Өмірдің өзіндей қарапайым
2015 ж. 16 қараша
3825
1
Серік ҚИРАБАЕВ,
академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
Әбу Сәрсенбаевпен мені ұстазым Қажым Жұмалиев таныстырған еді. 1949 жылдың алғашқы күндерінің бірі. Студентпін. Сабақ арасындағы үзіліс кезінде мені Қажекең шақыртыпты. Іздеп кабинетіне келе жатыр едім, ол қарсы кездесті.
– Сен Оқу министрлігі қайда екенін білесің бе? – деді ол амандық-саулық сұрамастан.
Министрлік Ленин көшесінің бойында, Калинин көшесінен сәл жоғарылау (қазіргі Достық, Қабанбай батыр көшелері), оң жақ беттегі екі қабатты ескі үйде тұратынын білетінмін. Қажекеңнің кейде жұмсайтын кездері болатын. Сондай шаруасының біріне жіберер деген оймен бас тартқам жоқ.
– Білем, – дедім.
– Онда сол министрліктің астыңғы қабатында Оқу-педагогика баспасы бар. Соның директоры Әбу Сәрсенбаев деген ақын. Соған бар. Бергенін тез алып кел, – деді.
Әбекеңнің аты маған бұрыннан таныс болатын. Ертеректе «Ант» атты өлендер кітабын оқығаным бар-ды. 1940 жылы «Тарту» атты жинақтан «Ақмаралдың жүрегі» деген поэмасын оқығам. Өлеңдері есімде қалмапты. Ал поэмасы нәзік лиризмімен маған қатты әсер еткен.
1944 жылы «Социалистік Қазақстанда» басылған «Майданнан соққан жаңа леп» деген мақаласында Ғабит Мүсірепов Әбудің «Ақша бұлт» деген өлеңін мақтағаны да есімде. Әуелде газеттен оқи алмай қалған өлеңді мақаладан кейін мен іздеп жүріп, тауып оқығам. Жаттап та алғам. Оқуға келгеннен кейін Әбуді жазушылармен бір кездесуде, Қажым екеуі бірігіп жазған «Арбасу» атты пьесаның Қазақтың академиялық драма театрында қойылуында (1948) көргем. Бірақ кездесіп, танысып, сөйлескен емеспін.
Жүгіре басып баспаға келдім. Әбекең тез қабылдады. Оның кабинетіне баспа қызметкерлері отыратын үлкен бір бөлме арқылы өтеді екен. Хатшы қыз кіріп шықты да «кіріңіз» деді. Үстел үстінде шашылып жатқан көп қағаздың біріне үңіліп отырған Әбекең көзілдірігінің үстінен бір қарады да, маған қалам ұстаған оң қолының сыртын ұсына, орнынан тұрды. Мен қолын ұстай алдым. Қажым Жұмалиев жібергенін айттым.
– Сен қай баласың? – деді ол.
– Студентпін. Қажекеңнің шәкіртімін. Атым – Серік, фамилиям – Қирабаев.
– Өлең жазасың ба?
Мен өлең жазам деп айта алмадым. Аздап өлең жазып, бірен-сараны баспа бетіне еніп кеткені де болатын. Бірақ өлеңді қойып, сын жаза бастағам. Бір-екі мақалам газетке де шыққан.
– Жоқ, өлең жазбаймын, бірақ өлеңді жақсы көрем, оқимын.
– Оның дұрыс екен, – деді Әбекең бей-жай ғана.
Оған мен мән бергем жоқ, әшейін сұрай салған шығар деп ойладым.
Енжарлау сөйлесіп, баяу, көңілсіздеу жөн сұрағанмен, мен Әбекеңнің зеректігіне таңқалам. Осыдан кейін ол менің аты-жөнімді ұмытқан емес. Кездескен сайын бірден танитын. Көңілсіздеу көрінетіні, енжарлығы оның баяу сөйлесетін табиғи мінезі екен.
