Алпамыстай айбынды Алатау батыр
2015 ж. 11 қазан
12088
3
Қазақ хандығының 550 жылдық тойын дүбірлетіп атап өтіп жатқан тұста хандықтың негізін қалаған Керей мен Жәнібектен бастап, ел болып еңсе тіктеуімізге өлшеусіз үлес қосқан ерлеріміздің ерліктері ел жадында қайта жаңғыруда. Соның бір айғағы ретінде еңсегей бойлы ер Есім ханның бас қолбасшысы болып, қалың қазақты қорғаған, тек Қоңырат тайпасының ғана емес, ормандай орта жүздің ұранына айналған айбынды Алаш батыры – Алатау батырға қасиетті Түркістан қаласынан еңселі ескерткіш ашылмақ. Сондай-ақ, ескерткіштің ашылу рәсімінің аясында, хас батырға арналып Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізу де жоспарланып отыр. Қазіргі таңда нақты тарихи мәліметтер болмаса да, аңыз-әпсанаға сүйеніп-ақ, әркім өзінің ата-бабасының абыройын асқақтатуға тырысып бағып жатқанын көзіміз көріп жүр. Ал, Алатау батырға қатысты нақты жазба деректер жетерлік. Яғни ол, 1590 жылдар шамасында Түркістан өңірінде дүниеге келіп, 1627 жылдары дүниеден өткендігі айтылады.
2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданында Алатау батырдың 450 жылдығына арналып ас беріліп, республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Сонымен қатар, аудандағы ең ірі елдімекенге Алатау батыр аты беріліп, ескерткіш-бюст орнатылды.
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері :
ЕРЛІГІМЕН ДЕ, ЕЛДІГІМЕН ДЕ ЕРЕКШЕЛЕНГЕН
 
– Елдік үшін шайқастарда ерекше танылған ерін елі Алатау деп атаған. Ал, Алатаудың шын есімі – Бесайдар Сабайдарұлы Әз-Ғараб. Тәуекел ханның Самарқан, Бұқараға жасаған жорығында бас қолбасшы болған Алатау батыр қырыққа жуық ұлы жорықтарға қатысып ешбірінде жеңіліп көрмеген. Еңсегей бойлы Есім ханның кезінде құба қалмақтармен шайқаста да белсенділік танытқан. Әрі осы жорықта қазақ жасақтарының қарт ағасы атанған. Алатау батырдың тек қазақ жұртына ғана емес, әзірбайжан, түрікмен, өзбек, қырғыз жасақтары арасында да аса беделді болған. Самарқан шаһарына «қала, мемлекет» статусын әперіп, әйгілі Жалаңтөс батырды әмір етуге Алатау батырдың абыройының ықпалы тиген. Сондай-ақ, Сайрам төңірегінде де атақты құба қалмақтармен болған соғыста ерекше ерлік көрсеткен. Аталмыш шайқастарда рухани қолбасшы әрі стратег ретінде ақыл-кеңесін беріп отырған. Алатау ат үстіндегі жанкешті батыр ғана емес, Ресей, Мысыр, Араб, Парсы елдерінің арасында елшілермен қарым-қатынас жасап, халықаралық дипломат қызметін атқарған. Атап өтуге тиісті басты нәрсе – оның бейбітшілік жолды қолдағандығы. Алатау батырдың: «Бір-бірімізге қарсы келмейік, соғыстан бекерге жұрт қырылады» деп, елді ауызбірлікке шақыруының арқасында халық тыныш өмір сүруге мүмкіндік алған. Ел білуге тиісті тағы бір дерек – батыр өлімінің тарихтағы жұмбақ өлімдердің бірі екендігі. Алатау батыр өз өмірінің соңында пұшайман күйге түседі. Яғни, батырдың қос ұлы байлыққа таласып, екеуі екі жаққа кетеді. Өз балаларының арасындағы татулықтың жоқтығына қатты күйінген ол: «Қытайдың да, шүршіттің де тілін тапқанда екі баламның тілін таба алмадым ғой» деп өзіне-өзі кейіген екен. Сөйтіп өмірінің соңында қазіргі Отырар ауданына қарасты Байырқұм совхозындағы Мұрынқарақ тауының басына жалғыз көтеріліп, таудан аман түспеген деседі. Бұл тұрғыда батырдың өз ажалымен өлді ме, жоқ әлде әлдекімдер қастандық жасады ма ол жағы белгісіз. Қазіргі таңда Мұрынқарақ тауында Алатау батырға арналған мемориал бар. Мұның өзі ер есімінің ел есінде қалуы үшін жасалған игі іс. Ал, қасиетті Түркістан қаласынан Алатау батырға арналған ескерткіштің бой көтеруі тарихи тұлғаға деген тағзым.
 
