"Ақ жол" партиясы Ақтауда «Дін мен Дәстүр» атты конференция өткізді
2015 ж. 15 қазан
3844
0
Кеше 14 қазан күні Ақтау қаласындағы «Ақтау» қонақ үйінде Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанаты және облыстық «Бекет Ата» мешіті біріге отырып, «Дін мен Дәстүр» атты конференция өткізді.
Конференция жұмысына Маңғыстау облыстық және қалалық әкімдігі, Ауған соғысының ардагерлері, облыстық «Бекет ата» мешітінің бас имамы, Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің бас имамы, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясының мүшелері, «Арман» жастар орталығының қызметкерлері, ақын-жазушылар, Маңғыстау облыстық ресурстық орталығы, «Ақ жол- жастар» жастар қанатының мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Дін мен дәстүр» тақырыбы бойынша «Маңғыстау облысының Дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Есенәлі Иса (төменгі суретте), Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясының жанындағы «Ақ жол-Жастар» жастар қанатының төрағасының орынбасары Гүлден Өмірзақ баяндамаларын оқыды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Сейітбеков Смайыл қажы Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасын кеңінен түсіндіріп, толық мағлұмат беріп өтті.
Сонымен қатар, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясының жанындағы «Ақ жол-Жастар» жастар қанатының баспасөз хатшысы Жанұзақ Қойшықұлов баяндама жасады.
Аталмыш мәселелер бойынша түрлі сұрақтар қойылып, қатысушылар қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, «Ақжол-Жастар» жастар қанаты төрағасының орынбасары Гүлден Өмірзақ, Маңғыстау облыстық ресурстық орталығының басшысы Ерғали Анесов, ақжолдық белсенді Ағзам Жұмсақов өз ұсыныстарын жеткізді. Ежелден келе жатқан асыл дініміздің бұрмалануы, ата-дәстүріміздің заман ағымына қарай өзгеріске ұшырауы, қоғамда орын алған жат қылықтардың зияны туралы пікір алмасты. Ордалы Қосай, Әмина Күнзила, Дүйсенбі Әріп т.б. аға-апаларымыз "Ақ жол" жастарына ақ тілегін жаудырды, сонымен қатар конференция соңында Ақтау қалалық «Бекет Ата» мешітінің ұжымы қызметкерлері қатысушы қонақтарға «Құран Кәрім» кітабын таратты. Хаснияз Дүйсен қажы «Тұғырнаманың» маңызы мен мәнін түсіндіріп өтті. Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол-Жастар» жастар қанатының төрағасы Сәдірқожа Кенжеғалиев жиынды қорытып, қатысушыларға алғыстарын білдірді.
Конференцияны «Қызғалдақ» би тобының бишілері өз өнерлерімен әрледі.
«Ақ Жол» МОФ жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанатының баспасөз қызметі
qazaquni.kz