«ӨГЕЙ ЖҮРЕК» ӨЗ ОҚЫРМАНДАРЫН ТАПТЫ
2015 ж. 09 қараша
4080
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, белгілі ақын, журналист Сәуле Досжанованың Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Өгей жүрек» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жиынға филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Хасанов, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, белгілі көсемсөзші Қали Сәрсенбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақтолқын Құлсариева, «Алматы ақшамы» газетінің бөлім меңгерушісі Нұржамал Байсақалова, университет ұстаздары мен студент жастар қатысты.
Қазақ ұлттық университетінен 28 жыл бұрын түлеп ұшқан Сәуле Мағазбекқызы өзі білім алған қасиетті қарашаңыраққа келіп, тебіреніп отырғанын да жасырмады.
Жиын барысында сөз алған ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай:
– Зиялы қауым өкілдері бүгінгі қоғамның рухани жағдайын көрсетіп тұратын термометр тәрізді. Сондықтан да Сәуле Мағазбекқызы сынды қаламы қарымды жазушылармен кездесіп, ой бөлісу, әсіресе, жастар үшін берері мол сәт болмақ. Сәуле Досжанованың шығармашылығы тұнып тұрған қазақ әйелінің философиясы дер едім. Ал қазақ әйелінің қоғамда алар орны айрықша екенін өздеріңіз де білесіздер. Ана өз алдына бір мектеп. Ұлтты тәрбиелеуші негізгі тұлға да – ана. Ал, әке қашан да үлгі. Олай болса Сәуленің бүгінгі тұсауы кесілгелі отырған кітабы да өзге туындылары іспетті қыз балалардың болашақ ана ретінде қалыптасуына септігін тигізер аса құнды еңбек. Бірақ бұл сөзім кітаптың тек әйелдерге арналғандығын білдірмесе керек-ті. Отбасы шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің бірлігін сақтай отырып, дамыту жолында бұл кітаптың ер азаматтарға да берері мол. Осынау рухани тұрғыдан кемелденуге көмегін тигізетін құнды дүние қолдарына тиіп отырған бүгінгі жастар шынында да бақыттты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Хасанов:
– Жаңа кітапты қолыма алып парақтағаннан-ақ, ондағы ерекшеліктер бірден көзге шалынды. Мәселенки, бұл кітапқа енген хикаяттардың қай-қайсысы да диалогпен басталған. Осы сөзімізге дәлел ретінде кітаптың тақырыбына арқау болған «Өгей жүрек» хикаятының: «Осыдан аман қалсам... Осыдан аман қалсам... аман қалсам... аман қалсам...қалсам... қал...» деп басталғанын айтуға болады. Мұның өзі Сәуле Мағазбекқызы шығармашылығының өзгеге ұқсамайтын бір қыры. Тәңірдің берген талантының арқасында тың туындыларды дүниеге әкеліп, оны қалың оқырманға ұсынып отырған Сәуле Досжанова шығармаларының жалпы жұртқа ой салары анық. Оқырманға енді ғана жол тартқан жаңа туынды да кітап сүйер қауымның айнымас серігі болады деп сенеміз!».
Салтанатты шарада жаңа кітаптың тұсауын филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Хасанов пен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Экономика және бизнес жоғары мектебі факультетінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты Баян Ермекбаева кесті.
«Өгей жүрек» атты бұл кітапқа жазушының «Әкемнің құпия аманаты», «Ақбұлақтың адасқағы», «Қызмет қамақтағы әйел», «Құлазу» атты хикаяттары енген. Мұндағы әрбір туындының көтерер жүгі бар.
Ал, «Өгей жүрек» хикаятының орны ерек. Аталмыш туынды Қазақстан медицинасының заманауи жетістіктерін қалың оқырманға көркем де түсінікті тілмен жеткізеді. Елімізде тұңғыш рет жасалған жүрек алмастыру операциясының сәтті өтуі – ұлттық жетістік, әрі отандық медицинаның әлемдік деңгейге көтерілгендігінің айқын көрінісі. Осы тұста бұл хикаяттың Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басшысы, кардиохирург, Еңбек Ері Юрий Пяға арналғандығын айта кетуге тиіспіз.
Жиында сөз алған зиялы қауым өкілдерінің көпшілігі, қазақ әдебиетінің қазынасына қадау-қадау туындылар қосып, ел руханиятының дамуына елеулі еңбек еткен Дүкенбай Досжандай қарымды қаламгердің жары болу – Сәуле Мағазбекызына ғана бұйырған бақыт екенін баса айтты.
Иә, Сәуле Досжанова отбасындағы ардақты ана, құрметті әже ғана емес, құдіретті қаламның күшімен ұлтын сүйген, ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты жан. Кеш барысында Сәуле Мағазбекқызы жүрекжарды жырларынан шашу шашып қана қойған жоқ, әуезді үнімен әдемі әнді әуелетіп, көпшіліктің көңілін бір серпілтті.
Осынау әсерлі кештің куәгері болған көпке алғысын білдірген қаламгер:
Бабалардың арманындай жаңғырып,
Тәуелсіздік сені өтейік ән қылып.
Алшаң басқан алты Алаштың қолында,
Көк байрағың желбіресін мәңгілік
– деп жырлай отырып, ең басты тілек – тәу етер Тәуелсіздігіміз баянды болсын деп түйіндеді.
Кеш соңында университет ұжымы жазушыға қазақы салтымызға сай зерлі камзол кигізіп, әдемі гүл шоқтарын сыйлап, құрмет көрсетті.
Гүлмира САДЫҚ
"Қазақ үні" газеті