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:
ҚҰРМАНҒАЗЫ КҮЙІНІҢ КЕЙІПКЕРІ
 – Есім ханның тұсында Қоңырат деген тайпадан қазақтың Алатау деген батыры шықты. Алатаудың батырлығын айғақтайтын екі жазба дерек бар. Біріншісі, Қазыбек би Тауасарұлының – «Түп тұқияннан өзіме шейін» деген жазбасы, екіншісі, Оңтүстіктің данагөй шежіре-тарихшысы Қазанғап Байболұлының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты дастаны. Аталған осы екі еңбекте батырдың ерлігі кеңінен баяндалады. Бұған ешкімнің де таласы жоқ. Бізде «менің «пәлен» деген бабам ана жерде соғысқан» деген әңгімелер жиі тілге тиек етіледі. Әйтсе де олардың, қай жылы, қай жерде соғысқаны нақты айтылмайды. Ал, Алатау батырда осы екі дерек ашық айтылады. Біріншісі, Алатау батыр Есімханның тұсында Каспий теңізінің бойында кіші жүз халқына қалмақтар озбырлық көрсетіп, талан-таражға түсіріп жатқанда, Есімхан Қарасай, Ағынтай, Алатауларды басқартып қол жібереді. Кейін оларға жолдан Жиембет жыраудың қолы қосылады. Барлығы бірігіп, 83 күн бойы соғысып, қалмақтарды жеңеді. Жазба деректерде Алатау батырдың сол шайқаста 9 рет жекпе-жекке шығып, ақыры сол соғыстан соң мерт болғандығы айтылады. Екінші, Қазанғап Байболұлының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты дастанында Есім хан мен Тұрсынханның Ташкент үшін соғысы баяндалады. Бұл соғысқа да Алатау батыр қатысады. Сондай-ақ, Есім ханның Алатау батырмен ақылдасқандығы айтылады. Демек, ханның өзінің батырымен ақылдасқандығы – оған сенгендігі. Сонымен қатар, шығармада Алатаудың сардар әрі мыңбасы, үнемі ақылдасып отыратын Есімханның оң қолының бірі екендігі көрсетіледі. Міне, осы екі жазба дерекке қарағанда, Алатаудың алып батыр болғандығын аңғару қиын емес. Алатау батыр туралы сөз қозғағанда осы бір аңызды айтпай кетуге болмайды. Мұны тарихи дәлелді деп те, дәлелді емес деп те айта алмайсың. Құрманғазы Сағырбайұлының «Алатау» деген күйін бұрынырақта Алатау деген жерге байланысты шықты дей-тұғын. Кейін мен бұл күйдің Алатау батырды жоқтап шығарған күй екендігін естідім. Менің бұған бір иланатыным – «Алатау» күйін тыңдап отырсаң, мұнда қуаныш та, шаттық та жоқ. Керісінше, сағыныш пен мұң басым. Бұл жердегі айтылуға тиіс бір нәрсе – Алатау батырдың өзі сонау оңтүстіктің тумасы бола тұра, сонау батысқа арнайы барып, өзінің бауырларының жерін қорғағандығын Құрманғазының білмеуі мүмкін емес. Яғни, бұл Құрманғазының Алатауға күй арнауы әбден мүмкін екендігін көрсетеді. Туған елі үшін айқасқан осындай қазақтың хас батырлары мен ел билеген хандары болмаса, біздің бүгінгі Егемен еліміз де болмас еді. Сондықтан, Алаш үшін айқасқан айбынды азаматтарымызды ардақтау – біздің азаматтық борышымыз.
АТЫҢА САЙ АЛАТАУДАЙ АЛЫПСЫҢ!
Атыңа сай Алатаудай алыпсың,
Затыңа сай Қаратаудай тарихсың!
Бар қазаққа бас қолбасшы атанып,
Алатаудай атақты елден алыпсың.
Ұран салсам –шамырқанар шабыт шын!..
Тәуекел хан таңдаулысы – Сен едің,
Есім ханға қуат берген Ер едің!
Салқам Жәңгір салған алға Еренін.
Сан қаланы бағындырды беделің,
Самарқанды Жалаңтөске әперіп,
Көрсеттің ғой хас батырдың көмегін!
Кенен ойлап, кең толғаған кемелім?
Жиембеттей жырау сені жыр еткен,
Біртуарым, білікті һәм білекті ең…
Ұлтыңды сен сүйдің ұлы жүрекпен.
Батаңды алған батырларың аз емес –
Қарасайды өзің едің түлеткен. Бас
батырға айналдың сен, бақ беріп,
Жекпе-жекте талай жауың жатты өліп…
Қызылбастың қолбасшысы Шарахты,
Қызыл қанға бояп кеттің қақ бөліп!..
Көктің ұлы – көк тіреген баһадүр,
Алпамыстай айбыны зор аталы ұл!
Қоңыраулы күміс күйме мінетін,
Қоңыраттың Ұранына бата қыл!
Алатаулап жауға шапса ерлерім,
Аспан асты жаңғырғанын көрді елім.
Байтақ жерді қорғап қалған батырдың
Бағалайтын күн бола ма, еңбегін?!.
Естілгенде тұлпарыңның дүбірі,
Естілмей де қалған жаудың сыбыры,
Шырқыраған кеуделерде шыбыны.
Ат үстінде өткен бүкіл ғұмыры,
Ер қазақтың бола білдің шын ұлы!
Атына сай – ұран болған батырдың,
Алатаудай асқақтасын тұғыры!..
Қазыбек ИСА
15.03.2010.
"Қазақ үні" газеті
 
АЛАТАУ БАТЫР

«Алатау батыр (шамамен 1560- 1640) — қолбасшы, саяси қайраткер. Қоңырат руынан шыққан. Тәуекел ханның Самарқан, Бұқарға жасаған жорығында бас қолбасшы болған. Кейiн Есiм ханның құба қалмақпен шайқасқан жорықтарында қазақ жасақтарының құрметтi қарт ағасы атанған. Алатау батыр қырғыз, өзбек, түрiкмен жасақтарының арасында да кеңiнен танымал болды. Самарқан шаһарына «қала- мемлекет» мәртебесiн әперiп, оған Жалаңтөс баһадүрдi әмiр етiп қоюда Алатау батырдың Бұқара, Хиуа хандары алдындағы беделiнiң көмегi тиген. Алатау батыр есiмi қоңырат руының, бүкiл Орта жүздiң ұранына айналған». Мiне, осы жолдардың өзiнен- ақ , оның қазақ елiнiң бостандығы мен тұтастығына өлшеусiз үлес қосқанын бағамдау қиын емес. Бүгiн бiз ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, көрнектi ақынымыз Темiрхан Медетбектiң «Алатау батыр» атты топтама өлеңдерiн оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.