Ұстаз ұлағаты
2015 ж. 14 қазан
7568
0
( ұстаз-ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының біліми-ғылыми қырлары хақында)
...Өмір-дүние дидарында ардақ тұтар,арқа сүйер,үлгі-өнеге етер,тәлім-тәжірибесінен үйренетін Һәм аялау мен бағалауға әбден лайықты адамдар болады.Қалың көпке етене болғандықтан,таныс тұлғаға айналады.
Бұл,сөз жоқ жолы ашық,өрісі кең,тәлімі мол, шәкірттері көп,танымал тұлға Тұрсекең-Тұрсынбек Кәкішұлының бір қыры, мың сан арналы ғибратты өнегелерінің,үлгі-өрнектерінің басты белгі-ерекшеліктері болатын-ды.
Ұлт руханиятының қазыналы биігіне еркін көтерілген,біліми-ғылыми арналарға өлшеусіз үлес қосып,мектеп қалыптастырған-Тұрсынбек Кәкішұлының соңында қалған мұра-мирастары бүгін мен болашақты жалғап,алтын арқау,берік діңгек ретінде ұрпақтан-ұрпаққа қызмет етері хақ...
х х х
Қолға жиі алып,қайталап қарап,қайыра көз салатын қымбат қазына – кітаптарың болады. Ондай кітаптардың әр бетін парақтап,табиғаты мен тағылымына ден қойып,мазмұн-құрылымын саралай бастасаң-ақ қоғамдық құбылыстар,кезең көріністері,уақыт бедері, өмір өрнектері мен өнегесі,таныс тұлғалардың тағдыр-талайы,уақыт шындығы мен шуағы санаңа сәулелі сәттерді ұялатып, кеше-бүгінге қатысты көп жайттар қайта еске түсері хақ.
Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер,профессор Тұрсынбек Кәкішұлының адами сапасын,азаматтық Һәм қайраткерлік тұлғасын тұтас қоғам,қалың көпшілік білсе,өз кезегімізде біз де қал-қадерімізше студенттік кезеңде,аспиранттық шақтарда,әріптестік тұстарда ( әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ-де ) ұстаздық-ғалымдық Һәм тәлімдік қырларына кеңінен көз жеткіздік.
Жеке кітапханамның сүбелі сөресін-ұстаз-ғалым,профессор Тұрсынбек Кәкішұлының кітаптары құрайды ( мысалы, «Сын сапары»/1971/, «Оңаша отау»/1982/, «Сәкен Сейфуллин»/1967,1968,1972,1976,1997/, «Садақ»/1986/, «Ескірмейді естелік»/1994/, «Қазақ әдебиеті сынының тарихы»/1994/, «Мағжан-Сәкен»/1999/, «Сәбең әлемі»/2000/, «Сайыс»/2001/, «Мерей»/2002/, «Толғам»/2004/, «Сәбит Мұқанов»/2009/ т.с.с. ).
Әр кітап-жеке әлем. Қолжазбадан-кітапқа дейінгі жазылу,жариялану тарихы,табиғаты мен тағылымы да жан-жүрекке жылы әсер етеді. Айталық, «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» атты оқу құралы (А, «Санат», 1994.-448 бет) сөз өнерінің әуелгі тарихы мен теориясы секілді құрамдас бөліктерінің бірі – әдебиет сынының қалыптасуы мен тарихи даму жолдарын қарастырады. Оқулық авторының бұған дейін «Октябрь өркені» (1962), «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982) секілді әдебиет сынының есею-өсу, шығармашылық әрі ғылыми мәселелерін жүйелі де тиянақты қарастырып келгенін ескерсек, аталмыш оқу құралының жазылып-жарық көруін қалың көптің, әдеби-ғылыми жұртшылықтың,жас ғалымдар мен студенттердің асыға әрі көптен күткені анық-ты.Асыл сөздің құрамдас бөлігі санаған-ды.
Автор оқу құралының алғашқы тұстарында-ақ, қазақ әдебиеті сынының өзіндік тарихы, әдеби-ғылыми мәселелері барын, жоғары оқу орындарында арнайы бағдарлама негізінде жалпы және арнаулы курстарда,міндетті пәндердің қатарында кең көлемде оқытылатынын жүйелі баяндайды.
Оқу құралын екі бөлім, бес тарау арқылы жүйелеп, баспасөзбен байланысын,жазба әдебиеттегі орнын, жеке жанр ретіндегі ерекшеліктерін т.т. қоғамдық-кезеңдік жағдайлармен, әдеби-руханияттық үрдістермен табиғи сабақтастықта қарастырады. Нәтижесінде: қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи дамуын үш кезең төңірегіне топтастырады: «Бірінші кезең – қазақ әдебиет сынының туу дәуірі. Қазақ әдебиетінің сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған. Екінші кезең – қазақ әдебиет сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Бұл процесс 1917-1937 жылдардың арасын қамтиды. Үшінші кезең – қазақ әдебиет сынының өсіп-өркендеу және әдебиеттану ғылымының қалыптасу дәуірі- 1938-1985 жылдар аралығы» (3 бет).