Үстелінің суырмасын ашты да Әбекең маған бір кітап ұсынды.
– Мә, ұстазыңды қуант. Сигналдық данасы. Авторлық даналарын кейін беріп жіберем, – деді.
Мен кабинеттен шыға сала, баспаның дәлізінде тұрып кітапқа үңілдім. Басында: «Қ.Жұмалиев. Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы» деп жазылған. Кітап аты: «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі». Аяғында баспаның аты көрсетілген және «Алматы, 1948» деген жазу бар. Сірә, кітап 1948 жылдың жоспары бойынша кешігіңкіреп шыққан болу керек. Менің баруым – 1949 жылдың басы.
1946 жылы Қажекеңнің Ленинградта осы тақырыпта докторлық диссертация корғағанын білетін едім. Мына кітап соның басылып шыққан нұсқасы екен. Оны оқуға құмарттым. Өз кітабым шыққандай қуанып, жүгіре басып институтқа келдім. Кітапты Қажекеңнің қолына бердім. Ол да бірінші көруі ғой, бас-аяғына қарап, қуанып тұрғаны байқалады. Мен қарап тұрдым. Біраздан соң барып:
– Дұрыс! Бара бер, рақмет! – деді.
Әбекең баспасына содан кейін де бір-екі рет барғаным бар. Оқу-педагогика баспасы ол кезде балаларға арналған әдебиет шығаратын. 1948-1949 жылдардың ішінде одан Әбудің «Туған өлке», Тайырдың «Жеткіншек», Жұмағалидың «Жас достарыма», Әбділданың «Шын жүректен», Қасымның «Балбөбек», Диханның «Жас азамат», Ғалидың «Бөбек жүрегі», Қалижанның «Батырлық жыры» сияқты бірнеше өлең кітаптары басылды. Олардың көбі балаларға арналды дегені болмаса, жалпы жыр жинақтары болатын. «Қырағылықтың» күшті кезі ғой, «Оқу-педагогика баспасы «Балаларға» деген атпен балаларға арналмаған кітаптар шығарып жатыр» деген әңгіме гу ете қалды. Қайнекей Жармағамбетов (менің институтта сабақ берген ұстаздарымның бірі, Казақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, «Әдебиет және искусство» журналының редакторы) мені шақырып алып, осы баспаның кітаптарын қарап шығуды тапсырды. Сол кезде аталған кітаптардың біразын кітап дүкенінен сатып алып, таба алмағанымды Әбекеңнен сұрап алғаным бар.
Оқу-педагогика баспасынан шыққан кітаптар жайлы баяндамамды мен жазушылардың жиналысында, 1949 жылдың күзінде жасадым. Ащылау баяндама еді. Партияның сол тұстағы идеологиялық қаулылары «жетілдіріп» тастаған. Оның үстіне ол кітаптарға кіріп кеткен балаларға қатысы жоқ, олардың психологиясына қиғаш шығармалар да аз емес екен. Әуелде жасқаншақтау бастағанмен, қыза келе сынды көбейтіңкіреп жіберсем керек. Бір кезде Тайырдың шығып кеткенін байқадым. Оған кешігіп келе жатқан Жұмағали кездесіпті. Кейін мұны Жұмакең өзі айтқан еді.
– Тәке, қалай өтіп жатыр жиналыс? – деп сұрапты.
– Қирабаев деген біреу келіп, қиратып жатыр, – депті Тәкең.
Жұмағали марқұм баяндаманың аяқ кезінде келді де, менен сұрап алып, оны қарап шықты. Содан кейін сөз алып, менің кейбір пікірлеріме дау айтқаны есімде қалыпты. Сөз арасында: «Белинский мен Чернышевскийді көп айтады екенсің, шырағым. Оларды біз де оқығанбыз» дегені де бар.
