КИНО ТҮСІРУДІ ҚОЙЫП, КӨЛІК ЖӨНДЕУГЕ КӨШЕМІЗ БЕ?

20120221124827 Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы өз аумағында үш бірдей көлік жөндейтін кешен ашқан. Рухани байлық емес, қалта қамын күйттегендер мемлекеттің кино түсіруге бөлінген жерінде көлік жөндеп қаржы табуды даңғыл жолға қойған. КТК телеарнасының хабарлауынша фильм түсіретін павильондардың орнында 3 көлік жөндеу орталығы мен бір автотұрақ жұмыс істеп, бірнеше ұялы байланыс операторларының антеннасы қойылыпты. Темір тұлпары бұзылған адамдар ешбір кедергісіз «Қазақфильмнің» аумағына емін-еркін кіріп-шығып, бұл қызметті пайдалана алады. – Келтірілген зиянның мөлшеріне сәйкес тиісті жауапкершілік мәселесі көтеріледі. Одан бөлек қазіргі уақытта анықталғандай тек қана жер салығына қатысты заңсыз берілген деректер бойынша бір жарым миллион теңгеден астам көлемінде зиян келтірілген, – дейді Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмаханов. Жеке кәсіпкерлер жұмыс орнын 2009 жылдан бері киностудиядан жалға алып келген екен. Ал оны құзырлы орындар 6 жылдан кейін байқапты. Онда да бүгінге дейін киностудияға салынған айыппұл 100 мың теңге ғана. Жүз мың теңге айыппұлмен құқық қорғау орындары киностудия басшыларының күдірейген жалын жыға алмасы белгілі. Мына жағдайға қарасақ, қазақ киносының көсегесін көгерте алмай отырғандар «Киноны қайтесіз, одан да көлік жөндейік!» деген ұстанымға көшкенге ұқсайды. Қанша жерден нарық қысса да, киелі шаңырақты қора-қопсыға айналдыру абырой әкелмесі анық. Бұл тарихы тереңде жатқан, Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев сияқты белгілі тұлғалар қызмет еткен, «Тақиялы періште», «Менің атым – Қожа», «Қыз Жібек» секілді көптеген баға жетпес көркем фильмдерді дүниеге әкелген қарашаңырақтың қазіргі келбеті. Естеріңізде болса, былтырдан бері билік қазақтың маңдайына біткен жалғыз киностудияны да жекешелендіреміз деп жар салып отыр. Бюджеттен қыруар қаржы бөлетін мемлекет қарамағындағы күйі мынандай болса, жеке шаруасын күйттеген кәсіпкердің қолына түскен соң қазақ киносынының қарашаңырағы қандай болатынын көз алдына елестетудің өзі қиын. Жалпы әдебиет, өнер, ғылым саласын жекешелендірудің соңы жақсылықпен бітпейді. Оған мысал ретінде бір ғана ҚР Ғылым Академиясын атасақ та болады. Былай да миллиардтап ұрланып жатқан халықтың қаржысын осы аталған салаларға бөлуге келгенде неге сараңдық танытамыз? Халықтың қаржысын халықтың рухани байлығына бағыттауға қимағанымыз ба? Кейбір шенеуніктер қазақ киносына шетелдік инвесторлар мен мықты продюсерлерді тартып, қазақ киносын әлемге әйгілі етеміз деп шіренеді. Бірден айтайық, бұдан ештеңе шықпайды, тағы да «Көшпенділердің» кебін киеміз. Шетелдік мықты актерлерге қазақтың шекпенін кигізіп бір рет күлкіге қалғанымыз да жетер. Әттең Ілияс Есенберлиннің көзі тірі болғанда, біздің мықтылардың біразы «сыбағасын» алар еді. Шетелдік режиссерлер қазақ киносын түсіре алмайтынын қашан түсінеміз? Олар қазақтың менталитетін білмек түгіл, иісі мұрнына бармайды ғой. Өз өнеріміздің өрісін өзіміз кеңейтуіміз керек. Жекешелендіру деп халықты алдағанша, көзге күйік қылмай қазақ киносының қарашаңырағын біржола жауып тастап, алаңсыз көлік жөндей бермейміз бе? Осылай ашық айтса көпшіліктің көңілінде күдік қалмас еді. Көріпкел болмасақ та, бұл жекешелен­діруге қатысты біраз болжам айтуға болады. Көлік жөндейтін орындар, мейрамхана, қонақүй, сауна, түрлі ойын-сауық орталығына айналуы әбден мүмкін. Олай демейін десек, алдындағы елімізде жаппай өткен жекешелендірудің тәжірибесі дәп осыны көрсетеді. Киностудияны он орап алатын алып зауыттар мен комбинаттар қазір сауда-саттық, ойын-сауық орталықтарына айналғанына бүкіл халық куә. «Бұл жекешелендіру де алғашқыдан алыс ұзап кетпейді» дейді қазақ киносының шын жанашырлары, киелі өнерімізді өлтіріп аламыз ба деп алаңдаған көпшілік қауым. Сосын «Атақты «Қазақфильм» киностудиясы қайда кеткен?» деп Алматы қаласының картасынан іздейтін боламыз.

Зейнолла АБАЖАН

"Қазақ үні" газеті