Негізінен, бұл жүйелеу, көзқарастар қазіргі кезеңде қайта қарауды, толықтыра түсуді қажетсінері хақ. Өйткені, әдеби сын мен оның өзекті мәселелері, сыншы сипаты төңірегінде алуан ой-пікірлер, көзқарастар бар. Зерттеп, зерделейтін тұстар да жетерлік.Жаңа уақыт талабын да ескеру жөн.
Сөз жоқ, оқу құралында қоғамдық жағдай, кезеңдік көрініс-құбылыстар, әдеби мұраны игеру мәселелері, белгілі-белгісіз тұлғалардың есім-еңбектері, бұрыңғы-соңғы қаулы-құжаттар, қысқасы қазақ әдебиеті сынының туу, қалыптасу, даму кезеңдері бірде шолу, енді бірде талдау, тіпті қайсыбір тұстардан көзқарас эволюциясы кеңінен көрініс береді. Көңілдегі қуаныш: қазақ әдебиеті сынының арғы-бергі тарихы, бағыт-арналары,даму үрдістері қазіргі кезде жүйелі ізге түсіп, зерттеліп, кең өріс алып келеді.
Т.Кәкішұлының «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Мағжан-Сәкен» (1999), «Сәбең әлемі» (2000) сынды еңбектері де ізденістен туған, әрі дерек пен дәйекке, жаңа көзқарастарға негізделуімен мәнді. Жаңа материал,уақыт бедері, көзқарас эволюциясы соны сипат, серпінді сөз етілуімен бедерлі.Маңыздысы,әрине кеше-бүгін байланысы,жаңа көзқарас айқын.
Орайлы тұста еске алсақ, профессор Т. Кәкішұлының әдеби-ғылыми һәм шығармашылық ізденісі мен зерттеу еңбектерінің дені – Алаш мұраты мен мирастарын ардақтап, «Алыптар тобын » мадақ еткенін айқын аңғарар едік. Еңбек Ері, көрнекті қаламгер Ғ. Мүсірепов: « Алыптар тобы деп Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтар тобын санаймын. Осылар бір мезгілде әдебиет майданында шарықтап шыққан, әр жерде болса да, әрқайсысы революцияға үн қосқан, революциямен бірге көтерілген, сол кездегі ең алғашқы үлкен топ – атақты жазушылардың, ойшылдардың мен шәкіртімін» дегенін еске түсірсек (Әдебиет – кәсіп емес, өнер. – Алматы: Жалын, 1987. – 93 бет ), бұдан сөз жоқ, ХХ ғасырдың тұтас табиғаты, ұлт руханиятының даму үрдістері, ақын-қаламгерлердің көрнекті корифейлері көз алдымызға келеді.Әдебиет тарихындағы орындары, ұлт руханиятына қосқан сүбелі үлестері,аға ұрпақтың үлгі-өнеге алып,бірнеше буынның өсіп-есеюі де еске түседі. Күрделі кезең көріністері мен оның қайраткер - қаламгерлері хақында профессор Т. Кәкішұлы көзқарастарының да негізі бары анық: « - Азаттықтың тұма бастауында Алашорда көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, тұраншыл тұлғалар Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы тұр. Сонымен бірге түрікшіл, әлеуметшіл Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллиндер де аз еңбек сіңірген жоқ, бұл күрескерлердің барлығы да ұлты үшін Күлтегінше айтқанда «қара терін ағызғандар, қызыл қанын төккендер!» Бұл қайраткерлердің азаттық үшін арпалысқан соқпағы соқтықпалы, жолы бұралаң, асар асу тайғақ һәм тар болды. Бірақ солардың, сол секілді ірі қайраткерлердің сан ғасырлық күресінің арқасында азаттыққа даңғыл жол қаланды, тұманда адасапайтын тұрғы белгіленді, бүгінгі ұрпақ кешегі көрмек толқынның жемісін жеп, әлемнің геосаяси картасына Қазақстанның алып даласын қаламмен сызды, қыран рәмізделген көк туды бүтін жаһанға мәшһүр етті » ( Көзқарас.- «Дала мен қала», 2011, 12 желтоқсан).
Профессор Т. Кәкішұлының еңбектері арасында «Алыптар тобының» бел ортасында аталатын – Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқановтың өмірі мен ортасы, кезеңі мен қызметі, шығармашылық мұрасы туралы айтып-жазғандары айрықша назар аударуды қажет етеді. Мәселен «Сәкен Сейфуллин. Қазақтың мәдениетті, өркениетті елдер қатарына қосуды армандаған тұлға» ( «Ана тілі», 2011, 9-15 маусым), «Шамырқанған шындық» ( «Қазақ әдебиеті», 2012, 24 ақпан, 2 наурыз) атты көлемді, күрделі һәм құнды мақалалары - С. Сейфуллин мен С. Мұқановтың адамдық – азаматтық тұлғаларын, қайраткерлік – қаламгерлік қырларын өмір, уақыт шындықтары тұрғысынан таразылап,ұлт руханиятындағы орнын көрсетіп, артық-кем тұстарын айқындап, ортақ мұрат жолындағы жанкешті еңбектерін, әрекет-қимылдарын, көзқарас эволюциясын кең көлемде қарастырады.