Осы баяндамада мен Әбудің кітабын мақтағаным есімде. Әсіресе, оның «Ұлым туралы ой» поэмасына көбірек тоқталып, майдандағы солдаттың ұлынан айырылған кездегі ой-сезімінің өткір де терең берілгенін айтқам. Әбекең осы сезімді ұмытпай, көп уақыт айтып жүрді.
Баяндама мақала күйінде «Әдебиет және искусство» журналының 1950 жылғы 4-санында жарияланды.
1952 жылы мен «Пионер» журналына редактор болып ауыстым. Әбекең осы журналда редколлегия мүшесі болды. Журнал редакциясына жиі келетін. Балаларға арналған әдебиет жайлы, журналда басылатын шығармалар туралы пікірлесіп жүрдік. Журнал редакциясының қатысуымен 1955 жылы Жазушылар одағында Әбекеңнің 50 жылдық тойы өтті. Құттықтау хаттың ішкі бетіне пионер галстугін таққан Әбекеңнің суретін салып, редакция қызметкерлері – М.Иманжанов, М.Әлімбаев, М.Нұртазин – бәріміз барып құттықтағанымыз есімде. Мен сонда сөз сөйлеп, Әбекеңнің «Ақша бұлт», «Сен, құрметте оны» өлеңдерін оқып, 1953 жылы шыққан «Толқында туғандар» романы жайында жылы пікір айтқам. Әбекеңнің Пролетар көшесіндегі үйінде де қонақта болғанбыз.
«Толқында туғандар» – ақын жазған проза ғой. Кезінде әр қилы пікір болды. Ол кезде сыншылдық көп болатын. Жұрт жаңа кітапты мақтауға сараңдық көрсетіп, қай жағынан шығып қаламыз дегендей, әліптің артын бағатын. Әбекең редакцияға арнайы келіп, маған романын сыйлап еді. Романды оқып шығып, алғашқы пікір айтушылардың бірі мен болдым. Роман жайлы ойларым 1953 жылы басылған «Қазіргі балалар әдебиетінің кейбір мәселелері» атты мақалама кірді, сол жылы өткен Қазақстан жазушыларының III съезінде де романның біздің әдеби өміріміздегі елеулі құбылыс болғанын айтқам. Кейін Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі дәуірлердегі қазақ әдебиетінің дамуы жайлы зерттеулерімде Әбекеңнің майдан жырлары мен романына айрықша тоқталғаным бар.
Бұл – ақын шығармашылығына менің ықыласымнан ғана туған ойлар емес, жалпы Әбу еңбектерінің қазақ әдебиеті дамуы кезеңдерімен біте қайнасып жатқанынан, әдеби қозғалысқа оның белсенді қатысып, оған елеулі үлес қосқанынан деп білген орынды.
Әбекеңді адам есебінде маған жақсы танытқан және біздің сыйластық қарым-қатынасымызды бекіте түскен бір оқиға – 1954 жылдың аяғында өткен Бүкілодақтық жазушылар съезіне бірге баруымыз болды. Қыстың күні ғой, оның үстіне ол кезде самолетпен ұшу онша салтқа кіре қоймаған, біз пойызбен жүрмек болдық. Жүрер алдында үйге Хамаң (Хамит Ерғалиев) телефон соқты.
– Сен жүретін болдың ба? – деді ол.
– Әрине, жүрем.
– Қалай жүреміз?
– Қалайы қалай?
– Ел күпе-күпе болып ыңғайласып жатыр екен. Біз де бір күпеге біріксек, бірге болсақ қайтеді?
– Мен құптаймын, Хама.
– Онда қалған екі орынға кімді аламыз? Тыныш біреулер болса...
– Оны сіз біліңіз.
– Әбекеңді, Әбу ақсақалды... Сонсоң мен Аманжолды ойлап отырмын.
– Құп, болады, Хама!
Сонымен, төртеуміз жұмсақ вагонның бір күпесін алып, Мәскеуге тарттық. Бесінші, алтыншы жұмсақ вагондар мен халықаралық вагон толы жазушылар съезіне бара жатқан делегаттар және қонақтар. Соғым сойған кез. Тамақ пен арақ-шарапты тиеп алдық. Біздің күпенің ағасы – Әбекең, оған тете бастық Хамаң. Аманжол екеуміз қызметшіміз.
