аттай жиырма бес жыл толыпты. Ағын судай зымыраған ширек ғасырға жуық уақытта Берік күміс сөзден зер соққан ақмылтық журналистке айналды. «Сөз асылы – сөзде» демекші, журналистиканың інжу-маржанын теріп, бір ғана кәсіптің құлағын ұстап, соның отымен кіріп, күлімен шығып, бар саналы ғұмырын сүйікті ісіне арнап келе жанның бірі емес, бірегейі. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда бірнеше диплом иесі атану сән болған шақта, әу баста таңдаған кәсібіне адалдық танытушылар өте сирек кездесетін құбылысқа айналды. Ал, Бекең табан аудармастан журналистикада жиырма бес жыл еңбек етіп келеді. Үлгі ме? Әрине, үлгі! Қаламы сілтейтін семсері, сол семсермен қоғамдағы болымсыздықты тоқпақтап ұрады. Сөзі мірдің оғындай тіліп түседі, шымшымасы уытты-тиген жерін күйдіріп түседі. Мінезі қарапайым, ізетті, ілтипатты болмысы және бар. Ол тек, өмірдің қайнаған ортасынан ойып алған көріністерді ғана сөз етеді. Шынайы ізденімпаз. Тың тақырыпты тауып алып, қаузап, сүргілеп, шұрайлы тілмен  кесекті дүниеге айналдырады. Онысы төгілген тер, адал еңбектің арқасы. Сөзімнің тұздығын келтіру үшін «Айқын» газетінің бас редакторы, Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі Нұртөре Жүсіптің Берікті «еңбекторы» деп атаған сөзінен артық не дәлел керек?! Ол кісі Бекеңнің қиындығы мен қызығы қат-қабат астасып жататын журналистикадағы  ұстазы іспеттес. Айта кету керек, Нұртөре ағамыз «Жас Алаш» газетінде бас редактор болып тұрған тұста Берік алғашқы еңбек жолын осы шаңырақтан бастаған. Содан бері шәкіртін баптап, қаламы жүйрік сәйгүлік етіп шығарды. Абылайхан өзін Төле бидің, Шәкәрім Абайдың шәкіртімін десе, Берік Бейсенұлы өзін «Нұртөренің мектебінің түлегімін» деп санайды. Ол орынды да. Өйткені, ұстаздың тағылымы, азаматты білікті де білімді етіп қалыптастырады. Демек, Нұртөренің мектебінен өткен журналист  осал болмаса керек-ті. Дана халқымыз «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деуі осыдан шығар. Өйткені, ұстаздан тәлім алған жан жақсы қоғам қайраткері болып қалыптасып, көкжиегі кеңейіп, жан-жағын көркейте түседі.   berik beisenuly 2 «Жақсы мінез – жанға дос» демекші, Бекең қалыбынан ақ жарқын, биязы, аңқылдақ азамат. Одан қалды адамгершілігі, қайырымдылығы, иманжүзді мейірімділігі, адалдық сынды жоғары қасиеті бар болмысын тұлғаландырып тұрғаны дау тудырмайтын ақиқат. Хакім Абай айтқан «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» өн бойынан табылады. Тағы бір тілге тиек ете кетерлік көркем тұсы – ұлтжандылығы, отансүйгіштігі, халқымыздың тілін, дәстүрін қадір тұтып, ұлттық мүддені қорғап жүруі қазақы тәрбиенің қайнарынан нәр алған ұл екендігін аңғартқандай. Ол түзде – журналист, үйде – қадірменді отағасы, асқаралы әке, абзал жар.  Ағима жеңгемізбен жиырма бес жыл отасып, үлгілі отбасы болып, дүниеге екі ұл әкелді. Қазір ұлдары атпал азамат болды. Тұла бойы тұңғышы Данияр Т.Рысқұлов атындағы Экономикалық университетті қызыл дипломмен тәмамдады, сосын Оңтүстік Кореядағы Каннам университетін бітірді. Қазір Сеулдегі Соганг университетінің магистратурасында оқып жатыр, сүт кенжесі де Мадияр ағасының жолын қуып Т.Рысқұлов атындағы Экономикалық университетте қаржы мамандығы бойынша оқып жүр. Ағима жеңгеміз ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты, ғалым. «Сабақты ине сәтімен» демекші, Бекеңнің шығармашылығы, еңбек жолы туралы журналист әріптестері жан-жақтан қалам сілтеп жатқанда мына бір әңгіме еріксіз ойға оралады. Заңғар жазушымыз М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясын орыс тіліне тәржімалауға орыстың белді қаламгері Л.Соболевке табыстап, кейін екеуі Мәскеуде кездеседі. Сонда Л.Соболев: «Мұхтар Омарханұлы, шығармаңызға арқау болған Бөжейдің асын көркемдеп суреттегенде тым асыра мақтап, ерекше әсерлеп жіберген жоқсыз ба?» депті. Сонда Мұқаң: «Керек десеңіз, мен Бөжейдің асын өз дәрежесінде жеткізе алмадым ба деп ойлаймын. Себебі, ол сән-салтанаты жарасқан халықтың тойы болған игілікті шара еді» дегенде, Л.Соболев: «Осыншама халық бір кісінің қуанышына бірігіп қуанатын, бір кісінің басына түскен қайғыға бірігіп күйзелетін болса қазақтарға коммунизм не үшін керек? Коммунизм деген осы емес пе?» депті. Сол айтқандай, Берік Бейсенұлы сынды қазақтың бір ұлы маңдайы жарқырап биікке көтеріліп жатса, осындай ақ түйенің қарны жарылған сәт, оған тілектес барлық жанның мәртебесі, қуанышы болуы керек.  Бір ғана оның мерейі ғана емес, азаматты бағалаған, еңбегін ардақтаған әріптестерінің ортақ тойы болмақ. Олай болса, қаламы жүйрік, ақмылтық журналист, Қазақстан Журналистер одағы Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ақ адал дос, мейірбан жан Берік Бейсенұлына өмірің мәнді, шаңырағың сән-салтанатқа толып, барың-берекеге, берекең-мерекеге ұласып, тәңірім өмір деген ұлы белестің тайғақ жерінен тайдырмай, сулы жеріне батырмай, соқпағына соқтықтырмай, асу-асулардан аса бер деген ақжарма тілегімізді жолдаймын. Әмин! Бейбіт ОСПАНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. qazaquni.kz