Осы тұста, атап өтер жайттың бірі – профессор Т. Кәкішұлы танымал тұлғалар С. Сейфуллин мен С. Мұқанов туралы арнайы әдеби-зерттеу еңбектерін жазуы дер едік. Бұл – қазақ әдебиетіне, оның танымал тұлғаларына тағзым,еңбек-мұраларына, талантқа құрмет екені анық.
Ұстаз-ғалым Т. Кәкішұлының «Сәкен Сейфуллин » атты еңбегі Мәскеуде «Жизнь замечательных людей» сериясымен жарық көрді (Мәскеу: Молодая гвардия, 1972. – 224 бет; 65 000 дана). Ал, Қазақстанда – «Сәкен Сейфуллин» атты ғұмырнамалық хикая - «Өнегелі өмір» сериясымен басылды (Алматы: Жалын, 1976. – 320 бет; 50 000 дана).
Ғұмырнамалық хикая – «Ұлы белес », «Жаңа өмір өткелдері». «Жыр тасқыны» сынды бөлімдерді құрап, онда Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен өнегесі, революция дауылпазы ретіндегі қайраткерлік қырлары, қазақ совет әдебиетіндегі орын – үлесі, қоғамдық-шығармашылық қызметі күрделі кезең, әлеуметтік тартыс, қат-қабат оқиғалар желісімен байланыстырылып, сенімді сөз етіледі. С.Сейфуллиннің өмірі мен жастық кезеңі, Нілді жұмыскерлерінің ереуілі, алғашқы өлеңінің өмірге келу сәті, әлеуметтік-қоғамдық қызмет, шығармашылық әсер-ықпал, елдік мүддеге лайық тұлға болып қалыптасуы т.с.с. нанымды өріс алады. Атақты ақынның есімі мен еңбегі әр қырынан көрініс беріп, оның бәрі – баршасынан ұлтқа қызмет ету, елдік мүддеге адалдық ,шығармашылық іске жауапкершілік, табандылық терең танылады.
С. Сейфуллиннің өмірі мен өнерпаздығының белесті тұстары, қазақ-орыс тіліндегі туындылары, әдеби-сын, зерттеу еңбектері,негізгі және қосымша әдебиеттер де байыпты беріледі.Ізденіс,көзқарас мұраттары айқын.
Ал, «Мағжан мен Сәкен » атты ғылыми эссе (Алматы: Қазақ университеті, 1999 . – 449 бет ) қазақ әдебиетінің танымал тұлғалары – Мағжан мен Сәкеннің қарым- қатынасына , адами- ақындық һәм пенделік көріністеріне құрылады. Алаш әлемі мен мұраты, кеңестік кезең құбылысы, қоғамдық - әлеуметтік ахуал, мәдени-рухани арналар, ұлттық сөз өнерінің жалпы мәселелері әдеби-тарихи һәм мұрағаттық материалдар арқылы еркін,әрі негізді дәлел - деректер бойынша байыпты баяндалады.
Эссе эпилогы – «Сәбит – Мағжан – Сәкен » болып жүйе құрауы, адамшылық жолына, ақындық өнерге табан тіреуі – мәртебелі сөз бен талантқа тағзым,ұлт мақтаныштарына құрмет екені танылып тұрады.
Ақиқатында,профессор Т.Кәкішұлы «алыптар тобы»-С.Сейфуллин,С.Мұқанов т.б.өмірі мен кезеңі,шығармашылық мұрасы туралы іргелі ізденіс,зерделі зерттеулер жүргізуінің маңыз-мәнін,қыр-сырын – «Толғам» атты танымдық-тағылымдық сипаттары мол еңбегінде / мысалы, «Өзге емес,өзім айтсам»/ бүге-шегесіне дейін тарата талдап, қайсыбір тұстарына жан-жақты тоқталып, кезең,уақыт бедерлері хақында кең көлемде сөз етеді // Толғам.-Алматы:Қазақ университеті,2004.-5-20 беттер //.
Ұлттық тарихта тұғырлы тұлғасымен, еселі де ерен еңбегімен, адами- ізгілікті белгі-ерекшеліктерімен қалың көпшіліктің мәңгілік жадында қалатын, абырой биігіне көтерілген өнегелі адамдар болады.