Аманжол баяу қимылдайды. Мен елгезектеумін. Дастархан мәзіріне біз иеміз.
Әбекеңнің байсалды, дүние қозғалып жатса мыңқ етпейтін мінезін, кең пейілін, тарылу дегенді білмейтін жайдарылығын мен осы жолы таныдым. Әртүрлі әңгімелер кезінде Хамаң да, мен де қызбалық таныта қалатынымыз болады. Аманжолдың не болса да ішінде. Мұрнын бір шұқып қойып, «ым» деп отыра береді. Әбекең бәріне сабырмен қарайды.
Пойыз Жамбылға келіп тоқтады. Күпені жауып, бәріміз де аздап ауа жұтып қайтайық деп түсе қалдық. Перронда тағы бір ақын ағамыз кездесті, сәлемдестік.
– Біз алтыншы вагондамыз, кел, – деді Әбекең. Бәріміз де шуылдап, шақырып қалдық.
Пойыз жүріп, жайғаса бергенімізде, біздің вагонға Шәкен Айманов келді. Дастархан жасалды. Әңгіме-дүкен қызды. Ондайды жақсы көретін Хамаң Шәкенмен қосылып біраз дуылдатты. Осы тұста Әбекең манағы ақынды еске алды.
– Кел деп едім, келер ме екен?!
Ол келе қоймады. Түн өтті. Ертеңіне де келмеді. Оның келмеуін әркім әртүрлі жорыды. Біреулер «Ол сараң еді. Келсе жауап беруі керек, содан жалтарып жатқан болар», – деді. Осы маңда біраз әңгіме өрбіді. Шәкен халықаралық вагонда о кісімен бірге екен. Түнде шам сөнгеннен кейін қараңғыда тамақ жеп жатқанын көргенін айтып, әңгімеге біраз «тұз» септі.
– Шақырдық, келмеді. Енді өзіміз барайық, – деді Хамаң.
Бәріміз де соны қолдадық. Қол бос, еріккен қазақ. Мәскеуге шейін бес күн жүру керек. Ермек осы ғана.
– Сөйтеміз бе? – деді Әбекең баяу ғана.
– Сөйтейік, барайық.
Біз пойыз жағалап, соңғы вагонға қарай жылжыдық. Ақын ағамыз кіреберістегі күпеде екен. Жалғыз, қасындағы адамы жоқ. Жасы үлкен ғой деп, Әбекеңді алға салғанбыз. Одан кейін келе жатқан Хамаң өлеңдете кірді:
– Жатырмын жұмсақ төсек, ұйқым –
жайлы,
Тастаймын терезеден қиқымдайды.
Келемін өз ағам деп әлі сүйреп,
Құйрықта қызыл арбаң шиқылдайды.
Біреулер ағамызды батыр дейді,
Аға дәмі ауызға татыр дейді.
Жеңешем өз қолымен орап берген
Бір жамбас мына жерде жатыр дейді...
Осыны айтып, ол ақын төсегінің үстіне салмақ сала барып отырды. Ағай да қалбалақтап қалды.
— Бар, бар. Бәрі де болады, жоғары шығыңдар!
Ағай вагон иесімен бірдеме айтып сөйлесіп жатты. Дастархан жайын айтып жатқан болар деп, біздің көңіліміз жайлана бастады. Әбекең:
– Енді Тәкеңе амандасайық, – деп, әрі қарай қозғалды.
Хамаңның отыратын түрі бар еді, Әбекең қозғалған соң, артынан еріксіз ерді.
– Баяғыда бір үйге тымағын, бір үйге кісесін тастап кетуші еді ғой, түстенгеннің белгісі деп. Мен де құлақшынымды қалдырайын, – деп, бас киімін ақын ағасының күпесіне қалдырып кетті.
Тайыр, Мүнира, Сағынғали, Ғайни – төртеуі халықаралық вагонның төрт кісілік күпесінде екен. Соларға сәлемдестік. Жібермей, дастархан жайып қарсы алды. Ұзақ отырыс, әңгімемен күнді өткіздік. Енді қайтайық деп тұра бергенімізде, Хамаң:
– Менің ағайдың үйінде құлақшыным бар, сонда соғамыз ғой, – деді.
– Сендер мұнда өтіп кеткен соң, мен дастархан жасатқан жоқ едім, оның үстіне вагон-ресторанда арақ-шарап та қалмапты, – деді ағай.
«Вагон-ресторанда ішімдік қалмапты. Жазушылар бөліп алыпты» деген әңгіме бұрынырақ шыққан. Оны біз де естігеміз.
– Артық төлесеңіз, табады ғой, – деп қалды Хамаң.
Бірақ ағай мезіретіден аспады. Қала берді. Біз вагонымызға қайттық.
Хамаңның бір нәрсеге қызып алса, тез басыла қоймайтын әдеті. Түстенеміз деп барған ағасынан құр ауыз қайтқанын ұмыта алмай, түнімен әңгіме ғып шықты. Ертеңіне біз Тайырларды шақырдық. Ақын ағамызды Хамит шақыртқысы келмей, кешегі өкпесі тарамай, біраз қызарақтап еді. Әбекең болмай шақыртты. Ол ағаймен де менің бірінші рет сапарлас болуым еді. Көпшіл, аздап жұтып алса, тіпті көңілденіп, әндетіп, әңгімені көсілтіп отыратын адам екен. Кешті жақсы өткіздік. Жұрттың бәрі де жасы үлкен Әбекеңнің бетіне қарайды. О кісі ашық, елдің бәріне де жақсы сөз, ізгі тілегін аямайды. Құшақтап, бетінен сүйіп те қояды. Сүю дегеннің де салтқа кірмеген кезі. Оның үстіне еркек адамның жаппай сүйісуі біз көрмеген де, үйренбеген де жағдай. Ал Әбекең болса, талғамайды, бет болса сүйе береді. Бәрі де елгезек, жұртқа деген адал көңілін сездіру ғой. Оған да үйрене бастадық.
Мәскеуде де сүйісу көп болды. Кейде ресторанға ас ішуге барамыз, таныс жазушылар (өзіміздікі де, басқа республикадан келгендері бар) көп кездеседі. Біз қол беріп амандасудан аспаймыз, ал Әбекең болса, сүйісе бастайды.
– Мен бір жақын адамы екен десем, сүйіседі де, біздің Әбекең бөлек отыра береді. Сағынысып қалған адамдар бірге отырып, ас үстінде әңгімесін жалғастырмаушы ма еді, – дейді Зейнолла таңырқап. Мен де оны қолдаймын.
Съезд әңгімесі бөлек. Ол екі жетідей жүрді. Үлкен Кремль сарайында ашылуы мен жабылуы болды да, қалған мәжілістері Одақтар үйінің колонналы залында етті. Қазақстан абыройлы қайтты. Қазақ әдебиетінің дүрілдеп танылған тұсы. Оның 1948 жылы өткен жазушылар пленумында алған жоғары бағасы әлі қаз-қалпында тұрған кезі. Мұхтар Әуезов баяндамашылардың құрамына кіріп, съезд басшылығы ішінде жүрді. Қазақ прозасы да жақсы лебізге ие болды. Ақындарымыз ғана тек аттары аз аталып, өкпе білдіргендей ыңғай танытты. Тұтастай алғанда, съезд өнегесін, тәлімін біздер, жастар, көбірек сезіндік. Кеңестік классиктердің түгел кезі ғой, А.Фадеевтің, К.Фединнің, Л.Леоновтің, М.Шолоховтың, К.Симоновтың, А.Твардовскийдің, М.Исаковскийдің, Ф.Гладковтың, тағы басқалардың сөздері үлкен ғибрат бергендей еді.