Ұлттық сөз өнері тарихында да есімі мен еңбегі ерекше аталатын, кеше мен келешекті жалғап жатқан айрықша ақыл-парасат иелері, олардың шығармашылық мұралары көптеп кездеседі. Осы реттен келгенде, қазақ әдебиеті тарихының барлық жанрында ерен еңбектің үлгі-өрнектерін кең көлемде көрсетіп, қазіргі әдеби үдерісте де зерттеу мен зерделеу ісінің негізгі нысанына айналып, бірнеше буын рухани нәр алған, орта және жоғары мектептің оқулық-хрестоматияларының басты мазмұнын құраған,ұлттық әдебиет алыптарының бірі,көрнекті тұлға − Сәбит Мұқанов.
«Талант − тумыстан» деген қағидалы қисынға табан тіресек, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылық мұрасы көлемі мен көркемдігі тұрғысынан өзімен тұстас-замандас қаламгерлер туындыларынан белгілі дәрежеде жоғары болса, тақырып табиғаты мен ізденіс арналарынан, мазмұн байлығы мен құрылым-жүйесі жағынан жаңалық-жетістіктері де, өзіндік өзгешеліктері де мол. Ал, әдеби-ғылыми һәм көркемдік-рухани сипаттарымен кім-кімнің де назарын аударарлық дәйек-деректері көп, мәдени-тарихи һәм танымдық-тағылымдық қырларын еселеп арттырып тұрған естелік-әңгіме, хат-жазбалары да жиі кезедеседі. Қысқасы, мұның бәрі-баршасы − «Кәдімгі Сәбит Мұқановтың» адами әлемі мен шығармашылық мұрасы, әдеби-рухани бейнесі арқылы көңілді баурап, жан-жүрекке жайлы да шуақты,мейірімі мол сәулелі сәттер сыйлайтыны анық.
Дара дарын мен айқын қолтаңба иесі, «бар қазақтың жүрегіне жол тапқан», «қаламы әсте мұқалып көрмеген», жолы кең, талант табиғаты айрықша қаламгер − С.Мұқанов туындыларын: «... 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, отыз шамалы әңгіме, очерк, повесть, роман, оннан астам пьеса, оқулықтар, монография, зерттеулер құрады» (Мұқанұлы С. Таңдамалы шығармалар. − Алматы, 1980, XVI том. −393 бет). Тегінде, бұлардың жиынтығынан: «тұтас кітапхана жасауға болар еді» (Нұрғалиев Р. Қазақ революциялық поэзиясы. − Алматы, 1987. − 56 бет).
«Кәдімгі Сәбит Мұқанов» атты естеліктер кітабында замандастары мен қаламдастары – М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Бегалин, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, Т.Кәкішев, С.Қирабаев, Ә.Нұрпейісов, С.Шаймерденов, С.Мақпыров, Қ.Ергөбек т.б. жазушы еңбегі мен шығармашылық мұрасын жан-жақты сөз етсе, бауырлас елдің ақын-қаламгерлері – Б.Кербебаев, С.Құдаш, Ғ.Ғұлам, Ш.Айтматов, С.Маршак, Р.Ғамзатов, Л.Леонов, Э.Межелайтес, В.Собко, И.Шимкус, Н.Фазылов т.б. өмірде де, өнерде де алды ашық, жолы кең, батыр болмысты, қарапайымдылығымен де келісті тау тұлғалы, дара дарынды өзгеше жаратылған адами болмысын, азаматтық һәм қайраткерлік қырларын емен-жарқын еске алды.Адамтанудағы орын-үлесі де тиісінше сөз етіледі.
Сәбиттанудың тақырыптық арнасын кеңітіп, ізденіс мұраттарын айқындап, мазмұн байлығын арттырып, өрісін ұзартқандар саны да көп, сапасы да салмақты: Т.Нұртазин, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, Т.Кәкішев, С.Қирабаев, А.Нұрқатов, Қ.Жармағамбетов, Т.Бейісов, Б.Манасбаев, С.Сейітов, М.Хасенов, С.Мақпыров, Қ.Ергөбек, Р.Тұрысбек, К.Ахмет, Қ.Байтанасова, Ә.Қайырбеков, С.Тайманова, Р.Кажиакбарова т.б.
Алыс-жақын елдерде, білім-ғылым жүйесінде, орта және жоғары мектеп бағдарламаларында, оқулықтар мен оқу құралдарында – Сәбиттану тағылымы мен шығармашылық мұрасына кең орын беріліп, академик-жазушы С.Мұқановты есте қалдыру мақсатында игілікті де ізгілікті қадамдар жасалып келеді.С.Мұқанов әлемі мен мұрасы кең арналы өріс алды.
Бұл бағыт жеке арна, алуан ізденістер арқылы кең өріс алды ( мысалы, С.Мақпыров. «Ботагөз» романының жазылу тарихы. – Алматы, 1994; Қ.Ергөбек. Сәбит Мұқанов. – Алматы, 2000; Жазушы шеберханасы. – Алматы, 2002 ; Р.Тұрысбек. Дүниетаным және шығармашылық. – Алматы, 1993; Сәбит Мұқанов және қазақ әдебиеті (конференция материалдары). – Алматы, 2000 т.т.).
Бұдан басқа – «Сәбит сабағы» өтті. «Кәдімгі Сәбит Мұқанов», «Сәбит Мұқанов тағылымы» т.т. естелік, әдеби сын, зерттеу-мақалалардан тұратын кітаптар жарық көрді (Алматы, 1984, 1990).
Қысқасы, Ауыл мен Астана арасында – Сәбиттану тағылымының бел-белестері, бедерлі белгілері мол. Жазушы еңбегі мен шығармашылық мұрасы қалың көпшіліктің жан-жүрегіне жол тапқан. Академик-жазушының мұражай-үйі, басқа да мәдени-рухани орындар әдеби-ғылыми қауымға есігін айқара ашқан. Қалың көпшілік көрнекті қаламгердің шығармашылық мұрасынан өмірдің бел-белестеріне кең көлемде қанығып, замана шындығы мен уақыт тынысын терең сезінеді. Шағын жанрдан – көлемді романға дейінгі өсу-есею жолдарын, жанр мен жауапкершілік жүгін, бейне мен бейнелілік мәселесін, көркемдік-эстетикалық құндылықтарды, тақырыптық ерекшеліктерді, шын шеберлік пен шешендік иірімдерін, тіл-стиль сипаттарын т.с.с. жіті танып, баяндау мен бағалаудың, зерттеу мен зерделеудің, тану мен талдаудың мың сан үлгі-өрнектеріне көз жеткізеді. Демек, Сәбиттану тағылымы – әдеби-ғылыми құндылықтарымен, мәдени-рухани арналарымен үлкен-кішіге, алыс-жақынға, қалың көпке ортақ. Абай айтқандай: «Қуаты оттай бұрқырап», «Ойы мен тілі бөлінбес» сипатта барлық жанрда ерен еңбектің, іргелі ізденістің, биік рух пен өшпес өнегенің үлгі-өрнектерін кең көлемде көрсетті.
Сәбиттану тағылымы академик-жазушының 100 жылдығы тұсында (2000 жыл) жан-жақты жарқырап, биік белестерден көрінді. Оның маңыз-мәнін сол тұста профессор Т.Кәкішұлы былай білдірген еді: «Сәбит Мұқановтың 100 жылдығы ЮНЕСКО арқылы тойлануы – қазақ елінің зиялылығы мен мәдениеттілігі биік деңгейде екенін дәлелдейтін құбылыс. Сонымен қатар Сәбитті кеңес үкіметі үшін жазықты етіп, қаңқу сөзге қалдырудың тамырына балта шабатын құжат.
Еліне ерен еңбек сіңірген, жаңалықты орнатуға асыққан қайраткердің өмірі мен өнерпаздық жолы мұнтаздай таза, тақтайдай тегіс бола бермейтіні өзінен-өзі түсінікті.
XX ғасырдың төл перзенті Сәбит Мұқановтың қоғамдық-әлеуметтік және пенделік тірлігіне шолу жасағанда талай жеңістер мен жетістіктерді, талай сүріну-қабынуларды, қуаныш пен шаттықты, қасірет пен опықты мол табамыз. Ол өмір сүрген кездегі оқиғалар шындығы деңгейінде баға бергенде ғана орындысы мен орынсызы, ұлылығы мен кішілігі көрініп, өзіңнің ішкі пиғылыңмен таразылайтын сәт енді туып отыр» (Кітапта: Ергөбек Қ. Сәбит Мұқанов. – Сәбитнама сабақтары. – Алматы: Санат, 2000. – 302 бет).
Профессор Т.Кәкішұлының жоғарыда айтып - жазған жайттары, Сәбиттанудың төңірегіндегі басқа да көкейкесті мәселелер жеке кітап үлгісінде қалың көпшілікке жол тартты (Кәкішұлы Т., Ахмет К. Сәбит Мұқанов. Әдеби-ғылыми ғұмырнама. – Астана: Фолиант, 2009 . – 352 бет).
Жасыратыны жоқ, кітап авторлары, әсіресе профессор Т.Кәкішұлы Сәбиттану тақырыбына тым ерте келді. Жазушымен жүздесу, сұхбаттасу, тіпті әдеби-ғылыми байланыстар да орнатты (Қараңыз: Ескірмейді естелік. – А., 1994; Санадағы жаралар. – А., 1992; Мағжан-Сәкен. – А., 1999; Сәбең әлемі. – А.,2000; Сайыс. – А.,2001; Мерей. – А.,2004 т.т.).