Қайтарда да сол тобымызбен бірге аттандық. Әлгі ағамыз біздің вагонға келіп мінді. Мен әзілдеп, «Аға, ішетін болдық», – дедім қалжыңдап.
Кекеткендей, қалай айтып қалғанымды білмей, қысылып қалдым. Сірә, вагонға кіргенін көрген соң, бірдеңе айту керек болған болар.
– Қарағым-ау, Мәскеуден таусылып қайттық қой, келерде болса, бір сәрі, – деді ол қысылмай. Ал келерде «жарылқағаны» анау. Шынында, елдің бәрі Мәскеуде сайрандап, қалталары босап қайтқан. Келгендегідей емес, үш мезгіл жеңіл тамақ ішкендері болмаса, қызған думан болған жоқ. Жаңа, 1955 жылды, пойыз үстінде, Жамбыл қаласының түбінде қарсы алдық. Бұрынғыдай вагон боп дуылдамай, күпе-күпе болып барымызды ортаға салып біріктік. Әлгі ағай ешкімге қосылмады. Онымен бір күпеде келе жатқан бір-екі орыс, кәріс жігіттері бар еді, олармен де бірлеспеді. Ел Жаңа жылды күпелерінде қарсы алып жатқанда, ол вагонның коридорында жалғыз тұрды. Әбекең аяп, шақырмақ болып еді, қалғанымыз қарсы болдық. Бірдеме аяғандық емес, мәселе ағайдың қылығына риза еместікте еді. Жаңажылдық шампанды стақандарға бөліп құйып, тост көтере бастағанымыз сол еді:
– Әй, Әбу, – деп, бір нәрсені сылтау етіп, ағайдың есікті ашып кеп қалғаны. Әбекең қолындағы стақанын қоя салды.
– Әй, жігіттер, енді болмайды, менің тамағымнан өтпейді ештеме. Ана ағаларынды шақырыңдар!
Амал жоқ, шақырдық.
Бұл жерде атап айтайын деп отырғаным – Әбекеңнің кеңдігі, жанының жұмсақтығы. Біз жастық, қызбалық жасап, ағамызға ренжіп жүрсек, о кісі бәріне де кешіріммен карап, кеңпейілдік, үлкендік көрсетуден тайған емес. Шақырылған ағай ептеп жұтып алғаннан кейін әндетті де, биледі де.
Әбекеңмен біздің қарым-қатынасымызға, оның ұзаққа созылуына себеп болған адамның бірі Төкен Әбдірахманов еді. Алғашқы өлеңдері 1938 жылы шыққан «Жастық даусы» деген жинаққа енген Төкен 40-жылдардың аяғына дейін аздап өлең жазып жүрді. Оны «Төкен Төгісов» немесе «Т.Төгісов» деп жариялады. «Пионер» журналында редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде редакцияның жауапты хатшысы болып істеді. Қазақстанда «ұлтшылдықты әшкерелеудің» науқаны жүріп тұрғанда ол да «жазықты» болып, орнынан алынды. Орнына «Пионерге» мен келдім. Ал «Қазақ әдебиетінен» Сырбай бастаған басшылығы түгел босаған кезде кетті. Кейін Абай атындағы педагогтік институтта Қазақ әдебиеті кафедрасында доцент болып істеді. Осы Төкең Әбекеңдермен өте жақын, отбасы араласқан адамның бірі еді. Ләзизаны апа тұтатын. Сол Төкен Әбекеңе көп қызмет те жасады. Кішіпейіл, үлкенсіп тұрмайтын Төкен кімнің шаруасына болса да кірісіп кетіп, тындыра салатын. Мұқан Иманжановпен бірге өскен дос болды. Мұқан өлгенде соның көп қызметін Төкен атқарды. Сонда Әбекеңнің:
– Осы Төкеннің алдында өлсек, еш нәрсені уайымдамас едік, – дегені де есте.