Т.Кәкішұлы мен К.Ахметтің «Сәбит Мұқанов» атты әдеби-ғылыми ғұмырнамалық еңбегін қолға алған тұста қазақ әдебиеті тарихының кеңестік кезеңі, оның басты қайраткер-қаламгері – «бір өзі бір библиотека кітап жазған» (Ғ.Мүсірепов) – Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылық мұрасы, қоғамдық қызметінің қиын да сындарлы сәттері, жазушы еңбегі мен дүниетаным иірімдеріндегі өзгеріс-өзгешеліктері, XX ғасыр басындағы қоғамдық құбылыстар, революциялық жаңару мен толқулар тұсындағы әрекет-қимылдар, белгілі адамдар арасындағы көзқарастар қақтығысы, таныс-бейтаныс материалдардағы деректік-құжаттық сипаттар т.с.с. естелік-әңгіме, сұхбат үлгісінде кең өріс алып, өзіндік өрнек, әсерлі сыр-сезімдер негізінде жүйелі жеткізіледі.С.Мұқанов әлемі жаңа қырынан көрінеді.
Кітаптың бастапқы бөлігінде («Бісмиллә») өмір мұраты, адам өмірі мен еңбегі, арада өткен көп уақыттардан кейінгі тағдыр-талайлары туралы толғам-толғаныстарға зор маңыз беріледі. Оның өзі: «... бар қазақтың жүрегіне жол тапқан» − Сәбең, Сәбит Мұқановтың хас талантқа тән дарын қуаты, ерен еңбектен нәр алған шабыт шалқары, әр алуан жанрдағы көркемдік өрнек пен шеберлік сырлары арқылы арналы ағыс құрағаны байыпты баяндалады. Қысқа еске алсақ, С.Мұқановтың қазақ әдебиеті тарихындағы орын-үлесін кең көлемде айқындайтын әр алуан жанрдағы туындылары (мысалы, поэзияда – «Бостандық», «Көңілім», «Батырақ», «Майға сәлем», «Сұлушаш», прозада – «Алып Айнаш», «Азғын», «Аспаз», «Әсия», «Ақбөпенің сыры», «Адасқандар», «Ботакөз», «Өмір мектебі», «Аққан жұлдыз», драматургияда – «Шоқан Уәлиханов», «Сәкен Сейфуллин», әдебиеттану мен сында – « XX ғасырдағы қазақ әдебиеті», «Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер», «Қазақ қауымы» т.т.) ұлт мұраты мен руханият ісіне адалдық пен табандылықты терең танытады. Елдік мұрат-мүдде, мәдени-рухани арналар, танымал тұлғалардың тағдыр-талайлары т.т. алуан дереккөздері, мол материалдар арқылы беріледі.
Кітап авторлары осы жайттарды негізгі назарда ұстап, оны С.Мұқановтың өмір-тағдырларымен байланыс-бірлікте дамыта түседі. Қоғам құбылыстары мен кезең көріністеріне, уақыт бедеріне де ден қояды. Заман шындығы мен оның көрініс-әсерлерінің адам өмірі мен еңбегіне, шығармашылық мұрасына қатысты тұстарын тарата талдап, көзқарас эволюцияларындағы артық-кем түсіп жатқан қырларына назар аударады. Оның өзі кеңес дәуіріндегі қилы кезең көріністерімен, оның бел ортасында қайраткерлік қырларымен де, қаламгерлік қуатымен де таныс тұлғалар – С.Сейфуллин, С.Мұқанов т.т. азаматтық келбеті, адами бітім-болмыстарымен қатар көрініс табады.Қайраткерлік Һәм қаламгерлік қырлары ашылады.
Алғашқы тарауда − «Даңқ тұғырының шайқалуы» академик-жазушы Сәбит Мұқановтың өмірі мен қоғамдық қызметін, шығармашылық мұрасының артық-кем тұстарын байыпты бағалау мен кең көлемде танып-талдау, салыстыру мен саралауларға арналған. Ақиқатқа табан тіресек, XX ғасырдың I жартысындағы қазақ әдебиетінің дамуы мен дағдарысты тұстары, осы кезең аралығындағы ақын-жазушылардың өмірлік ұстанымы мен шығармашылық белсенділіктері, ұлттық сөз өнерінің бағыт-бағдары мен көркемдік-жанрлық жүйесі, эстетикалық құндылықтары мен стильдік ізденістері төңірегіндегі көзқарас эволюциясы, қысқасы, қайраткерлік пен қаламгерлік, өнерпаздық пен пенделік сынды сипаттар − С.Мұқановтың мұрасы мен мирасы арқылы кең өріс алады. Алғашқы тұста − Сәкен мен Сәбит арасы, кеңестік кезеңдегі бағыт-ұстанымдары, шығармашылық үндестік қырлары қатар қозғалса, кейінгі кезекте − Мағжан мен Сәбит қарым-қатынасынан адами-азаматтық қасиеттердің сыры ашылады. Ал, М.Әуезов пен С.Мұқановтың адами-пенделік қырлары, өзара жазысқан хаттары − екі алыптың ортақ әдебиетті дамыту мен нығайту ісіндегі әр қилы әрекет пен қимылдың нәтижесін көрсетеді. Бұдан басқа − С.Мұқанов пен Д.Қонаев, С.Мұқанов пен Ә.Нұрпейісов т.б. арасындағы әр қилы, түрлі бағыттағы байланыс, әр тұстағы қарым-қатынастар жылы жүздесу жағдайында болмағанымен, сол кезеңнің шындық сыпларын танып-сезінуде көмегі көп. Олар бірін-бірі көріп қана емес, ұлттық мұрат жолындағы әр қилы көзқарастары, оны жүзеге асыру бағыттарындағы ұстанымдары тарих үшін де мәнді, руханият мәселелеріне де қатысы мол. Кітапта бұл тұстар алуан дерек көздері, естелік-әңгіме, хат жазбалары арқылы толыға түседі.
Сондай-ақ, қаламгерлер – Ә.Нұршайықов. Қ.Жұмаділов, Б.Тілегенов т.б. естелік жазбаларының тиісті тұста пайдаланылуы замана шындығы мен уақыт бедерін айқындайды әрі сол кезеңнің ақиқатын айтуымен де мәнді. Мұның бәрінен, әсіресе, С.Мұқановтың артық-кем тұстарын танып-таразылау қиын емес. Оқып көрелік: «Сәбеңнің абырой-беделіне нұсқан тигізіп, шығармашылығының мәнін төмендетудің әр түрлі айла-амалдары жасалды. Бірі – ауыз әдебиеті дәстүрінде өскен әдебиет өзімізге болмаса, әлемдік озық мәдениеттің өкілдеріне ұнай бермейді десе, екінші бір кезекте – М.Әуезовтың өз кемеңгерлігі жетпейтіндей асқақтата мақтау мен мадақтау тәсілін қолданды. Ондайлар көп жағдайда өздерінің құлқына керектіні ойласа, екінші жағынан Сәбиттің мысын баса түсуді көздеді. Үшінші бір тәсіл – бұрын алдымен аталып келген Сәбеңді біртіндеп шегіндіре беру, амалсыздан атау, тіпті тізімнен «ұмытып кету» әдеті кездесті, тіпті күні бүгінге дейін кездесіп жатыр» (37 бет). Демек, С.Мұқанов өнегелі өмірімен де, тағдар-талайымен де қалың көптің көңіліне жол тапқан, ортақ мұраттар жолындағы игілікті істердің басы-қасында болып, оның қоғамдық-әлеуметтік мәнін, мәдени-рухани сипаттарын жан-жүрегімен түсінген. Сол жолда сүрінсе де жығылмаған, керісінше елдік мұрат-мүдде тұрғысында ерен еңбек етті. Даңқ тұғырына көтерген – еңбек жолы еді. Ғ. Мүсірепов сөзіне табан тіресек: «С.Мұқановтың қаламынан туған еңбектер өз алдына бір энциклопедия». С.Мұқанов шығармашылығының басты мұраты да, өмір мен өнердегі ұстанған бағыты мен айқын ақиқаты да осында болса керек.
«Өктем ой өрімдері» (екінші тарау) С.Мұқановтың тапшылдық танымның кең өріс алып, «жақсылық-жасампаздығы басым» - кеңестік кеңістікке еркін алып келді. Ақ бандалардың қуғын-сүргінін, зорлық-зомбылығын көзбен көрді. Өзіне үлгі-өнеге еткен Б. Ізтөлин осы тұста қмірден өтті. Көкшетаудың Төтенше комиссия құрамында жүргенде көзбен көріп, көңілге түйгендері өзінше әлем, өзгеше тарих-тұғын. Қызылжар мен Көкшетауда кедейлер теңдігін қорғау ісіне араласуы, кеңес-партия мектебінде оқыған тұстары Сәкен мен оның төңірегіндегі серіктерімен кездесуі, баспасөзге араласып, алғашқы жазбалардың соңына аты-жөнін көрсетуі, қалың көптің назарын аудартқан.- Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!» атты шығармасының өмірге келу сәті – С.Мұқановтың беделі мен белсенділігін ғана емес, сол тұстағы әдеби-мәдени өмірге, рухани әлемге щексіз құштарлығын, шынайы сүйіспеншілігін де танытты. ҚазПП-тың жұмысына араласуы, баспасөздегі әдеби айтысқа қатысуы, «Көркем әдебиет туралы» мақаласының ортақ пікірталасқа айналып, ақиқат өнеріндегі көзқарас-ұстанымдарға негіз болуы, сөз жоқ, жазушы еңбегі мен шығармашылық үдеріс төңірегіндегі өмір шындығы мен көркемдік мұратқа адалдығы мен табандылығын танытатын басты өлшем, өзгеше сипаттарын айқындаә түседі. Бұл тұстардан да, артық айтқан, кем түскен жайлар байқалған-ды. Кеңестік жүйеге көзсіз сеніп, соның сойылыноңды-солды соғуы, оның салдарлы соғуы салқыны кей тұстары замандас һәм қанаттас қаламгерлердің наразылығын да туғызғын еді. Оның кейбір тұстарын, әсіресе, күнгейі мен көлеңкелі сәттері кітаптан да тиісінше орын алды: «Сәбең жүріп өткен жерден дау-дамай шықпай қалғаны некен-саяқ. Белсенділікке әбден берілгенде коммунистік идеология сана-сезімге ендеп кіріп кетті. Сондықтан Сәбең араласқан істің түзелгені көп болуымен қатар, бұрмалана бұзылмағандары да аз емес. Оны жасыруға болмайды және осының бәр әдейі қастандықпен, қысастықпен жасалған жоқ, адал көңілден, ақ ниеттен, шын ниеттен, шын тілекпен жасалып жатты...