Бірақ Төкен Әбекеңе қызмет ете алмады, өзі ерте кетті. Нағима мен Ләзиза ертерек қайтыс болып, Әбекең мен Төкен бір-біріне сүйеніш боп та жүріп еді. Ләзизаның басына көп баратын Әбекеңнің бір жолы:
– Ләзиза, маған риза боп жат. Әзір шақырма! – дегені де есімде қалыпты. Шынында да, Ләзиза апай Әбекеңді асықтырған жоқ.
1964 жылы Әбекеңмен біз көрші болып, Интернационал (қазіргі Сырбай Мәуленов) көшесіндегі 129-үйге бірге кірдік. Жазушылар одағының салдырған үйі еді – көп жазушылар осы үйден өзіне баспана тапты. Құтты үйде сыйласқан көрші, аға-іні боп тұрдық. Осы үйді қызықтап, сол кездегі одақтың басшысы Ғабит Мүсіреповті ортаға алып, кезектесіп «жуғанымыз» да ұмыт болған жоқ. Әбекең сол үйдің сыйлы ақсақалы болды. Әр үйдің құрметті қонағы еді. Барлық балалардың досы болатын. Әбекеңнің қалған өмірі осы үйде өтті. Сол үйде оның алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан жылдықтары тойланды. 70 жылдық тойына белсенді қатысып едім. Хамит ағамыздың сол күндері:
– Ақын кетіп барады палубада
Жетпіс желкен көтеріп кемесімен, –деген өлең жолдары есімде қалыпты. 1970 жылы мен ол үйден басқа жаққа ауысып кеттім.
Мен күнделік жазбайтын адаммын. Сондықтан да болар, көп нәрсе есте қалмапты. Әр кездесудегі қызықты жайларды, әңгімелерді жазып жүру де керек екен. Енді ұлғайған кезде соған өкінесің. Сондай өкініштің бірін осы естелікті жазу үстінде бастан кешіп отырмын. Әбекең жөнінде көп ешнәрсе айта алмай отырғаныма да кешірім сұраймын.
Жалпы, өмірдегі Әбекең өзінің шығармалары сияқты қарапайым, бірақ табиғи, шынайы, қоспасы жоқ адам еді. Сондықтан да, оны ел шын ықыласымен жақсы көрді.
Жыр-жауһар
АҚША БҰЛТ
Ақша бұлтым, айтшы маған,
айтшы маған,
Келдің қайдан?
Кәрі әжемдей айтшылаған,
неге бейқам кездің майдан?
Жеткен бе әжем ақ шашымен мені аялап
таң алдында
Әлде Алатау ақ төсінен күн сүйгенде
жаралдың ба?
Мүмкін, бір сәт кесте тігіп отырғанда
Ақбілегім
Асау құйын кеткен-ді іліп алдындағы
жібегін.
Ақша бұлтты әлем биік, әкетпе алыс,
орал, ағын,
Мүмкін, жарым сәлем түйіп ұшырған-ды
орамалын?
Мен сезімде ұйып тұрмын, тербе бұлтты,
жел, ерінбей,
Желкілдесіп сүйіктімнің кір шалмаған
желегіндей!
Баяула жел, көп есілмей, қума бұлтты,
төзесің бе?
Ақ қанатты көгершіндей тұрсын
солдат төбесінде!
Ақ мамық, бұлт, қон алдыма,
қайда кеттің?
Аядың ба –
Ақ марлы боп оралдың ба әлде
оқ үзген аяғыма?
Мүмкін, елге алып ұштың жауынгердің
сағынышын,
Айқасты да ол, жалынышым,
сенің арман-бағың үшін!
Ақша бұлтым, аялдамай көз алдымнан
ұштың ұзап.
Жаралы деп баяндама, күтсін мені,
күтсін ұзақ!
"Қазақ үні" газеті