Және бір қызығы, осы дау-дамай мен талас-тартыстың бәрі көркем шығармалармен ажарланып жатқанын аңғармасқа болмайды. Өнерпаздық бәсеке күшейді. Ілияс «Даланы» жазса, Сәкен «Социалистанды», Сәбит «Сұлушаш» «Адасқандарды» туындатып, сын мен өзара сын кқрігін бұрқыратты. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрын, қайсысы тамаша, қайсысы жақсы екенін өктем ой өрнегіне тауып алып, өз елеуішінен өткізіп жатыр» (86 бет). Бұл, әрине, С.Мұқановтың өсу—есею жолындағы бастапқы баспалдақтар болуымен бірге шығармашылық мұрасының алғашқы кезеңдерін, көзқарас эволюциясы мен дүниетаным араларындағы елеулі тұстарды да айқындайтын сәулелі сәттерді көрсетеді. Өйткені, ХХ ғ.б. қилы кезең, сындарлы сәттерде батыл бағыт, өзгеше ұстанымда болу қиыннық қиыны болса, осы тұста, осы тұста – Сәкен – Сәбит еңбекшілердің сөзін сөйлеп, сойылын соғуы, сол жолға адалдық пен тұрақтылық танытуы, сөз жоқ батылдық пен табандылықты аңғартатыны анық. Оны өздері де айтып, жазды да. Осы жолда адасқан сәттері де, табысқан тұстары да болды. Бұл – кезең шындығы, уақыт тынысы еді.
«Алғашқы асу» (үшінші тарау) – «Сұлушаш» романының жазылу мен жариялану тарихынан сыр қозғайды. Қайсыбір туынды да қайта оқығанда жаңа қырынан, соны сипаттарымен назар аударатыны анық. Тақырыпқа осы тұрғыдан келсек, өлеңмен жазылған «Сұлушаш» романы отыз жылдан соң қайта оқылған. Бұл жол – 1936 жылы ҚКӘБ С.Мұқановтың «Толық шығармалар жинағының 2-томын, латын әріпіндегі нұсқасы бойынша қолға алынады. Автор алдымен төмендегі жайттарға назар аударғаны анық:
- «Сұлушаш» романындағы бай қызы (Сұлушаш) мен кедей баласы (Алтай) арасындағы ғашықтық ғаламаттарына маңыз беріледі;
- ұлттық тіл мен оның лексикалық жүйесінің ХХ ғасырдың басы мен қазіргі кезең аралығында өзгеріске ұщырағанына көп көңіл бөлінеді;
- С.Мұқановтың қазақ өлеңіне тән белгі-ерекшеліктерді еркін меңгеріп, нәтижесінде адам әлемін бедерлі бейнеге айналдырып, оны көркемдік құндылықтар арқылы ұмытылмастай суреттейтіндігінайрықша атайды;
- романдағы қоршаған орта, табиғат тамашалары оның ақындық қуат, шабыт шалқары арқылы бүкпесіз баяндалып, кедергісіз сипатталуы өзіндік өрнек, көркемдік қайнарлар арқылы кең өріс алады;
- роман табиғаты мен тақырыптық қырлары, идеялық-көркемдік нысаны әдеби сында бағалануы, орта және жоғары мектептің оқу құралдарында орын алуы, жекелеген қаламгерлер мен зерттеушілер еңбектерінде оңды да ұнамды көрініс табуы жүйелі сөз етіледі.
- көрнекті қаламгерлердің шығармашылық мұрасы ұлттық мұраттарға негізделіп, елдік мәселелерді, руханият ісін кең көлемде қозғайды;
- жазушы еңбегі мен шығармашылық үдерістен елдік-рухани мұраттар танылып, оның қалың көпке қажеттілігі айқын аңғарылады;
- қаламгер әдебиет тарихына еркін еніп, ондағы азаматтық әуенге, ұлттық-отаншылдық рухқа мән беруі, халық мұрасы мен зар заман кезеңіне ден қоюы, Абайға қатысты көзқарас эволюциясы т.с.с. асыл сөзге құштарлық, қолдау мен құрмет терең танылады;
- жазушының әңгімешілдігі мен шежірешілдігі, шеберлігі мен шешендігі елдік мүдде, ерекшеліктермен байланыста баяндалады («Өсу жолдарымыз», «Жарқын жұлдыздар», «Қазақ қауымы»);